Түркияны не түлен түртіп жатыр?
Түркиядағы тұрақсыздықтар әлі тоқтаған жоқ. Стамбул мен Таксим алаңы құжынаған халықтан босайтын емес. Осыдан 15 күн бұрын Гези саябағын әлдебір сауда орталығының құрылысынан сақтап қалу мақсатында басталған наразылық шеру өрши келе билікті біржола тағынан тайдыруды талап ететін деңгейге жетті. Тәжірибелі, білікті саясаткер Режеп Эрдоғанның дәл осы күндегідей сасқан кезі болған жоқ шығар. Тап қазір Эрдоған жеке басының қамын ойлап отыр деп те ешкім айыптай алмайды. Себебі ол тағынын бүгін бас тартар болса, бұл шешім Түркияның жақын болашақтағы күйіне кері әсер етіп кетейін деп отыр. Заңды жолмен ауыспаған биліктің мемлекетке келер қатер көп екені белгілі. Сондықтан Түркия саясаткерлері бүгінгі жағдайда қалайда бейбіт реттеуге зәру. Дегенмен шерушілер мүмкіндік берер емес. Осылайша, соңғы бес-он жылда даму қарқынымен әлемдік қауымдастықты мойындата бастаған түркі бауырларымызға, қазақша айтар болсақ, көз тиді...

Наразылық танытушылар Таксим алаңынан бөлек, мемлекеттік мекемелер мен шетел елшіліктері орналасқан аудандардың да маңында топтасуда. Тәртіп сақшылары көз жасаурататын газ бен су атқыш қолданып жатыр. Таксим алаңына жиналатын халықтың орташа есебі 20 мыңнан асады. Тек Стамбулда ғана емес, елдің басқа да ірі қалаларында шерулер өршіп жатыр. Түркия премьер-министрі Режеп Таийп Эрдоғанның «биліктің де шыдамының шегі бар» деген мәлімдемесінен кейін алаңға қарапайым тәртіп сақшылары емес, арнайы жасақ өкілдері шыққан болатын. Соңғы деректерге сәйкес, 5000-ға жуық адам түрлі жарақат алды, қаза тапқандардың саны – төрт адам.
Премьер-министр Режеп Тайып Ердоған наразылық шерулерді бүлікшіл адамдар пайдаланып жатыр деп мәлімдеген еді. Анкарада депутаттар алдында сөйлеген Ердоған шерулерді «Түркияның беделіне нұқсан келтіру мақсатында іске асырыла бастаған жоспар» деп, үкімет қарсылық шерулеріне бұдан ары төзе алмайтынын айтқан.
Өткен аптада Түркия премьер-министрі шеруге шыққандардың үш талабының ешбірі орындалмайды деп кесіп айтқан еді. Яғни Гези саябағындағы сауда орталығының құрылысы жалғасады, Үкіметтен ешкім отставкаға кетпейді, ешқандай мерзімінен тыс сайлаулар өткізілмейді. Дегенмен шерушілер де алған бетінен қайтпаған соң, ол бір сөзін қайтып алып, дүйсенбі күні Гези саябағына қатысты талаптың орындалатынын мәлімдеді. Саябақ аумағында ешқандай сауда орталығының құрылысы басталмайтынын, ағаштардың оталмайтынын ескертті. Дегенмен наразы топ Гези саябағын ұмытқалы қашан. Олардың негізгі талабы Режеп Эрдоғанның отставкасы болып отыр. Қысқасы, қазіргі саяси жағдай әлдебір бейбіт келісім жүргізетін кезеңнен өтіп кеткен сияқты.
Соңғы жылдары Еуропа елдерінің Түркиямен алыс-берісі күшейе бастаған еді. Әсіресе Түркияның сапалы жұмыс күшіне тәуелді бола бастағаны бар. Сарапшылар қауымы Еуропалық одақтың Түркияға қаншалықты тәуелді екенін жарыса жазып жүрді. Дегенмен бүгінде батыс әлемінің Түркияға жанашырлық танытып жатқандары шамалы, ал шоқ-шоқтап жатқандары жоқ емес. Күні кеше АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри «Түркияның демократиясы әлсіз, мәселенің бәрі осыдан туындап жатыр» деп жар салды. Басқа да бірқатар Еуропа елдері, тіпті Ресейдің өзі Түркияның қазіргі билігі ауысуына мүдделі екенін байқатып қоюда.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Түркиядағы саяси жағдайларды «Араб көктемінің» жалғасы деп атау қиындау. Түркия – партиялық-парламенттік дәстүр сабақтастығы сақталған демократиялық мемлекет. Қазір Түркиядағы азаматтық қоғам қалыптасып келеді. Осы уақытқа дейін конституциялық құрылымның кепілдік беретін негізгі құрылым әскер болып келсе, бүгінде бұл тетік азаматтық қоғам институттарының қолына өтіп жатыр. Екіншіден, Эрдоған өте мықты саясаткер, қолдаушылары көп. Ол Түркияның экономикалық қуатын әлемдік қауымдастықтың көз алдында арттырды. Үшіншіден, кез келген оқиғаға жеке адамның психологиясы әсер етеді. Эрдоған қырағылық танытса, айналасына назар сала білсе, экологиялық тақырыптағы шағын ғана наразылық шара осындай деңгейге өсіп кетпес пе еді... Өзіне деген тым сенімділігінің салдарынан қатарында жүрген саясаткерлердің біразы теріс бұрылып кеткені мәлім.
Бұл саяси оқиғаның немен аяқталарын айту оңай емес. Дегенмен бұл басы ғана екені көрініп тұр. «Эрдоған ары қарай да күшке сала беретін болса жағдай әскери төңкеріспен аяқталуы мүмкін» деген болжам айтқандар да бой көрсете бастады.
Abai.kz