Тұрсын Жұртбай. «Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден танбаған» (жалғасы)
5.
Қырды қиратып, орманды отап, аспанның да астан-кестенін шығарған дүлей дауыл басылғаннан кейін табиғатта өлі тыныштық орнайды. Сол сияқты отыз жеті мен отыз сегіздің қырыпсалды қысымынан соң қоғам да, адамдардың санасы да уақытша мамыражай тарта қалды. Елдің есін жия бастағаны ежелгі мұраны еске алып, оған байсалды пайыммен қарауға бет алғанынан аңғарылды. Сол тұста қазақ зиялылары, оның ішінде Мұхтар Әуезов Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде ұсыныс жасады. 1939 жылы 20- желтоқсанда Қазақ ССР Халық Комиссарлары кеңесінің арнайы қаулысы шықты. Бұл мерекелік шараға 110 000 сом қаражат бөлінді. Халқымыздың рухани тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей 1940 жылы Семей қаласында құрылды. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Абайдың немере бауыры Әрхам Ысқақов мұражайдың меңгерушісі болып бекітілді. Ал оның ғылыми ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін Қайым Мұхамедхановты Алматыға шақырып, өзінің үйіне орналастырды.
Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхамедхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігі туралы мағлұматтарды тақырыбымызға орайластыра ұсынамыз.
5.
Қырды қиратып, орманды отап, аспанның да астан-кестенін шығарған дүлей дауыл басылғаннан кейін табиғатта өлі тыныштық орнайды. Сол сияқты отыз жеті мен отыз сегіздің қырыпсалды қысымынан соң қоғам да, адамдардың санасы да уақытша мамыражай тарта қалды. Елдің есін жия бастағаны ежелгі мұраны еске алып, оған байсалды пайыммен қарауға бет алғанынан аңғарылды. Сол тұста қазақ зиялылары, оның ішінде Мұхтар Әуезов Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде ұсыныс жасады. 1939 жылы 20- желтоқсанда Қазақ ССР Халық Комиссарлары кеңесінің арнайы қаулысы шықты. Бұл мерекелік шараға 110 000 сом қаражат бөлінді. Халқымыздың рухани тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей 1940 жылы Семей қаласында құрылды. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Абайдың немере бауыры Әрхам Ысқақов мұражайдың меңгерушісі болып бекітілді. Ал оның ғылыми ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін Қайым Мұхамедхановты Алматыға шақырып, өзінің үйіне орналастырды.
Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхамедхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігі туралы мағлұматтарды тақырыбымызға орайластыра ұсынамыз.
Қайым Мұхамедханов: «Әлі есімде, қырқыншы жылы Мұхтар мені Алматыға шақыртып алды. Обкомға сол кездегі СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесінің президенті Қаныш Сәтбаевтың атынан телеграмма жолдапты. Бұдан ілгерідегі «құралайдың салқыны» тұсында пединституттың студенттері атынан хат жазып, Сәбит Мұқановтың лекция оқуын өтінгеміз. Ол кісі қашан жағдайы түзелгенше Семейде болды, Мұхтардың сәлем хаты арқылы Әбділда Тәжібаев келген. Егер, менің төрелігіме салса, кейде ағалы-інідей, кейде өкпешіл баладай қарым-қатынаста болған бұл екі адамның өзара байланысын онша түсіне бермейтінмін...
Ол уақытта поездың жүрісіне сенім аз. Неше тоқтап, неше жүреді. Мұхтарға телефон арқылы хабарластым да, аттанып кеттім. Бірінші Алматының вокзалы мен Алматының арасы елсіз иен. Таңға жуық келіп жеттік. Перронда ешкім жоқ. Ішке кірсем ескі шапкісін көзіне түсіріп Мұхтар қалғып отыр. Мені қарсы алуға шығыпты. Өкімет Күләш пен Шараға бір машина бөліп берген. Бензинді өзі таппаққа уәделесіп, соны сұрапты. Қарсы алуды Есмағамбет Ысмайыловқа тапсырыпты. Тәуліктеп кешіккен поездан күдер үзген ол ұйықтап қалып, түнделетіп өзі келген беті екен. Содан әңгіме басталып, үзіліс көрсекші. Сәске әлетінде Сәбит звондады. Сөздері естіліп тұр.
– Әй, Мұхтар сәлеметсің бе? Әлгі Қайым сенің үйіңде ме? Берші трубканы,– деді. Алдым. Бірден дүрсе қоя берді – Менің үйім тұрғанда онда нең бар. Сен маған туыс емессің бе. Нақ ат басын тірейтін отауың. Керей-уақ қашан бөлініп еді. Қалжың ғой. Тез жет. Ет асулы, дайын.
Мен Сәбиттің саңқылдаған дауысын естіп тұрған Мұхтардан ұялдым.
– Қонаққа шақырды ма? Бар. Ұят болады. Бірақ түскен, жатқан үйіңді ұмытпа. Қай уақытта, түн ортасы болса да кел. Қонып жүр,– деді.
Шындығына көшкенде, екі сыйлы адамның қас-қабақтары маған онша ұнамады. Араздыққа, бақ-таластыққа қимадым. Қазақтың қарабайыр қалжыңына жатқыздым. Сәбең құшақ жайып қарсы алды. Арғы-бергі жайдан әңгіме-дүкен құрдық. Талай естеліктер шертілді. Мағжан ақынның өзін тәрбиелегенін, Омбыда шанаға ақ боз ат жегіп, көшірі болғанын, «Алтын мүйіз» ресторанының алдында ұзақ тұратынын, өзінің оған қарыздарлығын айтты. Абайдың тойына дайындыққа Мұхтармен бірлесе күш салғаны қозғалып, іле Мұхтардың өзіне ауысты. Жазушылығын асқақтата мақтап, өздерінің оған ілесе алмайтындығын мойындап: «Ол Абайдың тәлімінен нәр алған. Білім уызын жасынан қанып ішкен» дей келіп, күдікті бір жайды суыртпақтады. Екі алып та қазір жоқ. Алайда қалжыңға сүйесе де Сәбеңнің сол сөзі шындығында да, реніш тудырарлықтай еді. Жастығым – мастығым емес пе: «Сен Мұхтардың өзіне айтшы, ол қуанып қалады. Айта алмай жүр ұялып. Ол – Абайдың бел баласы»,– дегенін малданып, түнгі үште Мұхтардың үйінің есігін қақтым. Өзі ашты. Қуанып:
– Е, бәсе, келер деп күтіп ем және мына тарауды үш рет жазып шығара алмап ем. Жаңа ғана сәті түсіп, қыбын таптым (Ол Абайдың жас өлім туралы күйінетін тұсы). Жүр. Кімге оқырымды білмей отыр едім,– деп кабинетіне бастады.
Сұрағымды таңға қалдырып, романның тарауын тыңдадым. Аяқ алысы кең, сөзі ірі, «Ақбілек» атты ертеде оқыған бір шығарманың жазылу мәнерін еске салады. Содан таңертең дастарқан жайылып, ортаға самауыр қойылды. Ептеп бой жылытып, тершіп алдым. Лекцияға кетуге ыңғайланғанда:
– Мұха, сізде сүйіншіге лайық қуаныш бар екен. Бұрын білмеппін. Сіз Абайдың бел баласы екенсіз ғой,– деп салғаным.
