Жанұзақ Әкім: «Қара сөзді Абайдың өзі жазды ма?!»
Басы: Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді...
Жалғасы: Жанұзақ Әкімге жауап: Абай неге қазақты аямады?
Жалғасы: Өмірзақ Ақжігітке жауап: Мәселе Абайда емес...
Жалғасы: «Абай, қалай ақын, ойшыл болды екен?!» деген не сөз?
Өмірзақтың менің асығыс берген мақалама қоймастан сілмеме жасауына қарағанда ол оған ұнаған болу керек?! Әрине, онысына рахмет!
- Бірақ, ол мақалада «Мәселе Абайда емес...» дегеннің себебі, алдымен сол Қара сөздердің болғанын Абайдың өзі білмеуі мүмкін. Ол Абайдың атын пайдаланып жазылуы мүмкін деген ойдан туған еді. Себебі, осы кезге дейін он жылдан бері «Абай деген ұлы ақын, әрі ағартушы болды ма?!» және «Қара сөзді Абайдың өзі жазды ма?!» деген сұрақтарға жауап берілген жоқ. Біздің университтер, ҒЗИ мен ғалымдардың бұл мәселеге немқұрайлы қарауы, оның қажетсіздігінен туындаған мәселе емес пе?!
Цезарьдің, «Қандай ашшы болса да, ыдысты аяғына дейін ішу керек» (Какая бы горькая не была чаша, надо его испить до дна) дегеніндей әр істі аяғына дейін жеткізу керек;
- Ақындық, ол негізінен жастық шақ, қала берсе орта жастың тірлігі ғой. Жарты өмірін болыс-би болып барымта, дау, параның ортасында жүрген және төрт қатыны (ханым), мыңдаған жылқысы бар адамның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...» деген, 50 жастан кейін өлең жаза бастап (оған дейін өлең жазуға әкесі тиым салған?!) ұлы ақын, ойшыл болып кетуі мүмкін бе? Болса, әлем әдебиетінде ондай тағы кім бар?
- Бізде, бас ақын болса, ол «адамзаттың Абайы», көсем болса ол барлық пайғамбарларға тең Ай мен Күн...т.б. билікке, орысқа, не режимге жақындығымен өлшенетін тобырлық идеологияның тұтқыны болуда. 1995ж Абайдың 150 жылдығында бүкіл елден жинап 1500 киіз үй тігіліп, бір күнде алты мыңдай бас мал сойылды. Сол кезде семейліктер нан алуға ақша таба алмай жүрді. Сол тойдағы бәйгеде 1-ші келгенге Мерседес, 2-шіге КамАЗ... Оны көрген бір жазушы, «ат болып тумағаныма өкінемін» деген.
Шпенглер, Ивановтар сияқты философтардың пайымдауынша Батыс пен Шығыстың дүниетанымы мен өркениеттерінің бір-біріне ұқсамайтыны, ол өнер, әдебиет, ғылым... философияның қайнар көзі сол ұлы тұлғалардың шыққан ұлтының ерекшелігінде. Адамзат деген жалған ұғым яғни жеке тұлғаны «адамзаттың бәленшесі» деген де қисынсыз;
Б.д,д, VIII-IIғғ «уақыт белдеуі» (Ось времени) кезінде (К.Ясперс...) Ертедегі Грекияда миф-аңыздардан шығып ғылым, философия..., Қытайда Даосизм, Үндістанда Буддизм діндері яғни өркениеттер пайда болып жатқанда көне түркілер сол өзгерістерді «ұйықтап», санасы миф-аңыздар деңгейінде қалды. Сондықтан:
