Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2860 0 пікір 12 Тамыз, 2013 сағат 05:24

Сәкен Сыбанбай. Қазақтың төбесінен төніп сөйлеуді қашан қоямыз?

Өткен аптада «Айқын» газетінде (01.08.2013) «Нұртөреге хат!» деген тақырыппен саяси ғылымдар докторы, профессор, сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының ой-пікірі жарияланды. Автор басылымның бас редакторы Н.Жүсіптің кейінгі уақыттағы бірнеше көкейкесті мақалаларында көтерілген мәселелерге орай үн қосқан екен.  Алайда мен хаттағы кей уәждермен келісе алмадым.

Жалпы, баспасөз бетінде өз көзқарасын білдірушілердің (мейлі, журналист болсын, мейлі, басқа саланың адамы болсын) қазақтың билігіне айтуға тиіс сынын қарапайым қазаққа бағыттай салатын әдеті әлі басылар емес. Жарайды, мемлекеттің жауапты тұлғаларын тікелей сынауға шама келмейді, түсінеміз (бәріміздің басымыздағы кеп). Бірақ оған былайғы жұрттың кінәсі қанша? Неге біз қазақ мемлекеті жасауға тиісті, бірақ сол күйі жасалмаған жұмыстарға қарапайым қазақты жазғырып сөйлейміз?

Өткен аптада «Айқын» газетінде (01.08.2013) «Нұртөреге хат!» деген тақырыппен саяси ғылымдар докторы, профессор, сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының ой-пікірі жарияланды. Автор басылымның бас редакторы Н.Жүсіптің кейінгі уақыттағы бірнеше көкейкесті мақалаларында көтерілген мәселелерге орай үн қосқан екен.  Алайда мен хаттағы кей уәждермен келісе алмадым.

Жалпы, баспасөз бетінде өз көзқарасын білдірушілердің (мейлі, журналист болсын, мейлі, басқа саланың адамы болсын) қазақтың билігіне айтуға тиіс сынын қарапайым қазаққа бағыттай салатын әдеті әлі басылар емес. Жарайды, мемлекеттің жауапты тұлғаларын тікелей сынауға шама келмейді, түсінеміз (бәріміздің басымыздағы кеп). Бірақ оған былайғы жұрттың кінәсі қанша? Неге біз қазақ мемлекеті жасауға тиісті, бірақ сол күйі жасалмаған жұмыстарға қарапайым қазақты жазғырып сөйлейміз?

Мәселен, жоғарыдағы хатында М.Бақтиярұлы былай дейді: «Францияны француз тілінсіз, Ресейді орыс тілінсіз, өзбектерді өзбек тілінсіз көз алдыңызға елестету мүмкін емес. Ал бізді қазақтілінсіз елестетпек түгіл, ұлтымыздың тең жартысы өзге тілде сөйлесіп жүргенін күнде көріп жүрміз ғой. Бұған кім кінәлі? Тек өзіміз ғана». Күмән тудыратын «тең жартысы» деген сөзге тоқталып әуре болмай-ақ, бірден «кінәліні» анықтайық. Рас, анықтайтын ештеңесі жоқ: автор тауып та қойыпты – «өзіміз ғана». Бұлар кімдер сонда? Қазақтар. Жарайды, енді мынаны айтыңызшы. Осы «Айқын» газетінің 40 мыңнан астам оқырманы бар. Осы басылымға жазылып, жабыла оқып жатқанына қарағанда «өзге тілде сөйлесіп жүргендердің» қатарынан болмаса керек. Сонда әлгі бәріне кінәлі «өзіміздің» ішінде олар да кете ме? Неге ат төбеліндей нигилистер мен мәңгүрттер үшін ана тілін әрдайым ардақтайтын, сол үшін өзгелермен қызылкеңірдек боп айтысатын нағыз қазақ та айыпты болуы керек? Ол үйінде де, көшеде де, мекемеде де қазақша сөйлейді, балаларын қазақша оқытады, түнгі үште тұрып қазақша концерт көреді. Үкіметте, парламентте, басқа да билік сатыларында қазақ тілінің қолданылмай отырғанына ондай жерге өмірінде бас сұғып көрмеген, бұдан былай да бас сұғуы неғайбыл сол қазақ кінәлі ме?..

