Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Айқай 10669 120 пікір 7 Тамыз, 2023 сағат 12:37

Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді...

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Жастарды ондағы «зұлымдық империясының» зәрлі уынан сақтауымыз керек!

(аяулы жарым Бақытжамалдың рухына)

Бұл мақаланың тұздығы төмендегі Президент Қ-Ж.К. Тоқаевқа жазған хат.

Абайдың «Қара сөздеріндегі» қазақты ұлт ретінде қаралап, рухын жер қылатын сөйлемдерді алып тастау керек» деген ұсыныстарды көзі қарақ зиялылар көптен көтеруде. Себебі, тап осындай өз ұлтын қаралау адамзат жаралғаннан бергі б.д.д. ІІ мыңж. Шумердегі Гельгамеш (Білгеміш), б.д.д. І мыңж. Грекиядағы Гомерден бастап... Италияда Данте, Англияда Шекспир, Шелли т.б., Германияда Гете, Гейне..., Ресейде Пушкин бастаған 20-дан астам ақын-жазушының орыс халқы туралы жазған келеңсіз сөздерінің ешқайсысы олардың жинақтары мен оқулықтарға кірмеген. Шығыстың шайырлары Хафиз, Хайям, Фирдоуси, Саади, Рудакилер мен түркі әдебиетінің классиктері Навои, Низамилер де өз ұлттарын қараламаған. Одан сол халық классиктерінің ешқайсысы кем болған жоқ, ал олар ұлы ұлт болып қалуда. Жалпы, тұтас ұлтты негізсіз қаралау әлем әдебиеті, өнер, философия мен өркениетке жат құбылыс.

Қара сөздерде «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ...», «қазақ жалқау, еңбек еткеннен гөрі кезбелікті жақсы көреді», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ» т.б. қазақтар туралы ұнамсыз пікір тізбектеліп кете береді.

Қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жылдар бойы басымдылық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті.

Келесі жағынан, мектеп оқулықтары Абайдың ақындық, суреткерлік ерекшелігін мүлдем назардан тыс қалдырып, оның шығармаларының дидактикалық мазмұнына ғана мән береді. Мысалы, қазақ мектебінің 3-ші сыныбына арналған бір оқулықта Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» және «Құлақтан кіріп бойды алар» атты 2 дидактикалық өлеңіне қоса 38-ші сөзінен алынған шағын үзінді кіріпті. Осы 60 сөзден ғана тұратын шағын үзіндіде кейде екі рет қайталанған 9 жағымсыз сөз бар екен: надандық, жалқаулық, қулық, сауатсыздық, арсыздық, талапсыздық, әлсіздік, дұшпандық. Мәтінге берілген жаттығудағы жағымсыз сөздерді қосқанда (надан, дарынсыз, жалқау, сараң, өтірікші, дөрекі), қазақ мектебінің 3-ші сынып оқушылары Абайдың қазаққа қатысты қолданған 17 жағымсыз сөзін үйренеді екен. Осындай негатив дозасынан 9 жасар қазақ бала қандай қорытындыға келуі тиіс? Ал Абайдың, «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз... Біз түк білмейміз, «біз де білеміз» деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» деген 7-сөзін оқыған 6-шы сынып оқушысы қандай түйін түймек?!

Біраз ғалымдардың «бұрын еш жерде көрінбей, Абай дүниеден озғаннан 29 жылдан кейін, 1933 жылы 4,2 млн қазақты яғни 60%-дан астамын жасанды аштықпен қыру (голодомор) кезінде пайда болған осы Қара сөздердің шығуының өзін тоталитарлық биліктің қазақты рухани жою үшін ойлап тапқаны» деген негізсіз емес?!

Бұл философия мен педагогикаға жат, бүгінгі Украинада жүріп жатқан «денацификацияға» жақын, ұлтты қаралауды тоқсан жылдан бері «қазақ рухани азық қылып адасып, бірлігі мен ана тілінен айырылып мәңгүрттенуде...».

Ұлы тұлғалардың аттарын пайдаланып елді адастыру тарихта жиі кездеседі. Мысалы, 3-ші рейхтің идеологиясына композитор Вагнер мен философ Ницщені пайдалану т.б. Ленин осындай іске Л. Толстойды, Сталин Жабаев, Стальский т.б. пайдаланса, Кеңестік идеология да құрамындағы әр ұлттың ұлы тұлғаларын өз істеріне пайдаланғаны және олар үшін «ақынның тірісінен өлгенінің пайдалы болғаны» жасырын емес?!

Орта ғасырда қазақ жерінде болған Ибн-Батута, Хордадбек, Плано Карпини сияқты атақты саяхатшылар, «Олар үйді құлыптау дегенді білмейді. Ұрлық деген жоқ. Бір-біріне сенеді...», «Мен мұнда әйелге деген құрметтің үлгісін көрдім...» десе, 1944 жылы Қазақстанға жер аударылып аман қалған неміс, шешен, грек, қырым татарлары т.б. халықтар қазақтарға әлі күнге риза болып алғыстарын айтуда.

Бала тәрбиесінің психологиялық жағына мән беретін ата-аналар Абайдың прозалық шығармаларын мектеп бағдарламасынан алып тастауға шақырып жүр.

Қалай болғанда да осы Қара сөздердегі ұлтымызды негізсіз қаралап, рух пен намысты жер қылып, жастардың санасын улайтын жерлерді мектеп оқулықтары мен ақынның жинақтарынан алып тастауды шешетін уақыт келді.

Ол, Қазақтың рухын жаншып, санасын улаған отарлық бұғаудан құтылуға жол ашса, одан Абай төмендемейді, керісінше ұлттың нағыз рухани жетекшілерінің біріне айналады.

Бұл хат НКВД-нің камераларында жазылып Абай дүниеден озғаннан 29 жылдан кейін, 1931-1932 жылдардағы жасанды аштықтан 4,2 млн (60 пайыздай) қазақты қырғанын негіздеу мақсатында жарық көрген Қара сөздің зәрлі уынан жастар және ұлтты құтқару мақсатында жазылған еді. Жалпы ұлт тағдыры және жастардың болашағы туралы (бүгінгі Абайдың атымен шығып жатқан туындылар соған жатады) мәселе қозғалғанда Құдайдың да, адамның да алдында ақиқатқа жол іздеуден басқа мақсат болмауы керек!

Абай, Мекке мен Қарқаралыда мешіт салған Құнанбай қажының баласы бола тұра Қасиетті кітаптардағы «Халық Құдайдың бір аты...» дегенді білмеуі мүмкін емес?! Ал, білсе, өзі Құдайдың құлы бола тұрып неге қазақты жер-жебіріне жеткізіп жүйелі түрде қаралайды? Бұл қаралау, жеке тұлғаның еліне деген кексіз реніші емес. Себебі, ол ел тағдыры үшін күресіп, сол жолда Махамбет, Кенесарылардай... басы кеткен жоқ! Жалпы, Қара сөздің болмысы жоғарыдағыдай болса, Абай поэзиясынан жастарға жігер (ұлттық мотивация)  беріп, ұлттық рух пен елдің намысын көтеретін дүниені табу қиын?!

«Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі санында алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың тіл маманы Зәуре Батаеваның Абай (Ибраһим) Құнанбайұлына байланысты еңбектерін сынаған «Құсалы ғұмыр кешкен тұлға» атты мақаласы шықты. Қандай да болса зерттеу мақаланың шыққаны құптарлық. Бірақ, бұл мақаладағы бірнеше «әттеген-ай» деген жерлерге тоқталайық:

- З.Батаеваның еңбектерінде ақын Абайдың болу-болмағаны туралы жазса, Т.Жұртбайдың мақаласы Абайдың өмірінен деректер келтіруге арналған. Құнанбайұлы Ибраһим (Абай), оның отбасы мен ұрпақтары болғаны туралы ешкімнің күмәні болмас. Мен, мектептің жоғарғы сыныбына арналған «Тіршіліктану» оқулығында (1993) Құнанбай және оның талантты бес буын ұрпағы туралы жазғанмын;

- Мақалада, З.Батаеваның Абай тірі кезінде Омбыда 12 жыл бойы шыққан «Дала уәлаятының газетінде» Абай (Ибраһим) Құнанбайдың атымен неге бір де бір өлең, не мақала (Ақылбайдың атынан шыққан екі өлеңінен басқа) жарияламады немесе Машкүр Жүсіп т.б. туралы жазған сол газет неге Абай туралы жазбаған, ол неге Семей кітапханасында жалпы тіркелмеген немесе Михаэлис, Долгополовтар күнделіктерінде ол туралы ештеңе жазбаған...

