Болат ӘБДІЛМАНОВ: Бүгін ханды сомдаған актер ертең бір кәсіпкердің алдында алақан жайса, өнердің өлген жері – сол
Болат ӘБДІЛМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
Болат ӘБДІЛМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Болат аға, бүтін жұрт бұрын өзіңізді сағынса, театрға барушы еді, енді қазір киноэкранда болмаса өзіңізді сирек кездестіретін болдық. Жалпы, қайдасыз? Дәл қазір қандай жұмыс үстіндесіз? Киноға түсіп жүрсіз бе, қандай фильмге? Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық жаңалығыңызбен бөлісе отырсаңыз...
– Тап осы күндері екі киноға түсіп жүрмін: бірі – Ермек Тұрсыновтың «Кенже» фильмінде өзіне Краб деген лақап ат қойған бір олигарх рөлінде. Басты кейіпкер болмаса да, образы күрделі. Қазақстанның байлығын қалтасына басып, шекара асып, із суытқан бай-бағланмын, былайша айтқанда. Отанын сатқан деген қаратаңбасы болмаса, өлер күні жоқ, керісінше, ханға бергісіз жағдай жасап алып, Тай елінде тайраңдай басып жүргені. Түсіру жұмысы Тайландта болды. Ал, ең қызығы, мен тайраңдап жүргенде осы жақта сан соқтырып кеттім деген менде кегі барлар, киллер жалдап, ізіме түсіп, ақыры менің кейіпкерім жат елде өледі. Бәлкім, оның жазасы да сол, яғни туған жердің топырағы бұйырмауы шығар. Ал енді екінші фильмім – қазақта әлі сериал жоқ тұста ең алғашқы болып «Перекресток», «Саранча» сынды телехикаяларды түсірген Абай Қарпықов атты талантты режиссердің туындысы. Ол қазір шетелде тұрады, қазақтың қолынан да халықаралық дәрежеде ұялмай кино түсіру келетінін «Охота на изюбря» сынды ресейлік сериал арқылы дәлелдеді. Орыстың Безруковтан бастап Балуев, Нагиев сынды кіл мықтыларын қамтыған ол туындының Ресей киноиндустриясына қандай табыс әкелгенін мен айтпай-ақ, оқырман өзі жақсы біледі. Сол кісі осында келіп «Ұзақ жол» деген фильм түсіріп жатыр, маған сондағы басты рөлдердің бірі Зәкірді ұсынды. Зәкір – орта жастан асқан, қарттыққа жақындап қалған, өмірдің ащысын да, тұщысын да татқан, бірақ содан ой түйе білген келбетті әрі парасатты елағасы. Туынды тамыз айында дайын болады.
– Қазақ үшін Абайдан ұлы жоқ десе болады. Бір қызығы, сіз театрдан экранға ауыстыңыз, Абай да киноға ауысқан сыңайлы. Әрине, бұрын да «Қазақтың бас ақыны» жайлы фильм болмады деген сөз емес, кейінгі кезде Абай тақырыбына ауыз салушылар көбейгендей. Осыған қуануымыз керек пе, яғни сапалық тұрғыдан, Абай образы қаншалықты ашылды. Және бір таңғаларлығы, Абайдың экрандағы жаңа бейнесін неге сіз сомдамадыңыз? Ұсыныс болды ма, жалпы?
– Абайдың өзі айтпақшы, «өлеңге әркімнің де бар таласы», сол талас қазір ақынның өзіне де пайда болғаны өтірік емес, яғни «Абайға әркімнің де бар таласы» десек, еш қателеспейміз. Бұл қағиданы мықтап ұстамас бұрын, ақын өлеңінің екінші жолын да ұмытып кетпеу керек, яғни «сонда да солардың бар таңдамасы» екенін. Шыны керек, қазір қалтасына ақша біткеннің бәрі кино түсіргіш болып кетті, солар «не түсіреміз, кім жайлы?» деп отырып-отырып, ақыры «айтпақшы, Абай бар ғой» деп, шамасы жеткен де, жетпеген де хакім Абайды тақырып қылып, кино түсіруге айналғандай. Егер солар, шынында, Абайды басқа қырынан танытарлық, өз деңгейіне лайық дүние түсірсе жақсы, керісінше, бізде Абайды қалқалап, соның арқасында пайда табуды көздей ме деп қалам кейде. Көңіл толмастық білдіре бастасаң, «әркімнің өз Абайы» бар деп шыға келеді. Олай деп Абайды оңашалап алу үшін де өре керек емес пе? Әйтпесе кім көрінгеннің Абайдың аруағымен ойнауына жол беруге болмайды. Себебі Абай – барша Алаштың ерекше құрметпен қарап, аса үлкен дайындықпен ғана келу керек ең биік құндылығы. Оған басшылықтан ерекше қадағалайтын бас-көз керек.
– Айтпақшы, бас-көз дегеннен шығады, сіз кезінде Асқар Тоқпанов сынды алыптардың ақырғы күндерінде болса да, көзін көріп, ол кісінің бірауыз сөзінен ығып отыратын кезді көрген боларсыз?
– Әрине, о-ой, ол кезде күллі өнерде жүрген мүйізі қарағайдай мықтылардың қай-қайсысы болсын Тоқпановтың бетіне қарсы келмек түгіл, «Асекең келеді» деген бірауыз сөзден тізелері тізелеріне тимей дірілдеп, қорқып отырушы еді ғой. Бірақ солай екен деп, ешкім Асекеңді жек көрген жоқ, қайта ақты ақ, қараны қара деп ажыратып беретін қара қылды қақ жарған әділеттілік иесінің алдында бас иіп, әркім өз ісіне аса жауапкершілікпен қараушы еді ғой. Асқар Тоқпанов репетицияларға келіп, ұлы тұлғалардан бастап, тіпті кішірігім эпизодқа дейін ойнайтын актерлер ойыны мен режиссерлер қойылымын жіті қадағалап, ұнамаса, актер келістіре алмай жатса, қолына таяғын алып «садаға кет, мынадай ұлылардан» деп тап сол жерден қуып шығатыны бар-ды. Сол кезде Асекеңнің сынынан өте алмай, сахнадан қуылып кеткен актерлер жүр арамызда. Қазір өздері Асекеңнің сол кездегі жасына жетіп қалды, бірақ кезінде жеген сол таяқтан кішірейіп қалған ешбірі жоқ. Керісінше бүгінгідей абыройлы тұлғаға айналса, кезінде жеген сол таяқ пен қамшылаудың арқасы деп мойындайды. Себебі Асекең біреуді жек көргеннен олай еткен жоқ, өнер үшін, қазақ театры үшін жаны шырылдады ғой. Әйтпесе Асекеңде абырой да, бедел де, білім де, кәсіпқойлық та бір басына жетіп-артылатын еді. Сонысына тоқмейілсіп, үйде жеңгеміздің қасында ыстық шайын ішіп отырса да әбден жарасады әрі ешкімге де жексұрын болмас еді ғой. Қазір сондай «Тоқпановтар» жоқ. Өнерде сөзі жүреді, тісі батады деген үлкен ағаларымыздың өзі сен тимесең, мен тиме деп, тек өз құлағының тыныштығын артық көреді. Олар үшін өнердің ертеңінен гөрі өзінің аты, бір күні артық. Былайша айтқанда, ешкім де өз еркімен «жексұрынның» рөлін ойнағысы келмейді, ешкімнің жаны ашымайды. Ал өнердегі де, өмірдегі де ең үлкен қасірет – немқұрайдылық. Қазір адамдардың бәрі сол немқұрайдылықпен өмір сүреді. Мысалы, қазір сәт сайын телеарналардан жылт етіп шығып жатқан жарнамаларды алайық. Солардың барлығын дерлік техниканың тілін білетін, бірақ қазақ тілінің сөйлеу мәнерін білмейтін шала қазақтар жасап жатыр. Таңертеңнен кешке дейін жүріп жатқан сол сақау жарнамаға сергектік танытып, «қазақтың тілін қорлап жатқан кім?» деп қарсы шыққан бір адам көрдіңіз бе? Жалпы, адам көре-көре тіпті жамандыққа да еті өліп кетеді, яғни ең жиіркенішті деген бет-қол мен тісті жумаудың өзіне біраз уақыт жүре берсе адам үйреніп кетеді, егер өзі «бұлай етуге болмайды» деп жиіркенбесе. Сол сияқты қазақ тілінің сондай қарабайыр қалпына қазақ өзі үйреніп кеткен кезде жаңадан өсіп келе жатқан жас буын «е, мына сөздің өзі осылай айтылады екен ғой» деп қабылдайтын болады.
– Қарабайырлық пен қарапайымдылықтың арасын ажырата алмайтын халге жеткен сияқтымыз, солай ғой?
– Июі қанбаған қамырдан іртік-іртік нан шықпай ма, бізде де қазір дәл солай, яғни шикізатты пісіруге ерініп, шикі күйінде алып шығып жатқан – біреу. Және соны кәдімгідей «ас» көріп жеп жатқан – екінші біреу. Әсіресе әзіл-қалжыңның айналасында жүрген жігіттердің көбінің екі сөзінің бірі, байқасаңыз, «әй, өй» деп келеді. Өмірдегі бар дөрекілік пен қарабайырлық сахнаға шығып кеткені былай тұрсын, қазір салтанат құрып алды. Болмаса дубляж саласын алайық, қазір мынадай «жұлдыздар» пайда болды. Өздері киноға түседі, бірақ өз даусын өзі дубляждай алмайды. Содан бір кинода оны басқа бір актер дыбыстаса, келесісінде басқа біреу, солайша бір актерде қазір бірнеше түрлі дауыс бар. Оның себебі, біріншіден, ол актердің қазақша білмегендігінен болуы мүмкін немесе ол актерлік шеберліктен өтпегендіктен... Былайша айтқанда, өзінде дым жоқ, бірақ біреудің баскиімін, біреудің көзілдірігін, біреудің костюмін киіп тойға барған студент сияқты жасанды дүние болмай қайтеді содан соң?!. Біз қашанда өзімізді орыстың актерлерімен салыстырамыз. Айталық, сонда Смоткуновский деген актер ірі планда көрінбей тұрып, алыстан сөйлеп келе жатқаннан-ақ көрермен оны даусынан жазбай танитын. Сондай-ақ «17 мгновений весны» деген фильмде Ефим Капельян деген актер сондағы бүкіл уақытты айтып тұрады. Сонда өзі түспесе де, Ефимнің үнінсіз әлгі киноны елестету мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, Ресей киноиндустриясы әлі сол кәсіби деңгейін жоғалтқан жоқ, «бір актер – бір үн», яғни өзі ойнады, өзі сөйлейді, сондықтан біртұтас дүние шығады. Ал біздің киноларымызда бір актер бір фильмде зор, жуан дауыспен сөйлесе, келесісінде шіңкілдеп жүргені. Шыны керек, бүгінде көрермен ешбір актердің шынайы болмысын білмейді. Негізінен, режиссер актер таңдарда оның тек кескін-келбетін ғана емес, оның үнін, жан дүниесін түгел қабылдауы керек қой? Бөлшек-бөлшек дүние жасайтұғын болсақ, онда өнер академиясын ұстап, неге төрт жыл актер оқытып әуре боп жүрміз? Біз үн деген құдіреттің құнын қолдан жойып жатырмыз. Әйтпесе ол – Алладан берілген нығмет қой. Айтыңызшы, даусыңыз болмаса ән айта аласыз ба? Егер әннің бір жерінде орындаушының даусынан бір ақау кетсе, құлаққа түрпідей тиеді ғой, сол сияқты сөйлеген сөздің де өз үйлесімі, үндестігі, өз мелодиясы болады. Мейлі ән сал, мейлі поэзия оқы болмаса жай сөйле, үніңіз тыңдаушының құлағынан кіріп, бойын алуы керек. Олай болмады ма, түр-келбеті келісті болғанымен, даусы жақсы болмаса не дұрыс сөйлей алмаса, өз тілін білмесе, демек, ол – кембағал талант. Тіпті талант деген сөзді қор қылмау керек шығар ондай адамға. Себебі талант деген – бойына бар қасиетті шоғырландырған ұлы құндылық. Қазір талантсыздарды жинап алып, шын талантты тасада қалдырып жатқан кембағал режиссерлердің ісі дер едім мен.