Жоқ. Демек, кінәліні жалпылама емес, анықтап айту керек. Мен әйтеуір екі кінәліні білемін: бірі – сол ана тілін ұмытқандардың өздері, екіншісі – 22 жылдан бері қазақ тілін 1 миллиард емес, 100 миллион емес, 16-ақ миллион халық түгел білетін тілге айналдыра алмай отырған билік. Өкінішке қарай, мұның екеуі де «Айқын» газетін (қазақ баспасөзін деп ұғыңыз) оқымайды. Оларға сынды басқа тілде айту керек. Ал мынауыңыз – тағы да сол бәріміз талай жылдан бері басына ит терісін қаптап, өлтіре сынап, жер-жебіріне жете жамандап үйреніп қалған байғұс қазаққа бағытталған жүз мыңыншы, әлде миллионыншы сын-сымақ... 

Хатты одан әрі оқиық. «Қазақ тілі қазаққа керегі жоқ. Қазір қазақ үшін қасиетті еш нәрсе қалған жоқ сияқты» деп жазады М.Бақтиярұлы. Шынымен солай ма? Осы сөзді қазақша жазып отырған профессорға қазақ тілі керек емес пе? Осы хатты жариялап отырған қазақша газетке қазақ тілі керек емес пе? Керек шығар, не Құдай ұрыпты... Сонда кімге «керегі жоқ»? Тағы да айдалаға атылған жалпылама оқты қайырып әкеліп, негізгі нысанасына бағыттауға мәжбүрміз: қазақ тілінің қазаққа емес, ҚАЗАҚ БИЛІГІНЕ керегі жоқ. Дәлірек айтсақ, дәл қазір солай болып тұр. Ертең ғайыптан тайып керек боп қала ма, жоқ па, ол да белгісіз. Ал билік керек қылмаған тілді сол мемлекеттік кеңселерде кердеңдеп жүрген тіл білмейтіндер, білгісі келмейтіндер үйреніп қайтсін?!

Көрдіңіз бе? Қазақ тілін керек қылмайтындар – басқалар. Бірақ кінәлі – тағы да қазақ...

Автор сондай-ақ кезінде еріккеннің бәрі ермек қылған, Құдай жарылқап, әйтеуір кейінгі жылдары баспасөзден біржола құрығандай көрінген «Қазақтың жауы – қазақ» дейтін бір жексұрын сөзді қайта жаңғыртыпты. Ол «Бүгінгі қазақ деп аталатын ұлттың бір-ақжауы бар. Ол – ұлттық сана мен болмыстың кемдігі. Өзін-өзі қортұту, өзін-өзі кемсіту, өзіне емес, өзгеге жалтақтау, отарланған ұлттық нигилизм» деп жазып келеді де, аяқ астынан әлгі «бір-ақ жауды» қайта көбейтіп жібереді: «Қазақта бұдан бас қадажау көп. Кейде мен қазақтың негізгі жауы қазақпа деймін. Қазақ өзін-өзі қортұтады, өзін-өзімен сінбейді...» дейді.

Бұған жазушыМұхтар Мағауинның мына сөзімен-ақ жауап беруге болар еді: «Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауынеміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әліде екі бөлініп отыр, «кәрістің жауыкәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақжарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауывьетнам» деп ешкім айтқан жоқ. «Адамадамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды.

Алайда М.Бақтиярұлының жоғарыдағы сөздері толығырақ түсініктеме беруді қажет етеді. Біріншіден, рас, «ұлттық болмыс пен сананың кемдігі» бүгінгі қазақта бар. Оның тарихи себеп-салдарын саяси ғылымдардың докторы, сенат депутаты бізден жақсы білетін болар. Ұлттық сананы қайта қалпына келтіріп, қалыптастыру үшін, ел рухын ояту үшін, халықтың бойындағы өзін қор, өзгені зор тұту, өзіндегі бардың бағасын білмей, басқаның қаңсығын таңсық көру, жасықтық, жалтақтық секілді сезімдерді түп-тамырымен жою үшін әуелі ұлтты отарсыздандыру қажет екені де мәлім. Ал ондай саясат бізде жүргізілген жоқ, жалпы ондай ниет байқалмайды да. Яғни, дәл қазіргі  биліктің бұл бағыттағы әрекетсіздігі – дерттің шипасын біле тұра емдеуге тырыспаған дәрігердің тірлігі секілді. Бірақ, Құдайға шүкір, ел ішіндегі көзі қарақты, жүрегі ұлт деп соғатын азаматтардың жіті бастамаларының, жігерлі қимылдарының арқасында, арғы-бергі тарихтан хабары бар білікті жастардың үгіт-насихаты нәтижесінде қарапайым қазақ мемлекеттің көмегінсіз-ақ ептеп ес жиып келеді.

