Жақсылыққа бастайтын «Жасыл»
Отырыс барысында министр қаламгерлер тарапынан айтылған сан тарау шетін сұрақтарға сергек те серпінді жауап берді. Жиынға Смағұл Елубай, Қоғабай Сәрсекеев, Жұмабай Шаштайұлы, Айдос Сарымдар қатысты. Сөздің басын Қаппаров мырза өзін таныстырудан бастағаннан кейін әңгіме ауаны бірден Протонға қарай ойысты.
Нұрлан Қаппаров:
Отырыс барысында министр қаламгерлер тарапынан айтылған сан тарау шетін сұрақтарға сергек те серпінді жауап берді. Жиынға Смағұл Елубай, Қоғабай Сәрсекеев, Жұмабай Шаштайұлы, Айдос Сарымдар қатысты. Сөздің басын Қаппаров мырза өзін таныстырудан бастағаннан кейін әңгіме ауаны бірден Протонға қарай ойысты.
Нұрлан Қаппаров:
– Протон Байқоңырға екінші шілде күні құлады. Залалсыздандырудың алғашқы сатысы жиырма тоғызыншы шілдеде аяқталысымен-ақ, бүкіл нәтижелерді, қағаз-құжаттарды алып Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев екеуміз «Роскосмос» басшыларының алдында сөйледік. Жерде шекара болса да, ауада шекара жоқ. Байқоңырға барғандағы мақсатымыз – сол жерге өзіміздің экологиялық кодексімізді енгізу. Себебі, Байқоңырда Ресейдің экологиялық заңы жұмыс істеуде. Ресей осы маңызды құжатқа қол қойса, онда бұл бір керемет нәрсе болар еді. Ресейдің уланған жерді залалсыздандыру технологиясы сапасыз болғандықтан қазақстандық технология қолданылды. Тамыздың он төрті детоксикацияның екінші сатысы аяқталды. Мен өзімді жақсы қырымнан көрсеткім келсе, шілденің екісі күні-ақ Ресейге барып, баспасөз беттерінде, теледидарда көрінер едім. Бұл имидж үшін жақсы, бірақ жұмыс үшін пайдасыз нәрсе... – деп бастады сөз басын. Жазушы Смағұл Елубай төгілген гептилдың мәселесіне тоқталып келіп, халықтың болашағы үшін алаңдайтын жағдаяттарды тізбелеп атап өтті. – Әлемдегі ең уланған елдердің бірі – Қазақстан территориясы. Ал сол елдің қаламгерлері үнсіз отырса, онда ұлт жоқ деген сөз ғой. Сын әр кезде де айтылған, айтыла береді де. Бұл қалыпты жағдай. Мен саған бір сұрақ қойсам. Қазақстан уран бойынша әлемдегі ең бай ел. Кейбір жерлерде ол ашық әдістермен де алынып жүр. Уран өте зиянды екенін өзің де білесің. Сол элемент алынып жатқан аймаққа белгілер қойылған ба? Оны бақылап жатқан кім бар? – деп сұрақ қойды.
Нұрлан Қаппаров:
– Министрліктің қарамағында экологиялық бақылау жасайтын комитет бар. Онда бүкіл Қазақстан бойынша алты жүзге жуық инспектор жұмыс істейді. Уран өндіретін аймақтарды тексеру үшін мықты құрылғылар керек. Қазір Үкіметтен сондай құрылғыларға ақша бөлуін сұрап жатырмыз.
Смағұл Елубай:
– Тағы бір нәрсе! Кезінде әлемнің атом станцияларынан шыққан уран қалдықтарын біздің елге алып келіп көму туралы әңгіме шыққан. Бүйтіп бей-жай отыра берсек, ертеңгі күні жер-жаһан қоқыстарын көметін мемлекетке айналып кетуіміз мүмкін.
Нұрлан Қаппаров:
– Бұндай маңызды мәселелер тек қоғаммен, зиялы қауым өкілдерімен, журналистермен, билікпен бірлесе шешіп, талқыланады. Бірақ бүгінгі күні уран қалдықтарын елге алып келу туралы сұрақ туындап тұрған жоқ. Қазіргі кезде уран рудаларының шикізаты арзан. Егер болашақта Қазақстан сондай шикізатты өндіретін орталыққа айналып, өнімді қымбатқа сататын болсақ, керемет болар еді. Уран Қызылорда, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында өндіріледі, – деп бір түйіндеді де Елбасының жарлығымен бекітілген Қазақстанның дамуына үлкен серпіліс беретін «Жасыл экономика» тұжырымдамасы турасында сөз қозғады. – Әлемнің бәрі «Жасыл экономикаға» көшіп жатыр. Қазір капитализм! Адамның бәрі пайда табу үшін жұмыс істеуде. Біз экология саласын жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Болашақта экология бизнеске айналғаны жөн. Тұрғындар осы бизнеске кірігіп кетсе, көшеде қоқыс болмайды. Кеңес кезінде Партия индустриализация жасаймыз деп экологияны соңғы орынға сырғытып жіберген еді. Кезінде Алматыда Қоқыс өндіретін зауыт ашылған. Бірақ ол қазір жұмыс істемейді. Себебі, қоқыстар қайда өңделеді, қай жерге апарылады, қандай өнім алынады деген мәселелер ескерілмеген болып шықты. Бір жақсы кәсіпкерді тартып, оған қаладағы қоқыстардың бәрін жинап, кәдеге жарат десек, ол қуана-қуана келіседі. Көшеде теретін қоқыс қалмайды. «Пәленше тонна болса, осынша ақша аласың. Салмағы аз болса, ақшаны да аз аласың» деген принцип жұмыс істей бастайды. Қоқыс үшін коммуналды төлемдер қосылып, тарифтер өзгереді. Қоқыстардан өнім жасайды (пластик, қағаз, электр құрылғылары). Гонконгқа барғанымда Қоқыс өндіретін зауыттарының басшысымен кездестім. Ол кісі қоқыстарды кемемен Америка арқылы алып келеді екен. Себебі, өз елінде қалдықтар қалмаған. Қоқыс өндіретін зауыт Қазақстанның жиырма қаласында салынатын болады. «Жасыл экономика» тұжырымдамасы су, энергетика және қалдықтарды өндіру сияқты кешенді бөліктерден тұрады. Ал енді су мәселесіне келсек, Қазақстандағы судың жағдайы қиындау. Бізге шетелден келіп жатқан судың мөлшері 44 кубо-километр. 2030 жылға дейін судың мөлшері азаяды да, сұраныс көбейеді. Қытай Ертіс пен Іленің суын қатты пайдаланып жатыр. Егер алдын алмасақ, Балқаш «екінші Арал» болғалы тұр. Кеңес кезінде Балқашта 112 кубо-километр су болған. Қазір бұл цифр 77-ге түсті. Одан кейінгі қауіп Ертіс-Іле бассейнінің тартылуы болмақ. Жақында Елбасының бұйрығымен біздің министрлік Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі болып жаңармақшы. 2005 жылы біздің қарамағымыздағы Су комитетін Ауыл шаруашылық министрлігі өзіне алған болатын. Ол комитет бұрыннан біздің министрліктің құрамында еді. Ғалымдардың болжамы бойынша 2100 жылы әлемде ішетін су қалмайды екен. Соңғы қырық жылдың ішінде Қазақстан мұздықтарының 35-40 пайызы еріп кетті. Бұл – қауіпты тенденция. Сондықтан судың бағасы төмен болмау керек. Себебі, бәрі арықтарды өзіне қарай бұрып алып, мақта суғарады. Әйтеуір білгендерін істейді. Су жерге сіңіп кетпес үшін пластик трубаларын салу керек. Ұзындығы 200 километрдей қондырғылар орнатып, бизнесмендерді сол жаққа тартсақ, тұрғындар оған тариф бойынша ақша төлеп, су алып тұратын болады. Сонда ғана олар үнемдей бастайды. Еліміздегі біршама салалар нарықтық қатынастарға бейімделе бастағанымен, суға деген қатынасымыз әлі Кеңестік жүйе шеңберінен шыға алмай келеді. Бағдарламаның үшінші бөлігі – энергетика. Біз әлі күні көмір өндірісімен айналысып, 80 пайыз тұтынамыз. Кеңес кезінде әр республикаға әл-қуатына байланысты қуат көздерін бөліп берген. Бізге көмір өндірісі бұйырыпты. Мәселен, Қарашығанақ пен Қашағаннан газ тартылуда. Біз Ресейге 80-100 доллардан газ жеткізіп тұрамыз. Одан да соны алып өзімізге неге пайдаланбасқа. Көмірдің зиянды жері ол ауаға диоксидтер шығарады. Осының әсерінен жылына алты мың адам қайтыс болады. Бүгінгі энергетика саласына өзгерістер қажет. Станциялар салынғанда 25 пайыз газ, 25 пайыз су, 25 пайыз жаңартылатын энергетика көздері (күн мен жел) пайдаланылуы керек. Энерго-станциялар үшін көмір емес, газ тиімді болғалы тұр. Өйткені, бағасы екі есе арзан. Түтіні де жоқ. Табиғи ресурстарды да тиімді пайдалануымыз қажет. Себебі, еліміздегі жел мен Күннің күш-қуаты сағатына 1 триллион киловатты құрайды. Сонда біз 100 миллиард киловат өндіре аламыз. Мүмкіндігі бойынша ол дегеніңіз әрқайсысы еліміздегі шығарылып жатқан бүкіл энергия көздерінен он есе артық деген сөз. Әлемде 2000 жылдан бастап энергия көздері 85 пайызға арзандаған. «EXPO-2017» кейін үлкен өзгерістер күтіліп отыр. «EXPO-2017» өткен соң 2017 жылы Қазақстанда «Жасыл энергетиканың» революциясы болады деп жоспарлап отырмыз. 2020 жылы көмірді ешкім пайдаланбайтын болады. Себебі, басқа табиғи энерго-көздері арзан, тиімді, экологиялық таза болмақ. Интернетті қарап отырып «EXPO» туралы көп жағымсыз сөздер оқып жатамын. «EXPO» шығын емес. Бұл – елімізге үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындары мен жаңа өндірістің келуіне ықпал ететін жәрмеңке. Осы «Жасыл экономика» ТМД елдері мен Орталық Азияға біз арқылы тарайтын болады. Финляндия, Германия, Америка, Монако княздігі біздің бағдарламамызды қолдап жатыр.
