Олжас Сүлейменов, ақын: Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде
Бұлтақтаған қоғам, мемлекет қайараткерлері қазақшыл бола бастады.Бұл ненің белгісі? Бір Алла біледі. Оқырман назарына орыстілді қазақ ақыны Олжастың сұхбатын ұсынып отырмыз.
- Олжас аға, тәуелсіздігімізге 21 жыл болды. Жапония, Малайзия, Сингапур және Араб Әмірлігі осы мерзім ішінде суырылып алға шықты. ТМД елдері тәуелсіздік алған 21 жылда қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- Осыдан 21 жыл бұрын алып империя - Кеңестер Одағы құлады. Оның орнына бірнеше эксперимент - мемлекеттер пайда болды. Олардың басшылары алғашқы кезеңдерде дамыған мемлекеттердің жолын таңдады, солардың экономикалық моделін көшіріп алғысы келді. Барлығы бірдей Батысқа қарап көз тікті, Шығыстан да үйрену қажеттігін ескермеді.
Мысалы, Қытайда 1979 жылы Дэн Сяопин мемлекеттік және ұжымдық мүддеге нұқсан келтірмей-ақ жеке меншік секторын енгізу идеясын ұсынды. Бұл формула өте сәтті шықты. Осы сөзіме бүгінгі Қытайдың жетістігі дәлел. Қытай үлгісіндегі эксперимент Белоруссияда өтті. Белорустар Қытай тәрізді байып кете алмады, бірақ экономикасын жөндемді жолға түсіре алды. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да жағдайы Ресей және бізбен салыстырғанда бір адым ілгері.
Бұлтақтаған қоғам, мемлекет қайараткерлері қазақшыл бола бастады.Бұл ненің белгісі? Бір Алла біледі. Оқырман назарына орыстілді қазақ ақыны Олжастың сұхбатын ұсынып отырмыз.
- Олжас аға, тәуелсіздігімізге 21 жыл болды. Жапония, Малайзия, Сингапур және Араб Әмірлігі осы мерзім ішінде суырылып алға шықты. ТМД елдері тәуелсіздік алған 21 жылда қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- Осыдан 21 жыл бұрын алып империя - Кеңестер Одағы құлады. Оның орнына бірнеше эксперимент - мемлекеттер пайда болды. Олардың басшылары алғашқы кезеңдерде дамыған мемлекеттердің жолын таңдады, солардың экономикалық моделін көшіріп алғысы келді. Барлығы бірдей Батысқа қарап көз тікті, Шығыстан да үйрену қажеттігін ескермеді.
Мысалы, Қытайда 1979 жылы Дэн Сяопин мемлекеттік және ұжымдық мүддеге нұқсан келтірмей-ақ жеке меншік секторын енгізу идеясын ұсынды. Бұл формула өте сәтті шықты. Осы сөзіме бүгінгі Қытайдың жетістігі дәлел. Қытай үлгісіндегі эксперимент Белоруссияда өтті. Белорустар Қытай тәрізді байып кете алмады, бірақ экономикасын жөндемді жолға түсіре алды. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да жағдайы Ресей және бізбен салыстырғанда бір адым ілгері.
Мен бұл үш мемлекетті неге бөле-жара айтып отырмын. Себебі біздер жақын арада Еуразиялық одаққа бірігеміз. Біз оған қандай тәжірибемен барамыз? 20 жылдық тарихы бар өтпелі кезең аяқталды. Қорытынды жасайтын кез келді. Өткен қателіктерімізден сабақ алып, біз үшін ең тиімді, ең оңтайлы бағытты таңдап алатын кез келді.
Бізге бұл бағытта кейбір жайттардан, мысалы, Батыстың кеңесшілерінен алған ментальды мұралардан бас тартуға тура келер. Бізге батыстық үлгінің тек қана жалтыраған бас парақтары ғана ұсынылды. Ол - алып-сату. Одан өзге түк те жоқ. Біз әлемдік нарыққа шикізаттан өзге түк те ұсына алмаймыз. Егер бәсекеге қабілетті өндіріс ошағы бой көтеруге ниет етсе, олардың бәрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында батыстық кеңесшілердің ақылымен банкротқа ұшырады.
