Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Күбіртке 3027 20 пікір 25 Қазан, 2023 сағат 12:53

Министрлерден тілімізді талап ету неге төмен?

Менің айтайын деп отырғаным, біздің Үкіметтің құрамындағы министрлер туралы. Мен он жеті жыл Ақмола облысының аумағындағы Есіл аудандық әкімшілігінде қызмет еттім. Ол кезде, әрине, заманның ауыр кезі еді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болатын.

Осы ауданда қызметте жүргенімде, 1995 жылы Ата заңымызға біраз өзгерістер енгізген референдум өтті. Тай-тұяғымыз қалмай, бәріміз қатыстық.

Осы, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Ата заңы, тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болып табылды.

Жаңадан қабылданған Ата заңымызда, мемлекеттік тіл болып табылатын «қазақ тілі - мемлекеттің барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында, тікелей қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі» деп көрсетілді. Осыған орай, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы екендігі түсінікті түрде, нақты айтылған.

Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында біздің пайдаланып жүрген орысшамыз, ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 2-тармағы). Дегенмен, қазақ тілі секілді, Ата заңымызда көрші елдің тілі (Ресей) арнайы тармақпен ресми тіл деп көрсетілмеген. Тек қана, «ресми түрде ғана пайдаланылады», деп жазылған. Сондықтан, биліктегілер және барлық мемлекеттік қызметте жүргендер осыны түсінуі керек!

Сонда, неге біз осы өзгенің тілін, бұл күнге дейін мемлекеттік деңгейге көтеріп, іс жүргізіп келеміз? Қазіргі жоғарыда жүрген министрлердің мұны түсінетін саяси сауаттылығы неге жоқ?! Бұған кім жауапты? Әлде, елімізде этнос болып саналатын орыстардан қорыққандықтан ба?! Немесе, іргеміздегі Ресейге жалтақтаймыз ба?!

Сол тұста, бізге, мемлекеттік тілмен қатар, біздегі ресми тіл, орыс тұрғындары басым облыстарда ғана бірдей қолданылады деп түсіндірілетін. Мен қателеспесем, республика деңгейінде тек қана қазақ тілі заңдық тұрғыда үстемдікке ие деп айтылатын еді. Бізге солай түсіндіретін. Ал, егер мен қателессем, айып етпеңіздер!

Осыған орай, өзім жұмыс жасаған аудан, сонымен қатар, бүкіл Ақмола облысының аумағы тұтас іс жүргізгенде қазақ тілі мен орысшаны қатар пайдаланатынбыз. Бірақ, қазір ол жақтың да орыстары мен қалған-құтқан неместерінің, қазақ тілін меңгеріп алатындай уақыты әлдеқашан болды ғой?.. Отыз жылдан аса уақыт өтті.

Бұл арада, мемлекетіміздің талап ету деңгейі өте төмен. Тіпті, тіл білмесе, әсіресе мемлекеттік органдарда қызметшілерге қазақ тілін оқытатын курстар ашуды неге ұйымдастырмайды?! Яғни, жоғарыдағыларда жауапкершілік жоқ.

1996 жылы 4 қарашада сол кездегі ҚР Президентінің Жарлығымен, «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасы» мақұлданып, ел аумағындағы  барлық ғылым-білім, мәдениет, техника салаларын мемлекеттік тілге көшіру кезеңін басталып кеткен болатын. Содан бері талай жылдар өтті. Қазір енді, бүкіл осы аты аталған салалар мемлекеттік тілге ауысып болды деуге негіз бар. Солай шығар.

Енді айтарым, мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты. Неге біз әлі күнге дейін, елімізде этнос болып саналатын орыстардың өз ішіндегі қарым-қатынас тілін мемлекет деңгейінде ұстап тұрмыз. Мысалы: Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Алматы, сонымен қатар, көпшілігі қазақтар болып келетін Батыс облыстарға және Абай облысына, сонау Ұлытау мен өзге де қазақтары басым кейбір облыстардың аудандарына ресми тілдің керегі қанша, мемлекеттік қазақ тілі тұрғанда! Біздің республика - ол Қазақ мемлекеті. Негізін салған қазақ халқы. Сондықтан, заңды тұрғыда барлық үстемдік қазақ тіліне берілуі керек емес пе?! Соны неге ұқпаймыз!

Енді, мақаланың жоғарғы тұсында айтқанымдай, неге осы күнге дейін министрліктерге осы жағдай түсіндірілмейді. Әлде, бұл саяси сауатсыздық па! Ескертейін дегенім, жоғарыдан министрлерді тағайындағанда, әрдайым, олардың саяси сауаттылығының деңгейіне де, қарау керек шығар!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052