Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2482 7 пікір 8 Қыркүйек, 2023 сағат 14:57

Су мәселесі һәм Назарбаевтың көп векторы...

Жаңа Қазақстанның ай басындағы жаңалықтарының бірі – Су министрлігінің құрылуы болды.

Өткен жылғы Президент сайлауы мен Парламент сайлауынан көп үміт күткен көңілі күпті жұрт қыстан қысылып, кей өңірлерде қалтырап, түнімен жиде қағып шықты. Кеңес заманында жобаланып салынған, артынан жаппай жекешелендіру кезінде «түйені түгімен жұтатын» байшыкештердің қармағына өткен, еш жаңалау көрмеген жылу құбырлары қысымға шыдамай жарылды. «Жадырап жаз келді» дегеніңмен Батыс басылымдары осы жаздың соңғы 127 жылдағы ең ыстық жаз болғанын жазуда. Соның айғағындай қазақ елінің шығысын өрт алды. Батысын қуаңшылық жайлады. Суы мол деген Оңтүстікте де егіншілер тіршілік нәрінен тарықты. Жері бай қазақ жұрты айтып-айтпай ай мен күннің аманында елдімекенге жылжыған құмнан да, өрттен де айтарлықтай жапа шекті. Мұның ішінде тіршілік нәрі – судың зәрулігін ерекше атап өткен жөн. Су министрлігінің құрылу астарында осындай қат-қабат түйткілдер жатқаны көпке мәлім.

Қызыл идеологтар қанша жасыруға тырысса да, қазақ жерінің экологиялық апат аймағына айналғаны кеңес кезінде-ақ, айдай әлемге жария болды. Оның бұлтартпас мысалы – Арал теңізінің тартылуы мен Семейдегі ядролық полигон еді.

Партия штабының пәрменін асыра орындау үшін одақтас республикалар Арал теңізіне құятын өзендерді өзіне бұра тартып, қазақ жеріне тамшыдайы ғана жетіп отырды. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Шығыстағы атом сынағының кесірінен жер асты су қайнарлары мәңгілікке ластанды. Горбачевтің «жариялылығы» мен «қайта құруы» кезінде бұл мәселелер әлемдік деңгейде талқыға түсті. Соны сезген депутат ақындар: Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов екі мәселені жеке меншіктеп алды. Бірі «Невада-Семей», енді бірі «Аралды құтқару» қозғалысын құрды. Халық қолдауына ие болып, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа саяси бәсекелес болатын деңгейге жетті. Артынан, 1995 жылы Назарбаев Халық кеңесін таратқаннан кейін арындары қайтып, Шаханов қазақ тілінің жоқшысына, Сүлейменов орыс тілінің, кеңес одағының жоқшысына айналды. Назарбаев барлық билікті бір өзіне шоғырлағаннан кейін су мәселесі, жалпы экология мәселесі соның жауапкершілігіне өтті.

Қазақ жеріндегі су қорының 30 пайыздан астамы ғана ішкі өзендерден жиналатыны, 60 пайыздан астамы көрші елдерден келетін өзендердің суынан құралатыны белгілі. Ендеше сыртқы саясаттың көрші елдермен басым бағыты мәдени, сауда қатынасы емес, қашан да трансшекаралық өзендердің іркіліссіздігі, елдің су қауіпсіздігі болуы керек. Осы негізде қарасақ «Қаңтар оқиғасынан» кейін 30 жылдық еңбегі қайта сараланып, «Елбасы» мәртебесінен айырылған Назарбаевтың мақтаулы «көп векторлы саясаты» ел мүдесіне қаншалық пайда әкелді деген заңды сұрақ туады.

«Қытаймен, Ресеймен шекарамызды шегендеп, мәңгілік достық келісімшартын жасасты» деп жабыла мақтағанымызбен, бүгінгі су тапшылығы мәселенің түбегейлі шешілмегенін растап отыр. Жайықты жырмалаған орысты, «батыстың суын шығысқа бастау» стратегиясын жолға қойып, 30 жылдан бері Ертіс пен Іленің суын бұрып келе жатқан Қытайды, екі державаны айтпағанда өзбек өз ағаң мен айыр қалпақты қырғыз ағайындар «түбіміз түркі, тіліміз, діліміз бір» деген көп векторлы саясаттың үйреншікті тәтті сөзіне алданайын, бопсаға да көнейін деп тұрған жоқ. Екеуінің су каналдарына таласын айтпағанда, былтырғы қырғыз бен тәжік арасындағы қарулы қақтығыс әлі есте. Аймақтағы қақтығыстың бәрі суға таластан туындап отыр.

Жоғарыдағы факторларды ескерсек су мәселесі – Су министрлігінің құзырында шешілетін мәселе емес. Кәнігі депломат президент Тоқаев мырза ендігі қалған алты жылында да үнемі бетпе-бет келетін мәселе. Сыртқы саясатты айтпағанда ішкі түйткілдерде жетіп артылады. Каспий теңізінің ластанғаны аздай, тартылып бара жатқаны, Балқаш көліне атом электр станцияын салу, жер асты су қорларының тартылуы, ластануы, ауыз судың жеткіліксіздігі қатарлылар. «Израиль мен Араб әмірлігі құмның ортасынан жасыл дәліз ашты ғой, бір жөні болар» деп арқаны кеңге салып жүре беруге болмайды.

Қорыта келгенде тіршілік нәрі - су мәселесі көрсеткендей Ескі Қазақстанның мақтаулы көп векторлы саясаты ел мүддесіне емес, аймақтағы ықпалды авторитарлық жүйенің ығына жығылып, тұңғыш президенттің билігін ұзартуға қызмет етті.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052