Түтігіп кетті. Өңі қабарып ап, ал кеп сөйледі дейсің. Бір сағаттың ішінде түгімді қалдырмады. Ең соңында:
– Саған мұны Сәбит айтты ғой. Мен сені: біледі, оқыған, мәдениетті, сауатты адам деп жүрсем. Сөйлеме! Ей, Абай қай жылы өлді. Ал, менің әке-шешем ше? Салыстыршы. Қалай дәтің барды,– деп үйден шығып кетті.
Албырттық па, аңғалдық па? Кім білсін. Аярлығым жоғы анық. Дүние қарауытып, үміт үзіліп, бет күйіп, естен тандым. Содан бір полковниктің үйіне барып, он күн жатып алдым. Не істеймін? Әйтеуір көшеге шыққан бір оңтайында іздеткен адамдары мені дедектетіп Мұхтардың үйіне алып барды.
– Е, келдің бе. Сендер кете беріңдер, – деді демаған бұрылды – Ей, ойлашы өзің, кімге кім өкпелеуікерек. Елдің айтқанына ілескен кім? Өкпеледің бедеймін саған? Жатқан үйіңе қонбай, неге қаңғырасың. Семейге Фаяға звандадым. Ол да үрейі ұшып отыр.
– Сізге қоштаспай қалай кетемін. Жүгім деосында.
– Солай ма? Бәсе!,– деді».
Адал жандар ойындағысын жасырмайды. Қайым аға да сондай аяулы адамның бірі. Ең қымбаты – шындық. Сол шындықтың ұшын ұстатқаны үшін де рахмет. 1936-1938 жылдары бір-бірін жат көзден, қырын қабақтан қорғап жүрген Мұхтар мен Сәбиттің арасына, ел-аман, жұрт тынышта сызат осылай түсіпті. Қайым ағаның әңгімесіне қарағанда отызыншы жылдардың аяғында-ақ екеуінің қырғиқабақ болғаны байқалады. Қалай екенін кім білсін, Сәбең, Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден танбаған. Ол пікірін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын білетін салиқалы адамның осынау қылығын түсіну қиын. Сол үшін талай рет «сыбағасын» алса да, бір сәт өзіне өзі тыйым салмағаны өкінішті.
Мұны қалай түсіндіруге болады? Оған ешкімде кесімді төрелік айта алмады. Тек екі дегдардың өздеріне ғана мәлім ішкі ерегеске ұласады.
Міне, содан кейін Москвада жүрген Сәбит Мұқанов 1941 жылы 29 мамырда Мұхтарға тағы да хат жолдайды. Он бес беттей орыс тілінде жазылған бұл хатты кезінде Сәбиттің шырақшысы болған досымыз Құлбек Ергөбекұлы бізге ұсынып еді (1934 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден босанып шыққанда оған да орысша хат жолдаған – Т.Ж.). Іштегі бар өкпе-назын жасырмай ашық айтыпты. Біз, екі жазушыны бір-біріне қарама-қарсы қойып, айыптастырудан аулақпыз. Бірақ, шындық – бәрінен жоғары. Сол үшін аталған хатты реніштің түп мәнісін ашу мақсатында ғана мысалға жүгінеміз.
Әдетте, кез-келген өкпе, реніш дақпырттан туындап, бірте-бірте ушығады. Хаттағы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке таққан, «айыптарының» бәрін ақиқат деуге де болмас. Оған қарсы айтылатын Мұхтардың да өз уәжі, пікірі болғаны анық. Бірақ Сәбитке қандай жауап айтқаны бізге бимәлім. Ал арада бір ай өткен соң ұлы отан соғысының басталып кеткенін ескерсек, ол хаттың жауапсыз қалуы да мүмкін. Біз, тек қолда бар дерекке ғана жүгінеміз. Хат тым ұзақ. Сондықтан да қысқа-қысқа үзіндіге қанағат етуге тура келеді. Москвадан жолданған сәлем былай басталады:
«Қадірлі Мұхтар!
Біз, соңғы төрт-бес жылда ғана етене танысып, аралас-құралас болдық: осы уақыттың ішінде бір-бірімізге сен деп сөйлесу әдетімізге айналды. Сондықтан да, менің жолдастық, ашық әрі былай қарағанда қатты-қатты айтылғандай көрінетін осы хатымда саған «сен» деп қарапайым сөйлеуімді көңіліңе алмауыңды өтінемін. Біз бір қалада тұрып, жиі кездессек те, саған осы мазмұндас хат жазсам-ау деген ой баяғыдан мазалап жүр еді. Бұндай тілек саған жат көрінгенімен, маған жат емес. Ашығын айтайын, әр адамның өз кемшілігі болады. Сенің бойыңдағы кемшіліктің бірі сол, сен тым өкпешілсің, кейде түкке тұрғысыз нәрсеге бола шала бүлінесің. Сондықтан өз пікірімді саған ашық айтуға батылым жетпеді, ал хат жазуды ыңғайсыз көрдім».
Сәбит Мұқановтың бұрыннан хат жазбақ болып жүргеніне қарағанда және Қайым Мұхамедхановтың естелігінен байқалғанындай, екеуінің іштей өкпелесуі 40-жылдардың басында-ақ басталған сияқты. Араларындағы түсініспестікке не себеп? Сәбитке «болмашы» көрініп тұрған жай, Қ.Мұхамедхановтың «сүйіншісіне» қатысты емес пе? Жоқ, одан да өзге себеп бар екен.
«Егерде Москвадағылар сенің мен туралы пікірлеріңді маған айтпағанда, мен әлі де біраз уақытқа дейін тәуекелге бармас едім. Гослитиздаттағылар маған сенің: «Мұқановтың «Жұмбақ жалауын» біз білеміз, ол нашар шығарма, оны жақсы еткен – Дроздов» – деп түсінік бергеніңді айтты. Және сондағылар мынаны жеткізді: Сен «Қазіргі қазақ әдебиеті жинағына» жазған өз мақалаңды оқып шығып, «Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі жетекші жазушылардың бірі», – деген сөзге қатты ашуланыпсың. Сол кезде саған өз қолыңмен жазылған мақаланың қолжазбасын көрсетіпті, сен қызарақтап қысқа ғана: «Мен сызып тастаймын ендеше», – депсің.
Бұл сөздерді естігенде менің төбе шашым тік тұрды. Егер де осы шындық болса, менің тура айтқаныма кешір, онда сенің Құнанбай заманынан қаныңа сіңген тобықтылық қаның ойнап кеткен болу керек. Біз қарама-қарсы топтың қатарында жүргенде де менің сен туралы пікірім жоғары болатын. Мен сені біздің заманымыздың ең ірі таланттарының бірі, тек қазақ жазушыларының арасында ғана емес, сондай-ақ көп ұлтты Одағымыздағы жазушылардың, соның ішінде орыстарды қосқанда да, ең мәдениетті адамның бірі деп есептегенмін (қазір де солай ойлаймын). Сенің жоғарыдағы сөздеріңді естігенде, мен: «Мұхтардың да осындайға ебі бар ма еді?»,– деп таң қалдым.
