Жұма, 22 Қараша 2024
Жанайқай 14832 2 пікір 28 Қазан, 2023 сағат 14:51

«Қара жердің астында бір дүрсіл жүр...»

Қарағанды облысының Костенко шахтасында опат болған кеншілердің саны отыздан асты. Марқұмдардың жақындары мен туыс-туғандарына, мұқым Қазақ еліне қайғырып, көңіл айтамыз.

Қайғы-қасіреттің бәрі әуелі ақындардың жүрегінен өтеді. Ақындардың өлең-дұғасын назарларыңызға ұсындық...

Дүрсіл...

«Қарағанды бір қараған секілді,
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып...»
Жұмекен

Мойыныма байланғандай қыл шылбыр,
Тұңғиыққа тартады ылғи тылсым дүр.
Қақыратып Қарағанды кеудесін
Қара жердің астында бір дүрсіл жүр.

Сол дүрсілден жететіндей бір хабар,
Естіген жан жер бауырлап тыңдаған.
Елеңдейді есі кеткен дүние –
бағаналар, мұнаралар, мұржалар.

Қияметке куә болып не түрлі,
Қайрылмасқа бұрдың ба екен бетіңді?..
Жербетілік жәдігөйлеу арманды
Қарағанды менсінбейтін секілді...

Қызыл-жасыл қызықта жоқ шатағы,
Қабірдің де қаймықтырмас қаһары.
Сұрғылт өңді сұсты-сұсты жігіттер
Шыңырауға еніп бара жатады.

Еніп бара жатады олар тереңге,
Жаны маздақ өңшең қайсар өрендер.
Ол көздерден ұшқан көкшіл сәулені
Бере алмайды ең бір шыншыл өлең де.

Күрсінгенде сол кеуделер мың бұрау,
Оқиды екен бізге жұмбақ бір дұға.
Ол дұғаға елтиді тек тас таулар,
Оқпандар мен үңірейген ұңғылар.

Сол бір солқыл болар ма еді мұнша зор,
Елтиді оған сағымды көл, сұрша бел.
Тас түнекті жарып өтіп келеді,
Маңдайына күн байлаған мың сан ер.

Құрыш қолдар кен қыртысын қопарып,
Тасты үккенде тайсалтатын қаһары.
Жер астының аспаны бар кәдімгі,
Күн күркіреп, жасын ойнап жатады.

Тар қапасты тілгілесе мың алау
Сол дүрсілге мүмкін бе екен шыдамау?..
Кім біледі жұмыр жердің жүрегі
Осы тұста соғып тұрған шығар -ау...

Бұл жақта да тосып тұрар қақпан сан,
Қас-кірпігін қара күйе, қапқан шаң.
Жер бетіне таратады жылуын,
Сол зынданнан заңғар ұлдар жаққан шам.

Көр-лаһатқа түсер күнде тіріде,
Сол ұлдарда тұрпат бөлек, сірі дем.
Қарағанды тұлпарлары қырда емес,
Кісінейді шыңыраулар түбінен.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Өмірқазған

Таңның алғаш сәулесін шайқап ішіп,
Олар жерге кіреді арпалысып,
Жер астында... үстінде бұлт көшіп,
Емес пе еді онсыз да шұрық-тесік,
Төбеден құт құйылған мына кеудем,
Бәлкім Мәді шығады мына белден...
Қай бағыттан шығады енді ай-күнім,
Өзіне бұйырмаған кен байлығын,
Өзі қазып... риза барлығына
Уақыт тілі кеп тоқтады қазақтың тағдырына.
Бұл олардың күн сайынғы әрекеті,
Солай, бәлкім, Тәңірге тәу етеді?
Жердің астын шаң-тозаң, жел-дауыл ғып,
Ажал жатар пішінде перғауындық.
Жерге кіріп күн сайын онсыздағы,
Ажалға қысқа бәлкім жол сызғаны?
Қара көмір – қара сөз, бұл не күдік?
Үйренсек қайтеді екен Күнге кіріп.
Кен деп, ел деп ағыздың көп сораңды,
Жердің асты қайғыңнан жарық шығар,
Үсті бірақ әзірге қап-қараңғы.

Әділет ШОПЕН

Оян, кенші!

Оян, кенші!
қозғалар мезет келді,
Қазан таңы. Бұлыңғыр кез өтпелі.
Оянды жар,
оянды қарт анасы,
сенбі жұмыс күні-тін кезектегі.

Құла таңнан жолықпас жан баласы,
ал кеншінің үдеген қарбаласы.
«Жолың болсын!» деді жар жәудір көзді,
кеңістікке күбірлеп қалды анасы.

