Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жолдау 1974 0 пікір 6 Қыркүйек, 2023 сағат 13:41

Су тапшылығы: «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді»

Фото: ҚР ЭГжТРМ

2023 жылдың бірінші қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Әдеттегідей аталмыш жолдауда да елімізде алдағы уақытта экономикада, әлеуметтік, қоғамдық-саяси қатынастарда атқарылатын жұмыстар айтылды. Жолдауды толық оқып шығып, диссертациялық тақырыбым ХІХ – ХХ ғ. бас кезіндегі қазақтардың суды пайдалану дәстүріне қатысты болғандықтан қазіргі таңдағы су шаруашылығы мәселесімен жеткілікті деңгейде таныспын. Сондықтан, Президенттің жолдауда көтерген «Су ресурстары және ирригация министрілігін құру» туралы бастамасы дұрыс шешім және кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп ойлаймын. Жолдауда қабылданған су шаруашылығына жеке министрлік құру туралы шешімнің өзекті әрі дұрыс қабылданғандығын бірнеше мысалдармен көрсетуге болады. Біріншіден, еліміздегі Сырдария, Іле, Ертіс, Жайық т.б. ірі өзендердің барлығының дерлік  көрші елдерден бастау алады. Ал халықаралық келісімдер бойынша трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану қажеттігі бекітілгенімен, іс жүзінде өзеннің бастауында тұрған ел мүмкіндігінше суды өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Бұндайда қазақтың «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деген мақалы еске түседі.

Екіншіден, еліміздің тарихында су шаруашылығы жеке министрлік ретінде жұмыс атқарған. Атап айтқанда, Кеңес Одағы кезінде алғашында «Су шаруашылығы министрлігі» кейіннен «Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі» атауымен арнайы су шаруашылығына қатысты министрлік болған. Аталмыш Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін 1981-1990 жылдар аралығында Нариман Қыпшақбайұлы Қыпшақбаев басқарған. Бүгінде су шаруашылығының ардагері Нариман Қыпшақбайұлының ұзақ жылғы тәжірибемен келген кеңестері жаңадан құрылатын министрліктің дұрыс жұмыс істеуіне мұрындық болады деп сенемін.

Үшіншіден, су шаруашылығына жеке министрлік құрған Орта Азия көлеміндегі мемлекеттер баршылық. Мысалы, Өзбекстан Республикасында Су қожалығы министрлігі, Тәжікстан Республикасында Энергетика және су шаруашылығы министрілігі бар. Елімізде құрылатын су шаруашылығына қатысты министрлік аталмыш елдердің мемлекеттік органдарымен тең дәрежеде жұмыс атқаратын болады.

Төртіншіден, биылғы жаз Жамбыл облысы шаруалары үшін қиын болып, егінге су жетіспеушілігі мәселесі туындады. Әлемдік жаһандық жылыну үдерісі жүріп, шың басындағы мұздықтар еріп жатыр. Жалпы болашақта су жетіспеушілігі сезіліп, өте өзекті мәселеге айналады. Сондықтан әрбір тамшы суды үнемдеп пайдалану қажет. Осы орайда, соңғы 2-3 жыл көлемінде ғылыми-зерттеу жұмысымның территориялық аумағына кіретін Қазсушар мекемесінің Түркістан облысының Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары бойынша филиалдарында болып, аталмыш аудандар бойынша қазіргі таңдағы су шаруашылығына қатысты мәселелерімен біршама таныстым. Бұл өңірлерде каналдардың кейбірі әлі күнге дейін байырғы күйінде халыққа су жеткізуде. Аталмыш каналдарды бетондап әрбір судың ысырапсыз шаруаларға жетуін қамтамасыз ету керек. Алда құрылатын министрлік осы бағытта жұмыс атқаруы тиіс. Қорыта келе, Президенттің бастамасымен құрылатын Су ресурстары және ирригация министрілігі еліміздегі су мәселесін ретке келтіріп, шаруалардың егіншілікпен айналысуына бар мүмкіндікті қалыпастыратындығына сенемін.

Досымбетов Нұрлыбек Айдарбекұлы,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572