а). Біз әлі күнге өмірде болмаған Сегіз Сері (оның болмағанын 32 профессор растаған), Қазбек бек Тауасарұлы (Ұзынағаш темір жол стансасын соның атында), сатқын Сыпатайды батыр деп Меркеде ескерткіш қойып, «Елім-ай» дастанын батыр, бірақ ақын емес Қожаберген жазды дегенге т.б. күні кешегі тарихты мазаққа айналдырып алғашқы қауымдық кездегі ру-тайпалық санадан арыла алмай малданудамыз. Енді осындай сұрақ Абайға қатысты туындағасын, оны жан-жақты зерттеп, оған тиісті жауабы берілуі керек;
ә). Абай аударуға келмейтін, өлеңдері күрделі жалғыз ақын, оның 50-дей өлеңі мен соншама Қара сөздерін түсіну үшін жарты ғасыр оқу керек, «қазақ оны ұқпайтын кілең қыртым», Қара сөздегі қазақты жер қылғаны, ол жаны ашығасын жазғаны... деген сияқты оның тірлігін адам сенбейтін мифологиялық образға айналдыру тобырға айналып адасқан, зиялымыз деп жүрген зияндылардың тұжырымдары. Олар елді адастыруда. Ал, зерделі адам өмір бойы 50 өлеңді ғана емес, «Фаустан» бастап Гетенің 146 томын, заманауи интеллектуальдық туындыларды оқиды деп ойлаймын. Кімді оқыса да ол оқырманның таңдауы және әркімнің белгілі авторды білуі әрқалай яғни салыстырмалы. Әркімнің таңдауы да әрқалай. Тіпті әдебиетті оқымайтын үлкен ғалымдар да бар. Өзім студент кезде негізінен Гетенің «Шығыс диванына» еліктеп, оны біраз оқыдым. Соңынан Герағаңа Фаустың бірнеше бөлімін жатқа айқанда, ол оған тосын сый болып көрінді. Бірақ, ол Гетенің шығармаларын жетік біледі деген емес. Достоевский, Кафкаларды түсіну үшін біраз уақыт жындыханада жату керек болар?! Сол сияқты Абай тақырыбын М.Әуезовтей ешкім білмейді және оқырмандар білуге міндетті емес. Оны да әркім өзінше түсінетінін түсінбейтіндер нағыз бейшаралар болар?!;
б). Абайдың «Толық адам туралы ілімі» деп жүргені, ол Ертедегі Грек философтарының кезінен келе жатқан, тозығы жеткен дүниелер. Абайды Гетемен салыстырғанда екеуі де осы ілімді айтқан дегенді алға тартады. Бұл жерде «Гетеден 150 жыл кейін өмір сүрген Абай плагиат емес пе?» деген де сұрақ туындайды. Мүмкін, оны Абай да өзінше айтқан болар. Бірақ, ол Абай ашқан жаңалық емес, 2,5 мың жылдан кейін қайталанған ақиқат болып қалады. Кезінде орыстар да Ломоносовты көшбасшы қыламыз дегенде, ол риторикадан жаңалық ашқан деген уәждері, Ертедегі Грекияда дамыған, әр оқушы білетін риторика дегені плагиаттық болып шықты. Сүйтіп, басқалай «жаңалық ашпаған» Ломоносовтың көшбасшылық жолы аяқталды.
Мәдениетті диалог жүргізу де сол гректердің кезінде қалыптасқан. Аристотельдің, «Диалог жүргізіп отырғанда басқаларға сілтеме жасап, біреулердің өлең т.б. оқу, өз ойын жеткізе алмайтын адамның амалы» дейді.
