Сағындық ОРДАБЕКОВ. Тойымсыздық
Халық арасында адамның пейілі туралы неше бір дана сөздер бар: «Пенденің пиғылы пейілінде», «Бұзық пейіл бұра тартады», «Қазақтың кеңдігі – пейілдің кеңдігі» және т.с.с.
Қазақтың шексіз Ұлы сахара даласы қандай кең байтақ, дархан болса, оның тұрғындары – қазақтардың көңілі ашық, кеңпейіл, кеңқолтық, жомарт, дастархандары мол, пейілі шалқар теңіз екенін әрдайым мақтан етеміз.
Ар мен ұятты жоғары қойған ата-бабаларымыз «Құдайы қонақпыз» деп келген кісілерге еш қабақтарын шытпай, реніш білдірмей, құрметті қонағындай қарсы алып, ас-суын беріп күтіп, жақсылап шығарып салған, тіпті, көліктерін (аттарын) жемдеп, шөп беру ежелгі ата дәстүрімізде бар.
Қазақ ертеде «не қиындық көрсетсең де, пейілімді тарылта көрме» деп Жаратқанға жалынады екен.
Уақыт өте келе адам санасы өзгеріске ұшырады. Арсыз заман келді. Бұл күндері басым көпшілік үшін басты құндылық ақша, дүние болды. «Ақша жүрген жерде сайтан жүреді» дейді халық. Сондықтан болар, қазіргі адам дүниенің құлына айналды. Олардың бар аңсағаны қу дүние, шылқыған байлық. Оның түбіне жету үшін арпалысып, қара тер болып тыраштанып, ар тазалығынан, адамдықтан айрылып, қиянатқа баруда. Тіпті, сол мақсатына жету үшін әлгі сабаздарың жан беруге дайын-ау...

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген шағын әңгімесінде оқушысын терең ойға қалдыратын мынадай мәнді сюжет бар.
…Ертеректе, орыстар Орал та-уына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе. Сонда башқұрттың сұңғыла ақсақалы: «Мен анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрам. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшігіңе өтеді. Бірақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына батпай тұрып, біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті.
Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп бірнеше өзендерді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады. Бір мезетте аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап, қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара суық терге малынып, өкпесі өшкен орысты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбе етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді…
Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл-сұрақ қояды.
Бұл барлық тойымсыздарға, қомағайларға, дүние-байлық қуғандарға, қазіргі жебірлерге, пысықайларға айтылған ауыр қарғыс! «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейтін емес пе еді халық мұндайларға.
Кезінде әлемді жаулаған Александр Македонский (мұсылман әлемі оны Ескендір Зұлхарнай деп біледі) туралы халық арасында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі.
О дүниеге аттанып бара жатқан ұлы император: «Мені табытқа салып жерлегенде табыттан екі қолым сыртқа шығып, алақандарым ашық жататын болсын. Халқым көрсін, әлемді билесем де, о дүниеге алып кеткен түгім жоқ» деген екен.
Ел арасында «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар. Орынды айтылған маржанға тең аталы сөз. Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау деп ой қаузайсың...
Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. Ұлы Абайдан артып не айтасың?!
«Тірлік басқа болса да – тілек бір. Бармақ басқа болса да – білек бір» дейді дана халқымыз. Сондықтан қазақтың кеңбайтақ ұлы даласында дүниеге келіп, сол жерге кіндік қанымыз тамғаннан кейін, көппен бірге елдің басына түскен қиындықты бөлісіп, жетістіктерімізге қуанып, беріле адал еңбек етіп, оның дамуына, өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосып, өз жеріңнің, өз халқыңның мерейін өсіруге атсалысып, патриоттық сезімі жоғары, отанымызды сүйетін азаматтар көбейе түскенге не жетсін!
Ой-хой, дүние – серуен, Адам – бір көшкен керуен. Уақыт – теңіз, адам – қайық. Сол шексіз шалқыған уақыт теңізінен адаспай, болашақ жарқын жолымыздан таймай, адами асыл қасиеттерімізді жоғалтпай, тағдырымыз неғайбыл мына заманнан аман-сау, түзу, дұрыс шықсақ кәнеки, шіркін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор
"Түркістан" газеті