- Бұл Батыс тарапынан әдейі ойластырылды ма?
- Әрине. Бізде Жамбыл фосфор зауыты бар еді. 1989 жылдары оның жылдық табысы 1 млрд АҚШ доллары болды. Шикізат қоры да, тұтыну кеңістігі де жеткілікті еді. Бірақ тура осындай комбинат АҚШ-та болды. Қажыгелдиннің тұсында комбинат банкротқа ұшырады. Сол арқылы АҚШ-тың Орта Азиядағы басты бәсекелесі де күйреді. Біз Батыстың «нарықтық экономика» деген терминін дұрыс және бастапқы мағынасында қабылдай алмағанымызды енді түсініп жүрміз. Ең басты басым бағыт - өндіріс екенін енді ұғына бастадық. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алып-сату біз үшін қол еместігін айтты. Батыс биржада ойнап та ақша табады. Мұндай біздің халыққа керек емес. Біз тауар өндіруіміз керек. Біздің болашағымыз - жалпыға бірдей еңбек қауымдастығында. Қоғамдық санадағы түбегейлі өзгеріс қана ұлттық және мемлекеттік дамуымызды жеделдете алады.
- Қазақстан үшін басты қауіп не?
- Ең басты қауіп - жемқорлық. Бізде ағаш өңдеу саласы әлдеқашан ұмыт қалса да жемқорлық арасының дауысы бұрыш-бұрыштан естіледі. Мемлекеттік деңгейде де, ұжымдық деңгейде де. Бюджетті жан-жақтан кескілеп, аралап жатыр. Алтын ұнтақтары шенеуніктердің қалтасын ғана емес, офшорларда қазаққа тиесілі тесіктердің бәрін толтырып жатыр.
- Сізге өміріңізде біреулерге ақша беруге тура келді ме?
- Жоқ. Адам баласының әлсіздігі өзінде жоқ нәрсенің есесін әйтеуір бір нәрсемен толтырып алуға тырысады. Бұлақ басынан тұнып ақпаса, одан тазалықты талап етудің қажеті жоқ. Мен Кеңес Одағы кезінде де, қазір де ешкімге ақша берген емеспін. Әлдебіреулердің қырсықтығынан немесе қаскөйлігінен жолы болмай жүргендерге көмектестім. Тиісті жерлерге қоңырау шалдым. Мұның кері жаңғырығы көмек қолын созған адамдарға тиіп жатты. Олар: «Олжас Омарұлы, сіз бен біздің таныс емес екенімізді айтыңызшы. Ісіміз жүрмей қалды. Ақша беру керек. Бірақ бізден ақша алуға қорқады» деуге мәжбүр болды. Мен көмектескім келген жандарды бюрократтар осындай жағдайға жеткізді.
- «Trangparency International» агенттігінің деректері бойынша біз коррупция тамыр жайған 176 елдің ішінде 133-орындамыз. Жағдай онша мәз емес.
- Бұл - 1990 жылдардың бас кезіндегі жабайы капитализм дәуіріндегі құбылыстың кері әсері. Біздің қоғамға оңай ақша табудың жолы табылды. Бұрын тыйым салынып келген есіктер айқара ашылды: 1990 жылдары бандитизм, адам өлтіру белең алды. Еуропаға еліктеп, өлім жазасын ауыстырдық. Ал Еуропа заңы қоғамның заң алдындағы құлақ кесті мүшелерін жүздеген, мыңдаған жылдар бойы тәрбиеледі, ал біз бір-ақ күнде мемлекет адам өлтіргендерді қатаң жазаламайды деп мәлімдедік. Бұл асығыс шешім болды. Адам өмірі бір-ақ күнде құнсызданып шыға келді. АҚШ-та өлім жазасы әлі күнге дейін күшінде. АҚШ өлім жазасының күшін жою туралы шешім романтика екенін, либералистердің тұжырымы екенін түсінеді. Әрбір өмірдің өз бағасы бар, адам - қоғамның басты байлығы. Әрбір адамның өмірі қанішерге қарағанда әлдеқайда бағалы.