Мені жек көрінішті ғып көрсеткеніңе, не менің беделімді төмендетіп, қорлағаныңа ренжігенім жоқ. Мүлде олай емес! Меніңше, жазушы өзін-өзі қорлайды. Жақсы шығарма жазсаң – сен жақсысың, жаман жазсаң – сен жамансың».
Реніштің түп-төркіні енді белгілі болды. Сол баяғы ауыздан-ауызға таралған қауесет. Сәбитке Мұхтардың пікірін жеткізген адамдардың ниет-пиғылы қандай еді, бұл сөздердің айтылғаны рас па, өтірік пе? Оны анықтаудың мүмкіндігі енді туа қоймас. Мұхтардың жауап хаты болмағандықтан да, саралап-талдау, дерексіз топшылау – ілтипатқа жатпайды.
Дегенмен де, біздің ойымызша, бұл арада Сәбиттің пікірі де, өкпесі де орынды. «Абай» трагедиясы мен «Абай» романы қанша қанат бітірсе де, қиын күндерде қол үшін берген адамның асыл қасиетін ұмыта қоятындай көп уақыт өте қойған жоқ. Оның үстіне қазақ арасы емес, жат көздің ортасында ақ қарға атандыру – ұлттық шамкөстікті де қоздырады. Демек, Мұхтардың бұл мінезі, С.Мұқанов айтқандай, «өзінің деңгейінен төмен» пендешілік. Замандастары жиі айтатын: «Болмашыға өкпелеп, қара сел жүргізіп, ешкімді бетбақтырмайтын» мінезінің расқа сайғаны. Бұдан кейін Сәбит өзін-өзі ақтауға бет бұрады.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): «Кейде қолдан жасалған бедел болады, оның ғұмыры қысқа. Егер, сен менің «дәрежем» туралы білгің келсе, оны мен өзім-ақ айтамын. Мен – өсіп келе жатқан жазушымын. Бұл сөзім саған түсініксіздеу көрінуі мүмкін. «Сен, қайдағы өсіп келе жатқан жазушысың, жасың қырықтан асты, шашыңа ақ кірді, жиырма жылдан бері жазып келесің»,– деуің де мүмкін.
Бәрі де дұрыс. Бірақ та мен сенің назарыңды мына нәрселерге аударғым келеді.
Сен екеуіміз әдебиетке әртүрлі жолмен келдік. Сен Еуропа біліміне сусындап барып қолыңа қалам алдың: ал мен болсам шала сауатты Еуропа, Россия, Шығыс классикалық әдебиетінен мүлдем мақұрым едім, тіпті қазақ әдебиетінің өзін нашар білетінмін. Маған білім берген совет мектебі. Менің алғашқы білім баспалдағым – Орынбордың Рабфагі болды, онда мен 1922-1926 жылдары оқыдым. Бұл мектептен де мен алуға тиісті білімді толық бойыма сіңірмегенімді мойындаймын. Бар уақытымды қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмсадым. Иә, совет адамымын деп есептейтін адамға басқаша істеу мүмкін емес-тін. Буржуазиялық ұлтшылдармен күрес жүріп жатты, өліспей беріспейтін күрес еді ол. Осы ұлы күресте, саналы адам: «Мен әуелі оқу оқиын, содан кейін күреске түсем»,– деп бәрінен шет қалып, қолын қусырып отыра ала ма? Күрестің қандай тең емес жағдайда өршігені сенің есіңде ме? Алашорда жазушыларының білімі бізден жоғары еді, ал біз (мен бұл арада ұлтшылдармен жан аяспай күрескендерді айтып отырмын) совет өкіметінің мықтылығының арқасында оларды жеңе алдық.
Міне, сол бір шешуші айқастың тұсында мен рабфактағы оқуға дұрыстап көңіл бөле алмадым, бар ынтасын оқуға жұмсаған менің сабақтастарыммен (Ғабит, Үміт – т.б.) салыстырғанда олардан мен нашарлау оқыдым. Ол үшін өкінемін де, өкінбеймін де».
Жоғарыдағы хаттың үзіндісінен байқалып қалғанындай, ең бірінші басты мәселе – әдебиетке, оның көркемдік дәрежесіне Сәбиттің – Сәбитше, Мұхтардың – Мұхтарша көзқараспен қарауы еді. Мұхтар «Абай» романын жазып бітіргеніне бір жыл толса да, ол әлі жарық көрмеп еді. Бұл шығарманың баспада ұзақ жатып қалуына (әрине, сол кездің өлшемі бойынша) Сәбиттің де ықпалы болмай қалған жоқ. Ол романды Сәбең де жоғары бағалады, бірақ, таза пролетарлық мәдениет қайраткері ретінде кейде орынды, кейде орынсыз талаптар қойды. Соның біразын қабылдағанымен, біразын Мұхтар қабылдамады. Ескі жарықшақ осы арадан ұлғаюы мүмкін.
Іле алма-кезек міндесу басталып кетті. Соның бірі – осы хат. Сәбит Мұқанов өзінің де кемшілігін мойындайды. Алайда сол кемшілікті – нағыз кемшілік деудің орнына, ол өзінің «таза советтік күрескер» боламын деп оқуға мән бермегенін ақтай сөйлейді. Тіпті, Мұхтардың білімге ерте сусындағанын мін ретінде бетіне басқысы келетін де сыңай танытады.
«Өкінетінім: жалпылама білім беретін пәндерден (физика, химия, жаратылыстану, математика т.б.) мағлұматымның аздығы менің қазіргі әдеби-шығармашылық еңбегіме кедергісін тигізіп келеді, ал өкінбейтінім: менің мектеп пәндерін игеруіме бөгет жасаса да, сол бір шешуші айқаста саяси тұрғыдан шынықтым. Мен оны мақтаныш етемін, өйткені күрестің ауыр күндерінде мен отаныма қаламыммен ғана емес, істікпен де (штыкпен де – Т.Ж.) қызмет еттім. Мектеп пәндерін нашар игеруім менің шығармаларыма да кері әсерін тигізді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы менің жазған өлеңдерім мен әңгімелерім, мақалаларым өзінің атын ақтай ала ма? Әрине, жоқ! Менің өзім де қазір оларды қызара еске аламын. Әрі ренішпен, әрі ризашылықпен қызарамын. Ренжитінім, сауатсыз, орашолақ жазғаным, ризашылығым, сауатсыз жазылса да, олар қазақ тілінде жазылған кеңестік жырдың алғашқы әуені еді. Бұл туралы сенен басқа қазақ кеңес жазушыларының бәрі де айтты да, жазды да. Тек сен ғана мардымсып: «Сонда Мұқанов не жазды?»,– деумен келесің. Мені жазушы деп мойындау, не мойындамау, әрине, сенің өз еркің.
Мен өзімнің «өсіп келе жатырмын» деген сөзіме қайтып оралайын. Менің поэзиялық шығармаларымның ішінен сенің назарыңды – «Кешегі батырақ, бүгінгі батырақ» (26), «Октябрьге өткел» (27), «Сұлушаш» (28) және «Ақ аю» (35) дастандарына аударғым келеді. Немене, бұл дастандардан ілгерілеу байқалмай ма? Егерде менің прозаларымды алатын болсақ, онда «Ақбөпе» (26) повесімен «Адасқандар» (28), «Жұмбақ жалау» (35), «Балуан Шолақ» (40) романдарының арасында айырмашылық жоқ па?
