Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тарих 1923 7 пікір 8 Қыркүйек, 2023 сағат 15:05

«Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы»

Үстіміздегі жылдың 25 тамызында, Петропавл қаласында, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің 15 жылдығына орай, «Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы болып өткенінен көпшілік хабардар болар. Музей басшылығының алдын-ала шақырғандарына қарамастан бара алмағаныма қайталай кешірім сұрай отырып, конференцияға онлайн түрде қатысып, сөз сөйлеуге мүмкіндік туғызғандары үшін көптеген рахметімді айтамын.

Ел құлағын елең еткізген конференция барысын басынан аяғына дейін түгелдей тыңдап, бірталай қорытынды шығардым деуіме әбден болады. Бастысы, солтүстік өңірдегі ағайындардың өткен тарихқа, ұлы тұлғаларға деген ыстық ықыласын анық көрдім, байқадым! Осындай маңызды, үлкен іс-шараға облыстың әкім-қараларының қатыспағаны болмаса, көптеген ғалымдар, өлкетанушылар, құрметті қонақтардың өз ойларын ашық айтқандары қатты қуантты десем мүлде артық емес!

Өз тарапымыздан Абылай ханның Жетісудағы ұрпақтары Әділ, Сығай, Тағай, Сөк (азан шақырып қойған аты – Сүйік, орысша документтерде Сюк Аблайханов) сияқты ұрпақтарының Талдықорған өңірінде жасап өткендері (Әділ сұлтанның жатқан жері Ташкент маңы, біз жақтағы ұрпақтарының көбінің жатқан жерлерін білеміз, Сығай және Сөк сұлтандардың жатқан жері де белгілі, Талдықорған қаласы маңында. Тағай сұлтанның жатқан жері толық анық емес, әйткенмен мөлшер бар), олардың қазіргі ұрпақтарының көпшілігін жеке танитыным туралы білген мәліметтеріммен бөлістім. Бұл жөнінде Сығай, Сөк сұлтандар және Тезек Төре, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанғазы Уәлихановтар жөніндегі жазған мақалаларымды конференция қорына алдын-ала ұсынғанымды да айта кетуіме болады. Бұған қосымша Абылайханның Жетісудағы ұлдарының бірі – Рүстем Төре, иә... сол Кенесары Ханның Балхаш жағасына (Жетісу жағындағы) келуіне себепкер болған адамның (деректерде Наурызбай алдын-ала келіп, ол кісімен келісіп кеткен), Кенесарыны жау қолына тастап кеткен жан еместігі, яғни, Сәбит Мұқановтың қателескендігі жөнінде де жазылған материалымды ұсынғанмын.

Ендігі кезекте, аталған конференцияның қаулы-қарарына өз тарапымнан ұсынған ұсыныстарым және оның себептері туралы айтып өткенді жөн санап отырмын:

- Бізде, (сендерде) бұрын мемлекет болмаған, әр жерде жүрген тайпаларсыңдар дейтіндерге билік және халық тарапынан батыл тосқауыл беру, ауыздарына құм құю; (Ол үшін алдымен өзіміз, Ақ Орда, қазақ хандықтары біздің мемлекет, ұлы хандарымыз болған, кешегі Кенесары, Алаш Орда, қазақ автономиясы, Қазақ ССР-нің (деюре суверенді) жалғастырушыларымыз дегенді жастан миға сіңіргеніміз жөн! Түркі-Алаш салтымен, Алтын Орда, Ақ Орда дәстүрімен Үш Жүзді басқарған Бас Хандарымыз (қахан), ал ұлыстарда Кіші хандар болған дегендей концепцияны жалғастырған дұрыс. Қазақ мемлекеті керемет үлгідегі нағыз дала демократиясын қалыптастырғанына баса назар аудару мәселесі).

- Абылай хан атына көше беру туралы сөз болды, өз тарапымыздан облысты Қызылжар, ал қала атауын Абылай Орда деп өзгертсек; (Резиденция деген жақсы ғой, оны кезінде Н. Назарбаев солай деп айтыпты, ол кісінің көпқырлы саясат ұстансақ деп Сенат атауын ұсынғанын да білеміз. Алайда, соның керегі бар ма, өз тарихымызды айшықтай түскен абзал болар, тіпті коммунистер Ақмешітті – Қызылорда деді емес пе, яғни, Ақ Орда санадан да өшті дегендері болар)?!

- Ең бастысы, орыстілділер басым болып тұрған аймақтарда (жалпы елімізде) жер атауларын ауыстырғанда арандатушы-байбаламшыларға жалтақтамай, ондай мәселені ғалым-өлкетанушылардың үлесіне берген жөн; (Ол жерлердің аталуын ауыстырғанда біздің ата-бабаларымыздан ешкім де сұраған, ақылдасқан жоқ, ешқандай да жергілікті референдум өткен жоқ! Тіптен еліміздің әр түкпіріндегі алыс ауылдарға Киров, Урицкийлердің қаншама қатысы болғанын ешкім ешкімге түсіндірген жоқ, олай болса біз тәуелсіз елімізде кімге жалтақтауымыз керек?!).

Конференцияда сөйленген сөздерге қарай отырып, ондағы көптеген ұлтжанды ағайындардың тіліміз үшін, тарихымыз үшін аянбай күресіп жүргеніне куә болдым, нақты көзім жетті деуіме болады! Еңбектеріңіз жансын, жақсылықтар көп болсын деп тілегім келеді...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588