Header Banner
Жұма, 6 Наурыз 2026
Ақмылтық 179 0 пікір 6 Наурыз, 2026 сағат 14:10

Ұлттық намыс және тарихи жад

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Неліктен, қазақта қара құлдар көп?

Ұлттың болмысын айқындайтын негізгі тіректердің бірі – тіл. Тіл әлсіресе, сана да шайқалады; тіл күшейсе, рух та жаңғырады. Қазақ қоғамындағы орыстану құбылысы – жай ғана тілдік ауыс-түйіс емес, ол бірнеше ғасырлық тарихи, саяси және әлеуметтік процестердің нәтижесі. Бұл құбылысты эмоциямен емес, зерделі сараппен түсіну қажет.

Қазақстан Ресей империясының құрамына XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап кезең-кезеңімен кірді. Ал Кавказ халықтары – шешендер, ингуштар, дағыстандықтар, осетиндер, грузиндер – Ресей құрамына көбіне XIX ғасырдағы ұзақ әрі қанды соғыстар арқылы өтті. Бұл айырмашылықтың өзі тарихи жадқа әртүрлі із қалдырды. Кавказда қарулы қарсылық, ұлт-азаттық қозғалыстар ұзақ жылдарға созылды. Ал қазақ даласында отарлау біртіндеп, әкімшілік жолмен, сұлтандар мен билер арқылы жүргізілді.

Қазақ халқының көшпелі өмір салты, кең байтақ далада шашыраңқы қоныстануы отарлық әкімшілікке салыстырмалы түрде оңай ықпал етуге мүмкіндік берді. XIX–XX ғасырларда Қазақстанға миллиондаған орыс, украин, беларусь және басқа да славян халықтарының өкілдері қоныс аударды. Кеңес дәуірінде тың игеру науқаны бұл үрдісті күшейтті. Соның нәтижесінде XX ғасырдың ортасында қазақтар өз жерінде кемшілікке айналды.

Ал Кавказ аймағында жергілікті этностар тығыз орналасқан, таулы аймақтарда өмір сүрді. Географиялық оқшаулану олардың тілін, дәстүрін, рулық-тайпалық құрылымын сақтауға мүмкіндік берді. Демографиялық тұрғыдан да олар өз аймағында басым көпшілік болып қала берді. Осы жағдай – тіл мен мәдениетті сақтауда шешуші рөл атқарған фактор.

Кеңес Одағы кезеңінде орыс тілі «интернационалдық тіл» мәртебесіне ие болды. Мансап құру, жоғары білім алу, ірі қалаларда өмір сүру үшін орыс тілін білу міндетті саналды. Қазақстандағы индустрияландыру, қалалану үдерісі негізінен орыс тілді ортада жүрді. Қалаға келген қазақ жастары әлеуметтік лифтке ие болу үшін орыс тілін тез меңгеруге тырысты, кей жағдайда ана тілін екінші орынға ысырып қойды.

Кавказ республикаларында да орыс тілі маңызды болды, дегенмен, жергілікті элита ұлттық тілін сақтауға ерекше мән берді. Мектептерде ана тілі міндетті пән ретінде оқытылды, отбасы ішінде тілдік дәстүр берік сақталды. Қазақ қоғамында да мұндай талпыныстар болды, алайда урбанизация қарқыны мен демографиялық өзгерістер ана тілінің әлсіреуіне әсер етті.

Қазақстандағы ірі қалалар – Алматы, Қарағанды, Өскемен, Павлодар – ұзақ уақыт бойы орыс тілді орта ретінде қалыптасты. Қазақ отбасылары баласын «болашағы жарқын болсын» деп орыс мектебіне беруді дұрыс көрді. Бұл – әрине, өз халқына деген сатқындық.

Кавказ халықтарында қала мәдениеті ұлттық реңкін сақтап қалды. Мәселен, Грозныйда немесе Махачкалада көшеде өз тілінде сөйлеу қалыпты құбылыс болды. Ал, Қазақстанның кейбір қалаларында қазақша сөйлеу мүлде кездеспейтін кезеңдер болды. Мұның бәрі әлеуметтік психологияға ықпал етті: тілдік орта адамның өзін бағалауына тікелей әсер етеді.

Ұлттық намыс және тарихи жад

Кавказ халықтарының тарихи жадында отарлық кезең ауыр соғыстармен, депортациялармен, сол секілді, ұлттық ерекшеліктерін сақтау үшін, ашық қақтығыстармен есте қалды. Бұл ұжымдық жады ұлттық бірегейлікті сақтауға итермеледі. Қазақ халқы да ашаршылық, репрессия сияқты зұлматтарды бастан өткерді. Алайда, өзінің ұлттық құндылықтары үшін еш уақытта қарулы қақтығыстарға бармаған. Ұлттың жадында тіл үшін қарулы күрес кезеңдері айқын сақталмаған.

Бұл жерде «кім батыр, кім әлсіз» деген өлшем тұрады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Соңғы жылдары тіл саясаты күшейіп, қазақ мектептерінің саны артты, медиада қазақ тілінің үлесі көбейді. Дегенмен, билік иесі мемлекеттік тіл қазақ тіліне онтайлы жағдай жасай алмады. Ел экономикасы құлап қалатындай көрінеді. Алайда, көтеріп жатқан не экономикасы жоқ, не елдің әлеметтік жағдайын жақсарта алмады. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл болса да қазақ тілін елден шығарып тастауға дайын тұр.   

Кавказ республикаларында да ұлттық тілдер сақталып келеді.

Өз тілін білетін, дегенмен, өзге тілді де меңгерген адам – әлсіз емес, керісінше бәсекеге қабілетті тұлға. Проблема тіл білуде емес, ұлттық болмысты құрметтеуде. Егер адам қазақ тілін менсінбей, оны артта қалғандық белгісі деп қабылдаса – бұл рухани жағдай. Ал егер ол екі тілде еркін сөйлеп, мәдениетіне құрметпен қараса – бұл артықшылық.

Бүгінгі міндет – өткенді кінәлау демейік, болашақты қалыптастыру. Ұлттың болашағы тілге, білімге және саналы таңдауға байланысты. Қазақ тілі – қарым-қатынас құралы, ол – тарихи жады, мәдени код, рухани тамыр. Сол тамырды күшейту – айыптаумен емес, үлгі көрсетумен, сапалы біліммен және мәдени орта қалыптастырумен жүзеге асады.

Ұлттың күші – бірлігінде. Алайда, бірлік өзара құрметтен басталады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір