Жексенбі, 24 Қараша 2024
Абай.tv 11547 34 пікір 11 Қыркүйек, 2023 сағат 12:58

Қазақ сатқын халық па? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Жуырда Аdyrna порталында Елдос Тоқтарбайдың «Қазақтың қанында бар тексіздік пен сатқындық қазақты орға жығып келеді…» деген сөзіне қатысты сөзталқы жария болды. Оған зерттеуші Елдос Тоқтарбай, тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы мен қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила қатысқан.

Біз осыған қатысты Ахметбек Нұрсила  мен Райхан Имаханбеттердің жеке пікірлерін жариялап отырмыз.

Ахметбек Нұрсила:

Ұрлығы үстінен ұсталып қалған кей жігітте  «Иә жаздым, жаңылдым» дейтін мәрттік болады. Ұларбек Нұрғалымның «Қар суымен кеткен жылқы» деген әңгімесінде біреудің жылқысын ұрлап сойып жатқанда иесі келіп қалып, ана азаматтың қара сорпа болып терлеп, артынан иесіне өзінің маңдайға басқан бәйге атын апарып беретіні бар.. Ондай «ұрыға» риза, мәрттігіне тәнті болып, жасаған қателігін кешіресің ғой

Ал кейбір жігіттер өтірігін бұлтартпас фактімен дәлелдеп берсең де, бетіңе қарап тұрып, түлкі бұлаңға салып, мойындамай қойғанын көргенде өзің ұялады екенсің. Қаншама факт келтірдім, біреуін де мойындамады, көзіме қарап тұрып, күліп тұрып, өтірігі анықталғанын біліп тұрып, шімірікпей өз «шындығын» айтумен болды..

«Аға мүмкін бір жерден мүлт кеткен болармын, қателестім, жаздым, жаңылдым» деген сөз күтіп едім, үміт ақталмады. Біреудің қорасына түнде кіріп, нән қойды көтеріп бара жатқан ұрыны ұстап алғанда «Жәке қойыңды ұрлайын деген ниет жоқ, жай қой көтеріп аяғымды шынықтарайын деп едім» деген ұрының қисыны қисын ақ. Ал тарихты көре тұра қиянат жасап, бұрмалайтын «ғалымдардың» айтқан қисыны жаңағы қой ұрлаушының қисының қасында «ойнамай қалады-ау».

Жарайды айта берсін дейін десең, қазақты осыншама сорлы ұлт қылып көрсетіп, Алаш ардақтыларының айтпағанын айтты деп, істемегенін істеді деп, ал жазғандарын оқи тұра, біле тұра жасырып, жауып халыққа мүлде басқа жағынан көрсету қандай ниеттен туындап жатыр? Сіздер қалай ойлайсыздар?

Бүгін волейболшылар чатымызда біраз «қақтығыс» болды. Бір азаматтар Ресейде, орыстарда қақыларың болмасын, қазақтар анау-мынау деді. Екінші бір ағамыз: «Сталин заманында қазақ қана бірін-бірі сатқан, опасыз, 25000 Алаш ардақтыларын ұстап берген. Ал қырғыз, өзбек, тәжік,  әзербайжанда 5-6  адам ғана ұсталған, ғалымның аузынан естідім», - деп шықты..

Шындығында Қырғызда 12 емес 10 000 нан астам адам атылған. Өзбектерде Елдос айтқандай 50 адам емес, 10 700 адам қамалып, жазаға тартылған. Оның 3613-і ату жазасын алса, 7087 адам 8-10 жылға лагерьлерге айдалып кеткен. Әзербайжанда Елдос айтқандай 70 адам емес, 25222 адам қамалып 2792 атылып, 4425 ұзақ мерзімге сотталған.

Ал Елдостың өз постына жазған комментарийін оқысаңыз төбе шашыңыз тік тұрады: «Қанында бар тексіздік, сатқындық қазақты орға жығып келеді, оған мысал көп», - дейді..

25000 Алаш ардақтысы дін жолында шахид болды дейді.  Қай сұхбатын, қай видеосын тыңдасаң да «Алаш ардақтылары дін оқыған, дін үшін күрескен, дінді насихаттаған, дін жолында құрбан болған» болып келеді..

Бұл қандай ниет сонда?  Елдосты «ғалым» деп танитын, кітап оқымайтын қалың жұрт «қазақ опасыз, қазақ сатқын, Алаш ардақтылары дін жолында шахит болған» деп ұрандатып жүр.

Бұл баланы кім қаржыландырып, бағыт-бағдарын кім айқындап, аузына сөз салып беріп отыр? Кімнің тапсырмасын орындап жүр?

Өтініш: Біз ақшаға, билікке таласып жатқан жоқпыз, тарихи шындық айтылсын, бұрмаланбасын, фактіге жүгінейік деген ғана ниетіміз бар.  Пікірді мәдениетті түрде жазсаңыздар.

Райхан Имаханбет:

Төртеу түгел болса... Атамыз қазақ дана ғой.

Бабаларымыздан қалған жер мен елге иелік етер ұрпақ, сайып келгенде өзіміз. Өкініштісі, өзді-өздімізді аяқтан «шалғандар» әлімсақтан бірге келеді. Оған дәлел: бабадан қалған өсиет сөздерге мән берсек «мен мұндалап» тұр! Мәселен, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ағайын бар болсаң, көре алмайды. Жоқ болсаң, бере алмайды» тағы басқа толып жатыр.

Кешеден бері «Адырна» порталының сайтында ел назарына ұсынылған төртеудің талқысы әлеужеліні жікке жарып, көптің көңілін күпті етуде. Төртеудің үшеуі бір жақ болып, Елдосқа жабылды деушілердің қарасынан гөрі, елерген Елдосты орнына қойды деушілердің саны басым болып, желіліктер «Аққу, шортан һәм шаянның» кебін киюде.

Сырттан оқыған бейтаныс адам «күлгендей күйге» түсіппіз. Шындығында, белсенді кәсіпкер Ахметбек Нүрсила ағайдың алаштанушы Елдос Тоқтарбайды «сауалға шақыруы», оларға пікірталас алаңын дайындаған Арман Әубәкірдің, пікірталасқа сарапшы болған Сұлтан Хан Жүсіп, барлығының да қазақ қоғамында өзіндік орындары бар тұлғалар. Төртеуін де танимын. Төртеуі де құрметке лайық! Ешқайсы да «көлденең көк атты” емес.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендейін, мәселе Елдостың екпіндеп сөйлегенде «өзіне көп алып, қызды-қыздымен» өтірікті қосып, ақиқатты бұра тартуынан туындаған жағдай. Елдостың «мұнысы несі» деп Ахмет Байтұрсынұлы Музей-үйінің жетекшісі болғандықтан, маған да сауал салғандар көп болды.

Иә, әркімнің өз шындығы бар. Бірақ, ақиқат біреу.

Ол – дерек пен дәйек негізінде жазылған ғылыми талдау. Және ғылыми зерттеу мейлі жеке, мейлі ұжымдық болсын, арнаулы мекеменің сараптамалық пікірінсіз көпке ұсынылмайды.

Ал соңғы кезде демеушінің немесе басқа жолдармен «сараптаманы шығарушы өзі дайындап, қоғамға белгілі ғалымның аты-жөнін қойып» бастыра беретін болды.

«Көпке топырақ шашу…», «тегіңе тіл тигізу» сайып келгенде өзіңді жоққа шығару ғой. Иә, «Бір қарын майды бір құмалақтың ірітетіні» рас. Десе де, «Жаманын жасырып, жақсысын асырған», «Тентегін тезге салған» атаның ұрпағы едік, бізге не болған?!

Өткеніміздің өткеліндегі «қателер» бүгінгілерге сабақ болып, жақсылықтың жаршысы болуға кім және не кедергі?! Елімізді қорғайтын азаматтардың тоз-тоз болып айтысқаны кімге өнеге?!

Ағасы ақыл айтса, інісі тыңдаушы еді. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен без» деген дана халқымыз. Алаш арыстары әсіре діншіл болмағаны, өркениет оқу мен ғылымда деп, сол жолда «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп, ақтық демі біткенше күрескені тарихтан мәлім. Олар да өз араларынан шыққан арандатушыларға «Алаш азаматтары! Сендер адаспаңдар, сендер адассаңдар артыңдағы жұрт адасады» деп жөнге салды емес пе?!

Сол жолды өнеге тұтып адаспайық деп «Адырна» порталы төбе би болуға әрекет етуі құптарлық іс. Оны сан-саққа жүгіртіп, төртеудің татуласына жұмыс жасаудың орнына «от» тастап «айтақтауға» дайын тұрған топтың «шоқпарына» айналмаңыздар дегенді айтуды — ахметтанушы ретінде өзіме парыз санадым. Абай хәкім айтқандай ұнатпасаңыздар «өз сөзім өзімдікі».

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543