Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3136 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 20:27

«Чиновниктің өлімі»

(Бүгінгі нұсқа)

«Топырақ бол,
дүние сені таптап өтсін...».

                                         Әзірет Сұлтан.
Оң мен солын тани бере бір-біріне майдан ашып жатқан әке мен шешенің дәл ортасында қалып, жүрегі оңбай жараланды. Сосын ене мен келін арасындағы «қырғи қабақ соғыс» кезінде не әжесінің, не анасының жағына шығарын білмей аласұрды. Одан қалса, өз жұрты мен нағашы жұртының арасындағы бәсекеден көресіні көрді. Ойынға барса, көше мен көше, аула мен аула, үй мен үйдің жауыққан жарысына қатысуға мәжбүр болды. Екі жаққа елші болғысы келіп тұратын балалық табиғатын екі жаққа бөлінгіш үлкендер зекіп, одан қалса, әжуа етіп біржола «тәрбиелеп» тынды.

Мектепке кіргенде ересектер психологиясы мен адамаралық диплома­тия­ның хас шебері еді. Мұғалімнің көңілін қалай алдарқатуды, құрбысының жүре­гін қалай жібітуді жетік меңгерген болатын.

(Бүгінгі нұсқа)

«Топырақ бол,
дүние сені таптап өтсін...».

                                         Әзірет Сұлтан.
Оң мен солын тани бере бір-біріне майдан ашып жатқан әке мен шешенің дәл ортасында қалып, жүрегі оңбай жараланды. Сосын ене мен келін арасындағы «қырғи қабақ соғыс» кезінде не әжесінің, не анасының жағына шығарын білмей аласұрды. Одан қалса, өз жұрты мен нағашы жұртының арасындағы бәсекеден көресіні көрді. Ойынға барса, көше мен көше, аула мен аула, үй мен үйдің жауыққан жарысына қатысуға мәжбүр болды. Екі жаққа елші болғысы келіп тұратын балалық табиғатын екі жаққа бөлінгіш үлкендер зекіп, одан қалса, әжуа етіп біржола «тәрбиелеп» тынды.