Смағұл Елубай:
– Кеңес кезінде артезиан құдықтары қазылып, зерттеле бастаған. Бұл жағдай қазір қалай?
Нұрлан Қаппаров:
– Зерттеліп жатыр. Жақында Америкадан Геологиялық зерттеу орталығының мамандары келді. Өз мамандарын тыңдасаң, «су ана жерде бар, мына жерде бар» деп айта береді. Бір нақтылық жоқ. Сондықтан біз су ресурстары мен бұлақтарды тіркейтін карта жасамақшымыз.
Жұмабай Шаштайұлы:
– Алексей Песков қайтыс болғанда бүкіл орыс күңіренді. Үлкен басқосуларда экология тақырыбы бізде қазақтың ұлттық болмысынан ажыраған. Көшпенді өркениетіне табиғатқа деген қазақтың жаны тым нәзік еді, көшіп-қонғанда ескі жұрттың орнын тазалап кететін. Қазір барып көріңізші, қаладағы қоныстан аумайтын көрініс. Песков отырса Путин бірінші сол кісіге барып амандасып, оңаша сөйлесетін көрінеді. Ал біздің бүгінгі журналистика адам қынжыларлық жағдайда.
Нұрлан Қаппаров:
– Иә, дұрыс айтасыз, аға! Жалпы, қазақ тарихына үңілсек, елімізде «Жасыл экономика» деген тұжырымдаманың негізі бұрыннан қаланғанын байқаймыз. Табиғатпен бірге біте қайнасқан қазақ ұлты айналасындағы нәрселерге қиянат жасамаған. Далай Лама: «Қазақтарға Құдай барлық қазба байлықтарды берген!». Неге? Себебі, қазақ Табиғат-анаға қылшықтай да жаманшылық жасамаған деген екен. Расында да киіз үйлерде тұрдық. Қалалар салмадық. «Жасыл экономика» бізді осындай жақсы нәрселерге тәрбиелей отыра, ақша жасауға мүмкіндік тудырады. Жақында жаңартылатын энергия көздері туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, электр желілері жоқ шалғай ауылдар немесе шаруа қожалықтары бар. Сол тұрғындар күн немесе жел станцияларын сатып алып орнатса, мемлекет 50 пайызын төлейді. Үшінші индустриялық революция деген ұғым бар. Энергияның бәрі табиғи энерго-көздері арқылы өндірілуі үшін. Әр үй шағын электр станциясымен қамтамасыз етіліп, ақылы электр-жүйелері енгізілу керек. Мәселен, токтың күш-қуаты бір жерінде аз болса, бір жерінде көп болады. Компьютер соны тиімді бөліп отырады. Тұрғындар бір-біріне жүйе арқылы артық энергиясын беріп отыратын жағдайға жетеміз. Энергияны сақтайтын құрылғылар жасалынады. Біз пайдаланып жүрген батареялар бұл өндірістік сипаттағы дүниелер. Ал мына күн батареялары басқаша. Олар күннен қуат алады да кешке жұмыс істеп тұра береді.
Смағұл Елубай:
– Он жылдай Прагада тұрдым. Пәтердің есігін ашсаң жарық жанады, жапсаң өшеді. Ал бізде күні-түні жанып тұрады. Бұл – масқара ысырапшылдық...
