Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3723 0 пікір 18 Маусым, 2013 сағат 14:38

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ, ақын: КЕЙІНГІ ЖАСТАРДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚЫСАМ, КРОССВОРД ШЕШКЕНДЕЙ БОЛАМ...

Темірхан Медетбек ағамыз тәуелсіздіктің бас кезінде келіп қосылған бір буын ақындарға «алтынкөпірліктер» деп ат қойып, мақала жазған болатын. Сол мақалада сіз жайында: «Өзінің ішкі әлемінде болып жатқан сан сапырылыстар мен  сан қапылыстарды, беріш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерін ақтарып сөйлей алатын Батырболат бәрібір ең алдымен лирик. Лирик болғанда да, төгіліп тұрған лирик. Махаббат лиригі», – деген болатын. Темірхан ағаның осы пікіріне бүгінде қаншалықты «адал» болып жүрсіз?
– Жаныма лириканың жақын екені рас, болашақта өлең жазармын-жазбаспын – болмысымда лирик болып қала беретін болармын. Ал махаббат лирикасы дегенде, әр нәрсенің өз уақыты бар. Мысалы, мені бір кезде керемет танымал еткен «Мен ғашық қыз» деген өлеңім туғанда жиырмадан жаңа асқан шағым еді, максималист кезіміз ғой, ол сол жасымызға жарасып тұрды. Ал қазір, Мұқағали ағамыз айтқандай, «Енді маған қырықтың қылығын бер, ақылын бер, арын, ая, Құдай» дейтін кезеңге келіппіз. Дулат Исабековтің «Қарғынының» кейіпкері Жасынның «Шампанды сондай жек көрем, кәрі ақынның махаббат жайлы лирикасы сияқты жүрегіңді қыжылдатады» деген жолдары менің қатты есімде қалып қойды. Кәрі болмасақ та, әлі күнгі «махаббат лиригі» атанып жүруге, шыны керек, ұялар едім. Талант пен талап болса, тақырып деген тапшылық көретін нәрсе деп мен ойламаймын.

Темірхан Медетбек ағамыз тәуелсіздіктің бас кезінде келіп қосылған бір буын ақындарға «алтынкөпірліктер» деп ат қойып, мақала жазған болатын. Сол мақалада сіз жайында: «Өзінің ішкі әлемінде болып жатқан сан сапырылыстар мен  сан қапылыстарды, беріш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерін ақтарып сөйлей алатын Батырболат бәрібір ең алдымен лирик. Лирик болғанда да, төгіліп тұрған лирик. Махаббат лиригі», – деген болатын. Темірхан ағаның осы пікіріне бүгінде қаншалықты «адал» болып жүрсіз?
– Жаныма лириканың жақын екені рас, болашақта өлең жазармын-жазбаспын – болмысымда лирик болып қала беретін болармын. Ал махаббат лирикасы дегенде, әр нәрсенің өз уақыты бар. Мысалы, мені бір кезде керемет танымал еткен «Мен ғашық қыз» деген өлеңім туғанда жиырмадан жаңа асқан шағым еді, максималист кезіміз ғой, ол сол жасымызға жарасып тұрды. Ал қазір, Мұқағали ағамыз айтқандай, «Енді маған қырықтың қылығын бер, ақылын бер, арын, ая, Құдай» дейтін кезеңге келіппіз. Дулат Исабековтің «Қарғынының» кейіпкері Жасынның «Шампанды сондай жек көрем, кәрі ақынның махаббат жайлы лирикасы сияқты жүрегіңді қыжылдатады» деген жолдары менің қатты есімде қалып қойды. Кәрі болмасақ та, әлі күнгі «махаббат лиригі» атанып жүруге, шыны керек, ұялар едім. Талант пен талап болса, тақырып деген тапшылық көретін нәрсе деп мен ойламаймын.
Осы арада ойыма түсіп отырған нәрсе – кешегі кеңестік кезеңдегі қоғамда ер мен әйел заты арасындағы махаббат сезімі шамадан тыс идеализацияланған сияқты көрінеді маған. Ата сақалы аузына жеткенше аһ ұрып, қыз-қырқын туралы үздіге «жыр» жазатын әбес үрдіс бізге сол кезеңде сіңген салтсымақ-ау деп ойлаймын. Шүкір, қазір ар-ұят пен әдеп-ибаны,  имандылықты ту еткен діни әдебиетке жол ашық. Бұл да тәуелсіздік алып келген жақсылық. Әрине, дін тақырыбына қалам тартып жүргендердің оны игеруі, өре-деңгейі – бөлек әңгіменің еншісі.