Мектепке кіргенде ересектер психологиясы мен адамаралық диплома­тия­ның хас шебері еді. Мұғалімнің көңілін қалай алдарқатуды, құрбысының жүре­гін қалай жібітуді жетік меңгерген болатын.
Университетке түскенде «дүние тек бір-бірімен жауласқан, біріне-бірі өш, бірін-бірі көре алмайтын екі жақтан ға­на тұрады» деген теоремасының ак­сио­маға айналуы үшін тіпті қолайлы жағдай ту­ды. Кафедрадағы мүйізі қарағайдай қос профессордың жан алыс, жан беріс шайқасында базбіреулер құсап арада жаншылып кетпеді. Тәжірибесін молынан пайдаланып, екі жақты да алдап соқты. Деканның ғылыми жетекшісіне деген қисық көзқарасынан да ешкім зардап шекпейтін жол тапты. Студент­терін соңынан салпаңдатып қоятын, «кең етегінің» бір ұшы бас әкімшілікке жалғанған қырсық доктордың да аярлы­ғынан айласын асырды.
Жоқшылық пен мұқтаждық бұның ең­бекке ерте араласып, енжар ортада ерекше көрінуіне жол ашты. Құбыжық сиам егізіне айналған үкімет пен биз­нес­ті, елден хабары жоқ «ел қайраткерле­рін» тани бастағанда «екі жақтың» «көп жаққа» айналып кеткенін бірден сезді. «Көпжақты қақтығыстың» «екі жақты ұрыс­пен» салыстырғанда әлдеқайда пәтуасыз, опасыз һәм жойқын екенін ұқты. Қарадүрсіндеу жолдастары «көп­жақты конфликтердің» бір қырына ерік­сіз ілініп, құрбан боп кетіп жатқанда бұл миығынан күліп, өзінің стратегиясын тереңдете түсті. Үш, төрт, тіпті, бес тарап­тың бір-біріне қармақ салған қым-қиғаш әрекеттерін өз мүддесі үшін тез икемдеп, шебер пайдалануға машықтанды. Бір жазықтықтағы айқас түзу құсап басталып, бірте-бірте призмаға айналып, келе-келе
додекаэдр құсап қыры көбейе түскен қоғамдық-саяси интри­га­лардың биіктіктері мен бұрыштарын көзін жұмып отырып есептеп шығара бе­ретін болды. Аз ғана уақытта сұраныс пен мойындауға ие болған қабілетіне тәнті еді. Бірақ ешбір жаққа илікпейтін, ешбір тарапқа сенбейтін, күдікшіл, се­кем­шіл, һәм өзімшіл жүрегінің дәу қара тас­қа айналып, жалғыздық атты су тү­біне тартып бара жатқанын іші сезетін. Жақындағысы келген жаннан «мүдделі жақ» көріп тұратын мінезі мұны құрбы-құрдастарынан да оқшаулап тастаған. Әсіре­се, айнаға қараса шын жалғыз екенін көретін.
Бір күні қаланың орталық алаңы мен бас көшесінде мүддесі қайшыласқан қарсылас «жақтардың» айқыш-ұйқыш қақ­тығысына терезеден мысқылдай қарап отырған. Кенет назары алаңның қақ ортасында тапжылмай тұрған бір адамға түсті. «Ешбір тарапқа қосылмай, ешбір жақпен жағаласпай жай тұрған бұл кім болды екен?» деген оймен қа­сына қалай жетіп барғанын өзі де біл­мейді. Әлгі жанның бар қасиеті жанарында сияқты. Түптің түбін көріп бе­­­кін­ген, шешімтал, мейірімді көзқарас. Бар болмысымен тыныштыққа ша­қы­ра­ды. Туғалы бері таң қалғаны осы шығар. Бұл кезде өзі құсап «тарапсыз адамды» тамашалаушылар көбейе түскен. Қас­та­рынан жанай өтіп жатқан тараптар бір-біріне бүйірінен қадалып, я тұм­сы­ғымен тіреліп тұрғандарын ұмытып, әлгі адамға айыптай қарайды. «Өзімен-өзі тұрған өзімшіл һәм күдікті кісіге» қа­тыс­ты «қоғамдық наразылық» сағат сайын өсіп бара жатқандай. Мұның ес білгелі алғаш рет есеңгірей қалған сақтық сезі­мі санасын жарқ еткізіп қайта оралды. Жүзін қара плащының жағасымен қал­қа­лаған күйі ешкімге тура қарамай үйіне тартты.
Сол түні «тарапсыз адам» түсіне кірді. Шын өмірдегідей бұған қарап үнсіз ғана көзімен сөйлеп тұр: «Күллі жақ пен тарап атаулыны ойыңнан шығар. Жауласу­ға бейім жақ жоқ. Жауықтырушы зұлым күш бар. Тартысқа құмар тарап жоқ. Тар­тыстырушы зиянкес зат бар. Бірі – ты­сыңда, бірі – ішіңде. Екеуін де әшкере қыл! Жағы жоқ, тарабы жоқ, өлшемі жоқ Құдіретке жетудің; һәм күдіксіз, қулық­сыз, мүддесіз шын Махаббатты сезіну­дің жалғыз жолы – осы!».
Таңертең тұра салып айнаға қараған кезде өзі өмірбақи қобалжи күткен күн­нің туғанын ұқты. Жүрегін толтыруға шақ қалған жалғыздық үрейін қуып шы­ға­тындай қуат тапқанын сезді. Кеу­де­сінде үміт отын жаққан басты белгі – ұзақ жылдар бойы көрінбей кетіп, дәл осы күні пайда болған айнадағы өз бей­несі еді. Мұқият жуынып-шайынып, гар­де­роб­тың ең түкпірінде ілініп тұрған ақ плащын алып киді. Өмірінде бірінші мәр­те үйінен жұмыс кеңсесіне тіке апаратын үйреншікті жолдан шығып, оңға бұ­рыл­ды. Кешегі «тарапсыз адамның» «қоғамдық дүрбелең тудырғаны» үшін қатаң жазаға тартылған орнына жеткен беті қалт тоқтады.
Сосын қарсы тараптар мен жағалас­қан жақтарға қарата әр сөзін шегелеп: «Мен бұл дүниеде ешбір жаққа жатпаймын, ешбір тараптан тарамаймын! Жақ­қа бөлінбейтін, тарапқа сыймайтын бір ғана кемел Иеме бас иемін!» деп айғай салсын. Сол сәтте у-шу дүние сілтідей тын­­ды. Жанжалдасып жатқан жақтар мен тіресіп тұрған тараптар бірін-бірі тастай бере, түгел бұған қарай жапырыла бұрылды. Ары қарай не боларын бұл да сезіп тұрған. Бір мезгілде дүрілдей көтеріліп, дүркірей аққан долы күш бұны мұрттай ұшырды да, от шашқан миллион­да­ған тұяқ әлемдегі ең сақ, ең айлакер һәм тәсілқой адамның бірін оп-оңай тапап өте шықты.
Бар «абырой-атағынан» айырылып, бақи­ға аттанған «байғұстың» жансыз жүзін теледидар жаңалықтарынан көріп қалған таныстары «Апырмай, мына кісі де жымия алады екен-ау!» деп жатты.

Ғалым БОҚАШ,
шығыстанушы-журналист

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371