«Жаңа Қазақстанға», жаңа сүрлеу, біреудің жүргенін қайталамай заманауи жолмен жаңа мақсаттарға жететін жол керек. Ол, адам капиталын комплексті дамыту, инновациялық экономикаға көшу механизмдерін іске асыру арқылы демократиялық қоғамдағы интеллектуальдық ұлт қалыптастыру болып табылады. Өткен 30 жылда ес жиналмады. Креативті қоғам өзіне қажет, ал адасатын қоғам өзіне сай іспен айналысады;
в). Кез-келген тұлға танымалдығымен анықталады. Тарихта болған 760 данышпанның ішінде қазақтан ешкім жоқ. Фараби басқа тізімде 100 ұлы ғалымның тізіміне кірген. Абай Шекспир, Хайямдардан мың есе, Навои, Пушкиндерден жүз есе... аз оқылады. Ол да Тоқай, Чаренс, Мықтымқұлы сияқты ұлттық ақын, ал әр жерде оған қойылған ескерткіштер «сөйлемейтін Абай» болып қалуда. Оны аударудағы жағдайға қарасақ алдағы ғасырға дейін ештеңе өзгермес. Сондықтан, Абайды халықаралық деңгейге көтереміз деген, бос уақыт оздыру болып жүрмесін?! Өкінішке орай, қазақты жүйелі түрде кемсітіп, «тұтас ұлтты тобықтының жалшысындай көрген Абай образының (шонжардың) менменшілдігі» қазақты біріктіретін емес, ыдырататын, оның рухын көтеретін емес, кері кетіретін идея болып қалуда. Оны түсінбей, ақынды пайғамбарлармен теңестіріп тастағандар рухсыз қоғам тәрбиелеуге қызмет етуде;
г). Сөзге келгенде «Адамзаттың Абайы...» деп басталып, іске келгенде сиырқұйымшаққа айналатын біздегі істердің сиқы 30 жылда ана тілді үйренетін тілашар және әмбибап методикалар шығара алмай отырмыз. Бұл абайтанушы болып жүрген мамандардың мемлекеттік тілді дамытудағы «ерен еңбектері»?!;
д). Халықаралық Адам институты әр тілдегі әлемнің он университетінде қазақ тілі мен әдебиетінің кафедраларын ашу арқылы басқа тілдермен бәсекелес жағдайда тілді дамытып әдебиетті аударуды, 100 томдық «Әлем тарихындағы түркі өркениеті» жинағын шығаруға жұмыстануда. Бұл, «өмір бойы ...танушы» емес, қазақ тілі, әдебиет, тарихы мен өркениетімен басқа елдерді таныстыратын жұмыстар;
ж). Жалпы есі дұрыс адамға ақындарды пір тұту қауіпті құбылыс. Алысқа бармай ондаған отбасын бұзып, адамдарды 126 рет дуэльге шақырған Пушкин, сондай дуэльде өлген Лермонтов, Ертедегі гректердің ұрпағын қорғаймын деп түріктермен соғыста өлген Байрон, атқан, не атылған Есенин мен Маяковскийлер, қаншасы арақтан кетті... Бұрыннан да Абайды пір тұтатындарды, «осылар бастан кеткендер емес пе?» деп ойлаушы едім. Мұқағали?? Осындайлар біздің қоғамда тым көп емес пе?! Көп болса қоғамды қандай елес кезіп жүр?;
з). Бір тұлғаға табынып, пір тұтқан, бір эпосты ту қылып, бір мәдениетті (мысалы, көшпенділік) ұстанған қоғам ұлт болып қалыптаспайды! Қазіргі заманның ұлтқа талабы, ол әрқилы заманда сақталып даму үшін энциклопедиялық ойлы, экономикасы мен шаруашылығы әмбибап, тәрбие мен білім заман талабына сай өзгеріп, дами алатын болуы керек.
Жоғарыда көрсетілгендер, ол ХІХ ғасырда күшіне енген отарлау, одан кейінгі Кеңестік жүйе, тәуелсіздік кезіндегі қазақтың ұлттық тәрбиесі, ана тілі, дәстүрі мен мәдениетін дамытуда келелі өзгеріс болмағанын көрсетеді. Біздегі ұлттық идеологияның жағдайы орындалмайтын заңы бар мемлекеттік тіл сияқты. Оның шешілмеген мәселелері:
- Соңғы бір ғасыр бойы осы идеологияның басында Сталиннің «пантюркизм», «панисламизммен» күресі, «қазақты жасанды аштықпен қырып», оның зиялыларын репрессиялап, «түркінің тарихына тиым салған»... кезінде пайда болған тұлға Абай (Ибраһим) Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтар, сол кезде тарих аренасына не мақсатпен шығарылды?
