Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 2763 1 пікір 16 Қазан, 2023 сағат 12:59

Жаяу қазақ - мазақ

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

Жиырмасыншы ғасырдың таңғажайып жаңалығының бірін, яғни ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға қазіргі Қазақстан аумағында үйреткендігінің археологиялық дәлелін әлемге әйгілеген - отандасымыз, неміс ұлтының өкілі, тарих ғылымының докторы, профессор Виктор Федорович Зайберт (1947-2022).

Ғалымның 1980 жылы ашқан басты жаңалығы - Ботай мәдениеті. Орналасқан аумағы - Сол­түстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Қазан ауылдық округіне қарасты Никольское елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай біржарым шақырым жерде, көлемі 15 гектар.

Ботай мәдениетінің құндылығы жайлы археолог В.Зайберттің тұжырымдамасында: «Ботай қонысы Орталық Азия даласында жылқыны қолға үйретудің ең алғашқы археологиялық дәлелі іспеттес. Сонымен қатар қоныстан табылған керамикалық ыдыстардан липид пен сүт майларының қалдықтары табылуы - мұнда жайы­лым­­дық жылқы шаруашылығы болғанды­ғының бір дәлелі. Яғни б.з.д. IV мың жылдықта қазақ даласында жылқы қол­ға үйретіліп, қымыз дайындалды. Со­нымен қатар ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыс құрал-саймандарды пайдаланды. Оларда сурет­шілік, зергерлік өнері ерекше дамыды. Кейбір артефактілердің жасалу шеберлігі таңғалдырады. Бұл мәдениет соңғы алты мың жыл ішінде, андронов, сақ-сармат, қаңлы, түрік-қыпшақ, т.б. еуразиялық дала­лық мәдениеттер арқылы жүйелі дамып, олардың тарихи-мәдени, этностық, антро­пологиялық ерекшелігін бойына сіңіре отырып, қазіргі түрік этносына қосылды», деп жазылған (egemen.kz 09.02.2021).

Расында да, бұл тарихтағы таңғажайып жаңалықтардың бірі еді. Қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Басқа халықтардай емес, қазақтың жылқыны аса қастер тұтатынының да астарында осы жайлар жатқанын аңғарамыз. Осыдан 5-6 мың жыл бұрын бабаларымыздың адамзат өркениетіне тұңғыш көлік құралы - жылқыны әкеліп, бұл түлікті қолға үйреткені шынымен таңқаларлық жағдай. АҚШ, Англия, Германия, Қытай және Иран ғалымдары Ботай мәдениеті жайлы тарихи деректерге негізделген пікірлерін білдіріп, жер астынан табылған адам мен жылқының сүйектерін, қымыз ішетін ыдыстарды терең зерттеп, адамдар бұл өлкеде 5300 жыл бұрын өмір сүрді деген тұжырымға келген. Батыс ғалымдарының бұл айтқан пікірлеріне сүйенсек, тіпті ежелгі өркениеттің бір діңгегі - Грекияның өзі жылқыны біздің бабаларымыздан әлдеқайда кеш қолға үйреткенін дәлелдей түседі.

Жылқыны қолға үйрету арқылы қазақ халқының көне замандағы бабалары өз дәуірінде басқаларға қарағанда орасан зор үстемдікке ие болды. Шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалап, дүниеге жаңа киім үлгілері мен құрал-жабдықтар үлгілерін әкелді. Жақында ғана Германия ғалымдары орталық Азия аумағынан табылған, осыдан  3 мың жыл бұрын теріден тігілген шалбарды қалпына келтіріп, оны дүниеге әкелген түркі тектес көшпенділер екенін дәлелдеген еді. Ал, бес қаруын асынған салт атты көшпенділер жауларын тасқын судай жайпап өтіп, ұлы империялардың іргетасын қалағаны күллі әлемге әйгілі тарихи шындық.

Қазіргі уақытта алдымен бір Алланың, одан кейін табиғи генінің өте мықтылығының арқасында қазақ халқы Тәуелсіз мемлекет құрып, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы 190-нан астам мүшелері қатарында ХХІ ғасырдың көшіне ілесіп келеді. Бірақ өткен бір ғасырға жуық уақытта қазақ халқының мінез-құлқы, салт-дәстүрі, тіпті сыртқы келбеті де өзгеріске ұшырап, өзінің ұлттық құндылықтарын бірте-бірте жоғалтып, тілі адам түсінгісіз жағдайға жетіп, шұбарланып кеткені жасырын емес.