Бір дерек келтірейін. Осы жолғы Москваға сапарымда жолай Жазушылар одағына соқтым. Онда жаңа ғана келген армян жазушыларының арасында Фадеев және бірнеше орыстың үлкен жазушылары тұр екен. Фадеев мені көре салып құшақтап: «Құрметті Мұқанов! Сенің «Балуан Шолағыңды» оқығанда қуанғанымды айтсаңшы. Сен тамаша дастан (иә, түпнұсқада солай – Т.Ж.) жазғансың!», – деді де жазушыларға қарап дастанның қысқаша сюжетін айтып беріп, менің қолымды тағы да қысты. Ал осы да «алға басқандық» емес пе?
Айтпақшы, «Жұмбақ жалау» туралы. Мен онда кемшілік жоқ демеймін. Егер мен олай ойласам, онда баспаға дайындаған екінші басылымына өзгерістер енгізбес ем. Бірінші нұсқасына өзгерістер жасау туралы ой маған: романның жақсы жақтарымен қоса кемшіліктерін де көрсеткен мыңдаған оқырмандардың хатын алған соң келді. Мен көпшіліктің бұл тілегін қабылдадым. Қабылдағаным, олар Бейсенбайдың (Б.Кенжебаев – Т.Ж.) сауатсыз, қыңыр мақаласынан көрі шын жүректен шыққан сөздер еді. Демек, сен: «Мұқановты Дроздов түзетеді»,– деп бекерге күйіндіріп, сөз таратасың. Әзірше менің әдеби өмірімде мен үшін біреу жазып берген оқиға кездесе қойған жоқ».
Бұл мәліметті кім берді? Егерде түпнұсқаны оқығаны анық болса, онда проза мен поэзия жанрының айырмашылығын айыра алатындай сауат А.Фадеев те болуы тиіс. Сондайда К.Алтайскийдің:
«1946 жылы онымен қазақ әдебиеті туралы әңгімелесе қалғанымда, таң қалдым, Фадеев Қазақстанның әдеби өмірімен өте жетік таныс екен:
– Қазақстандағы әдебиет мәселесін баяндап беріп отыратын менің өте жақсы информаторым және кеңесшім бар, – деді Фадеев, содан кейін Әуезовтің атын атады.
– Әрбір туысқан республикада бір-бір Әуезов болса ғой, шіркін..., – деді.
Ол сөзінің аяғын айтпады, бірақ та Әуезовті оның қалай жоғары бағалайтыны онсыз да түсінікті еді»,– деген естелігі біраз жайдың әдібін ашып береді.
Жоғарыдағы А.Фадеев жанрын шатастырып отырған «Балуан Шолақ» туралы мағлұмат та «ұзын құлақ» арқылы жетсе керек. Ал «Балуан Шолақтың» қара сөзбен жазылғаны сіз бен бізге анық.
«Менің сыни еңбектерім туралы бірер сөз. Сенің есіңде ме, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ғылыми байсалдылықтан көрі партизан жорықтарын еске түсіретін менің айқайшыл – сауатсыз мақалаларым. Мұны мен қандай әлеуметтік-саяси жағдайда, қандай білім дәрежесімен жазғанымды да білесің. Мен ол кезде техникалық тұрғыдан да (жазу мәнерін меңгеру шеберлігі ме – Т.Ж.), саяси тұрғыдан да сауатым аз еді. Мен Маркс, Энгельс, Лениннің тек жақсы адамдар екенін, өйткені олар мен сияқты қаналған батырақтарға бостандық бергенін ғана білетінмін. Бірақ олардың іліміне үңілуге, теориялық тұрғыдан түсінуге мен дайын емес едім. Алайда уақыт талабы мені күреске шығуға мәжбүр етті. Саяси ғана емес, идеологиялық күрес те жүріп жатқан, өйткені қазақ еңбекші жұртшылығының арасындағы оқығандардың аздығын пайдаланып, әр түрлі бетқап киіп, өздерінің шіріген ойларын насихаттады. Оларға қарсы соққы беру керек болды, мен кеңес өкіметіне сүйене отырып, теориялық қаруымның жетімсіздігіне қарамастан, шабуылға шықтым. Осы бір шешуші айқаста мен біраз қателіктер де жібердім, мысалы, тек дұшпандарды ғана емес, сонымен қатар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы үйірдім. Бұл арада оның объективті де, субъективті де себептері болды. Объективті себебі: мен марксизм-ленинизмнің ескі мәдени мұраларды игеру туралы ілімін білмейтінмін. Ал субъективті себебі: қазан төңкерісінен кейін ғана бұқарамен бірге қанаудан құтылған маған «бай» деген сөз құбыжық болып көрінді, сондықтан да бай тегінен шыққандарға албасты ретінде қарадым, байлардың ішінен де Абай сияқты жақсы адамдардың шығатынын білмедім. Мен бұл қателігімді кейін түзедім.
Бұрын да және қазір де мен өзімнің негізгі мамандығым сыншы және әдебиеттанушы деп есептеген емеспін. Сын майданына мен жағдайға байланысты ғана араластым. Өсіп келе жатқан адам есебінде бұл салада да аздаған жетістіктерім бар. Сенің өзің де маған бірнеше рет менің бұл еңбектерімнің (менің Абай, айтыс, Қазақстан жазушыларының екінші съезіндегі баяндамаларым т.б. туралы) ғылыми тұрғыдан пайымды әрі әділ пікір екенін айтып едің ғой.
Мен өз шығармашылығым туралы сөзімді осымен аяқтаймын. Бұл жолдар саған бір түрлі тосын көрінуі: «Мұқанов өзін-өзі неге осынша мақтай береді?»,– деуің мүмкін. Құрметті Мұхтар, бұл мақтау емес, бұл менің өмірім, менің ащы шындығым, өзімді «өсіп келе жатқандардың» қатарына қосқаныма орай ақталғаным».
Міне, Сәбит Мұқановтың қателігі осы жолдарда жатыр. Ол өзінің әлсіз жерін біле, түсіне отырып, соны ескергісі келмейді, керісінше, «ақталғысы келеді», «мақтанғысы келеді». Көркемөнердің қатаң талабы сол, сауатсыздықты ешқашанда ақтауға да, кешіруге де болмайды. Өйткені ол саясат емес, мыңның емес, миллионның біріне берілген табиғи дарынды кещелікпен жұмсау – кешірімге жатпайды. Жалаң идеямен жақсы көркем шығарманың тумайтынын сезе тұрып, соған көңіл бөлмегеніне тап тартысы кінәлі ме?
Жазушылық қасиет – жекенің еншісі. Ендеше оған көпті көлденең тарту әбестік. Әрине, сыннан қорытынды шығармады деген сөз емес бұл. Егерде, дәл осындай сыңар езулеп пікір қозғайтын болса, Әуезовтің де сөз табатыны түсінікті. Сәбең одан әрі өзінің «өсіп келе жатқан жазушы екендігін» табанды түрде дәлелдей келіп, ойын былай өрбітеді:
«Енді мен сенімен, соңғы 2-3 жылда екеуміздің арамыздағы қарым-қатынастың неліктен нашарлап кеткеніне тоқталғым келеді? Оның негізгі себептері мыналар сияқты: сен соңғы жылдары (мүмкін бұрыннан-ақ шығар) – осы жарық дүниеде ешкімге есе теңдік бермейтін, бәріне қызғанышпен қарайтын, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің жолын кес-кестейтін, өзінен басқаны ойламайтын Сәбит Мұқанов дейтін бір зұлым бар деп ойлайтын сияқтысың. Сен биыл «Социалистік Қазақстанның» ұйымдастырған жиналысында дәл осылай дедің (Жақшаның ішінде айта кетейін, алашордашылар да оларға қарсы күрескенімде мені осылай атаған, бірақ та өмірдің өзі көрсеткеніндей, совет өкіметінің буржуазиялық мемлекеттің орынын баспағаны сияқты, мен де олардың орынында отырғаным жоқ).
Сенен: «Мұқанов бізді қызғанады»,– дегендегі «біз» дегенің кімдер екенін түсіндіруді өтінемін? Сен қазақ әдебиетінің барлық өкілдерін ой елегінен өткізші, солардың ішінде мен көмектеспеген бір адам бар ма екен? Тіпті, соңғы 3-4 жылдың ішінде қырғиқабақ боп жүрген Ғабиттің өзі де оның творчестволық және мәдени өсуіне менің септігім тимеді деп айта алмайды. Ол жазушылардың бәрі де ол туралы менің мәжбүр етуімсіз жазды. Осы да қызғаныш па? Осы саған қызғанышпен карайтын менің нем бар? Сенің қазақ мәдениетіндегі, әдебиетіндегі алатын орының өте зор. Бірақ та, сен әдебиетте қандай орын алсаң да, мені ол орынға апарып сиғыза алмайсың. Менің өз шаруашылығымды емін-еркін орналастыратындай әдебиеттегі өз жерім өзіме жеткілікті, ендеше менің жеріме түсіп кетеді деп секемденуіңе еш негіз жоқ».
Сәбит Мұқановтың бұл уәжі де түсінікті әрі қисынымен айтылып тұр. Өйткені, Мұхтар – Моцарт, Сәбит – Сальери емес болатын. Ал екеуін осылай көрсеткісі келгендердің саны көп еді. Қазір де бар.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): «Сенің кейбір жекелеген шығармаларыңа айтқан сыни пікірлерім: саған деген қызғаныштан емес, менің көзқарасымнан туып отыр. Ашығын айтқанда, сенің соңғы жылдарда жазған шығармаларыңа менің көңілім толмайды. Сенің ол дүниелерің әлжуаз, жасық. Мен сенің совет дәуіріне дейінгі және совет дәуірінен кейінгі шығармаларыңды салыстырдым. «Қыр суреттерін» – «Шатқалаңмен», «Қараш-Қарашты» – «Хасеннің құбылыстарымен», «Қаракөзді» – «Тастүлекпен» салыстырдым. Алғашқы аталғандары нағыз көркем дүние, ал екіншісі – құр схема, бейімделу ғана («Абай» пьесасы мен «Абай» романы туралы кейінірек тоқталамын). Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен», не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).
Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың. Мұның себебі не? Талантың бар (жақшаның ішінде тағы да ескерте кетейін: сенің біліміңді біздің заманымыздағы, еуропалықтарды қоса есептегенде де, ең озық жазушылардың білімімен тең деп есептеймін. Бұл – жай қыстырма сөз емес, нақты дерекке негізделген менің түсінігім).
Ендеше, дәл осы жағдайда совет тақырыбына көркемдік қуаты күшті шығарма жазуыңа не бөгет болды? Мен оның субъективті де, объективті де себептерін білемін. Обективті себебі мынада: сен өзіңнің саяси қателігіңді мойындағаннан кейін, 10 жыл бойы өзің саналы түрде қарсы күрескен қоғамдық өмірдің ағымына жылдам бейімделу қиынға соқты. Адам дегеніңіз кез-келген қалыпқа оңай түсіре қоятын өлі зат емес қой. Адам тек дүниені қайта құрып жатқандарға өзі қарсы жүріп, оларға көмектессе ғана жүзеге асады. Менің ойымша сен соларға қол ұшыңды немкеттілеу ұсынатын сияқтысың: «Сен совет өкіметін шын көңіліңмен мойындаған жоқсың»,– деп ойламаймын. Оған менің дәлелім де жоқ. Бірақ сенің ең үлкен осалдығың сол, өткен күнәларыңнан қашқың келеді; ол туралы ешкімнің жақ ашпауын тілейсің, оны айтқан адам – саған жау. Әрине, кез-келгенді сылтауратып өткен кінәларын бетіне баса беру – адамға ауыр тиетінін білемін. Алайда, құрметті Мұхтар, саған бұлай ешкім жасаған жоқ қой!
Әдебиет тарихы жазылғанда немесе жазушының творчестволық жолы талданғанда, өзіңнің күнәңнан өзің қашып құтыла алмайсың. Қалай қашып құтыласың! Сен 1932 жылдан жаза бастаған жоқсың, одан ерте қолыңа қалам алып ең ғой. Совет өкіметінің бағытына сен ашықтан ашық күрестің емес пе? Соның барлығының із-түзсіз жуылып-шайылып кетуін қалайсың ба? Ол әдебиетке де, сенің өзіңе де ешқандай пайда әкелмейді ғой! Менің ойымша сен өзіңнің күнәңнан бекер қашып жүрсің. «Қолыңмен істесең – мойныңмен көтер».
Егер сен өзіңнің жаңа көзқарасыңа шын сенетін болсаң, онда күнәңә пысқырып та қарама, ол туралы жазса – жаза берсін, шыда! Өзіңнің жаңа жұмысыңды істе! Бұрынғы қателеріңді айтқаны үшін ешкіммен де жауласпа, әсіресе, біздің Москвадағы мәселелерімізді шешіп, көмектесіп отырған Дроздовпен өштесудің еш қажеті жоқ. Оның мақаласынан мен ешқандай жамандықты көріп отырғаным жоқ.
Істің түпкі нәтижесіне келгенде, мәселе сенің күнәларыңда емес, совет жазушысы деген атты қалай алып жүресің, соған байланысты...».
Бұл арада Мұхтардың «жазушы» деген атқа кір түсіріп, абыройын кетіргені меңзеліп отырған жоқ. Қайта «Абай» романы арқылы туған әдебиетін шырқау биікке көтерді. Алайда, Сәбит Мұқановтың ойының астарында қалайда Әуезовті идеологиялық, таптық тұрғыдан шеттету пиғылы байқалады. Салқындық сезіледі. Тіпті салқындық емес, онымен ескі дұшпандарша сөйлеседі. Мұхтарға ондай қағажу көру онша таңсық емес. Дегенмен де он жыл бойы қарауылдың ұшында тұрып, нысанаға үнемі іліне беруі – жүйкесін тоздырғаны да шындық. Мұны Мұқанов та мойындайды, түсінеді, бірақ, қайталап айтуын да қоймаған.