Жалпы, Абайдың жеке тұлғасына бармай ақ, жәй логикамен қарағанда Сталиндік репрессияның кезінде 1930 жылдардан бастап идеологияның туына айналған осы адам тәуелсіздіктің кезінде ұлттық идеологияның көшбасшысы бола алады ма? Себебі, Мәскеудегілер кезінде православие шіркеуінің жанынан поптар дайындайтын үш жылдық сауат ашу курсын бітірген (осы уақытқа дейін 3 жылдық медреседе сауат ашты деп қазақты алдап келді) Абайға «өз баламыз» деп сенген болу керек. Себебі, Сталиннің де бар білімі 2-3 жылдық православиенің семинариясы ғой (мүмкін бұл кездейсоқ параллеель болар?!).
Абайдың ақындығы, ағартушылығында ешкімнің дауы болмас?! Егер Абайдың осы идеологияға қатысы болмаса, онда оның өлеңдері т.б. шығармалары ағартушы-ақын ретінде, қара сөздің қара жерлерін оқулықтардан алып тастағаннан кейін өз міндетін атқара бергені дұрыс болар?!;
-1937-1938жж репрессия басталарда биліктің тапсырысымен Жамбылдың халық жаулары образындағы «Сұр жыланы» шықты. Ол «ұлы туынды» халық жауларын, жапон шпиондарын іздегендерге негіз болып, олар 60 мың қазақ зиялысын халық жауы деп репрессиялап, оның 25 мыңын атуға себеп болды?!
- Осы уақытқа дейін қоғам оны және оның өмірін «Абай жолындағы» әдеби образбен шатастырып жүр. Оның шынайы өмірі мүлдем басқа. Архив деректерінше (Насеновтың 30 томнан астам Омбы, Петербор, Орынбор т.б. архивтерден жинаған материалдары т.б.) ол 12 жыл екі рет болыс, 6 жыл би болған... төрт әйелінен он ұл-қыз көрген. Болыс кезінде туысқаны Оразбайға және біраз ағайынына тізесі қатты батса керек, олар өз руын (Тобықтының тармағы болар) малымен, жерімен Абайдың болысынан бөліп, басқа болысқа барып қосылады. Туған ағасы Тәңірбергеннің де Абайды соққыға жығатыны түсініксіз жағдай?! Ат төбеліндей тобықтыға ие бола алмаған адамның қазақ халқының тағдырына қайғыруы да миға симайды?! Еңлік пен Кебек, Қодар мен оның келінін таспен ұрып өлтіретін Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбайлардың ұрпағы Абай, Құрманғазы т.б. пана болған Мақаш правительдей еліне қамқоршы бола алды ма? Белгісіз. «Төрт қатыны мен мыңдаған жылқысы бар, тек ғана шіркеуде сауат ашарлық білім алған Абай, елуге таянғаннан бастап елдің қамын ойлауға кірісті және сол кезден бастап өлең жаза бастады» дегенге біздің әпенде фантазерлерден басқаларды сендіру қиын. Тілде сүйек жоқ. Ал, адам сөзімен емес, Сократ, Махамбеттер сияқты атқарған істерімен бағаланады;
- Қара сөздерге байланысты көтеріліп жатқан мәселе негізінен тәрбиеге, оның ішінде педагогика мен моральға байланысты болғанымен, осы сала мамандарының ауыздарын буып үнсіз отыруы, сайлауларда дауыс ұрлауға және мектептерде бітпейтін ақша жинауға машықтанған мұғалімдерден және абайтанушы болып жүргендерден ештеңе күтуге болмайтынын көрсетеді. Біздегі белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов ақсақал «қара сөздердің түпнұсқасы жоқ, қожа-молда көшірген» дегенді мойындаса, басқаларының қазақты қаралаудағы аламанның алдында келе жатқан қара сөзді қорғап, неге шабынатындары түсініксіз?! Әлде олар да, соғысты қолдаған зікірші бола алмай жүргендер ме?
