Сұхбат: Ұлтаралық бірлікті сақтаған елміз...
Еліміздің татулығы мен бірлігін сақтауға қызмет ететін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Ассамблеяның негізгі құрылымдық бөлімшесі ретінде ақсақалдар кеңесі қазақстандық патриотизмді нығайтуға азаматтық, мәдени және рухани қоғамды қалыптастыруға үлес қосуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің негізгі функциясы қандай? Көп ұлтты мемлекетіміздегі қоғамдық және ұлтаралық келісім қалай жүзеге асуда? Жалпыұлттық бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қандай? Осы сынды өзге де сұрақтар төңірегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласында орналасқан «Ақсақалдар кеңесінің» орынбасары Болат Оспановпен әңгімелестік.
- Болат Мұсақажыұлы, ең алдымен Ақсақалдар кеңесінің жұмысына тоқталсаңыз. Сіздерге жүктелетін негізгі міндеттер қандай?
- Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті- еліміздегі татулық пен бірлікті, ұлтаралық келісімді сақтау. Сонымен қатар әр ұлттың мәдениетін, тілін, ділін сақтай отырып Қазақстан елінің дамуына да өзіндік үлес қосу. Ал Ассамблея жанынан құрылған «Ақсақалдар кеңесі» аты айтып тұрғандай қоғамымызды дамытуға үлес қосатын, өзіндік пікір қалыптастыратын, еліміздегі түйткілді мәселелерге үн қосатын құрылым. Алматы қаласында 100-ге тарта ұлттың өкілі тұрады. Олардың ішінде саны жағынан басымырақ 9 ұлт бар. Олар: қазақтар - 60,58 %, орыстар-24,3%, ұйғырлар 5,34%, кәрістер-1,78%, татарлар-1,29%, украиндер-0,52%, әзірбайжандар-0,71%, өзбектер-0,63%, дүнгендер-0,56%. Біздің қаламызда 38 этномәдени бірлестіктер бар. Оның 8- республикалық, 30- жергілікті этномәдени бірлестіктер. Шаһардағы этномәдени бірлестіктердің басты мақсаты еліміздегі татулықты, бірлікті, ынтымақ пен толеранттылықты сақтай отырып, әр ұлттың мәдениеті мен руханиятының дамуына үлес қосу. Бүгінде этномәдени бірлестіктер бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Әр орталық өз тілін, ділін, мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, мемлекеттік тілдің дамуына да үлес қосуды көздейді.
- Ақсақалдар кеңесінің мұрындық болуымен қандай іс-шаралар өтті. Қаламыздағы қоғамдық және ұлтаралық келісімді сақтауға қандай үлес қостыңыздар?
- Биылғы жылдың басында Алматы қаласы бойынша «Жетісу казактарының одағы» мен «Башқұрт» этномәдени бірлестігі тіркелді. Бүгінге дейін қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен әр түрлі форматтағы 51 іс-шара өтті. Бұл іс-шараның барлығы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауға арналған шаралар. Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы филиалында «Ақсақаладр кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ассамблея жастары» атты құрылымдары бар. Бұл құрылымдардың барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жақсартуға, саяси реформаларды жүзеге асыруға атсалысуға жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акциялары, еріктілердің қызметі де ел игілігіне бағытталған жұмыстарды атқарады. Ақсақалдар кеңесі ғана емес Ассамблеяның барлық құрылымдары бір-бірімен тығыз байланыста екенін айтқым келеді. Біздің ортақ мақсатымыз- ұлтаралық келіспеушіліктерді болдырмау. Сонымен қатар медиация, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбие беру, өзге ұлттар арасында мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру сынды жұмыстар Ақсақалдар кеңесінің басты мақсаты болып табылады. Жыл басында Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі өткен болатын. Алқалы жиынға Ассамблея мүшелерімен қатар, «Ассамблея жастары», «Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубы», «Аналар кеңесі» мен этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Алқалы жиынның басты тақырыбы өткен жылды қорытындылап, алдағы жылға жоспар құру. Негізгі атқаратын жұмыстар мен жоспарды құрып, Ассамблея жұмысын айқындау. Одан бөлек, Алматыдағы «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» мүшелері қаламыздағы Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің студенттерімен арнайы кездесіп, жас ұрпаққа зиянды әрекеттерден аулақ болу, ұлттар арасындағы бірлікті сақтауға үндеп, салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға қажет тақырыптарды қозғай отырып оларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жастармен кездесуден бөлек, біздің кеңес Алматы тұрғындарын да жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Жыл басынан бері Ақсақалдар алқасы 30 тұрғынның жеке мәселесі бойынша қабылдап, оның сәтті шешілуіне мұрындық болды. Тұрғындардың басты мәселелерінің бірі - жұмыссыздық мәселесі. Осы ретте «Ақсақалдар кеңесі» қаламыздағы 26 тұрғынның тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етті. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесінің тікелей қатысуымен қайырымдылық акциясы аясында көмекке зәру отбасыларға 198 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.
