Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 5361 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:33

“Керекудi” қайтарсақ, бұл тiрлiгiмiз қазақ тiлiн қорлағандық болар едi

Кейiнгi кезде Павлодар қаласының атауын “Керекуге” өзгерту жөнiндегi пiкiрлер тағы да жиi айтыла бастады. “Жас Алаш” (12.02.2013жыл) газетiнде Ө.Керiмбеков “Кереку” деп атаудың уақыты келдi дептi.

Кейiнгi кезде Павлодар қаласының атауын “Керекуге” өзгерту жөнiндегi пiкiрлер тағы да жиi айтыла бастады. “Жас Алаш” (12.02.2013жыл) газетiнде Ө.Керiмбеков “Кереку” деп атаудың уақыты келдi дептi.

Осы пiкiрдi қолдап жүрген авторлар тарихқа үңiлiп, қазақтың жер-суға, елдiмекенге атау беруiнiң заңдылығын ескере бермейдi. Қазақта “Кереку” деген сөз еш уақытта болмаған, ешбiр сөздiкте мұндай сөз жоқ. Ондай кiсi есiмi де, жеке фамилиясы да, тегi де кездеспейдi. Сонда бұл атау қайдан шыққан, қандай жолмен пайда болған?
Кейбiр авторлар “Кереку” сөзiн “Керегежар” деген сөзден шыққан деп те пiкiр айтып жүр. Бұл пiкiр шындықтан алыс жатыр.
Ал көпшiлiк жұрт “Кереку” сөзiнiң мағынасына мән бере бермейдi. Оны түсiну үшiн Павлодар қаласының пайда болу тарихына байланысты еңбектерге көз салайық. Мысалы, Санкт-Петерборда 1897 жылы Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның “Энциклопедический словарь” деген еңбегiнде мынадай тарихи дерек бары: “В прежнее время Павлодарская станица носившая название Корякова служила главным пунктом погрузки соли из озера Корякова в 20 верст от станицы. В последнее время эта погрузка производится в разных местах Иртыша и особого склада соли в Павлодаре не имеется” (T. XXII, 574c.).             1925 жылы Москвада жарық көрген “Энциклопедический словарь рус­ского языка библиографического института Гранат” (31T.,17 б.) былай деп жазылған: “Павлодар был основан в 1720 году под именем Коряковского поста, затем переименован в Коряковскую станицу, а в 1860 г. в город Павлодар”. Осы пiкiрдi Үлкен совет энциклопедиясы да қайталайды: “Город основан в 1720 г. как Коряковский форпост (затем станица, преобразованная в 1861 г. в город Павлодар)” (БСЭ, т. 19,м., 1975, с.68).
Қазақстанда шыққан “Краткий энциклопедический словарь. Казахстан” (Алматы, 2005 ж., 350 б.) жоғарыда көрсетiлген дерек­тердi қайталайды: “Павлодар основан в 1720 г. как Коряковское военное укрепление”. Ал 2010 жылы “Аруна” баспасы жарыққа шығарған “Топонимика Казахстана. Энциклопедический справочник” былай деп дұрыс көрсетедi: “Павлодар ведет свою историю с 1720 года, со времени появления форпоста Коряковский (от названия соленого озеро Коряковское). В 1838 году форпост был преобразован в станицу Коряковскую. 4 (16) апреля 1861 года Коряков получил статус “защитного города с наименованием Павлодар в честь новорожденного Великого князя Павла Александровича” (710 б.) ”.
Осы қалаға тұңғыш ата­уын берген тұзды көл Коряковка Павлодар қаласының солтүстiк-шығысында 15 км жерде орналасқан, әлi кеуiп қалмай сақталып келедi. Осы жерде оның атымен аталған Коряковка селосы да бар. Көлге ие болған купец Коряков көлдiң тұзын Оралға, Сiбiрге сатып ба­йыған. Павлодар қаласы тұрған жер­де оның тұз артатын шағын пристаны болған.
Сонымен, Коряков қалайша Керекуге айналған деген заңды сұрақ туындайды. Топонимика ғылымында атауды бiр тiлден екiншi тiлге беру­дiң екi жолы бар. Бiрiншi – транскрипция әдiсi. Бұл әдiс бойынша атау берген халықтың ауызша айтылған атауын қабылдаушы халық өзiнiң естуi бойынша қабылдап, өз тiлiнiң ережесiне сәйкес­тендiрiп қолданады. Осы әдiс бойынша орысша Коряков сөзi қазақ тiлiнде коряку-кереку болып өзгерген. Мысалы бiздiң Уәлиiмiз­дi орыстар Вали, Уәлихановымызды Валиханов деген сиякты.
“Кереку” – орыстың Коряков деген фамилиясының қазақша қате транскрипцияланған, яғни бұрмаланған түрi. Ендi оны тiрiл­тiп, өнер­кә­сiбi қарқындап өсiп ке­ле жатқан, келешегi өте зор қала­ға беремiз деу – барып тұрған топонимикалық сауатсыздық. 
Бiз қазiр қазақтың жер-cу, ел­дi­мекендер атауларының орыс тiлiнде бұрмаланған түрлерiнен құтыла алмай жүргенде, қазақша бұрмаланған орыс атауын өндi­рiстi қалаға қайта беремiз деуi­мiз – ұят мәселе.
Павлодарға жаңадан атау беремiз десек қазақ тiлi­нiң алтын қорының мүм­кiндiгi өте зор. Ертiс өзенi­нiң бойында орналасқан қаланы Ертiскент, Ақертiс, тiптi болмаса Абылай, Абылайкент деп неге атамасқа?!
Сламқұл Әбдiрахманов,
ҚР Үкiметi жанындағы мемоном комиссиясының мүшесi.
"Жас Алаш" газеті
0 пікір