Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 2618 3 пікір 3 Қараша, 2023 сағат 13:15

Қазақстан мен Франция: Макрон сапарының мәні...

Сурет Ақорда сайтынан алынды

Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуының жоспары мен мақсаттары туралы...

Биылғы 2023 жыл көптеген өзгерістер мен толқуларға толы болды, аталған әрекеттердің барлығы әлем мемлекеттерінің саясатына және халықтың күнделікті өміріне де әсер еткен болатын. Қазақстанның аталған жүйеде өзіндік орны бар, саяси бағыты нақты белгіленген мемлекеттердің бірі ретінде осы өзгерістер мен толқуларды да сезінген болатын. Соның бірі, ол Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас, Палестина мен Израиль арасындағы жанжал, сондай-ақ әлемдегі экономикалық дағдарыс пен төтенше жағдайлардың барлығы биылғы жылы жаңа әсер ету қарқынына ие болған сияқты. Бұл оқиғалардың барлығы мемлекеттің саясатының жүзеге асуы мен халықтың бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүрулеріне толықтай әсер етеді, қоғамның ішінде тұрақсыздық пен белгісіздік орын алады. Дегенімен, осындай күрделі іс түскен кезде барлық бейбітшілік үшін күресетін адамдар мен қауымның бірігуі де орын алатындығы белгілі. Дәл осы жағдай біздің мемлекетімізбен басқа да шет елдік мемлекеттер мен олардың саяси басшыларының басын біріктіруге, аймақтағы мәселелерді шешу арқылы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға біріккендіктерінен көрінеді.

Қазақстан өзінің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап бейбітшілікке бағытталған саяси бағдарымен, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезіндегі әрекеттері арқылы өзіне көптеген жақтастар тапты. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының әлемдік саяси аренада өзіндік беделі мен әсер ету күші бар мемлекеттердің бірі, аталған дәрежеге жетуінің көрсеткіші мемлекетімізді алдыңғы санатта тұрған мемлекеттердің құрметтеуі мен олардың басшыларының Қазақстанды көркейту мен дамытуға, әлемде бейбітшілікті орнатуға деген қызығушылықтарынан да көруге болады.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің еліміздің аяғынан тұруына көмектескен мемлекеттердің бірі ол Франция болды. Бүгінгі күнде де аталған мемлекетпен біздің ортақ ұстанымыз бен саяси бағдарымыз бар, ал соны тағы да бір рет нақтылау мен талқылау үшін де Франция Президенті Эмманюэль Макрон елімізге ресми сапар жасап, екі мемлекеттің ынтымақтастығын дамыту үшін кездесулер өткізген болатын. Франция Президентінің Қазақстанға келу кезінде екі мемлекетке қатысты айтылған мәселелері туралы төменде айтатын боламыз, солай екі мемлекеттің өзара ынтымақтастығының болашаққа жоспарын анықтаймыз.

1. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон арасындағы шағын келіссөздің мемлекеттердің дамуына ықпалы

Екі ел басшысының кездесуі екі жақтың делегация мүшелерін таныстырумен басталған болатын, содан кейін құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда болып келіссөздер жүргізген болатын.

Келіссөзді Президент Тоқаев бастап, Франция мемлекет басшысының Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын қабылдап, келгені үшін, бұл кездесудің екі мемлекеттің ынтымақтастығы мен ортақ дамуына ықпал ететін бастама екендігін атап өтті. Президент мемлекетіміз үшін Францияның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктес екендігі мен еліміздің экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды, әрі ірі инвестор екендігін атап өтілді.

Өз кезегінде Макрон Қазақстанға келуінің себептерін айтқан болатын, ол: «Бүгін біз өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді нақтылай аламыз. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ, Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз» деген болатын.  Макрон сөзінің барысында Қазақстан Президентіне ресми сапармен келуге шақырғандығына, қонақжайлықпен қарсы алғандығы үшін алғысын білдірген болатын.

Екі ел басшыларының кездесулеріне қарағанда Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, энергетикалық, көлік-логистикалық салалар бойынша ынтымақтастықтың орнайтындығы айтылған болатын. Аталған іс-шаралардың барлығы мемлекеттердің халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік болатындығы, сондай-ақ дүниежүзінде болып жатқан өзекті мәселелердің мемлекеттерге әсері туралы айтылып, оларды шешудің жолдары мен соған қатысты пікірлер де айтылған болатын.

2. Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің болашағы мен оның тиімділігі

Президент Тоқаев 1 қарашада болған Франция Президенті Эмманюэль Макронмен және екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз кезінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың осыған дейінгі тиімділігі мен болашақта жүзеге асырылатын жобалары мен жоспарлары туралы айтып өткен болатын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30%-ға өсіп, 4 миллиард долларға жеткен болатын. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырған кезде 21%-ға артқан болатын, яғни ол 2,7 миллиард долларды құрады» деген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бойынша Франция Қазақстанға шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция жасаған, бұл елімізде энергетика, аэроғарыш, фармацевтика, химия мен тау-кен өнеркәсібі, машина жасау салалары бойынша жобаларда қолданылып келе жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, Президент Тоқаев 2023 жылдың қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауы кезінде мемлекеттегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін салаларды атаған болатын. Оның ішінде мемлекеттегі ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен ғылым саласын дамытуға қатысты мәслелер жүйесі көтеріліп, аталған салалар бойынша кешенді жұмыстардың жүргізілу керектігі туралы айтты. Аталған мәселе, Франция мен Қазақстан арасындағы кездесу кезінде де айтылды. Яғни, келіссөз кезінде жасыл энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, транзит, цифрландыру, денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы ықпалдастықтардың басым бағыттары туралы айтылған болатын. Бұл туралы Франция Президенті Эмманюэль Макрон: «Екі жақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылған энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-Француз университеті өз жұмысын бастайды», - деп пікірін білдірді.

Аталған кездесуде екі мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қатысты көптеген мәселелер қарастырылды, келісім жасалды. Соның ішінде өзектілері, олар:

1. Франция мен Қазақстан үкіметтері арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобын құру мен оның жұмыс істеуі туралы келісім жасалды;

2. Қазақстан мен Франция арасында стратегиялық маңызы бар қазбалар бойынша ынтымақтастығы туралы бірлескен ниет декларация жасалды;

3. Қазақстар Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептерін ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім;

4. «QazBioPharm «ҰХ» АҚ мен Boehringer Ingelheim Animal Health France компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісім;

5. Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісім;

6. «Қазақстан Республикасында теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды, сондай-ақ теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім жасалған болатын.

Қорыта келгенде, Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапары кезінде екі ел арасындағы достықтың маңыздылығының мемлекеттердің дамуына тікелей әсер ететіндігін айтты. Қазақстанға салынып жатқан инвестициялардың екі елді ғана емес, сондай-ақ жақын орналасқан көршілерді қамти алуға қабілеттіліктері де айтылды. Макрон Қазақстанмен орнатқысы келетін ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгілеген болатын. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары екендігін айтқан болатын. Қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік аренаға жаңа технологияларды шығарушы мемлекет ретінде көріну сәті де түсті, дегенімен аталған салаларды дамыту кезінде де орын алуы ықтимал жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан, аталған салаларды дамыту кезінде мемлекеттегі жұмысшыларды, мысалы энергетика саласы бойынша біліктіліктерін арттырудан кейін, техникалық қауіпсіздік талаптарын толық сақтауды игергеннен кейін жұмысты бастау керектігі де қазіргі кезде көрінуде.

Кездесу барысында Президенттер мемлекеттер арасындағы барлық деңгейдегі сенімділік пен тұрақты дамудың диалогқа қанағаттанушылықтарын білдірді, сондай-ақ жоғарыда аталған мәселелерден басқа да өзекті болып тұрған мәселелер жүйесі де қарастырылған болатын. Оның бірі ол Орталық Азия елдері аймағында тарихи оқиғалардың орын алуы мен басқа да жағдайлардың әсер етуінен орын алып отырған экологиялық ахуалдың нашарланғандығын айтып ол мәселелерді бірге шешу керектігін, су ресурстарын тұрақты басқару саласында тиімді жобаларды жүзеге асыру туралы да айтқан болатын.

Франция Президентінің Қазақстанға сапары кезінде көптеген өзекті мәселелер қайта қарастырылды. Бұл кездесудің орын алуы кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Үкіметінің саяси бағдарының мемлекет пен оның халқының жағдайын жасауға, қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға, жеріміздегі береке мен бірлікті сақтау мен дамытуға деген ниеттері көрінді. Осындай көреген саяси бағдардың басы ол елімізге келген әрбір шет елдік саясатшының, басшының еліміздің дамуына тигізгісі келетін үлесінен және жобасынан көрінеді. Бұл кездесу де соған мысал болып тұр, Франция Қазақстанның әлемдік саяси кеңестікте өзіндік орны бар, әлемдегі үрдістердің болуы мен ондағы мәселелердің шешілуіне әсер ете алатындығы, біздің мемлекетіміздің тек өзін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар, басқа мемлекеттерді де қамтамасыз ете алатын күші мен мүмкіндіктерінің бар екендігін көруде. Қорыта айтарым, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік, екі ел арасындағы достық жалғассын және мақсатқа алып отырған жобалар жүзеге асып екі мемлекеттің көркеюіне себеп болсын деген тілеудемін.

Айнұр Бақытжанова

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357