Нұрлан Қаппаров:
– Энерго тиімділік деген ұғым бар. «Жасыл экономика» бағдарламасында бұл нәрсе де ескерілген. Энергияны ең көп пайдаланатын үш жер бар. Бірінші – тау-кен орындары, екінші – теміржол және қоғамдық көліктер, үшінші – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы. Мысалы, көппәтерлі үйді алсақ. Энергия үнемдейтін лампа қойсақ көп ақша ғана емес, электр энергиясын да үнемдейміз. Қыста үйде жылу ұсталу үшін тесік жерлердің бәрін жабу керек. Сонда бір үйді жылытуға аз энергия жұмсалады. Сондай іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Тұжырымдамадағы бір бөлім қаланы ластап жатқан қоғамдық көліктерге арналған. Ең ластанған қалалар – Алматы мен Шымкент. Болашақта газ бен электро-мобильдерге көшудің жолын қарастыру керек. Және ол жұртшылық үшін пайда алып келуге тиіс. Көлікті газбен жүруге ауыстыру үшін қаражат қажет. Егер пайда болмаса ешкім ауыстыруға құлқысыз болып шығады. Газдың бағасы бензиннен неғұрлым көп болса, жүргізушілер газға ауысуды ойланады. Себебі, айына ол 10 мың теңгеге жанармай құйса, газға 5 мың теңге кетеді. Сонымен қатар, тезірек бензиннің «Еуро-4» стандартына көшуіміз керек.
Айдос Сарым:
– Экологиялық сана деген ұғымды қалыптастыру үшін журналистеріміз осы тақырыпта мақалалар жазу керек. Айтайын дегенім, журналистерді шетелге жіберіп, кәсіби деңгейін көтеріп, курстар оқытып, дайындасақ қалай болады екен?
Нұрлан Қаппаров:
– Бұл мәселе де күн тәртібінде тұр. Себебі, халыққа біздің жұмысымызды, жалпы, экология туралы түсінікті кеңінен насихаттайтын журналистер қауымы ғой!
Қоғабай Сәрсекеев:
– Біз бүгін үлкен лекция тыңдадық. Сенің осы бастамаңды толығымен құптаймыз.
Нұрлан Қаппаров:
– Министрлікте Қоғамдық кеңес бар. Онда түрлі экологиялық тақырыптар қозғалады. Осы орайда, экология тақырыбында бәйге (проза, публицистика, деректі фильмдер) жарияласақ. Сол Кеңеске мүше болсаңыздар деген ұсыныс айтқым келіп отыр.
Қоғабай Сәрсекеев:
– Осы бәйгені жеделдетіп жариялау керек. Көптеген журналистер жазсын, көрсетсін. Сонда халықта да экология туралы біршама түсінік болады.
Жұмабай Шаштайұлы:
– Таңғалатын нәрсе, әдебиетімізде табиғат көріністерін жазатын жазушы жоқ екен. Бізде табиғатты білмейтін адамдар көбейді. Батырлар жырын білмейтін қазақ, табиғатты да білмейді деп ойлаймын. Жалпы, біз табиғаттан алыстап барамыз. Сондықтан басты басымдықты проза мен публицистикаға беру керек.
Нұрлан Қаппаров:
– Елбасының тапсырмасы бойынша 2040 жылға дейінгі Су стратегиясын жоспарлап отырмыз. Су тапшылығының алдын-алу мәселесі осы жерде қаралып жатыр. 2030 жылы 14 кубо-километр, 2050 жылы 20 кубо-километр су тапшылығы болады. Ақмолада (Бұзылық, 1 кубо-километр су сақтай алады) бір жасанды көл, Жамбыл облысында үш көл саламыз. Бұл Қырғызстаннан су тәуелділігінен қашудың амалдары. Быстроток деген өзен бар. Оның 14 шақырымы қырғыз территориясы кіреді де қайтадан біздің ел арқылы өтеді. Соңғы бес жылда қырғыз ауылдары бөгет жасап, суды біз жаққа жібермеуде. Әр жаз сайын соларға жалынышты болып отырмыз. Сонда Қазақстанның 3 мың гектары сусыз қалады. Қырғызстан Су министрлігіне хабарласып, жағдайдың мән-жайын біліп, бөгетті ашуын сұрасам: «Ол бізге емес, халыққа байланысты. Біздің елде демократия. Халыққа қиянат жасай алмаймыз...», – деді. Мен Премьер-Министрге жолығып, жоба бастадық. Өзен ағып жатқан 14 километрді бұрып, өз жерімізде ағатындай қылып жасаймыз. Көксарай мен Арнасайды су қоймаларын салдық. Бұл бізге суды мол сақтауға мүмкіндік береді.
Әлем Президенттері басқосқанда талқыға түсетін екінші мәселесі – экология, әлемдік экология, әлемдік флора мен фауна, теңіз бен мұхит, ауаның ластануының мен су тапшылығы. Ал біздің елде неге экология соңғы орында? деген сұрақ туады. Жан экологиясы, тән экологиясы қабысқан кезде ғана жалпы экология деген түсінік туады. Бірақ экология әр қазақтың қанында, тегінде, жүрегінде сақталғаны бесенеден белгілі жайт! Біз бүгін көптеген тұщымды әңгімелер, орынды ойлар тыңдадық. Соны сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, қадірменді оқырман!
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ
"Қазақ әдебиеті" газеті