Косово мысалы: Бір тілді қоғам құра алмай келеміз...
Әңгімені, қарт Еуропаның Балқан түбегінде орналасқан, жартылай ғана тәуелсіздігі мойындалған, кішігірім Косово республикасынан бастайық.
Аумағы жағынан шағын болып келетін, бұл республикаға назар аударғанымыздың негізгі себебін айта кетейін. Осыдан талай жыл бұрын, орыс газеттерінің (Ресейлік) бірінен (атын ұмытып тұрмын), «Судьба Косово» деген ауқымды, зерттеу мақаласын оқыған болатынмын. Кезіндегі, Югославия (СССР секілді) мемлекеттің құрамында одақтас болған, Сербия республикасының ішіндегі, кішкентай ғана Косово елі туралы мынандай деректер жадымда қалыпты.
Онда былай дейді: Сербия билігінің өз уақытында Косовалық албандарға өзінің ұлттық мектептерін жаппай ашып бергендігі, үлкен қателі болды деп айтылады. О баста, тек қана серб тіліндегі оқу жүйесін кіргізіп және осы тілде олардың өсіп-өнер ұрпақтарын оқытқанда, қазіргідей қару кезеніп, тайталасқан тәуелсіздікке ұмтылған, жалынды жастарды, сондай-ақ, қарулы жасақтарды кездестіру мүмкінболмас еді. Бұл, Сербтарабынан жіберген саяси ағаттығы болды, - делінеді. Мемлекетті біртұтас қылып ұстап тұру үшін, оның ішіндегі ұлт өкілдеріне тіпті, көнеден өз атамекенінде отырса да, оларға ана тілінде тұтас мектептер ашып беру, алдағы үлкен жанжалдыңкілті деуге болады. Егер, сол Косовалық албандар серб тіліндегі мектептерде оқып, білім алса, славяндардың тілін, мәдениетін, әдебиетін кісілік қалпын бойларына сіңіріп өсірер еді. Сербтерге мүмкін біршамасы сіңіп те кетер еді, - деген мақаладағы пікірле ойымда ап-анық қалыпты. Менің ұққаным, біз ресейліктер өз ішіміздегі өзге ұлттарды қалай ұстаудамыз, ал, сендер (сербтерге айтады), бармақтай Косоваға шамаларың келмей, тәуелсіздігін беріп қойдыңдар, - дегендей мағынаны білдіреді. Тоқсанауыз сөздің тобықтай түйіні - Косовалық албандардың ана тілін баяғыда-ақ жоғалту керек еді, - дегені ғой.
Шындығында, әлем тарихына қарасақ, әр ұлтты немесе ұлт өкілдерін (этнос) бодандықта ұстаудың алғышарты, ана тілінен айыру. Тілінен айырылған қай ұлт болмасын, ұлттық дәстүрін, тарихын, келе-келе өзінің діни сенімін жоғалтып, тобырға айналады. Ассимиляцияға түседі. Ұлт ретінде жойылады. Ең қауіптісі осы.
Кезіндегі Бұхара хандығын алайық. Талай ғасырлық, тіпті, бірнеше мың жылдық тарихы бар Орта Азиядағы көне де ұлы шахардың тұрғындары кезінде кім еді? Мыңдаған жылдар ағымында, қолөнері мен сәулеті, егін егу, мақта жинау және түрлі жеміске толы бақша өсіру дағдысы аса жоғары дамыған, сондай-ақ, айналасындағы елдермен сауда-саттық жұмысын айтарлықтай жақсы жолға қоя білген, Бұхара өлкесі сонау көне заманнан Иран тектес Согдия тұрғындары болатын. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап, Бұхара аумағы жаңадан құрылған Өзбекстан республикасының құрамына кірді. Сол бір тұста, бірнеше миллионға жуық сол өңірдің ежелгі тәжік болып келген тұрғындары, өзбек болып жазылады. Әрине, өзбек билігі тарабынан, сол арадағы қалың қауымды алдап, арбап, күштеп әйтеуір өзбек қылып жіберді. Және, тек қана өзбек тілінде ғана мектептер ашып, осы тілде білім алуға, сауатын жетілдіруге мүмкіндік берді. Екі ұрпақ ауысқан соң, бұл арадағы көнеден келе жатқан кезіндегі тәжіктер, жаңа ұлт өзбек болып қалыптасты. Олардың ата-бабасының алтын тарихы өзбек елінің еншісіне өтті. Сонымен, бір кездегі тіл мен дәстүр жағынан парсыларға жақын согдиялықтар өздерін жоғалтып, көрші ағайын өзбек жұртына жұтылып кетті. Тіпті, сондағы қазақтың біразы да, әр заманның ыңғайына қарай, осы күнгі өзбекке айналды. Бұл шындық! Мемлекеттегі бір қоғам, бір тілділіктің құдіреті деген осы!
Ал, біздің елде екі қоғам бар. Қазақ тілді және орыс тілді. Бұл қоғамдар үнемі тебісі күн көреді. Шынын айту керек, бұл мемлекеттің келешегі үшін үлкен қауіп! Билік әрдайым назар аударып, байқап отырмаса, алдағы кездесетін түрлі оқиғалар, елді жарып жіберуімүмкін және бұл көп қиындық тудырмайды. Сондықтан, мемлекет қазақтікі болып саналған соң, сонымен қатар, елдегі қазақтардың саны жетпіс пайыздан асқандықтан және көпшілігі мұсылман жұрты болып табылатындықтан, қазірден бастап мүмкіндікті мемлекеттік тілге, қазақ тіліне толық бермесе және осы тілді елдегі әр сала бойынша жоғары қарқынмен дамытпаса, Мәңгілік қазақ елі болып қалу екі талай дүние.
Егер, айналадағы өсіп-өркендеген елдерге қарасаңыз, мысалы: құрамында көптеген автономды республикалары бар Ресейде де, бірнеше ғасыр бойы талай ұлтты жұтып, бір ұлтқа айналдырған Қытайда да, ағайын ел Түркияда да (бұл елде 18-25 миллионның аралығында күрд тұрғындары бар) және Иранда да (біразы әзербайжандар), бір қоғам, бір тіл. Сол секілді, Өзбекстанда, бір Мемлекеттік өзбек тілімен өзгелерді өзбекке айналдырды және темірдей мықты мемлекет қалыптастырды. Ал, бізде ше?! Крыловтың мысалындағы: аққу, шаян және шортанның ісі сипатты. Міне, осыларды көріп жүріп, тәуелсіздігімізг отыз жылдан асты, әлі күнге дейін ешбір шара қолданбадық. Бұл, әлсіздігімізді, сондай-ақ, тым жасқаншақтығымызды көрсетеді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев та, орыс тіліндегі мектептерді бітірген және жоғарғы оқу орындарында да орысша оқыған екен. Дегенмен, жетекшілік етіп келе жатқан мемлекеттерінде, істі өз ана тілдерінде жүргізеді ғой. Ал, неге бізге солай етпеске?!
Қайран, Абай атамыз айтқандай: «Баяғы жартас, сол жартас, қаңқ етер, түкті байқамас».
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz