Жексенбі, 14 Шілде 2024
Ғибырат 2149 0 пікір 1 Қараша, 2023 сағат 13:40

Тараздың Құрметті азаматы

Домбыра – халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрлі  аспабы болса, баян – қазақ сазының қалыптасу жолында өзіндік орны дара аспап екені даусыз. Мәселен, заманауи қазақтың ұлт аспаптар оркестрін баянсыз елестете алмайсыз. Әуесбай Бақбергенұлының жан қалауымен таңдаған баян аспабының тарихы тым тереңде екені белгілі. Міне, сол диапазоны кең, тембрге бай, көп дыбысты баян аспабын жете меңгерген ұлағатты ұстаз 70 жастың белесінен беделі артып, асып отыр екен. Соның ішінде байқасам, аға досым Әукеңмен таныстығымыздың 40 жылға жуық бай ғұмырнамасы бар екен.    

Әукеңді сонау 80-жылдары атағы жер жарған «Алатау» ән-би ансамблінде баян аспабында аккомпаниатор болған  кезінен білемін. Аты аңызға айналған  өнер ұжымында менің азғантай  уақыт баянда және прима аспабында ойнаған өмір тарихым бар. Прима аспабын әріптестер арасында өзара «қазақтың шертері» дейтін едік. Әуесбай Бақбергенұлымен сол жылдардан бері жалғасқан аға-іні рәуішіндегі достық сыйластығымыз күні бүгінге дейін риясыз жалғасып келе жатқанына қуанамын.

Қызметтік ғұмырбаянымызда мен көп жылдар қаладағы мәдениет және өнер колледжінде, педагогикалық институтта қызмет еттім. Ұстаздық білімнің алтын ұясы болған Абай атындағы гуманитарлық колледжіне бертінде 2010 жылы жұмысқа келдім. Ұлағатты ұстаз Әукеңмен алыста қалған сағым жылдарда «Алатау» ансамблінде қанаттасып бірге жүрсек, араға көп жыл салып ұстаздар ұстаханасы – Абай колледжінде қайта қауыштық. Тәжірибелі ұстаз кәсіптік білім беру ошағында бірнеше қырымен танылды. Соның бірі – өзінің маман дайындаудағы шеберлігіне сүйеніп, білім алушыларының ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті, көптеген оқу әдістемелік құрал, нұсқаулықты даярлап шығарды.

Аға досым, әрі әріптесім туралы айтар ілтипатты сөзім көп. Бәрінен бұрын ол кісінің бөле-жарып айтар қасиеті – сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақтылығы дер едім. Басқасы басқа, Әукеңнің әнге сөз жазатын ақындық қырын көпшілік біле бермейді. Бұл тұрғыда сазгер, колледждегі әріптесіміз Серік Қалмағамбетов екеуінің бірлескен шығармашылығы табысты жүзеге асты десек артық айтқандық емес. Бір күні кабинетіне барсам, Секең шабыттанып жаңа ән шығарып, онысын Әукеңмен бірге қызу талқылап жатыр екен. Жаңа туындысының атын «Жаңашыл жастарға» деп қойыпты. Әукең әннің әуеніне икемдеп, сөзін жазып жатыр екен. Секеңмен серіктесе бірігіп жазған жаңа әндерінің алғашқы тыңдаушысы сол күні өзім болғаным есімде.

Өскеменде өнер игеріп келген өнерпаз аға бірнеше аспапта еркін ойнай беретін қабілеті де ел аузында. Қаршадайынан серік болған аспабы баян болса, студент кезінде кларнет пен фортепианода да орындауды үйреніпті. «Нағыз қазақ домбыра» дегендей-ақ, ұлттық аспабымызды арнайы маманданып меңгермесе де жастайынан еркін шертуге машықтанған. Осы аспаптың қай-қайсында болсын әндерге «инструментовка» жасаудан бөлек, әншілерді бірнеше дауысқа бөліп, дайындай білуі де Әукеңнің ендігі кәсіби көп қырының бірі.

Әріптесіміз ғана емес, тілеулес туыс ағамыздай болған Әукеңнің адамгершілік биігіндегі бекзат болмысымен астасқан ұстаздық жолынан біздің де тәлім алған тұсымыз көп. Оқыту әдістемесі өз алдына, орындаушылық шеберлігі мен дәріс берудің қыр-сырын кейінгі жас педагогтарға да молынан сіңіре білді. Ол музыка пәнінің мұғаліміне аса қажетті сүйемелдеушілік, яки концертмейстерлік дағдыны дамытуға да зор көңіл бөлді. Өзі нотамен орындаумен қатар, есту қабілеті арқылы сүйемелдеудің де шебері. Яғни, нотаға қарамай-ақ, әуез дыбыстарының биіктігін қабылдап, елестету және шығару арқылы әуенді сүйемелдеу қабілеті бар. Әлбетте, бұл Әуесбай Бақбергенұлының табиғи талантының, зеректігінің, әрі таңдаған мамандығына деген шын берілгендігінің белгісі десек қателеспеймін.