– Олай болса, өзіңіз кезінде Әзірбайжан Мәмбетовтей режиссерлерді көрдіңіз, актерлік мектебінен де өттіңіз, енді неге режиссерлікке тәуекел етіп көрмейсіз?
– Кімнің түбі кім болып, қайда барарын бір Алла біледі, бірақ мен өз басым өнердегі мамандықтың ең төресі актерлік деп қабылдаймын. Образды түрде айтсақ, актер – кәдімгі ат үстінде жауға шабатын батыр, ал режиссер – ақыл айтып отыратын би. Көп батырлар жас күнінде жауға шабады да, қартайып, күш қайта бастаған кезінде би болады немесе бидің кеңесшісіне айналады. Сол сияқты мен өзімді әләзір ат үстінен түспеген «батыр» сезінемін, сондықтан ортан қол туынды жасағанша, толыққанды образ жасағанды тиімді көремін. Мысалы, біз киелі сахнада Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабековтерді асқар тау санап, өзімізге үлгі етіп қоямыз. Ал сол Ән-ағаң немесе Ыдырыс ағаларымыз еш уақытта да режиссерлікке талпынған емес. Есесіне сахнада айғайлатып, шырқыратып тұрып образ жасаған. Әрине, белгілі бір өсу деңгейіне жетіп режиссерлікке ден қоятындар бар, ол да керек. Бірақ бүгінде соған қабілеті жеткендігінен емес, қолға портфель ұстап, актерлерге ақырып отырғысы келгеннен режиссерлікке ұмтылатын бір ауру дендеп алды ғой. Менің сондайлардың қатарынан көрініп қалғым келмейді. Жалпы, қазақ деген өзі – актер халық. Тебіренгіш, сезімтал, ақынжандылық жағынан қазақтың алдына түсер жан жоқ.
– Өмірде солай шығар, дегенмен соны экранда не сахнада ойната алып жүрміз бе?
– Шыны керек, қазақтың нағыз мінезі, өкінішке орай, экранның қалтарысында, сахнаның сыртында қалып барады. Әйтпесе, әттең, қазақтың бір атым насыбайға бола өкпелей салып, қонақ келсе астындағы жалғыз аты, қорадағы соңғы қойын сойып тастайтындығы – бәрі-бәрі актерге керек мінездер. Осындай қазақы мінез бойында тұнып тұрған актерлер әлі де бар, тіпті қазақтың екі жігітінің бірі – актер, бірақ соны таба білетін, көре білетін режиссерлер аз. Актердің жан дүниесі – Жердің үстінде ғана емес, Көк пен Жердің ортасында ұшып жүрген құйын сияқты түсініксіз құбылыс. Егер сондай жалын болмаса, сондай бір ішкі күш-қуат сыртқа теуіп тұрмаса, актер алдында отырған көрерменге еш әсер ете алмайды. Сахнада актер қалғып жүрген соң, әрине, көрермен ұйықтап қалмай қайтеді? Жүректен шығып жүрекке жету деген жай сөз емес, ол – шынайы бар нәрсе.
– Актердің өлген жері қай жер дер едіңіз?
– Егер өзінің бұрынғы жасаған образдарымен мақтанған актер көрсеңіз, ол – «өлген» актер. Себебі шын актер қазір не істеп жатыр, оны жұрттың өзі көріп, өзі мақтауы керек. Екіншіден, бізде қазір мерейтой деген бәле пайда болды. Қазір әртістер бірінен-бірі қалмас үшін жарысып мерейтой жасайды. 50 жыл болса мейлі, тіпті 30 жылдық мерейтой жасап жатқандар да бар. Маған осы нәрсе ерсі көрінеді. Неге? Өнер адамы мерейтойында бенефис жасап, шығармашылық жолындағы өткен-кеткенін түгендеп, елге есеп беруді ғана көздесе, ештеңе демес те едім... Алайда мерейтой жасаймын деп әкімге барып бас иіп, демеуші бол деп бір кәсіпкерге алақан жайғандарды көргенде маған сол әртіс мерейтойды жебеу қылып, өз қалтасының қамын шешіп жүргендей көрініп кетеді. Өзім де актер емеспін бе, сондықтан осы нәрсе қатты намысыма тиеді. Себебі «ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дегендей, актер кәсіпкерді, әкімді емес, керісінше, олар «біздің осы бір тұлғамыз бәлен жасқа келіпті ғой» деп әртісін іздеуі тиіс қой. Сонда ғана ол – бақытты актер. Ал енді бүгін сахнада ханды сомдаған актер ертең бір кәсіпкердің алдына барып алақан жайып тұрса, міне, сол жалғыз өзінің ғана емес, өнердің өлген жері деп білем мен. Заман қандай болса да, тіпті күллі ғаламды ақша билеп кетсе дағы, өнер адамы арзандамауы тиіс.