- Қара сөздің мектеп бағдарламасына кіруі, ол психологияның, педагогиканың және моральдың мәселесі. Біреулер Абай қазақты ойлап қиналды, қайғырды, өкінді...дейді. Мың қайғы бір борышты өтемейді. Ол сонда 20 жыл болыс-би болғанда қара халыққа нақты қандай іс істеген? Жәңгір хан Бөкейордасында Абайдан 60 жыл бұрын аурухана, казначейство, Орман шаруашылығы училищесін ашып жүздеген гектарға орман отырғызды, құмға тары егіп, вакцинация жүргізді, қазақ балаларын Ресей, Еуропа университеттерінде оқытып, 300 молда ұстап ондаған мешіт салса, Ыбырай Торғайда 48 жаңаша мектеп ашты... Егер қайраткер ретінде айтатын болсақ Құнанбай мен Абайдың мүмкіндіктері олардан әлдеқайда артық болды және олардың алдында үлгі болатын істер қазақ даласында сайрап жатты. Бірақ, арттарында Құнанбай салдырған Меккедегі қонақ үй мен Қарқаралы мешітінен басқа іліп аларлық нақты ештеңе қалмады. Біздің оппоненттердің келтірген аргументтері «қазақ отбасында отырып 30 жыл бойы билікті сынады, бірақ өздері қазақша сөйлеп, қатын-баласын тәрбиелемеді, сайлауға бармай, қоғам мен мемлекеттің ісіне араласпады» деген сылтауындай;
- Абайдың бір өлеңінде қазаққа ноғайды үлгі қылады. Бір кезде мыңғыраған малы Литвадан Сырдарияға, Сібірден Қырымға дейін қаптаған ноғайлар мемлекет құру, әскер дайындаумен... айналыспай, «мынадай қаптаған мал барда бізді қандай жау алады?» деп жатқанда Суворовтың (түбі түркі) әскері үш жылда Ноғай хандығын жоқ қылды. Нәтижесінде, жері мен елінен түгелдей айырылған ноғайлар құрудың алдында тұр. Біреулер, оған Абайдың қандай қатысы бар деулері мүмкін. Алдымен, Абайдың өзінен бір ғасыр бұрын мемлекетін қорғай алмай, ұлт ретінде құрыған ноғайды қазаққа үлгі етуі түсініксіз?! Ол, тек қазақты кемсіту мақсатында жазылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Абай қазақ пен түркі халықтарының бірлігін ойлаған тұлға болса тарыдай шашыраған ағайындардың басын біріктіруге жұмыстанбағанның өзінде, бір ауыз сөз айтуға жарамады емес пе?!
Бүгінгі мәселе абайтанушылардың қоғамды қай жолмен алға, не артқа апаратынында?! Себебі, қазақ Абайды пір тұтқан, екіжүзді, ұлттық ұстанымы жоқ (принципсіз), жартылай мәңгүрттенген зиялы деп жүргендерге мүлдем сенуден қалды. 30 жылда әдебиет, өнер т.б. салаларда ұлттың рухын көтеретін бір тұшымды туынды шығармаған шығармашылық (творчестволық) қауым қоғамға, екіжүзді билік мемлекетке көшбасшы бола алмайды.
Қоғам, өзіне осы уақытта қажет рухты көтеретін дүниені Абайдан да таба алмай дал болуда?! Себебі, Абайда тәуелсіздікті баянды етуде еліне жол көрсетіп, оның ұлттық рухын көтеретін бір ауыз сөз таба алмайсың. Осындайлардың салдарынан болған рухани шарасыздық, инфантилдік идеология, жер мен жерасты байлығынан яғни экономикадан, одан кейін тәуелсіздіктен айырылудың жолы екенін қоғам түсінеді.