- Мүмкін, бізге де Қытай тәрізді жемқорларға да өлім жазасын кесуге немесе Грузия тәрізді елден аластап жіберуге тура келетін шығар...
- Біз жолайрықта тұрмыз. Біздің өркениет көшіне қосылар-қосылмауымыз бүгін қабылданар шешімдерімізге байланысты. Біз қатаң бақылаумен де, қатаң заңмен де, тіпті тағылым-тәрбиемен де алға жылжуымыз керек. Мен әңгімеміздің бас жағында Жапония туралы айттым. Алғаш Жапонияға барған сапарым әлі естен кетпейді. Біздің елде сол кезде аса қымбат болып саналатын фотоаппарат сатып алдым. Жапонияда 28 жыл жұмыс істеген КСРО елшілігінің өкілі бізбен бірге жүрді. Сатып алған фотоаппаратымды көлікте қалдырып кетуге жүрексініп, көлікті ғана емес, терезесін де қымтап кетуді ескерттім.
Қасымда еріп жүрген серігімнің «қажеті жоқ» деген сөзіне сене қоймадым. Көліктің терезесі да, есігі де сол күйі ашық қалды. Дүкен аралап қайтып келсек, бәрі орнында. Бізге жол көрсетіп жүрген өкіл: «Көліктің есігін жауып, терезесін қымтап қойсақ, жан-жағымыздағылар «бұлар Жапонияға сенбейді екен» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Мұнда Бусидо құрметіне аталған дворяндық кодекс жалпы ұлттық кодекске айналып кеткен. Оларда еңбегі сіңбеген дүниеге қол сұғу - арыңнан аттап кетумен бірдей. Экономикасының өркендеуіне осы ұстаным әсер етті, - деді.
- Ал бізде жағдай басқаша. Біздегі коррупция еуразиялық сипат қана емес, еуразиялық-қазақы менталитетпен бүркене бастады.
- Әрине. Жоғарыда рейтингтегі еншіміз мемлекет үшін де, Елбасымыздың беделі үшін де жақсы емес. Сондықтан бізге ар-ождан рейтингімен жұмыс істеуге тура келеді. Алматы мен Астана қалаларында, облыс орталықтарында, үлкенді-кішілі қалаларда, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компанияларда, ЖШС-да жемқорлық деңгейіне рейтингін дайындап, оның қорытындысын көпке жариялайық. Сонда бізде жемқорлықтың деңгейін ғаламдық деңгейде емес, өз ішімізде бір-бірімен салыстыру мүмкіндігі пайда болады. Әрбір әкімнің, әрбір министрдің, әрбір басшының кабинетінде бұл тізім соңғы деректермен жаңартылып тұруы тиіс. Бұл сырт көзге «Жемқорлықтан таза мемлекет - таза аймақ» республикалық деңгейдегі чемпионаттар лигасындағы матчпен бірдей болар еді. Әрбір жыл соңындағы көрсеткішті халықаралық деңгеймен салыстырып қарар болсақ, біз «жала жапты» деп ешкімге өкпелей алмаймыз.
- ЭКСПО - Қазақстанның кезекті жеңісі. Сіз оны Астанада өткізу идеясына қалай қарайсыз? Жобаға қатысты скептикалық көзқарастарға қарсы айтар уәжіңіз бар ма?
- Сонда біз «ұрланады» деп ештеңемен айналыспай, қол қусырып қарап отыра береміз бе? Петербург салынған кезде де қазынаға қол салғандар болды. Самарқандтың, Астананың құрылысы жүріп жатқан кезде де айтылды мұндай пікірлер. Тарихта Петербург, Самарқанд пен Астана қалады. Егер скептикалық көзқарастың жетегінде жүре берсек, өмір өзгермейді. Өмірді өзгерту - өз қолымызда. ЭКСПО - біздің ғаламдық деңгейдегі жеңісіміз. Бір ғана жасыл энергетика жобасы адамзат үшін жаңа әлемнің есігін және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ғаламдық деңгейдегі жобаның Қазақстанда жүзеге асуы азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін көтеруге септігін тигізеді, көптеген жұмыс орындары ашылады.