- Ұлтаралық татулықтың белгісі әр ұлт бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрін, тілін, ділін құрметтеу. Біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлттардың мемлекеттік тілімізге деген құрметі қандай? Тіл үйренгісі келетіндерге қандай бағдарламалар бар?
- Әрине қаламыздағы ұлттардың бірлігі біз үшін өте маңызды. Дегенмен мемлекеттік тілімізге деген құрмет қай кезде болсын ерекше болуы керек. Қазақ тілін үйренгісі келіп, арнайы курстарға қатысқысы келетін жастардың қатары көп. Әсіресе еліміздің мәдениеті мен өнеріне қызығып, бай әдебиетімізге де қызығушылық танытатындар бар. Тіл үйренгісі келетін жастарға ғана емес, барлық санаттағы адамдарға арналған «Қазақ тілін жылдам үйрену» курсы бар. Оған кез келген тіл үйренгісі келетіндер қатыса алады. Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы қазіргі таңда өте қарқынды жүргізіліп жатыр. Алматыдағы мәдени бірлестіктер бір-бірімен тығыз қарым қатынаста. Алматыда 10- ға тарта ұлттың өз баспасөз басылымдары бар. Олар: неміс республикалық «Deutsche Allgemeine Zeitung» газеті, түріктердің «Ахыска» газеті, кәрістердің «Коре ильбо» газеті, ұйғыр ұлтының «Уйғур Авази», күрдтердің «Жаийна курд» газеттері. Қаламызда 4 мәдени ұлттық театр бар. Осылардың барлығы еліміздегі мәдени іс-шараларға белсене атсалысады. Ең бастысы 100 ұлтты біріктірген еліміздің басты мақсаты ұлтараздықты қоздырмай, бейбіт елде бейбіт болашақты тәрбиелеу. Ынтымақ пен бірлікте өмір сүру. Сол үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі маңызды екенін тағы да атап өткім келеді. Сонымен қатар ассамблея жастарынан құрылған ерікті жастардың да жұмысын атап өткім келеді. Қазір қоғамымыз мейірімділік пен қайырымдылыққа зәру. Әр түрлі жағдайды басынан кешіріп, қолдауды қажет ететін отбасылар бар. Алматыдағы әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға волонтерлер тарапынан қайырымдылық көрсетілді. Ақсақалдар кеңесінің тағы бір атқарған іс-шарасын осы жерде айта кетейін. Біз қаламыздағы жастармен, студенттермен , мектеп оқушыларымен арнайы кездесеміз. Қазіргі қоғам дертіне айналған нашақорлық, есірткіге тәуелділік, ішімдік пен темекі сынды зиянды әрекеттерден аулақ болуды насихаттаймыз. Жастармен пікір алмасамыз. Болашағымызды теріс әрекеттерден қорғау біздің азаматтық парызымыз.
- Ақсақалдар кеңесінің алдағы жоспары қандай? Ассамблея жұмысын жоғары деңгейге көтеру үшін әлі де не істелуі керек?
- Біз өз миссиямызды алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Ең бастысы ұрпақтар сабақтастығы байланысын үзбеуі керек. Қазір әлемде сан түрлі қақтығыстар болып жатыр. Аспанында бір күн тыныштық жоқ, жанын шүберекке түйіп отырған елдер де бар. Біз осы тыныштығымызды, бірлігімізді бағалауымыз керек. Бір қарағанда форумдар мен кездесулер, жиындар, тренингтер нәтижесіз көрінуі мүмкін. Дегенмен де бұл кездесулердің маңызы зор. Біз татулықты, бірлікті, ынтымақты насихаттаған сайын жастарымыздың бойына сіңіреміз. Сондықтан да ел игілігі үшін жұмыстарымыз жалғасады. Ассамблея жұмысын жаңа белеске көтеру үшін қазір озық технологияларды қолданып, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді атқаруымыз керек деп ойлаймын. Қазір цифрлық технологияның заманы. Одан бөлек әлеуметтік желілер де үлкен құралға айналды. Қазір Ассамблея әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамытып жатыр.
Мақпал Махаметқызы
Abai.kz