Неге?
«Сен суреткер ретінде «Абай» романын жазғанша кеңестік кезеңге дейінгі деңгейіңе көтеріле алмадың, керісінше, көптеген жағдайда құлдырап кеттің, бұған менің көзім (өзгелердің де) анық жетеді. Адамдарда, оның ішінде менің де көкейіме мынадай заңды сұрақ үйіріледі: кешегі қайталанбайтын тамаша суреткер, бүгін яғни, өзінің қатесін мойындаған соң, неге трафереттік шығармалар жазады? Суреткер ретінде барлық мүмкіндікке ие бола тұра неге биікке көтеріле алмайды?
Мен мұның екі себебі бар деп ойлаймын: бірінші, өзіңнің қателігіңді мойындаған соң, бұрын өзің сенбеген өмірді газеттегі мақалалардың әсері арқылы ғана қабылдадың, көпшіліктің ішіне барып, ұлы құрылыстың жетістіктері мен кемшіліктерін бөліспедің. Сенің кеңес тақырыбына арналған көптеген шығармаларыңдағы схематизм, көркемдік бәсеңдік осыдан туындап отыр. Осы арада сен менен: «Маған жөн көрсеткен жерге сенің өзің неге бармайсың?»,– деп сұрауың мүмкін. Заңды сұрақ. Біздің социалистік құрылысымыз орнатып жатқан жаңалықтардың барлығын мен де толық біле бермеймін. Бірақ та кеңестік ауылдың өмірін мен сенен жақсы білемін десем, қателеспеймін. Өйткені мен: ауылдағы алғашқы кеңестік ұйымды, алғашқы партия ұйымын, алғашқы шаруашылық мекемелерін, алғашқы мәдени ағарту мекемелерін құруға тікелей араластым және олардың әрі қарай дамуына да белсене қатыстым.
Сен тағы да бір мынадай сұрақ қоюың мүмкін: «Жарайды, сен кеңестік ауылды артық білуің мүмкін, ендеше айтшы маған, сен менен асып қандай шығармалар жаздың?,– деп. О, құрметті Мұхтар! Сен мені бәрін бітіріп тастадым дейтін мақтаншақ адам деп ойлама. Маған және менің халқыма бақыт сыйлаған өз отаныма мен өте аз қызмет көрсеттім, әрине, бұл мені толғандырады. Өзімнің бұл кемшілігіме іштей мазасызданып, өзімді-өзім: мен ұлы күрестен тыс қалғамын жоқ, өзімнің қолымнан келгенінше қабілетіме қарай бәрін де істедім. Өзімнің бұл әрекетімді әлі де жалғастыра беремін – деген оймен жұбатамын.
Сенің толыққанды көркем шығарма жаза алмауыңның екінші себебінің тамыры – сенің қадамыңның сенімсіздігінде жатыр, әлдебір нәрсе бүліне қалатындай жан-жағыңа көп жалтақсайсың. Сен: көркем шығарманың – шыңдалу екенін білмейсің. Қателік кез-келген жазушыда болады. Қателіктен қорықпау керек. Тек табан тіреген топырағың тайғанақ болмасын, кеңестік тірек болсын. Ұлы Лениннің өзі: қателіктер жасаймыз, сол қателіктерден үйренеміз,– деп айтты емес пе. Сен әлі мұндай батыл қадам жасамай, мұндай шыңдалудан өтпей кібіртіктеумен келесің, сондықтан да кеңестік тақырыпты игеруің ақсап келеді. Ренжі, ренжіме, мейлі, тура айтайын (көптеген адамдар да айтып жүр): сен суреткер ретінде өзіңнің кеңестік рухыңды шығармаларыңда талантыңа сай көрсете алған жоқсың. Сен бұл сұраққа өзіңнің замандастарыңның алдында жауап беруің керек».
Хатты оқып отырғанда бұл сөздерде ешқандай оғаштық жоқ сияқты. Бәрі де дұрыс көрінеді. Кеңес тақырыбына жазылған Мұхтар Әуезовтің шығармалары, шындығында да, бұрынғы деңгейіне көтеріле алған жоқ. Оның басты себебі, Мұхтардың талант қуатының әлсірегенінде емес, кеңестік идеология, соның ішінде Сәбит Мұқановтың өзі қатаң ұстануды талап етіп отырған «мазұны социалистік, формасы ұлттық» социалистік реализмнің талаптарында еді. Ірі талантқа сай ірі оқиғаларды қамтуға бейім М.Әуезовтің қаламына ұлт зиялыларының қудалануы, ақ пен қызылдың ойраны, отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жеті-отыз сегізінші жылғы қуғын-сүргін сияқты тақыптар лайық болатын. Күрделі көркем ойлау жүйесі мен қою да кесек сөз бояуы, құрмалас сөйлемдердің күрделі үйлесімі тағаны тақыр оқиғаларды баяндауға икемделе алмайтын. Оны сөз иесі ретінде Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та жақсы түсінеді.
Алайда, соған қарамай, айыптай сөйлеу, Мұхтарды өзімен тең ұстамай, алшақтау ұстап, «тақтаға шығарып қойып» сөйлесуге бейімділік байқалады. Сәбит көрген ауылды Мұхтар көрмеді ме? Мұхтар губернияны, республиканы билеп, ұлтын ашаршылықтан құтқарудың амалында күйінді боп жүргенде Сәбит Мағжанның атының шылбырын ұстап жүрмеді ме? Жалпы осыдан артық қандай өмірлік дерек керек? Біз де Сәбиттің ізімен санамалап бірнеше уәж келтірейік.
Біріншіден: Мұхтардың 1932 жылға дейінгі шығармаларын неге совет дәуірінен бұрын жазылған деп бағалайды. Керісінше, «Қорғансыздың күнінен» – «Көксерекке» дейінгі дүниелер 1920-1928 жылдары жазылды ғой.
Екіншіден: Сәбиттің өзі жиырмасыншы жылдардағы «асыра сілтеген» қателіктерін мойындай отырып, сол қателіктерін көрсетіп, Абайдан бас тартудың теріс пікір екенін дәлелдеген Мұхтардың мақаласы неге «ашық жаулық» ретінде бағаланады? Демек, ол дұрыс айтты емес пе.
Үшінші: «Қолыңмен істегенді – мойныңмен көтер», – деп нығырлай тұқыртып алады да: «Оларға пысқырып та қарама»,– деп неге ақыл береді.
Төртінші: «1932 жылдан соң сен бірде-бір көркемдігі жоғары шығарма бермедің»,– деп бағалайды. Сонда «Абай» трагедиясын, «Абай» романын көзге ілмей, жай қатардағы туындының есебіне қосуға бола ма? Он жыл да емес, бүкіл өмірінде дәл «Абайдай» бір шығарма жазған жазушы – нағыз жазушы ғой. Әлде, ол «совет жазушысы» атану үшін аз ба? Және хатының басында Сәбиттің өзі санға емес, сапаға жүгін демей ме?
Бесінші: 1941 жылға дейін де Мұхтар совет жазушысы атанбап па еді. Ендеше, сол уақытқа дейін одақтың тізіміне ілінбеуі қалай?