Бұл тығырықтан шығудың жолы соңғы бес мың жылда (М.Вебер т.б.) Еуропа мен Азия құрлықтарындағы халықтардың эпикалық жырларының негізін салып, олардың мемлекет болып қалыптасуында маңызды рөл атқарған «Гесер хан» (760 мың жолдан тұратын әлемдегі ең көлемді эпос), Қырымның қырық батыры, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Қосай, Манас (240 мың жолдан тұрады)... түркінің 300 жуық батырлық жырлары мен кешегі Қазтуған, Досмамбет, Шалкиіз, Бұхар жырау, Шортанбай, Махамбет, Дулат, Сүйінбай, Әбубәкір т.б. Зар заман ақындарының жырларын мектеп бағдарламасына кеңінен ендіру қажет.
Махамбетпен бірге өлген қазақтың азаттық күресі мен Еділ патшаның (Аттила) кезінен келе жатқан рыцарлық рухы осылай мың бірінші рет тіріледі;
- 3-4 сыныптарға арналған оқулықтардағы Қара сөздің «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, моральдық деңгейі төмен, еңбек етпейтін кезбе...т.б. 17 рет өз ұлтын қаралауы (ол жанашырлық емес, елді кемсіту екенін 2020ж Абайға арнап оқыған шенеуніктердің челендждерін ютубтан көруге болады) және 6-шы сынып оқулығында «қазақтың мал құрлы қадірі жоқ...» деген отарлаушының, не ұлттың жауларының тірлігі және ол сөздер оны оқыған балалардың миында өмір бойы обыр болып қалады. Жоғарыдағы сөздерді Абай қазаққа жаны ашығаннан жазған деп бұрмалайтын сәуегейлік көп кездеседі. Жалпы, адам нені ойлайды соны айтады. Айтылған сөз атылған оқ, оны өзгерту мүмкін емес және «қолжазбалар өртенбейді». Оқырман, оның ішінде балалар оқығанды сол күйінде қабылдайды. Әр жағында кім, не ойлады, онда ешкімнің шаруасы жоқ;
- Қара сөздердің қазақты жер қылатын жерлерін мектеп бағдарламасына кіргізгенде баланың зердесі (интеллект) 9 жаста 90-92%, 15 жаста толығымен қалыптасатыны ескерілген болу керек. Себебі, осы қара сөздерді 20-25 жастағы студенттер негізінен (кейбір теріс тәрбие көргендерінен басқалары) қабылдамайды. Осындай психологиялық амалдардың қасында Абайдың күрлелілігі баланың ойыны болып қалады?! Ұлтты тобыр-құлға айналдыру үшін оны жаулап алу міндет емес, оның миына өз дініңді, тіліңді, идеологияңды немесе санасы оянбаған жастарға сол ұлтты «мал қылатын» идеологияны сіңдірсең жеткілікті! Ол туралы Неру, Манделла, Каддафи т.б. жазды;
- Ал, тәрбиенің ерекшелігі, ол айтылған сөз емес, бала істелген істі үлгі етіп қабылдайды. Бала әке-шеше мен үлкендердің қандай істерін көрсе, содан үлгі алып қайталайды. Бұл аксиома! Тәуелсіздік жылдары елдің тоталитарлық жүйенің қамытын лақтырып тастайтын күрестің орнына, авторитарлы-коррупциялық қоғамға айналуы, ол мектеп кезінен «ұлтты жер қылатын» қара сөздердегі және қоғамдағы авторитарлық режимнің жастарды жігерсіз жасық, енжар, Отан қорғау санасынан айырып есалаң қылған бір ғасырлық «жүйелі тәрбиесінің жемісі». Себебі ағылшындар, «тәрбие бала дүниеге келерден жүз жыл бұрын басталады. Ол, ұлттың тілі, дәстүрі, мәдениеті» дейді.
«Егер жастарға қандай тәрбие беріп жатқаныңды білсем, онда жүз ұрпақтан кейін елдің қандай болатынын айта аламын» дейді шығыс даналығы.