Ол қашан да білім алушылармен өте биязы сөйлеседі. Қолына баянды алып, партитураны ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі түсіндіре отырып шығарманы алдымен өзі баппен орындап береді. Артынша шығарманың тарихымен де таныстыруды ұмытпайды. Солай ету арқылы да ұлағатты ұстаз алдына келген студенттің бойында саз әлеміне деген махабатты оятуға барын салады. Дауыс көтеріп, жекіп сөйлеген кезін көрген емеспіз. Дегенмен, биязылықты жұмсақтық деп әсте түсінбеу керек. Жаны жайсаң сыпайылығының сыртында табандылық пен талап ете білудің зор жауапкершілігін сезінетіні байқалатын. Қашан да «бұлақ көрсе көзін ашуды» көздеген ол алдына келген шәкірттерінің талабын ұштап, талғамын дамытып, музыкаға қызығушылығын арттырып, қанатын қомдап, жігерін шыңдай білді. Осылайша ұлағатты ұстаз білімгерлердің рухани қазынасын молайтуға абыройлы ат салысып, жан-жақты маман дайындауға зор үлес қосты. Оның бойындағы сабырлылық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, талап қойғыштық қасиеті студенттердің білімге құштарлығын оятуға, кәсіби деңгейін қалыптастыруға ықпал етті.

Педагогика саласының білікті маманы, жоғары дәрежелі әдіскер болумен қатар, Әукең іскер басшы, шебер ұйымдастырушы да. Гуманитарлық колледжде қызмет еткен қырық жылында ол қатарынан екі мәрте музыкалық білім беру кафедрасының меңгерушісі болып, оқытушылар мен студенттеріне қамқор басшы ретінде танылды. Осыдан 20 жыл бұрын, яки 2003-2004 жылдары оқуға түскен студенттердің аз болуына байланысты музыкалық білім беру кафедрасын жабу туралы сұрақ күн тәртібіне шығарылыпты. Себебі, білім алушы жеткіліксіз болған соң оқытушылардың да сағаты қысқарып қалатыны айтпаса да түсінікті. Сағат қысқарса ұстаздар жұмыссыз қалады. Жұмыс болмаған соң тұтас кафедраны ұстап отыру қиынға соғатыны белгілі еді. Ұжымына тықыр таянғанын сезген Әукең бастаған оқытушылар орта мектептерге ән-күй пәнінің мұғалімдерін дайындайтын кафедраны қайткенде де сақтап қалу керек деген мәселені төтесінен қояды. Әукең, Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов сияқты кафедраның ардагер ұстаздары жұмылып, бұл салада маман дайындау жұмысын жалғастыру керегін нақты дәлелмен түсіндіріп береді. Беделді оқытушылардың орынды уәжіне құлақ асқан колледждің педагогикалық кеңесі сайып келгенде, кафедраны жаппауға ұйғарыпты. Қарамағындағы ұжымына, басқарған кафедрасына деген жанашыр табандылығының арқасында сол жылы колледждің музыкалық білім беру бөліміне оңтайландырудың салқыны тимей, аман қалыпты.

Кәсіби біліктілігі бір тақырыпқа өз алдына арқау болса, ол кісі өзінің адамгершілігі мен бауырмалдығының арқасында ұжымда беделді, ардақты жан. Ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың, ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген Абай сөзінің де ұлағаты бар. Ұлы һәкімнің даналығына сүйене сөз саптасақ, Әуесбай Бақбергенұлының өнегесі бүгінде ұжымымыздың өміршең азығындай. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымайды, келешек жолында бағытынан жаңылмайды. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дегендей, батырлығымен, батылдығымен ағарту саласында талмай еңбек етті ол. Енді бейнетінің зейнетін көрген зиялы шағында жүзі жарқын күйде жүз жасасын деп тілеймін. Тараздың құрметтісі, елдің құрметтісі!  2023 жылдың 24-қазаны, сейсенбінің кеші болатын. Республика күніне орай қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен Әуесбай Бақбергенұлына «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын тапсыру салтанатына қатысқанымда көңілдегі көрікті ойлар осылайша өріліп жатты.

Нұрлан Мәлікұлы,

Абай  атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «музыкалық білім беру» кафедрасының оқытушысы (Тараз қаласы)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1193
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 1863
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 1911