– Астанадағы әдеби орта жайлы айтыңызшы. Сіз үшін Алматыдан алыстау – өлеңнен алыстауға айналып кетпеді ме?
– Сөзіңнің астарын түсініп отырмын. Шынында да Астанаға келгелі өндіріп жаздым дей алмаймын. Бірақ бұл бас қалаға қоныс аударуыма байланысты емес. Жалпы, өзім бұрыннан сирек жазатын «сорттанмын». Өлеңнен алыстауыма Алматыдан алыстауым себеп болды десем, Астанама обал болар. Өзім жұмысбастылықтан араласа алмай жүргенім болмаса, елордада жап-жақсы әдеби орта қалыптасты дей алам. Ал қаламы жүрмей, өлең келмей қоятын кездер кез келген ақынның басында болып тұратын болса керек. Менікі тым ұзаққа созылып кеткенін де байқаймын. Кейінгі жылдары жылына бір өлең жазсам, қуанам. Ақындық мені тастап кеткен шығар деп те ойлап қоям... «Өлең жазу қиын да, қызық та емес, жас отыздан асқан соң» деп Есенғали ағам айтпақшы, соны қатты қайғы еткім де келмейді. Кезінде өлеңсіз өмірімді елестете алмаушы едім, сірә, сондай кезде ғана адам нағыз ақын болатын болса керек. Осы күні маған поэзия бәрібір жастыққа тән жанр сияқты көрінеді. Бәлкім, есейіп, баяғы алып-ұшпа сезімдер байырқа тауып, байсал тартқан шығармыз. Келісем, менің өлеңдерімнің негізгі тіні махаббат лирикасы екенін айтқандар көп. Бірақ лирика тек жалғыз махаббатпен шектеледі деп кім айтты?! Демек, гәп басқада. Алдағыны өмір көрсетер. Құдай қалаған істің  бәрі жақсы, бәлкім Алла Тағала шабытымды әдейі шектеп, уақыты келмей тұрғанда шалағай, керексіз дүниелер тудырып, қаламымның қадірі кетуіне жол бермей тұрған шығар, кім біледі?! Кейде соған шүкіршілік етем, құдайдан үміті бар құлмыз ғой...
– Ақын, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» кітабында Пушкиннің «Я помню чудное мгновенье» деп басталатын өлеңін сіздің аудармаңызда сәтті шыққаны айтылыпты. Соңғы кезде көркем аудармаға уақыт таба алып жүрсіз бе?
– Шынымды айтсам, ол менің алғашқы және бүгінге дейінгі жалғыз аудармам әзірге. Сондықтан мен аудармамен шұғылдандым деп айта алмаймын. Ол студенттік шақта бір қайталап оқығанымда Пушкиннің әйгілі өлеңінің ғаламат әсерінен айыға алмай жүрген кезде жасалып қалған дүние еді. Айналдырған бірер сағатта көкейде тербеліп жүріп-жүріп, туа қалды. Суыған соң қайта оралып, өлеңнің өзімен салғастырып, шұқшия тексеріп, қырнап-жондым. Әрине, аударманың аты аударма, басыбүтін сенің меншігің болмағасын тізгінді қалағаныңша босатып жібере алмайсың. Түпнұсқадан алшақтап кетпеу үшін бәрібір шеңберге сыюға тура келеді. Дегенмен, көкейдегі көркем әсерімді мүмкіндігінше қазақы етіп беруге, еркінірек аударуға тырыстым. Тым шығандап ауытқып кетпеу жағын да ескердім. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Әркімдерден бұған дейін де жылы пікірлер естігем. Әмірхан жақсы баға берген болса, шынында жаман шықпаған болар онда... 
Бір қызығы, «Я помню чудное мгновеньенің» сиқырына арбалған қазақ ақындары аз емес, оның көпшілігін кейіннен білдім. Менің білуімше, бізге дейін Ғали Орманов, Қуандық Шаңғытбаев, Жарасқан Әбдірашұлы, Байбота Серікбаев, Абзал Бөкеновтер аударыпты. Қысқасы, ең кемі 7 ақын қазақшалаппыз. Бұл тек менің білетінім ғана.
– Сіздерден кейін әдебиетке тағы бір буын келіп үлгерді.  Жас ақындарды оқисыз ба? Қазіргі қазақ поэзиясы жайлы айтыңызшы...
– Жас ақындарды жібермей қадағалап жүрем деп айта алмаймын, дегенмен оқып тұрам. Шынымды айтайын, бірден баурап алатын, жүрек қылын қозғайтын нағыз өлеңді сирек кездестірем. Сірескен жасандылық, арзан нәрсені әлдеқандай етіп алып-ұшқан балаңқылық, әдемі мұңнан гөрі езіліңкі жылаңқылық басым жастарда. Менің ешкімді оқымай тұрып ақын болғым келген төртінші сыныптағы күлкілі әрекетім сияқты көбінің деңгейі қарын аштырады. Көпшілігіне ортақол мақалаға лайық жайттарды өлеңге өзек ету, күңгірттік, әлдебір түсініксіз абстракция тән. Енді жалпылама кемшіліктер қашанда, қай буында да кездесетін болса керек. Ал бес қаруы бойында, қолтаңбасы қалыптасып қалған дарынды ақын інілер мен қарындастар қатарында Ерлан Жүніс, Құралай Омар, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Дәлейұлы сияқты біраз жастарды айта алам. Сонымен қатар, Рахат Әбдірахманов, Қалқаман Сарин, Мирас Асан, Олжас Қасым, Бауыржан Әліқожа деген жігіттердің жап-жақсы, жылы лирикасы бар, тек барды місе тұтып тоқмейілси ме, әрнәрсенің басын бір ұстай ма екен, ізденістері аз, ешкіммен шатастырмайтын өзіндік стилдері жоққа тән біразында. Оңайға үйірсек. Өлеңнің тұтас идея-сарынына жиендік жасау, бір-бірін қайталау ұшырасады. Бауыржан Берікұлы деген тәуір сыншы ініміз Алмас Темірбай мен Асылзат Арыстанбектің сондай бір-бірінен айырғысыз өлеңі туралы арнайы жазды да. Өзіне ұнағанды сол қалпы аты-жөні жоқ меншіктеп ала салу кездесіп қалатыны рас. Мысалы, менің «Аздап Абайша» деген өлеңімдегі «Кеуде тұстағы кесек ет» деген тіркес Олжастың бірнеше рет жарияланған бір өлеңінде сол қалпы жүр. Бұл енді сөз арасында айтып жатқаным.
Сосын жұрт көп мақтаған Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара деген жігіттердің шынында да мықты ақын болуы мүмкін, бірақ әйтеуір «менің ақыным емес». Бәрі дұрыс сияқты, бірақ өлең оқығандай емес, интеллектуалдық кроссворд шешкендей болам. Жасанды, жансыз, жалынсыз, жалықтырады. Оларға қарағанда, Динара Мәлікова деген қарындасымыз ақынырақ мен үшін. Тақырыбында шаруам шамалы, бірақ сезім шынайылығы мен батылдығы, баршаға таныс жайтты тосын, ерекше айта білетін қабілеті бар. Қолтаңбасы әлі толық қалыптаспаса да, шыншылдығы баурайды. Бірақ сентиментализммен ғана өнер деңгейіне жеткен өлең тудыру әрдайым мүмкін бола бермейтінін ескерсе деймін. Меніңше, жаны ақын, шынайылыққа жақын қыз-жігіттерге бәрібір Ерлан, Ақберен, Азаматтардың көп оқып-ізденетіні, табандылығы, белсенділігінен үйрену керек. 
– Кейінгі буынға көңіліңіз толыңқырамайды ғой демек?!
– Бәріне емес, бірақ көбісіне. Шынымды айтсам, Есенғали, Тыныштықбек, Гүлнәр сияқты өзіміздің алдымыздағы аты затына айналған мықты ақындарды қайталап оқығандай рухани ләззат ала алмаймын жастардан. Мен әсіресе жаныма ерекше жақын Есен-ағамның өлеңінен «кайф» алам. Өзіммен қатарлас шыққандардың ішінен бүгінде қолтығы сөгіліп, бабында жүрген Дәурен Берікқажыұлына разы болам және қызығам. Мұратхан дос Шоқанұлының адами, жып-жылы лирикасына ішім жылиды.