Міне, гәп осында.
Екі жазушының арасындағы араздық осыдан басталып, бірте-бірте ұлғая түскен. Бірі – кеме капитанының, екіншісі кемедегі жолаушының орнында болған. Жағдайлары да, қоғамдағы беделдері де әрқилы. Қиын кезде қол ұстасып, ауыртпалықты тең бөліскен қос алып бейбіт күнде көңілдеріне көлеңке ұялатқан. Бір-бірін айыптауға көшкен. Сәбит Мұқанов:
«Сен тарихи тақырыптарда үлкен беделге ие болдың, оның ішінде «Абайға» дейін халық әдебиетіндегі дайын сюжетті пайдаландың («Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Бекет», «Қалқаман-Мамыр») және оларды тың шығарма деп ұсындың. Сен кейде өзіңше, халық сюжеті жұтаң болатын, мен оны байыттым деп ойлайсың. Меніңше, олай емес сияқты. Сенің нұсқаң – асып кеткенде халықтың нұсқасымен теңеседі, бірақ одан жоғары емес»,– дейді хатында.
Бұл енді, нағыз қиянат. Қазір жоғарыдағы Шәкерімнің дастандары халыққа кеңінен мәлім болды. Ал, оны пьесамен салыстыруға бола ма? Екеуі – екі бөлек дербес туындылар. Ал енді осы пікірі үшін Сәбитті қаралауға бола ма? Қайдам. Өйткені ол мұның барлығын шын көңілімен «таптық тұрғыдан» бағалап отыр ғой.
Ол кейін өз қателігін түсініп, алғашқы пікірінен бас тартты. Осы хатта да «Абай» трагедиясы жөніндегі бұрынғы пайымдауларының жаңылыс айтылғанын, өзінің әділетсіздік жасағанын ашық мойындайды. Тарихи тақырып туралы тұжырымдарының терістігін түйсіне келіп, байсалды пайымдауға көшеді. Кейбір сынының орынсыздығын да тілге тиек ете отырып, «Абай» романына жоғары баға береді. Бірақ та пьеса мен романды бір-біріне қарсы қойып, қарабайырлау тәсілмен салыстырады. Бұл шығармалардың жанрлық өзгешілігін былай қойғанда, жазушының көркемдік шешімі мен әлеуметтік-философиялық астарының мүлдем басқа екендігін ескермейді. Ал, мұны аңғармау – өзге-өзге Сәбит Мұқанов іспетті тәжірибелі қаламгерге мін және үлкен мін. Оның бұл мінезін Мұхтардың теріс түсінуі де заңды.
«Сен «Абай» пьесасында Абайдың образын жасадың. «Абайды» оқу кезінде мен өзімнің біраз наразылығымды білдірдім. Содан кейін мен бұл мәселенің төңірегінде көп ойланып, менің пікірлерім қате екен – деген тұжырымға келдім. Гуманист есебіндегі Абай образын сен тәуір шығардың. Бірақ та, «Абай» пьесасындагы өзге образдардың толық бітпей тұрғаны жөніндегі пікірімнен қайтпаймын. Москвада жасалған соңғы нұсқаны оқымағаным өкінішті. «Абай» романы туралы пікірім жоғары.
Өзінің көркемдігі жағынан ол пьесадан әлдеқайда биік тұр деп есептеймін және нағыз шебер Еуропа прозашыларының романдарымен қатар тұр.
Қайталап айтамын, роман жақсы, екінші бөліміне де сондай сәттілік тілеймін.
Бізде «Тарихи тақырып» деген сөздің өзін құбыжық көретін адамдар бар, бұл тарихты бағаламау. Мәселе, не туралы емес, қалай жазуда. Егерде тарихи тақырыпты марксизм-ленинзм идеологиясы тұрғысынан жазса – онда тұрған жаманшылық жоқ, керісінше, тамаша ғой. Ондай еңбекті бағаламау – оңбағандық. «Абай» романында сен толыққанды совет жазушысы есебінде сөйлейсің, мен мұны еш қызғанышсыз-ақ мәлімдеймін. Бірақ бұл соңғы пікір емес. Сен нақты тарихи дәуірде өмір сүріп отырсың, сондықтан да сол дәуір туралы оқырмандар сенен «Абаймен» пара-пар шығарма күтеді және олары орынды да.
Менің тарихқа тіксіне қараған кездерім де болды. Жоғарыда айтқанымдай, баяғыда өтіп кеткен сол күндеріме сын көзбен қараймын. Материалистік диалектикаға негізделген менің қазіргі пікірім бойынша, менде – әке де, шеше де, халық та жоқ (тек тап бар – Т. Ж.) деген адам нағыз сатқын. «Мен – қазақпын, өз халқымды сүйемін» деп айту – коммунизм принципіне қайшы келмейді. Лениннің өзі де ұлы орыс халқының ұлы екенін мақтанышпен айтты ғой. Өте жақсы әрі күшті айтылған. Тек өз халқыңа деген махаббаттың коммунизм принципіне қарсы келмесе болғаны. Біздің халқымыздың кейбір тарихи кезеңдеріне үрке қарағаныммен, мен ешқашанда халқыма дұшпан болған емеспін. Мен өзім шыққан халықты сүйдім, қазір де сүйемін, өйткені ол – көпшілік, оның да қанаушылары бар. Бұрынғы кездерімдегі Абайды жете бағаламауым және басқа да айтқандарым менің халыққа қарсы екендігімнің дәлелі бола алмайды. Өзін халықтың жоқшысымын дейтіндермен бұрын да жарысқа түсіп келдім, қазір де жарысуға (қызмет етуге – Т. Ж.) дайынмын».
Мұндай жалаң даңғазаға құрылған желөкпе сөздерді әлі де естіп қалуға болады. Ол өсектер Сәбит Мұқановтың тірі кезінде де айтылған. Әрине, жаңылмайтын жампоз, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тек қана Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі туралы бірде оны қостап, бірде оған қарсы шығып, үш рет мақала жазыпты Сәбит. Оның ішінде, Мұхтардың «Хан Кене» пьесасын тек сыни пікірінде тілге тиек етіп, Кенесарыны мақтаған тұсында оны қалыс қалдырған. Осы хаттың бас жағында «Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы ойнаттым. Ол менің теориялық білімімнің жетімсіздігінен еді»,– деген сөздер бар. Бұдан кейін де, тура он жыл өткен соң Сәбит Мұқанов Кенесары көтерілісіне:
«Феодализмді көксеген, қазақ халқының жаулары ұйымдастырған бүліншілік»,– деп баға берді.
Сондай-ақ «Алаш» партиясы туралы да осындай екіұдай пікір білдірді. 1937 жылға дейін Сәбит Мұқанов:
«Октябрь революциясына дейінгі «Алаш» қызметі қазақ халқы үшін прогрессивті әсері болды»,– деп келсе, кейін мүлдем кереғар пікірді ұстанды.
Жекелеген ірі тұлғалар жөнінде де екіұшты бағалар берді. Соның ішінде Мұхтар да бар еді. Заман ағымына қарай солай айтуға мәжбүр де болған шығар. Алайда:
«Сәбит Мұқанов – қазақ халқының тарихына үнемі шабуыл жасаумен болды»,– дегеннің де шындығы шамалы.
