Маңызды: Теңгеге тықыр таяна бастады
Күзге таман ұлттық валюта бағамы долларына 460 межесінен аса бастауы ықтимал. Себебі, биылдың екінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы төлем балансы 2,7 миллиард долларға минусқа кеткен. Яғни, импортқа жұмсалатын қаржы экспорттан түсетін түсімнен артып кетіп отыр. Импорт көлемі 22 пайызға артса, экспорт керісінше 7 пайызға қысқарған. Бұл туралы DALA INSIDE жазады.
Екінші тоқсанда Қазақстанның мұнайдан түсетін выручкасы 2021 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 31 пайызға азайған. Себеп - мұнай бағасы биыл төмендеп барады. Бұл Ұлттық қорға биыл түсетін қаржының біз ойлағандай керемет болып шықпайтынын байқатып отыр.
Қазір теңге биржада Ұлттық банктің бюджет трансферті бойынша конвертациялары мен квазимемлекеттік компаниялардың валюталық выручканы сату бойынша операцияларының арқасында ғана өзін ұстап тұр. Бірақ выручка азайған сайын, конвертация көлемі азаймақ. Сол кезде теңге бағамына қысым көбейе түседі.
Әрине, Ұлттық банк қандай да бір ауыр шокты болдырмайтыны анық. Егер ондай сигналдар болса, интервенция механизмі іске қосылады. Биылдан басталған мамыражай уақытта интервенция болмаған еді. Ал күзде турбулентті кезеңге аяқ басуымыз ғажап емес.
Интервенция - Ұлттық банктың теңге бағамына дем беру үшін биржада өз қорындағы долларларды сату операциясы.
Abai.kz