Әрине, бейтаныс есімге жолығып, жаңа дүниеден ләззат алғанға не жетсін, бірақ ондай айтарлықтай әсерлі дүние көп ұшыраса бермейді. Сондықтан шимай-шатпағын өзім оқып қалатын көп жазарманның аты-жөні есімде қалмайды. Озып шықты дегендерінің деңгейі Есенғалидың олпы-солпы нашарлау эпигоны, Тыныштықбектің бір сәт тыныс алған төбесінің маңы сияқты көріне береді. «Мәссағанның» бетінде бір-бірін жатып келіп мақтайтын белгілі бір топ бар. Пікірлеріне қарап отырсаң, кейде күлкің келеді. Поэзияны қайдам, әйтеуір орынды-орынсыз құр көбік мақтаудың алаңы сол ара. Әдеби сын өз миссиясын уақтылы орындап жатпаған соң бос қуыс жаңағыдай арзан мақтанға толғаны үшін жастарды кінәлауға да болмас. Дегенмен, «Байғұсты бәрекелді өлтіреді» демекші, жастарды ол өсіреді дей алмаймын, сын түзелмей мін түзелмейді ғой. Кейде өзімнің қаталдау талабым мен кінәз талғамым үшін қысылатыным бар. Сосын да пікір айта бермеймін. Өзгені жоғарыдан сынап-мінейтін керемет деңгейге жеткен классикпін дегенім емес, адам бойынан асып секіре алмайды, өзімнің де жаза алмай кеткенім талғамым тұсағаннан шығар деп ойлаймын кейде. Сауытбек ағамызға берген сұхбатында атақты ресейлік кинорежиссер Сергей Соловьев: «Талғамы мықты адам таланты жетпегендіктен жақсы дүние жасай алмауы мүмкін, бірақ ол ешуақытта жасық дүние жасамайды. Жасай қалса да, жұрт назарына ұсынбайды, ұсынуға талғамы жібермейді» депті. Мен соған қол қоям. Бәлкім кейде жақсы дүниелерді көрмей қалатын шығармын ол үшін ғафу өтінем. Бірақ, жалпы әдебиетімізде әлдебір тоқырау, талғамсыздық бар деуге болады...
– Соңғы уақытта қандай мәселеге көп бас ауыртасыз?
– Түкке тұрмайтын татымсыз, өңезе дүниелер мен шын шедеврге берілуі тиіс нақтылы бағаның абстракцияға айналып кеткені қынжылтады. Соның кесірінен қазіргі оқырманның талғамы мен танымы дүбәраланып, қисық қалыптасып жатқандай көрінеді. Қазақтың тілін меңгермей-ақ қазақ жазушысы атану қалыпты жағдай болып кетті ғой қазір. Атын атап, түсін түстегенмен пайда жоқ, ондайлар соншалық өлермен және ешкімнің сөзіне пысқырайтын деп жүрген жоқ. Сырым бабамызды «күнде жеңетін» бәдіктер әдебиетке билік айтар жағдайға жетіп қалды. Осы түңілтеді. 
Өзім жаманды-жақсылы әдебиетші болғасын осы саланы ғана айтайын. Мысалы, қазақ әдебиетінде ақырына дейін өзін «сығып алып жұмыс істеген», өмірлік мұратына басыбүтін арнаған, басқаға селт етіп алаңдамаған, саясатта, басқада таласым бар-ау деп рәсуа болмаған марқұм кешегі Қадыр Мырза Әли, көзі тірі Мұхтар Мағауин, Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты санаулы кәсіпқой адамдарды айтуға болады. Ал «таланттылар» тым көп-ақ. Анау да, мынау да, мен де, сен де – бәріміз «таланттымыз», айналып келгенде – нәтиже мардымсыз. Толстой ақсақал айтты дейтін, «Мен етікші болсам да, жаман етікші болмас едім» дегендей айқын мақсат, нақты нәтижелі іс керек-ақ әркімге. Соның ішінде, қырыққа келсем де, кейде әлі өз орнымды таппағандай сезінетін маған да сол жетіспейді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  – Шерхан ТАЛАПОВ
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371