Бұл арада Сәбит Мұқанов сол қауесетке қарсы шығып отыр. Себебі: сондай пікірді қоздырушының бірі – Мұхтар Әуезов деп түсінген. Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-қайшы пікірлеріне, тіпті кейде, оқиғаның тым асқынып кетуіне тосқауыл қоюдың орынына, сол ағымға өзі де қоса араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде (әрине, сынап отырып) үлкен мән бар. О да күрестің бір түрі, ең болмаса – атын елдің есінде қалдырудың амалы еді.
Бұл хат – екі ой алыбының арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын болғанын байқатады. Әрі олардың сол кедергілерді жоюға ұмтылғаны да аңғарылады. Сол үшін «жүрегіне кір жасырмай», көңіл кірбіңдерін бір-біріне ашық айтуды мақсат еткен, яғни, жариялылықты жан демеуі ретінде ұстанған. Сондықтан да, өзара пікір алмасуларының негізінде әдебиет, өнер, тарихи кезеңдер, дара тұлғалар туралы көзқарастары ғана арқау болмаған, жеке бастарының да мүдделері қозғалған.
Өкінішке орай, өзара кінәласулар да шаң береді. Несі бар, ол да өмірлік құбылыс. Мұндайда, Сәбит тізгінді өз қолына алған да Мұхтар «қорғаныста жүрген». Ірі-ірі айтыстарда ғана Әуезов сүңгуір қайық сияқты толқынның бетіне көтеріліп, «жалын көрсеткен». Қолдағы деректер осылай тұжырымдар жасауға негіз қалайды. Кейде олар өздерінің осынау қалыптасқан жағдайына үйреніп те қалған сияқты әсер береді.
«Мен өзімнің соншама ұзақ, сонымен қатар ауыр-ауыр пікірлер айтқан хатымды аяқтап келемін. Бұл хатты мен саған соншалықты қатты соққы беріп, көңіліңді қалдырып, ренжіту ниетінен жазып отырған жоқпын. Алайда, құрметті Мұхтар, біз зиялы қыздарды дайындайтын оқу орындарының шәкірті емеспіз ғой, біз өзімізді совет жазушысымыз– большевиктерміз деп есептейміз, сондықтан да не ойлайтынымызды, қандай мәселелер бізді толғандыратынын жасырмауымыз керек. Менің әлі де үнсіз қалуыма болатын еді, бірақ та жоғарыдағы айтқан жайларымды ішіме түйіп жүре беруді намыс санадым. Мұны мен, біздің ортақ ісімізге, қазақ совет әдебиетін жасау жолындағы жұмысымызға кез-келген ұсақ-түйектер кесірін тигізбеуі үшін жаздым.
Мен саған өзімнің достығымды күштеп таңбаймын, алайда біз араласа-пікірлесе, өзара түсінісе отырып жұмыс істеуге міндеттіміз.
Мен төзе де, құпияны сақтай да аламын. Егерде сенің: «Мұқанов – қызғаншақ»,– деген сөзің жанымды жараламаса, мүмкін, бұл хатты әлі де жазбаған болар едім. Бұл сөз менің адамдық сезімімді қатты қобалжытты. Мен адамдармен жауласа да білемін. Бірақ маған мұны өмірдің өзі үйретті және тым ерте үйретті. 7 жасымнан жетім қалуым – күштілердің қорлауына қарсы тұруға үйретті, кек алуға итермеледі. Алайда жауларыма, әсіресе, октябрь күндерінен кейін соншама қатыгездік жасағам жоқ. Бірақ жауларымның жауы екендігімді бұғып қалмадым, мен олармен арадағы күресте адамдардың қарым-қатынасына тән дәрежедегі тәсілдерді қолдандым. Қазір де солай істеймін. Мүмкін, жекелеген адамдар сенің санаңды: «Мұқанов – қатыгез, қауіпті адам» т.б.,– деп улап тастаған шығар, оларға сенбе. Мен сенімен ашықтан ашық жауласуға да жараймын, бірақ, егер екеуміз де бір платформада – совет әдебиетінің платформасында тұрсақ – онда өштесудің қажеті қанша?».
Иә, оларға өштесіп, кек қуысудың қажеті жоқ еді. Ол өздерінің жеке бастарына да, қоғамдық пікірлерді қалыптастыруда да, туған халқының мәдениетінің дамуына да зиянын тигізетін еді. Кейін кесірін келтірді де.
Осы арада ашық айта кететін бір жай: Сәбит Мұқанов – Мұхтар Әуезовті үнемі өзінің саяси қарсыластарының тобына жатқызып келді. Осы хатта да «бір платформада болсақ» деуіндегі емеуріні де сол. Дәл осы «кілтипан» олардың арасын толықтай, жарықшақсыз қабысып кетуіне мүмкіндік бермеген. Елуінші жылдардың басында да сол сөзді қайталады. «Шын көңілімен таптық тұрғыдан» бағалады. Тіпті, отыз жетінші жылы партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған кезіндегі сергелдеңді де ол сталиндік репрессиядан емес, «ұлтшылдардан» көреді. Осы хатында:
«1937 жылдан бастап менің өмірімде аздаған өзгеріс болды. Сонда адамдардың үш тобы маған қарсы жағдайды пайдаланып қалғысы келді:
1. Менің ежелден келе жатқан жауларым – алашордашылардың ашық қимылдағаны, жасырынып жүргені бар, бәрі де қуаныштан қолдарын шапалақтап, билеп: «Аһа, Мұқановтан күш кетті, енді оны мүйіздеуге болады», – десті.
2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды»,– деп түсініктеме береді.
Сонғы екі топтың түп тамыры жоғарыда біз келтірген «үштіктен» еш айырмасы жоқ болатын. Айырмашылығы олардың Сәбит Мұқановша жіктелуі ғана. Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларын өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Бұған қарағанда Сәбиттің өзі де «қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, не ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген, дәлірек айсақ, түсінгісі келмеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.
Әйтпесе, 1937 жылға дейін, өзі есептен шығарып тастаған Әуезовтен басқа, тірі жүрген және ашық жауласатын қайдағы алашордашылар? Бар болса, олар кімдер? С.Мұқановтың бұл пікірі ежелгі екпінмен «ежелгі жауды еске түсіру» ғана.
«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады,– деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да, ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзім қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым: (мен нағыз совет адамдарын айтамын): саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік,– десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ» («Заман талқысы» тарауында бұл адамдар туралы емеуірін жасалды – Т.Ж.).
Бұл үкімді кім шығарып отыр? Зады 1937-1938 жылдары М.Әуезовтің жинағына алғысөз жазғаны және М.Жұмабаевқа көмектескені үшін өзін «халық жауы» ретінде әшкерелеген адамдарды меңзеп отырған сияқты.
«Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болмысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т.Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақ та мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым.
Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.
Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбейді де. Қателіктері де сонда.
Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқада екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.
Сөзінің соңын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын»,– депаяқтайды.
Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.
Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтің арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тыйым да салар деген үміттеміз.
(Жалғасы бар)
Abai.kz