Бұлардан өзге жасыл энергетиканың мүмкіндігі мол. Қазақстан осы идеясын ғаламтор мінберінен «Көмір, мұнай, уран жақын болашақта энергетика көзі болмауы тиіс, жел және Күн энергиясы оған балама бола алады» деген адамзатқа ортақ ой айтты. Жас мемлекеттің батыл ұсынысы әлемдік қауымдастықтың ойынан шықты. Қолдады. Жақында Карнеги институты 18 терраватт электр энергиясы жағылатынын есептеп шығарды. Ал жел энергиясы одан миллион есе көп. Біз мұндай жағдайда әрбір энергия көзін ғылыми мүмкіндіктерге жұмсаймыз. Қазір жел трубаларын биік етіп көтеру қолға алынды.
Қаншалықты биік болса, энергия көздері де соншалықты көп. Жерден биіктеген сайын желдің жылдамдығы секундына 200 метрге жетеді. Жел энергиясы бізге көмір мен мұнайды болашақтың үлесіне қалдыруға жол ашады. Мен геолог ретінде айтарым, жел - біз мүмкіндігін пайдалана қоймаған органикалық қазба байлығымыз. Менделеев те кезінде «көмірді жағу - ақша ассигнациясын отқа өртеумен бірдей» деп кеткен.
- Біз ЭКСПО көрмесіне не қоямыз?
- Менің ойыма 2002 жылғы бір кездесу оралып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне «Негізгі жұмыстарымен айналыспай отырсыңдар, ауылға энергия көздері жетпейді, ауылды таза сумен қамтамасыз ете алмай отырсыңдар» деді. Сол кезде ел халқының 47 пайызы ауылда тұрды. Ал энергетиканың 10 пайызы ғана ауылдың үлесінде болып шықты. Президент сол кезде әкімдерге қарата «Электр жарығының не екенін білмейтін ауылдар бар. Халқымыздың қай ғасырда өмір сүріп жатқанын білесіңдер ме?» деді сол кезде. Ал әкімдер болса: «Жеріміз үлкен. Елді мекендер бір-бірімен тығыз орналаспаған. Олардың әрқайсысында энергия көздерін тасымалдайтын бағандар орнату тиімсіз» деп ақталды. Елбасы сол кезде «Еуропада жел диірмендері тұр. Біз соны неге пайдаланбаймыз?» деген ой айтты.
Сол жылы Ғылым қоры үшін арнайы грант бөлу мәселесі қарастырылды. Ел көлемінде жел диірменін құру туралы сөз болды. Біздің кең даламызды өбіп қана өткендай әсер беретін желдің мүмкіндігі барлық электро-гидро стансаларында өндіріліп жатқан энергия көздерінен 30-40 есе көп қуат көзін шығарады екен. Мысалы, Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеті грант негізінде салмағы 95 келі, өзіндік құны 2,5 мың АҚШ долларына бағаланған желэнергетикасы құрылғысын дайындап шықты.
Оның пайдалану мерзімі - 25 жыл. Оның мүмкіндігі бас-аяғы 300-500 адамнан тұратын шағын ауылды қуат көзімен қамтамасыз ете алады. Біздің шенеуніктеріміз жаңа қондырғыны іске асыруға 20-25 мың АҚШ долларын тауып бере алмады. Егер тереңнен ойлансақ ЭКСПО көрмесіне көптің назарына ұсынатын жобалар бізде жеткілікті.
- 2012 жылдың Жыл оқиғасына айналған басты жаңалығы не?
- 2012 жыл тарих қойнауына еніп кетті. Басты оқиғаға айналған жаңалық, өткен жылы 28 қарашада Ақордада өтті. Елбасы әкімдерге «Лауазымдарына кіріспестен бұрын қандай уәде бердіңдер, соны орындайтын кез келді» деген талапты ашық айтты. Елбасының талап етіп отырғаны әкімдердің жеке шаруасы емес, Президент пен Үкіметтің бағдарламасы. Нұрсұлтан Әбішұлының мұншалықты қатты ренжігенін көптен бері көрген жоқ едім. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловке «Ауызсу» бағдарламасы бойынша көптеген қателіктерге жол бергені үшін сөгіс берді. Президент осы жиында көп ойлар айтты.
«Тек өзінің мамандығын жетік меңгергендер ғана мансап баспалдағына көтеріледі» деді. Бірінші басшыларды мансаптық баспалдаққа тамыр-таныстарының немесе өзіне аса қолайлы адамдарға «билет сатып алуға» жол бермеуге шақырды. Бізде қатардағы солдат болмай жатып, генерал болып кеткендер көп. Оларға сенім білдірудің неге апарып соққанын білеміз. Облыстар, аудандар осындай кездейсоқ адамдардың біліксіздігінен талай қиындықтармен бетпе-бет қалды. Бұл үрдіс бүгін де жалғасып жатыр. Бізде орынтағына «бауыр басып қалған және өзіне қолайлы орын таппағанша жылы орнын суытып алғысы келмейтін басшылар көп. Жоғарғы жақта оларды ашықтан-ашық қолдайтындар да жетерлік.
- Олжас аға, қазақ ұлтының үлес салмағы 65 пайыздан асты. Ал өзге ұлт өкілдері арасында болашағын қазақ елінің болашағынан бөліп-жара қарай алмайтындардың қатары көбейіп келе жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
- Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде. Себебі біз, қазақ ұлты, тұңғыш рет 65 пайыздық көрсеткіштен астық. Бұл мені қуантады. Бұл - біздің тәуелсіздігіміздің жеңісі. Бірақ өзге ұлттардың елден бір күнде көшіп кетуіне жол беруге болмайды. Олар қазақ тілін білмесе де Ата заңы мемлекеттік және ресми тіл - қазақ және орыс тілдерімен бекітілген елде тұрады. Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім. Елбасымен әңгімеден ұққаным - алдағы уақытта осы мәселеге назар аударылады. Біз елімізді тұрып жатқан барлық ұлттың балаларына, ұлтына, діні мен тіліне қарамай, болашаққа деген үмітіне жол ашуға тиіспіз.
- Олжас аға, Елбасымыз халыққа Жолдауында «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деді. Ал желтоқсан айының бас кезінде «Енді біраз жылда Қазақстанда тұратын барлық ұлттар қазақ ұлтының төңірегіне топтасып, қазақстандық ұлтқа айналады» деді. Қазақстандық ұлт тақырыбы біздің қоғам үшін әлі де өзекті ме?
- Мен 70 жасқа толған мерейтойымда «Қазағым аман болса, тіл де сақталады, мемлекеттілік те сақталады » деген болатымын. Қазақ тілінің қазіргі жағдайын 1990 жылдармен салыстыруға болмайды. Алға ілгерілеу мені қуантады. Алдағы онжылдықтарда Қазақстанды елім, жерім деп танитын барлық ұлттар қазақ ұлты және қазақ тілі төңірегіне топтасады. Оған дейін асығыстыққа жол беруге болмайды.
- Орыс әдебиетінде жаңадан танылып келе жатқан тұлғалар бар ма?
- Менің ойымнан шығатын тұлғалар жас емес. Ең жастарының өзі зейнет жасына жақындап қалды. Ал жастарынан бөле-жара айтатындай жарық жұлдызды кездестірген жоқпын. Тұлғаны елге таныстыратын - оның кітабы. Кітап дүкендері - оқырман мен жазушы арасындағы алтын көпір. Қазір кітап дүкендері әдемі, жылтыраған дүниелерге толып кетті. Мен мұндай көріністі Африкада, Үндістанда көп байқайтынмын.
Менің ол жақта кездестірген кітаптарым әдебиеттің арзанқолдығын әдемі суретпен бүркемелегісі келетіндей, оқырманға емес, көрерменге ғана арналғандай әсер қалдыратын. Мұндай алабажақ-жалтыр кітаптар бізде де көбейіп кетті. Олар нағыз әдебиетті ығыстыруға тырысып бағуда. Олардың авторлары жекелеген тұлғалар емес, топтық ұжымдар, тіпті бригада десе де болады. Бұл кітаптың трагедиясы - әдебиеттің трагедиясы.
