Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2970 12 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 15:44

 «Құрмет» неге құрметсіз болып қалды? 

Бізде осы орден не медаль, болмаса атақ беру секілді марапаттау жалпылама шүлен тарату секілді дүниеге айналып, аяғы айқай-шумен бітетіндігі несі екен?

Міне, біраздан бері әлемжелдегі қалың жұрт ана «Құрмет» орденін алған әнші Әли Оқаповты бітпес дауға айналдырды. Бір жағы дұрыс екен деп қолдап жатса, екінші жағы әлі тым жас, еңбегі сіңген жоқ деген ұстанымда. Ақыр аяғында, жас бала осы бір өнбес тіршіліктен шаршады, білем, «бұл наградадан бас тартамын» деп жариялады. Енді міне екі ортада еш жазығы жоқ жас баланы әуре-сәрсеңге салып қойдық. Ал мәселе Әлиде емес қой.

Әңгіме осы орден-медальді алуға лайықтыларды іріктейтін мемлекеттік нарадалар жөніндегі комиссияда секілді. Олар неге «бұл үміткердің халықтың алдында сіңірген еңбегі қандай еді, несімен елді ерекше таң қалдырды?» деген сұрақтар қоймай ма? Әлде ол кімнің баласы немесе туысы деген критериймен қарай ма? Мұның атын тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасу деп атайды. Кезінде жас болса да Роза Рымбаева тек «Әлия» атты әнімен талай конкурста жеңімпаз атанып, тек Одаққа қана емес, бүкіл әлемге әйгілі болды емес пе? Міне, өлшем деген осы. Мен бұл жерде Роза Бағланова, Ермек Серкебаевты және қазір көзі тірі Бибігүл Төлегенованы тіпті айтып отырған жоқпын.

Екіншіден, осы орден-медаль дегендерден қадір кеткелі қашан? Оларды қазір қайда тағасың? Тойға ма, көшеге ме? Оның үстіне, қазіргі ақша билеген заманда бәрі де сауда емес пе? Осыдан оншақты жыл бұрын Қостанайдағы ортаңқол бизнесменнің бірі сол «Құрмет» орденінің құны 20 мың доллар тұратындығын айтып, бір мақтанғаны бар. Соны «жууға» арналған шағын жиында ешкімнің ештеңе демеуіне қарағанда оған ешкім де таң қалмайтын секілді. Содан бері ол тариф біршама өскен де шығар?

Жалпы, бір жағынан мемлекеттік нагрдада деген қалыптасқан қасаң түсінікті мүлдем өзгертіп, олардың санын мейлінше қысқартқан да жөн шығар. Тіпті олардан біржолата бас тартқаннның да артықтығы жоқ болар. Шетелдегі осы мәселе жөніндегі бай тәжірибені де ескерсек қайтеді? Өйткені бізде қандай да бір атақ әділ бөліне бермейді. Лайықтылары кейде ескерусіз қалады. Ал ұсыныла қалса, соңы үлкен дауға ұласады. Мәселен, кезінде Ілияс Есенберлин КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда үстінен қаншама арыз-шағым түскендігін қайда қоямыз?

Қаныш Сәтбаев та Социалистік Еңбек Еріне ұсынылғанда да дәл осындай жағдай қайталанған.

Бұл не сонда, кездейсоқ жағдай ма, әлде қанға сіңген қасиет пе? Соңғысы болса, қайтіп ел боламыз?

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1947