Осыдан 6 мың жылдан бұрын жылқыны қолға үйретіп, сансыз атты әскер жасақтап, жер әлемді жаулаған Ұлы түркілердің бүгінгі ұрпағының бірі - қазақ халқының соншама күйзеліске ұшырау себебі әлем жұртшылығының да назарына ілігіп отыр.

Мысалы, қазақ халқы туралы Италияның жиһанкез кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім,» – деп жазғаны белгілі. Ағылшын комигі Саша Барон Коэн қазақтарды «Борат» атты кинокомедиясында сайқымазаққа айналдырғанына бүкіл әлем куә болды. Ал Ресей мемлекетінің Жировский, Никонов, Федоров сияқты шовинистері мағынасы қазақта мемлекет болмаған, тайпа-тайпаға бөлініп мал баққан жабайылар сияқты деген қорлауға толы пікірлерін ашық айтқан еді.

Осы мысалдардың өзінен ғана қазіргі қазақтың біртіндеп мазаққа айналып бара жатқанын көруге болады. Біз бұл үрдіске «Жаяу қазақ - мазақ» деген айдар тақтық.

Ұлы бабаларымыздың атқа мінгеніне 6 мың жылға жуық уақыт өтіпті. Олар атқа мінген соң, жермен аттың төрт тұяғы арқылы байланысты. Аттың үстіне шыққаннан кейін көз алдындағы көкжиегі кеңейді. Басқа халықтар сияқты неден қорықса, содан құдай жасаған жоқ, керісінше аспанға, жұлдызға қарап ой-өрісін дамытты. Тәңірге, Аллаға табынатынымыз да содан. Бұл тұрғыда тарихшы-этнограф Ахмет Тоқтабай: «Біз атқа б.д.б 6 мыңыншы жылы отырып, 1929 жылы түстік. Одан кейін қазақтың рухы өшті. Ал 1958 жылы Қытай қазақтары аттан түсті. Енді біздің мақсатымыз - жылқы тарихын, мәдениетін әлемге көрсеткен халық ретінде оны жастарға үйретуге тиіспіз. Және жылқының санын өсірмей, халқымыздың рухы көтерілмейді. Неге десеңіз, 1928 жылға дейін 4,5 млн жылқы болса, 1897 жылы 6 млн жылқы болды. Қазір небәрі 1,5 млн ғана», - деп атап көрсетті (TURKESTAN.KZ  27.06.2019).

Сонымен шартты түрде қазақ халқы 1929 жылы аттан түсті деп есептесек, алдағы 5-6 жылдан кейін, яғни 2029 жылы қазақтың биік рухы төмендеп, бірте-бірте ұлттық намысын жоғалта отырып жасқаншақтық, ынжықтық, қорқақтық, сорлылық сияқты қасіретті бойына сіңіре бастағанына 100 жыл толады екен.

Осы бір ғасырға жуық уақытта «мың өліп, мың тірілген» қазақ не көрмеді? Ашаршылық, геноцид,  колхоздастыру, ІІ дүниежүзілік соғыс, атом бомбасының сынағы, тың көтеру сияқты нәубеттен әупірімдеп аман қалғанының көрген күні де мәз емес еді. 70 жылғы құдайсыз Кеңес үкіметінің «қызыл» саясаты «жығылғанға - жұдырық» дегендей, жаяу қалған қазақты тіптен есеңгіретіп, санасынан тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын біржолата жоюға бағытталды.

Қазақ жерін отарлаушылардың жүйелі түрде жүргізілген жымысқы саясатының нәтижесін бұрмаланған тарихымыздан, уланған жерімізден, бейшараның күнін кешкен тілімізден, жаһандану үрдісінен жойылуға айналған ұлттық құндылықтарымыздан, денсаулығы нашар, ата-баба салтынан мақрұм қалған өскелең ұрпағымыздан байқауға болады. Қысқасы, ұлтымыздың биік рухын жоғалтып, бірте-бірте барлық құндылықтарынан айырыла бастауының негізгі себебінің бірі, жаяу қалып, бейшара күйге түсуінде екені сөзсіз. Бұл сөзімізге қосымша дәлел ретінде өзіміз өткізген мына бір қарапайым экспериментті келтірейік.

Осыдан бірер жыл бұрын ауылдық жерде тұратын бір ауқатты жігіт жүлделік қоры қомақты көкпар ойынын ұйымдастырып, бізді қонақ ретінде шақырған болатын. Мезгіл көктемнің аяғына таяу, жер кеуіп, күн жылынған, айнала көктеп, жасыл желекке орана бастаған шақ болатын. Ауылға кіре берісте бізді 50-55 жастағы отағасы екі ұлымен қарсы алды. Ауыл сыртындағы жазыққа жиналған салт атты көкпаршылар мен қызық көруге келген жұрттың қарасы өте көп екен. Аттарын қыздырып, ары-бері ойқастап, шапқылап жүрген, күн мен жел тиіп, беттері күрең тартқан еңгезердей жігіттерге қарап тұрып, еріксіз сүйсінесің. Бес қару асынбаса да, көздері оттай жайнаған, жалғыз қамшының өзімен аса айбарлы көрінетін салт аттылар жер дүниені жаулаған қаһарлы түркі тектес бабаларымызды еске түсіреді. Мінген атының қызған қаны үстіндегі иесіне де әсер етіп, делебесі қоза түскен мұндай жауынгерге ешқандай тосқауыл қорқынышты болмаса  керек. Кеудеме мақтаныш сезімі ұялап, қазақ жарық дүниені жылқысыз елестете алмайтын шығар деп масаттанып тұрғанымда, көзіме бізді қарсы алған жігіттің машинасының жанында тұрған екі ұлы ілінді. Екеуі тетелес өскен, жастары 17-20 шамасында, қалада оқитындарын айтқан. Бұлар бойшаң болғанмен, шаштары корей жастары сияқты көздеріне түскен, қылқиған мойындары, жіп-жіңішке болып, иығымен бірге салбыраған қолдары, сұрақ белгісіндей иілген денелері анау атқа мініп шапқылып жүрген, өздерімен қатарлас көкпаршыларға мүлдем ұқсамайды. Көздерінде ешқандай от жоқ, смартфоннан көз алмайтын, ынжық екендері байқалып тұр. Қайтер екен деп, өзіміз көптен ойластырып жүрген эксперименттің сәті түскенін пайдаланып, екеуіне атқа қонуды бұйырдық. Зорлағандай болып, екеуін екі жуас атқа әрең дегенде отырғыздық. Таныс жігіттерге эксперименттің мән-жайын қысқаша түсіндіріп, екі баланы абайлап салт аттылардың тобына қосып, біраз шапқылатуды тапсырдық.

О, тоба! Біраз уақыттан кейін қайта айналып, жанымызға келген екі баланы танымай қалдық! Екеуінің беттері қызарып кеткен, жалдары күжірейіп, арқаланып алған, көздері жарқ-жұрқ етіп, жүздері сұсты күйге енген. «Әке, біз көкпар тартамыз, бізді командаға алды» деп, кезек-кезек ақырып тұр. Әкелерінің есі шығып кетті. Жоқ-жоқ, аттан түсіңдер, бір жерлеріңді ауыртып аласыңдар, сендерге көкпар тартуға болмайды, деп шырылдады. Біз оны жанымызға шақырып алып, ұйымдастырған экспериментіміз туралы айтып бердік. Балалар мінез-құлқының аз уақытта керемет өзгеріске түсуі себебін түсіндірдік. Оның бастысы, адам атқа мінгенде жаратылысынан қаны ыстық, еті қатпайтын жылқының қызуы тақымы арқылы ен бойына тарай бастайды. Ат пен адам біртұтас қан айналымына түсіп, біртұтас алпауытқа (ежелгі гректердің қорыққандары соншалық, бізің салт атты бабаларымызды «кентавр» деп атаған, яғни басы, екі қолы, кеудесі адам сияқты, ал қалған денесі, төрт аяғы жылқыдан жаратылған, алапат күшті, өзгеше жаратылыс иелері деп түсінген) айналады деп әсірелеп айтуға болады. Мұндай күйдегі рухы асқақтаған салт аттыны тоқтату немесе қарсы шығып, жеңу мүмкін болмаған.

Бұдан шығар ең басты қорытынды - кез келген қазақ баласы атқа қонғанда, мыңдаған жылдар бойы қанымен сіңген табиғи гені, болмысы, рухы оянып, әп-сәтте мінез-құлқы түбегейлі өзгеріске ұшырап, қаһарлы жауынгерге айналады. Бұл тұжырым іс жүзінде осылайша дәлелденді.

Реті келгенде айта кетсек, осы бағыттағы экспериментті кез-келген қызығушылық танытқан адам өзі іске асырып, көзін жеткізе алады. Қазіргі жастардардың, әсіресе қаладағылардың басым көпшілігі әлжуаз, ынжық, жылқыны тек суреттен ғана көрген, қымыз, саумалдың дәмін де татпаған ұрпақ екені жасырын емес. Ал ұзақ уақыт атқа мініп жүретін, жылқы етін жеп, қымыз-саумал ішкен адамның денсаулығы мықты, денесі шымыр, жаңа ұрпақ тудыра алатын әкелік әлеуеті өте жоғары болатыны бесенеден белгілі емес пе? Бұл мәселені академик Т.Шорманов ағамыз жылдар бойы жазып та, айтып та келе жатыр.

Соңғы жылдары қоғамымызда  үздіксіз талқыланып келе жатқан мәселенің бірі - қазақ ұлты рухының төмендеуі. Оның себеп-салдары туралы түрлі пікірлер айтылып та,  жазылып та жатыр. Ал біздің пайымдауымызша, негізгі себеп - қазақтың жылқыдан ажырап қалуында. Ежелден келе жатқан аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда, тарихи деректерде ешқандай тұлға жаяу жүріп соғысқаны немесе ерлік көрсеткені, батыр болғаны баяндалмаған. Керісінше, батырлар мінген сәйгүлік, арғымақ, қазанат, тіпті құлын-тай туралы әңгіме, ертегі, аңыз, мақал-мәтел, жыр-дастандар жетіп, артылады.

Егер жоғарыда айтылғандай, осыдан 6 мың жыл бұрын атқа қонған бабаларымыз сияқты жылқыны қастерлеп, жоғалуға жақын қалған атбегілік өнерімізді, ұлттық ат спортын қолға алып, халқымызды ең сүйікті жануарымен қайта табыстырмасақ, жаяу қазақ - мазақ болып қала бермекпіз. «Жыланды жеті жерден кессең де, шегірткедей қаухары бар» деген тәмсіл бар. Оған қарағанда қазақ ұлтының әлі де болса, таңғажайып табиғи генінің арқасында, әлеуеті өте жоғары. Бұл сөзімізге жақында ғана өткен «Ұлы дала жорығы - 2023» марафон бәйгесі дәлел бола алады. 1300 шақырымды 93 сағат 47 минутта бағындырған салт аттыларға қалай тамсанбассың. Ең қуаныштысы, бұл бәйгенің  жеңімпазы - біздің Жетісу облысының командасы екендігі.

Олай болса, бірегей Ұлт болып қалыптасқан, ұлттық салт-дәстүрін қастерлейтін, денсаулығы мықты өскелең ұрпақ тәрбиелейтін халық боламыз десек, түп қазығымыз - жылқы малына қайта оралуымыз қажет деп ойлаймыз.

Ол үшін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын кешенді мемлекеттік бағдарлама қабылдауды ұсынамыз. Бұл бағдарлама ең алдымен мектептерде жылқы малы, ат әбзелдері, күтіп-баптауы, қымыз, саумал әзірлеу сияқты мәселелерді қамтитын сабақ енгізуді көздеуі тиіс. Дене шынықтыру сабағына қосымша ретінде, арнайы мамандардың қадағалауымен мектеп оқушыларын апта сайын атқа мінгізу керек.

Сондай-ақ, ірі елді мекендер мен қалалар маңында жылқы ұстаумен және өсірумен айналысатын ірі фермалар ашу, атпен жүруге арналған маршруттар құру, мектеп асханаларында қымыз, саумал ішкізіп, жылқы етімен қоректендіру сияқты іс-шараларды қамту керек. Нәтижесінде, қысқа мерзімде әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінде оң өзгерістерге қол жеткізуге болады. Мысалы, жалпыұлттық денсаулық көрсеткіштері күрт жақсарады. Әсіресе, қазіргі уақытта жас жігіттердің арасында белең алған белсіздік ауруының алдын алуға болатыны сөзсіз. Жас отбасылардың ажырасуы азайып,  бала туу арта түседі, дәрі-дәрмекке, ауруханада емделуге деген сұраныс азаяды.

Уақыт өте келе бұл сала ел экономикасының негізгі драйверіне айналып, қосымша қызметтердің өркендеуіне оң ықпалын тигізеді. Мүмкін шығыны пайдасынан көп егін шаруашылығына жылдар бойы миллиардтаған субсидия бөлгенше, жерді химиялық заттармен улағанша, жыртып эрозияға ұшыратқанша, заманауи технологияларды қолдана отырып, жылқы өсіруді қолға алу дұрыс болар. Жылқының етін, қымызын экспорттау әлде қайда тиімді шығар? Бұл мәселені неге ғылыми түрде зерттеп, зерделемеске?

Осы мақалада көтерілген мәселе Үкіметтің, депутаттардың, мүдделі мемлекетік және мемлекеттік емес ұйымдардың назарына алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, Тезек Төре және Шоқантанушы, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483