Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2207 4 пікір 29 Тамыз, 2023 сағат 12:44

Бобровтың байбаламы

Мен кейде біздің өз тізгініміз өзіміздегі, егеменді ел екендігімізге өте сенімді бола бермеймін. Өйткені қазір бізге кім болса сол дікеңдеп, ақыл айтуды жаман әдетке айналдырды.

Әсіресе бұл жан-жағынан жау іздеген көршімізде тіпті, қалыпты жағдай ма деп қаласың. Бізге қоқан-лоққы жасайтындардың санынан да жаңыласың. Жақында солардың сапына Ресейдің біздегі бас консулы Евгений Бобров деген қосылыпты.

Ол осы тамыз айының 23-і күні өздерінің ТАСС деген агенттігіне Қазақстанда орыс тілді мектептердің күрт азайып бара жатқандығын айтып, қатты мұңын шағыпты. Ол осыны ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінетін көрінеді.

Әрине, Бобров дегеннің байбаламы жауапсыз қалған жоқ. Оның ешбір негізсіз айыптауларына біздің Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Айбек Смадияров байыпты түрде, нақты дәлелмен жауап берді.

Оның айтуынша, елімізде барлығы 7 мың 711 мемлекеттік мектеп бар. Мұның 3 мың 957-і қазақша да, 1 мың 203-і орысша. Ал енді былай қарағанда тәуелсіз алған елдің мемлекеттік тілдегі мектептерінің көбеюі таң қаларлық нәрсе емес, тіпті заңды тенденция десек те артық емес. Солайы солай ғой. Алайда, бұл жерде өзімізге өзіміз қайшы келетін бір кілтипан бар. Ол Смадияров мырзаның келтірген тағы бір цифры. Ол кісінің жауабына қарағанда бізде тағы да анау-мынау емес, 2 мың 551 қазақша-орысша аралас мектеп бар екен. Ал егер бұған жоғарыдағы 1 мың 203 орыс мектебін қоссақ, екеуі теңесіп қалмай ма? Сонда «қазақ мектептері көбейіп келеді» дегеніміз өзімізді-өзіміз алдау болып шықпай ма? Онда немесіне консулсымаққа жауап беріп, әуре боламыз?

Сосын, тағы бір қызығы, әлгі консул араға үш күн салып, қызметтен кеткен көрінеді. Біздегі кейбір «сарапшылар» мұны жаңағы мәлімдемесімен байланыстырып жатыр. Бос әңгіме, ешбір қисынсыз тұжырым.

Біріншіден, Ресейде еш уақытта бұдан да сорақы әңгімелерді бықсытқан ешбір лауазымды адам орнынан кеткен емес.

Екіншіден, ол мүмкін бұдан да жайлы жерге орналасқан болар.

Ал, үшіншіден, өзінің басқа қызметке ауысатындығын біле тұра, дәл осылай арандатушылық жасамасына кім кепіл?

Айтпақшы, бұл консул біздегі орыс мектептері туралы онша қайғырмаса да болады. Өзге емес, өзіміздің тура Астана қаласында биыл бірінші сыныпқа баратын балдырғандардың жартысына жуығы орыс мектебінің табалдырығын аттайды екен.

Күлеміз бе, жылаймыз ба?

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352