БҚО-да жыл соңына дейін 27 елді мекенде мобильді байланыс сапасы жақсартылады
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Айтуынша, биыл облыста 413 ауылдық елдімекендер ішінде 350 ауыл қолжетімді интернетпен және ұялы байланыспен қамтылып отыр. Десе де, қазіргі таңда байланыстың аталған түрлерімен 5 мыңға жуық тұрғыны бар 63 ауыл мүлдем қамтылмаған.
«Қолжетімді интернетпен және ұялы байланыспен қамту, олардың сапасын жақсарту мақсатында Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп Жол картасы бекітілді. Ағымдағы жылы 87 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланып, 60 елді мекенде байланыс сапасын жақсарту жүргізілді. Жыл соңына дейін 27 елді мекенде мобильді байланыс сапасы жақсартылады»,- деді Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ, өңір басшысы өз мәлімдемесінде цифрлық даму министрлігімен бірлесіп Орал қаласы және ауылдарға байланыс пен интернет желісімен қамту туралы Жол картасы бекітілгенін жеткізді.
Айта кетейік, аталған жол картасы аясында нақты көрсетілген мерзімдерге сәйкес байланыс операторлары интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізеді.
Abai.kz