– «Киноны кездейсоқ адамдар басып кетті» деген пікірлер естіп қаламыз, осы кастингінің кесірінен емес пе? Яғни нағыз сахна сардарларын ысырып қойып, көшеден басты кейіпкер іздеу күллі әртіс қауымын өлтірумен барабар емес пе осы?
– Кинода типаж деген нәрсе бар. Мысалы, «Тақиялы періштеде» Әлімғазы ағамыз дәл табылмағанда, кейіпкер образы ашылып, жалпы, киноның басты мақсаты орындалмас еді. Себебі ол рөлге алпамса денелі әрі баладай сенгіш бейне керек еді. Режиссер егер дәл сондай бейнені актерлер арасынан кездестіре алмаса, ауыл-ауылды аралап, іздеуге көшеді. Әлгінде айтқандай, қазақ деген – өзі актер халық, тек нағыз керегін ел ішінен таба білуі керек, ал ол – режиссердің жұмысы. Сондай-ақ табылған типаждың құр түріне сенбей, бала секілді ойната білу, оның бойында басқалар көрмейтін, киноға керек мінездерді шығара білу – режиссердің шеберлігіне келіп тірелетін іс. Кезінде марқұм Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сынды ағаларымыз ұлттық кино үшін барын салып, шын мәнінде типаждарды тапты. Ал қазір, лажы болса, киноға өз таныстарын, өз командасын ғана түсіру деген бір жаман әдет пайда болды режиссерлер арасында. Бұның себебі, біріншіден, ақша үнемдеу, екіншіден, өз танысын түсіру, онымен арада жеке өз есебі болуы ғажап емес. Осындай жағымсыз, лас нәрселер белең алып кеткені жасырын емес. Ал бұл өз кезегінде өзінің бүкіл өмірін актерлікке арнап, таңертеңнен кешке дейін театрдың төрт қабырғасына өзін өз еркімен қамап, соның айына беретін аз ғана айлығын қанағат тұтып жүрген талай актердің жолын жауып, қиянат болып тиіп те жатқаны өтірік емес. Қалай дерсіз? Яғни шеберлігі жетіп тұрса да, ондай актерлерді кастингіден өткізбей тастайды немесе жай ғана эпизодтық рөл береді де, басты рөлді өз таныстарына береді. Міне, қиянат деп тұрғаным – сол.
– Аға, шыныңызды айтыңызшы, өзіңіздің актерлікті таңдағаныңызға өкінетін кездеріңіз бола ма? Адам болған соң шаршау, түңілу, жиіркену секілді құбылыс тән ғой, яғни сондай бір сәттер, құлдырау, іштей күйзелу басыңыздан өткен шығар?
