Бейсенбі, 8 Қазан 2026
Күбіртке 239 0 пікір 8 Қазан, 2026 сағат 15:09

Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қалай қайтарамыз?

Сурет: qalampir.uz сайтынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қоюы – елдің заңсыз шығарылған капиталды қайтару бағытындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады.

Бұл құжат Қазақстанның халықаралық аренадағы құқықтық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, шетелдегі мүліктерді іздеу мен бұғаттау үдерісін жүйелеуге жол ашатыны да әмбеге аян.

Халықаралық құқықтық көмектің жаңа деңгейі

Аталмыш конвенция мемлекеттер арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара ынтымақтастық механизмін жаңа сатыға көтереді десек артық айтпаймыз. Енді Қазақстан басқа мемлекеттерге төмендегйдей бағыттар бойынша ресми сұраулар жолдай алады. Атап айтар болсақ:

- Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздеу және оған тыйым салу;

- Қажетті дәлелдемелерді жинау;

- Басқа да процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру.

Дегенмен, халықаралық құқықтың қатаң қағидаттары бұл процестің де өзіндік шарттары бар екенін көрсетеді. Мысалы, мүлікті іздеу немесе бұғаттау туралы сұраулар тек тиісті әрекет Қазақстан заңнамасы бойынша да, екінші тараптың заңы бойынша да қылмыстық жауаптылыққа әкелетін жағдайда ғана орындалады.

Ведомстволардың жаңа өкілеттіктері мен қатаң талаптар

Құжатта құқықтық көмекті жүзеге асыру үшін орталық органдар да нақтыланды:

Жоғарғы сот – соттардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша түсетін сұрауларға жауап береді;

Бас прокуратура – қалған барлық құқықтық көмек сұрауларын үйлестіреді.

Сонымен қатар, құжатта шетелдік азаматтарды ұстау немесе қамауға алу кезінде консулдық мекемелерді хабардар ету тәртібі нақтыланды. Егер ұсталушы талап етсе, бұл ақпарат міндетті түрде оның консулдығына берілуі тиіс. Ал сотқа шақыру қағаздарын тапсыру туралы тапсырмалар белгілі күнге дейін кемінде 50 күн қалғанда жіберілуі тиіс. Қазақстанға келіп түсетін сұраулар міндетті түрде қазақ немесе орыс тіліндегі аудармамен қамтамасыз етілуі қажет. Міне осы жері жүректі ауыртады. Қазақ тілі шетқақпай болып, БҰҰ ресми тілін қолданушылар тек орыс тілінде ғана сауал жолдай ма? Әлде бұл солтүстік көршімізге жалтақтаудың бір нышаны ма?

 «Бума лабиринті» және шынайы мүмкіндіктер

Конвенцияның ратификациялануы елімізден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жолында «барлық мәселені бірден шешіп беретін сиқырлы таяқша» емес екені де айқын дүние, бірақ дәтке қуат дейміз. Халықаралық құқық пен бюрократиялық процедуралардың күрделілігіне байланысты бұл үдерісті «кез келген заңсыз активті бірден қайтару» деп түсіну қате болар еді. Бұл – ең алдымен, құқықтық құралдардың көлемін кеңейтетін тиімді тетік болып саналады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, шетелдік юрисдикциялардағы активтерді бұғаттап, елге қайтару – көп уақытты, мұқият дайындықты және қатаң дәлелдемелер базасын талап ететін күрделі процедура екенін де есте ұстауға тіиспіз. Алайда аталған Конвенция Қазақстанның өзге мемлекеттермен құқықтық тұрғыдан жедел әрі жүйелі түрде әрекет етуіне нақты жол ашып, сыртқа кеткен капиталды қайтару жолындағы мемлекеттің ұстанымын айтарлықтай күшейтеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 903
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1197