Кенші сынды кім білер күн қадірін?
Кенші сынды кім білер жыл қадірін?
Тап олардай кім сезер ғұмыр мәнін,
жарықшақтың кім естір жұмбақ үнін?

Сенбі кеші.
Түнектей жол әріде,
түсті кенші шұңғыл жер тереңіне,
Алып қолдар, айқасқан шойын дене,
жүйіткіген қара маржан кемеріне.

Бір мезетте дүр қақты сай-жырасы,
«Сақтаныңдар!» деген шу айналасы.
тік адымдап бүгілді құрбандықтар,
қарашықтан үзілмей қайғы жасы.

Тап кеншідей кім айтар ерлік әнін?
Тап кеншідей кім көрер жан мұрадын?
Ұзақ өксіп тұрды ана, тұрды жары,
жерге беріп алпамса арғымағын.

Сәлем, гүлдер!
кеншіге көмкерілген,
Сәлем, жолдас!
қош айтқан ер көңілмен.
Сәлем, саған жетімдік!
Сәлем, ұлдар!
әкелерің жылынар демдеріңмен!

Сағатқа да қалғымас сенім деген,
қағидат сол уақытқа жеңілмеген.
Оян, кенші!
азат ел ертеңімен,
ертегідей даңқыңмен көмілмеген!

Батырхан СӘРСЕНХАН

Шахтёр

Шалықтап пәк сәбидей,
Алтын тағын талақтап – патша, бидей,
Жеті қат жер астына енген қандай –
Қылуетке түскен дәруіш Яссауидей!

Биіктікті бауырым, менен күтпе,
Ақсүйек те емеспін, төлеңгіт те.
Ұлылықтың төркіні – үнсіздікте,
Үнсіздіктің тамыры – тереңдікте.

Қашқан да өзім, дәуренді қуған да өзім,
Олжа да мен, әрине құрбан да өзім.
Қараңғы мен күңгірітке бой алдырып,
Қарығады жасанды нұрдан көзім.

Қараңғыда жап-жарық күн кешемін,
Жалғыздық һәм жар менен тілдесемін.
Жер үсті мен астына елші болып,
Екі дүние арасында үндесемін.

Нұрлы үнсіздік жанымды тербетуде,
Шулы тыныштық әрқашан ерге түрме.
Қазан қайнап жатады, дала жайнап,
Бізден тамған қан-терден жер бетінде.

Жер астының елемей тым тарлығын,
Асып-тасып барады іңкәрлығым.
Әйтпесе, жер жүзіне шығар ем ғой,
Шалқұйрықтың тұтатып бір тал қылын...

Ешқашан бұлдамадым, бұлданбадым,
Ешкімді былғамадым, былғанбадым.
Туған жерді басыммен тіреп тұрам,
Төбемде асыр салыңдар туғандарым!

Аршын НҰРБАҚЫТ

Кеншінің баласы

– Әкем қайда, анашым?
– Жұмысында.
Нәзік діріл байқалды тынысында.
Жұлқып-жұлқып жүрегін анасының,
Бір ақиқат кетті еріп тіл ұшында.

Содан кейін анасы тіл қатпады,
Қанша уақыт көз жасын құрғатқалы.
Кезіп кетті үй ішін кешегідей,
Үнсіздіктің қалыпты ырғақтары.

– Сенің елің, жарығым – кеннің елі,
Сенің әкең сонда, – деп сендіреді.
Көндігеді бала да, қос жанары
Есік жаққа бәрібір телміреді.

Күнде үйінің қарайды бөлмелерін,
Бөлмелері айтады келмегенін.
Неткен ұзақ сапар бұл...
Шыныменен
тым тереңде шығар-ау «кен» дегенің.

Әке, бәлкім, жол іздеп адастың ба?
Әлде, басқа мекенге жол аштың ба?
– Әкем қайда, анашым, шыныңды айтшы,
– Әкең сенің жұмыста, жер астында.

Ертең, балам, ертең дер анасы тек,
Ертеңге үміт артпауға шарасы жоқ.
Аймалайды шашынан ағайын-жұрт,
«Айналайын, кеншінің баласы» деп.

Сезді сонда жүрегі алғаш мұңды,
Күндер бірақ жылжуын жалғастырды.
Шыңнан әрі ұшуды бала арманы,
Шыңырауға түсуге алмастырды.

Жасыра алмай сыныпта сағынышын,
Бір аңсардың жалыны қарып ішін:
– Кенші болам, – деп жазды дәптеріне.
Әкесінің қасына бару үшін...
Табу үшін...

Дәулет ЖАДЫРАСЫН

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286