Біздің кезімізде оқылатын әдебиет мұндай жалтырақтан ада еді. Сонда да оқырманына жетуге жол табатын. Оқырман оның әдемі мұқабасына емес, ішіндегісіне назар аударатын. Сырты алтынмен апталып, күміспен қапталған кітаптар кейбіреулер үшін кәдесыйға, кейбіреулер үшін сыртын бұлдап, ақша табатын табыс көзіне айналды.
Мемлекет әдебиетке қолдау көрсетпесе, әдебиет өмір сүре алмайды. Біз бұл тұрғыда Батысқа көбірек еліктеп кеттік. Әдебиетті, әсіресе, қазақ әдебиетін желдің өтінде жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл біздің қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиеттің ағзасына кері әсер етеді. Қазір ойлы классика емес, айғай-шуға негізделген, өлтіруді, адамды зорлаудың, адамның жүйкесіне кері әсер ететін кітаптардың аты озып тұр. Біз осыдан 21 жыл бұрын мықты әдебиеті және озық ойлы оқырманы бар ел едік. Қазір көрермені және тыңдаушылары ғана бар елге айналдық. Әдебиет біздің қоғам үшін соңғы планға айналып келе жатыр.
- Қазір әдебиеттің ғана емес, жалпы, қоғамның дүр етіп көтерілуі үшін тоқырау керек деген пікірлер айтыла бастады.
- Халық сол тоқыраудан, қалың ұйқыдан дүр етіп оянуы керек. Сталин дәуірі - 1937 - 1953 жылдардың жылымығынан соң, 1960-1970 жылдары әдебиетте, кино әлемінде, сәулет өнерінде керемет мықты дүниелер келді. Бұл қоғамдық сананың қайта жаңғыруы еді. 1980 - 1990 жылдары - революциялар кезеңінде әдебиетте де, кинода да тыныштық орнады, 1990-2000 жылдар да әдебиетке жаңалық алып келмеді.
- Олжас аға, сіз 40 жыл бойы, 1960 жылдар мен 2000 жылдар арасында қазақтың рухын көтердіңіз. Сол кезде сіздің орыс тілінде жазатын қазақ ақыны екеніңізге ешкім назар аудармады. Сіз үшін мақтанатын қазақтар көп еді. Ал бүгін жағдай неге өзгеріп кетті?
- Мен бұл сауалға жауапты 1960 жылдары «Ребята, судите по мне о казахах» деген өлеңім арқылы жауап бергенмін.
- 16 желтоқсан - кейінгі буын үшін тәуелсіздік мерекесі. Кейінгі толқында мемлекетіміздің тарихын нақ осы күнмен салыстыра қарайтын буын өсіп келеді. Тәуелсіздік мейрамы сіз үшін еліміздің Бас мерекесі ме, әлде мемлекетіміздің бай тарихының жалғасы ма?
- Біз өткен аптада тәуелсіздігіміздің 21 жылдығын атап өттік. Бұл - үлкен мереке. Біз азғана уақыт ішінде тәуелсіз ел ретінде қалыптастық. Өзімізді таныттық. Желтоқсан - жылдың аяғы. Адамды өткеніне мойын бұрғызып, ойландыратын уақыт. Мені соңғы кездері қазақтың соңғы жарты ғасырдағы тарихына елеулі өзгерістер алып келген оқиғалар неге желтоқсан айында ғана өтті екен деген сұрақтар жиі мазалап жүр. Соңғы ғасыр ішінде айтулы тарихи оқиғалар осы желтоқсан айының 14-17 желтоқсандарына тура келіпті. Мен өзім куә болған жайттарды ғана айтып отырмын.