Екіншіден, жасыратыны жоқ, ел еңсесінің езіле беруіне қолындағы қаламын қазақтың арқасында ойнар қамшымен шатастырып, шошаңдата беретін жазғыштар да «еңбек сіңіріп» жүр. Жоғарыдағы мақаланың авторы М.Бақтиярұлының өзі де «қазақтың негізгі жауы – қазақ», «қазаққа қазақ тілі керек емес», «қазақта қасиет қалмаған» деп, бірталай жерге апарып тастапты ғой. Сол сияқты баспасөзден, басқа да ақпарат құралдарынан күнде миын жеп, тұқырта берсе, қазақ өзін-өзі қор санамағанда қайтеді? Жалпы, «Қазақ сондай», «қазақ мұндай» деп сұңқылдауды, өзімізді халықтан үстем санап, қазақтың төбесінен төніп сөйлеуді қашан қоямыз?

«Балтық жағалауындағы жапырақтай Латвияда екі жарым миллион халық тұрады, оның бір миллионы орыс болғанына қарамастан, елдегі бүкіл оқу жүйесі латыш тілінде, барлық іс-қағаздар мемлекеттік тілге көшірілген. Әзірбайжан мемлекетінде 11 телеканал бар, барлығы да әзірбайжан тілінде көрсетіледі. Ресейдің ақпарат құралдары бұл елде шектеулі. Көрші жатқан Өзбекстан, Түрікменстан өздерінің рухани өңірінде таза ұлттық даму жолына түсті. Бодандықтан азаттық алған елдердің басым көпшілігі өзгеге құл болмай, ұлттық құндылықтар негізінде азат өмір сүруге ұмтылуда. Құлдық сезімде болмаудың, ұлтты ұлт етіп сақтаудың бір ғана жолы  ана тілін сақтау, яғни, осы тілде сөйлеу, оны қызғыштай қорғау. Біздер неге осы кезге дейін елдегі басқа этностардың қамына ерекше жағдай жасаумен келеміз, ал өз ұлтымызды, тілімізді назардан тыс қалдырып келе жатырмыз деп жазады М.Бақтиярұлы одан әрі.

Дұрыс сөз. Бірақ бұл сауалды біз қарапайым қазаққа емес, билікке қоюымыз керек. «Бізде неге оқу жүйесі түгел қазақ тілінде емес, барлық іс-қағаздар неге мемлекеттік тілге жүргізілмейді, телеарналарымыз неге түгелдей қазақшаға көшпейді, Ресей ақпарат құралдарына қашан шектеу қойылады?» деп мемлекеттен сұрайық, талап етейік. Өйткені, жоғарыда аталған елдердегі әлгі игі істерді инженер латыш, наубайшы әзербайжан, диқан өзбек, жылқышы түрікмен жасап отырған жоқ, МЕМЛЕКЕТ атқарып, ұйыстырып отыр. Біздің мемлекет неге сондай әрекет жасамайды?

«Мемлекет – әке болса, халық – бала» деген екен ежелгі үнді ойшылы Тулсидас. Мемлекет ел үшін еңбек етсе, ел де есерсоқ емес, мемлекетке қарап, ол да ұмтылар еді. Егер әке, аударылып қалған қоңыздай, шалқасынан түсіп диванда жата берсе, бала одан нендей өнеге алады? Баланы еңбекке баулу үшін әке оған сөзімен емес, ісімен үлгі болуы керек емес пе? Мемлекет те халыққа адал еңбектің ерен үлгісін көрсетуге тиіс. Ал әзірге мемлекет бізге «өзім тойсам болды, өзге өмірем қапсын» деген ашкөз обырлықтан, «бүгін бармын ғой, ертең күл болмаса бүл болсын» деген тоғышарлықтан, «бәрінің де бағасы бар» дейтін жемқорлықтан ғана үлгі болып отыр. Мектеп директорлығынан бастап, сонау билік дәліздеріне дейінгі қызмет атаулының «ашық сатылымда» екенін көріп-біліп отырған қарапайым халық мемлекетке қалай сенеді?

«Бүгінгі қазақтың құлағы керең, терісі қайыс, санасы сөнген» дейді, шамасы, қазақтан әбден түңіліп, беті бері қарамастай болған Мұрат Бақтиярұлы. Енді бұл сөзіне келіспеске лажым жоқ.

Рас, мемлекеттің өтірігіне мелдектеп тойған қазақтың құлағы бітелді.

Рас, айып басқа ұлт өкілінен болса да, қазақты кінәлі деп тауып жазалайтын биліктің өресіздігінен таяқты жей-жей тілінген терісі қара қайыс болды.

Рас, «осы – менің мемлекетім, осы – қазақтың мемлекеті, демек, осы мемлекет қашанда менің, қазақтың мүддесін бірінші орынға қояды» деген үміті жел өтіндегі оттай өлеусіреп, сөнгелі тұр. 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347