- Ал, Т.Жұртбайдың мақаласында 12 жыл болыс, 6 жыл би болған Абай Долгополовқа «Өзімді сынашы» дегенде (Тұрағұлдың естелігі), қонағы: «Сенің басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың жаман. Таңертең төсектен тұрасың, біреу әкеліп киімдеріңді киіндіреді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып, тысқа шығарады, қайтып келген соң тағы да есікті ашып, үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шәйіңді құйып береді, етіңді жапырақтап береді. Ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің – өзің үшін не қыласың? Әрнешік ұйықтап көресің, – депті. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бір қатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым» (Жүрегімнің түбіне терең бойла. Абай туралы естеліктер. Құрастырушы және жауапты шығарушы Б.Байғалиев. Алматы., Жазушы, 1995, 296 б. Б27-28);

- Егер Абай, ертегілердегі хор қызындай үлде мен бүлдеге оранып өмір сүрсе, оның «Құсалы ғұмыр кешкен тұлға» болуы күмәнді емес пе?!

Жақында республикалық бір басылымда осы уақытқа дейін Абай туындыларын сынаған А. Байтұрсынов, М.Әуезов, Ж. Аймауытов (?) яғни небәрі үш мақаланың шыққанын жазыпты. Төртінші Зәуре Батаева болу керек.

Ал, Шекспир мен Гетенің еңбектерін сынап, саралаған 8 мыңдай еңбек, О.Шпенглердің «Закат Европы» кітабын (1914ж.) сынаған бес мыңнан астам мақала, монографиялар (оның ішінде «Антизакат Европы» т.б. ондаған кітаптар) шыққан. Л.Толстой күнделіктерінде «... жалқаумын, ізденбеймін, нақұрыспын» деп, өзін-өзі өмір бойы сынаумен өткен.

Осынша сыннан сүрінбей өткен туынды мен оның авторын батыста ұлы деп таниды. Шпенглер осы кітабында Гегельді қатты сынап, Фарабиді Кант пен Гегельден жоғары қояды. Нағыз таңдау деп осыларды айтады.

Ал, бізде әлі күнге «Сталиннің текесін» сынағанды халық жауының қасына апарып тастауға дайын. Бұл, сананы идеологиялық этикет билеп адасқан қоғамның тірлігі («Идеологиялық этикеттің қауіптілігі, онда сатушы мен сатып алушы бірдей алданады» К.Маркс).

Сонда Абай осы тізімдегілерден артық болғаны ма, әлде кем болғаны ма?! Жәй, эмоцияға емес, санаға салып саралап көрейік. 30-50 жылда Абайды толық түсінбеген «абайтанушымыз» дейтіндер, ақын шығармасы туралы өз ойын айтқандарға «Абайды түсінбейсіңдер» деп қорғанады. Оқырмандары Абайдан жүз-мың есе көп Хайям, Шекспирлерді неге барлық тілдерде жақсы түсінеді де, Абайға келгенде оны түсіне алмайды және ол басқа тілдерге аударуға қиын?! «Ұлылық - ол қарапайымдылық» (Гениальность, - это простота) емес пе?!

Жалпы мәселе Абайда емес, оның шығармаларын қазақ ұлтын жоюдағы тоталитарлық жүйенің идеологиясына айналдыруда және соны түсінудің орнына, ғаламтор заманында кез-келген қозғалған керуенге үретін, ессіз, қараңғы қоғамда. Ы.Алтынсариннің, «Біз надан боп өсірдік, Иектегі сақалды...» дегені қайталануда. Надандық тобыр мен құлдарға тән. Отыз жыл ұйықтап, мәңгүрт буынды өсіріп шығардық! Біз бұл ұйқыдан оянғанда құл болып қалмас үшін, жүректің жалынымен сананы, жоғалған ар мен рухты оятып, намысты қамшылап, ақырып теңдік сұрайтын және елді қазақтың жанына біріктіретін кез келді... Қазаққа қашан ес кіреді?!

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

120 пікір