Осыдан 50 жыл бұрын, 1962 жылдың желтоқсан айында Кремльде, Съездер сарайында қазақ мәдениетінің күндерін халықтар достығы туралы өлеңіммен аштым. Қазақ мәдениетінің шоқ жұлдыздары сол кездегі жап-жас Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалар Мәскеуге келді. Салтанатты жиын ашылар кезде Кремль сарайының оң қанатында Н.Хрущевты қоршаған топ көрінді. Сол қанатта сол кездегі Бірінші хатшымыз Дінмұхамед Қонаев ол топқа қосылмай, жалғыз отырды. Мен үзіліс кезінде еліміздің сол кездегі Мәдениет министрінен Қонаевтың неге жалғыз отырғандығын сұрадым. Олар Димекеңнің әлі Президиумның, Саяси Бюро мүшесі емес екенін айтты. Ертесіне Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бірінші хатшылығынан алынғанын естідік. Бұл 1962 жылдың 16 желтоқсаны болатын.
Арада 24 жыл өткенде 1986 жылы 16 желтоқсан күні Димекең Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті бірінші хатшысынан босатылды. Бұл жолы Мәскеуде емес, өзінің туып-өскен Алматысында жалғыз қалды. Сол күні кешке Желтоқсан оқиғасы басталды. Тағы мына дерекке назар аударыңыз. 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы актісіне қол қойылды. Біз бұл датаны тәуелсіздік мерекесі ретінде атап өттік. Кейінгі толқын өкілдері арасында 16 желтоқсанның қандай күн екенін, біз оны қандай оқиға үшін еске алуымыз қажет екенін білмейтін жастар өсіп келеді.
16 желтоқсан - Тәуелсіздік туралы актіге қол қойған күн бе, әлде Желтоқсан оқиғасы басталған күн деп еске түсіреміз бе? Соңғы жарты ғасырдың ішінде бір ғана 16 желтоқсан бізге қаншалықты салмақты оқиғаларымен есте қалды. Ол сол кездің куәгерлерінің санасында әлі жаңғырығып тұр. Жылдар жылжыған сайын уақыт, жаңа толқынның реставраторлары бұл күнге өз қолтаңбасын қалдырады. Тәуелсіздікке қол жеткізген күніміз жоғарыда біз айтып өткен көлеңкелі сәттерден арылу үшін, бұл күн барынша жарқырап көріну үшін бізге әлі көп жұмыс істеуі керек.
- Ресейде орыс зиялылары «Орыс тілінің өзегіне құрт түсе бастады. Орыс тілі өзге тілдердің қыспағында қалып, шұбарлана бастады» деп алаңдай бастады. Белорустар: «ана тіліміз орыс тілімен шұбарлана бастады» дейді. Ал бізде «шалаказахский язык» деген түсінік пайда бола бастады. Бұл ғаламданудың белгілері ме?
- Бұл сырт қарағанда тілді байытады. Бірақ біз бұл мәселеге шығармашылық тұрғыда дайын емеспіз. Біз кейбір жағдайларда оқырмандарды шатастырып алатын жағдайға жеттік. Мұндай қойыртпақ тілдің авторлары өзі қолданған терминді қай жерден және қай елден алғанын білмейді. Бұл жағдайды біз ғана емес, Ресей де бастан кешіп жатыр. Тілді байытамыз десек, оның еңсесін түсірмеуді ойлайық. Жаңа терминдерді қолданбастан бұрын оның бұрын қолданыста болып келген мағынасын естен шығармайық.
Бұл мәселе журналистердің немесе жазушылардың емес, мемлекеттің бақылауында тұруы тиіс. Мен цензураның мұндай көркем - әдеби түрін қолдаймын.
- Олжас аға, сіз туралы соңғы кездері «әлемнің адамы» деген сөздер айтыла бастады. Сіз дүниенің төрт бұрышын аралап шықтыңыз. Сізге әлемнің қандай қаласы, қандай нүктесі жақын?
- Мен Алматыда туып-өстім. Бала күнімде бөлмемнің терезесінен тау сығалап қарап тұратын. Бұл көрініс маған соншалықты жақын және сұлу. Мен өзім көрген, аралаған қалалардың бірде-бірінен мұншалықты табиғаттың өзі үйіп-төгіп берген сұлулықты және әдемілікті көрген емеспін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