Нұралы ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ: «Абайтану дегеніміз – даналық тану»
Жаңа мультимедиялық жүйе бойынша, қазірдің өзінде Абайдың таңдамалы шығармалары мен 13 кітаптан құралған «Даналық әліппесін» арнайы қаламмен «сөйлетуге» болады. Енді жоба жетекшілері қаражат табылса, тіпті кітапты сөйлетуден де ары кетіп, оларды бейнекөріністермен толықтыруға мүмкіндік барын алға тартады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алған нағыз ұлттық жоба Білім министрлігінің арнайы бұйрығымен мектеп кітапханаларына енгізіледі деп күтілсе де, жергілікті жерлерде қиындыққа тап болып отыр екен. Жапон технологиясын жатсынып, инновациядан үрке қашқан жергілікті атқамінерлер мен жалпы баласына уақыт таппайтын әке-шеше мен ата-әженің орнын басатын «электронды ата-аналар» жайлы «Interаctiv Kazakhstan» ЖШС-ның төрағасы Нұралы Құдайбергенұлы әңгімелейді.
Жаңа мультимедиялық жүйе бойынша, қазірдің өзінде Абайдың таңдамалы шығармалары мен 13 кітаптан құралған «Даналық әліппесін» арнайы қаламмен «сөйлетуге» болады. Енді жоба жетекшілері қаражат табылса, тіпті кітапты сөйлетуден де ары кетіп, оларды бейнекөріністермен толықтыруға мүмкіндік барын алға тартады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алған нағыз ұлттық жоба Білім министрлігінің арнайы бұйрығымен мектеп кітапханаларына енгізіледі деп күтілсе де, жергілікті жерлерде қиындыққа тап болып отыр екен. Жапон технологиясын жатсынып, инновациядан үрке қашқан жергілікті атқамінерлер мен жалпы баласына уақыт таппайтын әке-шеше мен ата-әженің орнын басатын «электронды ата-аналар» жайлы «Interаctiv Kazakhstan» ЖШС-ның төрағасы Нұралы Құдайбергенұлы әңгімелейді.
Бұл идея халқымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі, ұлттық үрдісін насихаттау әрі халықты өзінің ұлттық тамырымен қайта қауыштыру үшін туындады. Ұлттың рухани құндылығын бойына сіңіру өз ұлтын ойлайтын әрбір азаматтың көкейінде жатқан арманы деп білемін.
Кезінде мен бұл саладағы ең мықты азаматтармен араластым. Атап айтсам, академик Әбдуәлі Қайдаров қазақ тілінің этнолингвистикалық сөздігін жасауға бүкіл ғұмырын арнады. Профессор Мекемтас Мырзахметұлы – ұлт руханиятына теңдессіз еңбек етіп келе жатқан бірегей ғалым.Жағда Бабалықұлының этнолингвистика мен жалпы этнография саласындағы еңбектері ұшан-теңіз. Осы салада еңбегі орасан азамат – этнограф Тоқтасын Өмірзақ. Бұл ғалымдардан көп нәрсені үйрендім. Соның арқасында «Біз кімбіз?», «Мен кіммін?» және «Қазақтың болашағы бар ма?» дегендей сұрақтар пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің 2050 жылға бағытталған Жолдауында осы түйткілдерге баса назар аударған.
Өзім инженер болғандықтан, техника жағын меңгеруге тырысамын. Сондағы мақсат – инновациялық технологияларды білім саласына енгізу. Мәселен, интерактивті тақта, соңғы үлгідегі ғылыми кабинеттер жасау, т.б. жұмыстарды жасадық. Соның ішінде «сөйлейтін қаламды» жапондармен қарым-қатынас орнатудың арқасында дүниеге әкелдік. Мәселен, арнайы кітапқа қаламды жүргізсеңіз, ол бірден сөйлеп кетеді. Біз басында бұл технологияны білмегендіктен, оны жапондардың өздеріне жасаттық. Жобаның жасалуы мен жергілікті мамандардың оны үйреніп шығуына көптеген қаражат кетті. Өз басым инженер ретінде оның жасалу тетіктерін көре отырып, өз азаматтарымызға үйрете бастадым. Қазір біз бұл қаламды жапондарсыз өзіміз-ақ жасай аламыз. Өйткені біз жапондардан бұл технология бағдарламаларының лицензиясын да алдық. Бұл технологияны меңгеріп алған азаматтар: Канитаева Айжан, Мейрамбек Мелдеш, Шуриева Ағила.
– Бұл инновациялық жүйе бойынша қандай шығармалар «сөйлей» бастады?
– «Абайтану әліппесінің» төрт кітабын 5300 данамен шығардық. «Жақсы бала», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» және «Жақсы ұстаз» деген бағыттар бойынша жұмыс істедік. Таяуда бұл еңбекті комментарийлермен толықтырдық. Яғни әрбір қара сөзге, өлеңге абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының комментарийі беріледі. Сондай-ақ тест сұрақтарын қосып, оларды да сөйлеттік.
Кейін «Даналық әліппесі» деген үлкен жобаға кірістік. Оған төрт жылдан астам уақыт пен еңбек кетті. Әрине, басында «Даналық әліппесіне» қандай бағыттарды енгізуіміз керек деп толғанғанымыз бар. Ақыр соңында халық даналығының қайнар көзі ретінде жобамызды қобыз, сыбызғы, домбыра үнімен әрлеп, үлкен жұмысты бастап кеттік. Кейін халық әндері мен жырлар, ертегілер, билер сөзі, бабалар батасы, т.б. енгізілді. Біз бұл саладағы мықты ғалымдарды іздеп, оларды сол еңбектерге белгіледік. Әбдуәлі Қайдаров, Серік Негимов, Мекемтас Мырзахметұлы, Әбдулхамит Райымбергенов, Ұлжан Байбосынова, Қайрат Байбосынов, т.б. мықты азаматтарды бұл игі бастамаға тарттық. Сол сияқты мәтіндерді дұрыс оқитын әртістерді таңдадық. Олардың оқуын, күй орындауын, ән айтуын өз студиямызда жаздық. Қазақстанда алғаш рет біздің компания «Дот-код» технологиясын толық меңгерді. Осы жаңалықтардың жарыққа шығуына орасан зор еңбек еткен қазақ руханиятының жанашыры, ғалым Бижан Құрманғалиқызы. Біз кез келген сала бойынша сөйлейтін қалам мен кітаптарды шығара аламыз. Бұл саланы дамыта берсек, ертектерді бейнесімен, суреттермен сөйлетуге, оның ішінде кейіпкерлермен сөйлетуге дейін болады. Мұның бәрі балаларға қызықты болу үшін жасалып жатыр. Тіпті кітаптағы мәтінді кино етіп көрсететіндей дәрежеге жеткізуге мүмкіндік бар. Яғни бұл технология ары қарай дами береді.
– Біздің жалпы орта білім беру жүйесінде әлі де кеңестік замандағыдай қатып қалған партада қатып қалған кітаппен баланы оқыту үрдісі басымырақ емес пе?
– Біріншіден, кітаппен оқыту – классикалық оқыту жүйесі. Екіншіден, мультимедиялық оқу жүйесі бар. Мультимедиа деген сөз – оған аудио мен видеоны қосу. Біздің жасап отырғанымыз – екінші дәрежедегі білім беру жүйесін дамытатын бірден-бір құрал. Мектептегі кітаптар осы технологияға көшетін болса, онда мультимедиялық білім беру жүйесі мықты дамитын еді. Үшінші дәреже – интерактивті технология. Бұл жүйені мүмкіндігінше көбірек енгізуге тырысып жатыр. Атап айтсақ, интерактивті тақта, интерактивті құралдар, планшеттер, т.б. пайдаланып жүр. Төртінші дәреже – интеллектуалды технология. Осындай технологиялардың ішінде мультимедиялық нұсқасы ең мықты құралдардың бірі деуге болады. Қазір мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға осы технологияны ұсынсақ, онда олардың даму, жетілу дәрежесі артар еді. Оның үстіне бала оқытудың тиімділігі де бірнеше есе артады. Балалар сөйлеу мәнерін үйренеді. Тез жаттап, дұрыс сөйлейді. Дұрыс айту мен жазу дамиды. Бұл жағынан келгенде, бұл теңдесі жоқ технология. Құзырлы министрлікпен бірігіп жұмыс істеу бағыты әлі де ерекше назарды талап етеді.
– Бұл жобаға бөлінген қаржы қаншалықты ақталды?
– Кітаптарды шығарудың өзіне көп қаржы кетті. «Даналық әліппесі» 10 мың данамен шықты. Қазірше жұмсалған қаржының басы да қайтқан жоқ. Егерде қаржы қайтарылса, алда тұрған келесі мақсатты жұмыстарға кірісуге болар еді.
– Өз басым журналист ретінде «сөйлейтін» кітаптарды көріп, таңғалдым.Мәселен, елімізде 8000-нан астам мектеп болса, солардың әрқайсысына бір-бір данадан өткізуге болмас па еді? Себебі бұл әр мектепке қажет жаңалық қой...
– Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына бұл еңбектер енгізілді. Бір айта кетерлігі, мұнда әр аудан мен мектептің таңдауы бар екен. Таңдау мәселесіне келсек, олар бізге: «Үлгермедіңіз, кешіктіңіз, бюджет қаржысы бітіп қалды» дегендей мәселені айтады. Бұдан бөлек баспалардың таласы тағы бар. Баспалардың таласында мұндай мультимедиялық оқулықтарды енгізу оңай емес.
– «Даналық әліппесі» кітабының құны 45 мың теңге. Жалпы, бұл қарапайым халықтың қалтасы үшін тым қымбат емес пе?
– Біз рухани құндылықтың еш уақытта арзан болмағандығын айтамыз. Егерде адам шын мәнінде, рухани құндылыққа кенелгісі келсе, онда ол бағасына қарамайды. Бұл адамның таңдауына байланысты.
– ТМД аумағында осы тектес технология бар ма?
– Жоқ, тек Қазақстанда бірінші рет жасалып отырған жоба. Біз мұның бірінші үлгісін жасап болған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсындық. Ол кісіге бұл технология қатты ұнап, кітаптарға алғысөз жазып берді.
– Бүгінге дейін сөйлейтін қаламы бар қанша кітап сатылды?
– Бұл кітаптардың 1000-ға жуық данасы сатылды. Бірақ бұл – өте аз көрсеткіш. Өткенде депутаттар бұл кітаптарды көріп, мұны он мыңдап, жүз мыңдап шығару керек деп отыр. Әрине, түсінген адамға, әрбір отбасы мен баланы тәрбиелеймін деген ата-анаға өте қажет дүниелер. «Даналық әліппесі» тек мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға ғана арналмаған, ол адамның туғанынан өмірінің соңына дейін алып жүретін құндылығы деп ойлаймын.
– Бұдан кейін қандай жобаларға кірісу ойда бар?
– Келесі жобамыз – екі томнан тұратын Абайдың толық шығармаларын шығару. Одан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын«сөйлейтін кітаптар» қатарына қоссақ деп отырмыз.
– «Меломан» сөрелерінде сатылып жатқан кітаптарыңызға сұраныс қандай деңгейде?
– Қазірше өте төмен. Себебі біріншіден, сөйлейтін кітаптардың әлі де жарнамасы дұрыс болмай жатыр. Екіншіден, мәселе – елдің материалдық дәрежесіне байланысты, яғни оны сатып алуға қаншалықты мүмкіндігі бар деген түйткіл туындайды. Соған қарасаң, адамның кітап пен жалпы жаңа технологиялармен байланысты дүниелерді сатып алу деңгейі өте төмен.
– Ал бүгінгі қоғамда дұрыс бата беріп, көне шежіре-дастандардан мысал келтіре алатын қариялар қалды ма?
– Шыны керек, қазір қариялар өте аз. Өйткені өмірдің ағымы сондай, олар күнделікті өмірде бір саланың маманы болуы үшін көп уақыт пен күш-жігерін жұмсайды. Белгілі бір мамандықты алып жүремін деген соң, ұлттық тәлім-тәрбие, даналық сөздер артта қалады. Сондықтан қазір ата, әже болам дегендерде ұлттық құндылықтардың жиыны аз. Сондықтан екінші мақсат – электронды ата-әже мен электронды әке-шеше жасау. Былайша айтсақ, біз ата-әженің ертегі мен нақыл сөз айтатын жұмысын электронды нұсқамен ауыстырып жатырмыз. Әрине, ата-әже мен әке-шешенің орнын ешкім де ауыстыра алмайды. Ата-әженің айтқан нақылы, бойына жиған-терген үлгі-өнегесіне еш нәрсе жетпейді. Бірақ соған көмекші құрал ретінде бұл жобалар да үлкен қызмет атқарады деп сенеміз.
Жалпы, мен «Даналық әліппесін» қазақ үшін құнды дүние дер едім. Мәселен, «Бесік жыры» – кез келген ананың бесіктi тербете отырып айтатын әндері. Бала өскен соң, ертегілер айтудың қажеттілігі туады. «Ертегілер» мен «Батырлар жыры» да жинаққа енгізілген. Ал «Қобыз үні» деген кітап арқылы бала қобыз, сыбызғы, т.б. аспаптардың үндерін естиді. Бала ержеткен соң, даналық кітаптарын сұрай бастайды. Сол кезде Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» еңбегімен танысады. Осылайша даналықтың керемет деңгейіне жеткен бабамыздың мұрасымен етене жақындасады. Жасы келе, сөздің майын тамызып сөйлегісі келгенде, «Билер сөзі» кітабы алдынан шығады. Сөйтіп, дұрыс сөйлеп, салмақты ой айтуды үйренеді. Ел ағасы болған кезінде бата беруді үйрену үшін «Бабалар батасын» қолына алады. Меніңше, мұндай кітаптар жинағын сыйлық ретінде де беруге болады. Тіпті қыздың жасауы ретінде немесе тұсаукесер, тілашар тойларына да сыйлау дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет
Abai.kz