Сондықтан, отбасын, ұрпақ тәрбиесін, қоғам мен мемлекетті түзетеміз десек Қазақ, сол мемлекет құрушы ұлт яғни оның иесі және киесі ретінде биліктен де, Құдайдан да ештеңе күтпей бесікті, отбасын, қоғамды өзіміз түзете алсақ ел түзелер! Қара сөздердегі жоғарыда айтылған кері сөздерді мектеп оқулықтарынан алып тастаса Абай халқын адасудан сақтап, жастардың абыройы өсіп, рух көтеріледі! Ол Абайға да абырой. Одан Абай төмендемейді, керісінше абыройы артады. Ал, барлығын жиып қойып 30 жыл ұйқыны жалғастыра берсек, «екі сиыр емес, тышқақ лақ та бұйырмас»?!
Бұл мақала Абайды сынау немесе басқалай бір мақсатта емес, Қазақстанның жаңа идеологиясының тұжырымдамасын, оның ішінде Жастар ісінің Бағдарламасын дайындау мақсатында жазылды. Ондай Бағдарлама дайындау «Жаңа Қазақстанның» интеллектуальдық ұлт қалыптастыру міндеттеріне енген. Менің жеке ойым, ол Сталиннің «бұратана халықтарға арналған идеологиясының» құрамдас бөлігі болып енген дүниелер интеллектуальдық ұлтқа жарамайды. Оның ішінде аралас мектептер жабылу керек. Сыналмайтын тұлға, ол шіріген терек. Мәселе, кім, не ойлайтынында емес, іс істеуде! Қарекетте берекет!
Келесі мәселе, ол әдебиетте немесе гуманитарлық салада емес! Өкінішке орай әлемдегі гуманитарлық салада яғни әдебиет, өнер, философия т.б. шығатын басылымдардың үлесі 2%. Қалған 98% жаратылыстану ғылымдары, техника, инновациялық технологияның үлесінде. Дамыған елдерді қамтыған бұл оң үрдістен қалуға болмайды. Қазақстандықтар жылына бір кітап, еуропалықтар он, жапондар 90-100 кітап оқиды. Соған сай біздің еңбек өнімділігіміз ауыл шаруашылығында дамыған елдерден 20 есе, ел бойынша 8-10 есе төмен. Біздің мектеп пен универлер базарда арба сүйрейтін емес, Гейтс, Масклер сияқты мамандар дайындау керек. Дұрыс мақсат қою, ол істің жартысы. Ал, жастар тәрбиесінің мәселесі, ол қай уақытта да болашағын ойлаған қоғамның алдында тұратын негізгі міндет болып қалмақ.
Ал, біздің оппоненттерге келсек, өкінішке орай олардың біреулері олигарх-депутаттардың табанын жалайтындар, екіншілері істің мәнін түсінбей айтаққа ергендер, үшіншілері, жеке басқа табынуды дәріптеушілер... Қазақ ерте ме, кеш пе осы мақалада қойылған сұрақтарды қоюы керек еді! Себебі, әр ата-ана, халық тәрбиедегі жас ұрпақты мүгедек қылатын ұлтты кемсітудің мәнін түсінбесе, бұл тырнауыштан әлі талай ұрпақ таяқ жер еді?! Террорист пен оның құрбаны бірнеше күн бірге болса бір-біріне дағдыланып, жанашыр болып кететіні сияқты, көп адамдар, әсіресе өмір бойы тоталитарлық және авторитарлық жүйенің (олардың басшылары да террористер) «тәрбиесін көргендер» әлі күнге Сталинді аңсайтындары сияқты, «сол жүйелердің тұлғаларын» туған әкесіндей қорғаштайды. Себебі, ондайларды еркін адамның емес, сол жүйелер сіңірген құлдық санасы басқарады. Ел тәуелсіз болу үшін алдымен, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін оның азаматтары азат болуы керек. Біздің қоғам бұл кезеңде осы мақсаттарды іске асыруда. Оған қай уақытта жететіні қоғамның санасына тікелей байланысты!
Автордың осы тақырыптағы мақалаларын Abai.kz және фейсбуктегі Akim.Zhanuzak парақшасынан оқуға болады.
Жанұзақ Әкім
Abai.kz