– Әрине, пенде болған соң үнемі жадырап жүру мүмкін емес қой, дегенмен мен керісінше қазақ болып туғаныма, басқа емес, сол қазақ деген халықтың актері болып туғаныма қуанамын. Себебі қазақ – ежелден бойында өнері бар адамдарды алақанына салып аялап, серілігін көтеріп, тіпті айлап, апталап қонақ қылған халық. Сол мінез қазақта қазір де бар, меніңше, қазақтың сол мінезін ешбір заман өзгерте алмайтын сияқты. Кейде басқа елдердің әртістері айтып жатады, «шіркін-ай, дәл қазақтай өнер иесін қастерлейтін халық жоқ шығар, неге біз қазақ актері боп тумадық екен?» деп жатады. Сондайда кеудемізді мақтаныш кернегені болмаса, былайғы уақытта өзіміз бағасын біле бермейді екенбіз. Мысалы, біз ауылға қарапайымдылықты сағынып барамыз, расында, ауылдағы ағайын тура табаныңа дейін жығылып, астыңа қабаттап мамық төсеп, ақ жаулықты әжелердің өзі маңдайыңнан сүйіп, қойын сойып құрақ ұшып шыға келеді. Ол – білгенге өнерге деген құрмет. Соның өзінде қошеметтің буына мас боламыз ба, елдің істеген жақсылығын көрмей, сәл ғана кемшілігіне іштей тыжырынып, «арық қой екен, неге семіз қойын соймайды?» деп шығатынымыз бар. Қарап тұрсақ, біздің алдымызда құрақ ұшуға міндетті емес. Тіпті сәбилерін әкеліп, аузына түкіртіп жатқан аналарды көргенде, енді, расында, қазақтай ақжарқын, қазақтай қошеметтей алатын, хан көтеретін халықтың жоғына көз жеткізесіз. Өзіңнің кейде мамандығыңа түңілген сәттерің болса, әлгіндей жағдай соларды емдеп жібереді де, яғни текке қазақтың өнеріне аз да болса еңбегіңді сіңіргеніңе көзің жетеді. «Он алты жыл үйсіз-күйсіз Алматының түкпір-түкпірінде кімнің босағасына телмірмедім, қандай қиындықтарды көрмедім, бірақ сонда босқа жүрмеген екенмін ғой» деп өзіңе кәдімгідей бір тәубе деп, көңілің көтеріліп қалады әлгіндей елдің құрметіне бөленген шақта. Осы бір ғана мінезі үшін-ақ ұлтыңның табанына төселуге дайын болып кетесің.
– Қазір қоғамда қазақты дәл солай сүюге орын бар ма?
– Негізі, басымызға қандай күн тумасын, біз өз ұлтымызды сүюіміз керек. Әйтсе де менің ерекше қорқатыным – орыстардың бізге әкеп таңатын трайболизм деген бәлесі. Қазір қазақта осы нәрсе, шынында, белең алып бара жатқан сияқты. Біз осының тамырына балта шаппай, яғни ру-руға бөлінуге тоқтау салып, «әр қазақ – менің жалғызым» деген деңгейге жетпей, біз ел болмаймыз, кім көрінгеннің қанжығасында кетеміз немесе өзімізден мықтының қолжаулығына айналып, жұтылып кетуіміз ғажап емес. Қазіргідей әркім өз руын мадақтап, қазақтың аты емес, өз руының атын әнге қосып, тегіне айналдырып немесе көлігінің артқы терезесіне жапсырғанынан біз алысқа бармаймыз.
Алашқа айтар датым...
Кейінгі кездері мені таңғалдыратын жайттар көбейіп кетті. Таяуда «Қазақстан барысы» болып өтті ғой, қазақтың нағыз алпамсадай жігіттері сол сайыста жер кіндігін қозғағандай бірімен-бірі алысып жатқан кезде ортаға Қайрат Нұртастың шыға келмесі бар ма?.. Ол қызып тұрған шоққа мұздай су құйып жібергендей болмаса үстіңе – смокинг, аяғыңа спорттық аяқкиім киіп алған сияқты, бір-біріне мүлдем үйлеспейтін дүние ғой. Екінші бір таңғалдырып жүргені, тәуелсіз еліміздің күнтізбесінде 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, қаралы күн. Керек десеңіз, ол күні біздің туымыз да төмен түсіріліп, бүтін Алаш жұрты аза тұтуымыз керек. Жылдың 365 күнінде орын алып жатқан ойын-сауықты тым болмаса бір күнге тоқтататын жөніміз бар. Ал бізде басқа құрып қалғандай, «Шәкен жұлдыздары» фестивалін дәл сол күнге апарып тіреп, өнердің, өңшең өнердің ірі бастылары той тойлап, шарап ішіп кетті. Осыған қалай таңғалмайсыз?!. Үшіншіден, Байқоңырда зымыран құлап, қанша тонна у Алаштың төбесінен құйылды да кетті. Сонда «Қазғарыштың» басшылары, ел сеніп жүрген азаматтар беттері шімірікпестен «одан халыққа ешқандай зиян келмейді» деп мәлімдеме жасады. Осыған қалай таңғалмассың!
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті