Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4600 0 пікір 16 Қыркүйек, 2013 сағат 03:12

Момбек Әбдәкімұлы. Дәстүрлі дінімізді тәрк еткен теріс ағым

Кеңес кезінде атеистер: «Бұрынғы ғасырларда қазақтар ислам дінін ат үсті қолданған. «Аллаңнан ойбайым тыныш» деп, малын бағып жүре берген», – десе, бүгіндері еліміздің кез келген қаласында, тіпті ірілі-ұсақты ауыл кенттерде өздерін нағыз мұсылман санайтын, ұйпа-тұйпа сақал қойып, қысқа балақты шалбар киген шикіөкпе жігіттер немесе үстеріне ұзын етекті қап-қара көйлек іліп, аузы-басын тұмшалайтын жамылғы жамылған жап-жас қыздар: «Біздің ата-бабаларымыз исламның адасушылық жолымен жүрген. Шариғатқа жатпайтын, хадистерде айтылмайтын ғұрып-амалдарды дінмен қатарластырып, таза мұсылмандық шарттарды бұзатын ширк бағыттарды ұстанған»,– дейді. Салыстырып қарасаң, екеуінің пікірлері ұқсас. Бірақ атеистер дінді түпкілікті жоққа шығарғысы келсе, кейінгілері дінге жаңа жол салғысы келеді. Кеңестік атеистерді қойшы, олар келмеске кетті, ал соңғыларына не жорық?

Кеңес кезінде атеистер: «Бұрынғы ғасырларда қазақтар ислам дінін ат үсті қолданған. «Аллаңнан ойбайым тыныш» деп, малын бағып жүре берген», – десе, бүгіндері еліміздің кез келген қаласында, тіпті ірілі-ұсақты ауыл кенттерде өздерін нағыз мұсылман санайтын, ұйпа-тұйпа сақал қойып, қысқа балақты шалбар киген шикіөкпе жігіттер немесе үстеріне ұзын етекті қап-қара көйлек іліп, аузы-басын тұмшалайтын жамылғы жамылған жап-жас қыздар: «Біздің ата-бабаларымыз исламның адасушылық жолымен жүрген. Шариғатқа жатпайтын, хадистерде айтылмайтын ғұрып-амалдарды дінмен қатарластырып, таза мұсылмандық шарттарды бұзатын ширк бағыттарды ұстанған»,– дейді. Салыстырып қарасаң, екеуінің пікірлері ұқсас. Бірақ атеистер дінді түпкілікті жоққа шығарғысы келсе, кейінгілері дінге жаңа жол салғысы келеді. Кеңестік атеистерді қойшы, олар келмеске кетті, ал соңғыларына не жорық?

Ия, сол соңғылардың пікірін естігенде жағамды ұстаймын. Ұстаймын да, ойға қаламын. Бесіктен белдері шықпай жатып, әлгіндей тұрпайы кейіпке түскендері аздай, ата-бабаларымыз туралы, тіпті жалпы қазақ туралы мұндай пікір білдіруді қайдан үйренген? Халықтың барлық салт-дәстүрлерін ширкке (харамға) санайтын сенім олардың көкейлеріне неліктен және қалайша сіңіп қалған? Одан соң мұндай пиғылдағылардың жүз емес, мың емес, бірнеше жүз мыңдаған екенін тағы ойлансам, «Құдай-ау, жастарымыз кім боп барады өзі?» деп қатты қынжыламын. Сол қынжылыспен олармен айтыса кеткім, алыса кеткім келеді. Әдейі алысам деп алыспаймын ғой, өздерінің тірлігіне, айтқан сөздеріне, елді бұзбаққа ұмтылған әрекеттеріне қарсы болам да.

Жалпы исламда 73 бағыт бар екен. Білгіштер «бұлар бір-бірін мойындамайды» дейді. Құдай біледі, дінге ерік берілгелі бері осы 73 бағыттың бәрі елімізге кіріп бітті-ау деймін. Ұлттық дәстүрлер түгілі төрт мәзһабты да мойындамайтындар – аталған 73 бағыттың қайсысын ұстанатынын кім білген, әйтеуір, соларға жанап жүріп байқағаным, қазақ дәстүріне жау бір топтағы сақалды екінші топтағы өзі сықылды сақалдының ұстанымын мойындамайды.

Үстіндегі киімінің тазалығы да мәз емес, тарам-тарам жирен сақалды бозбала маған: «Сіз жазушысыз ба? Намаз тұрмақ, таңғы дәретті де алмайтын, нағыз қиял қуалаған адасушы пенде екенсіз ғой онда. Кітапта ақын-жазушыларды тозақы деген. Өйткені сіздер әр нәрсені ойдан құрап жазасыздар. Ал қияли адамдардың ақыретте беретін жауабы ұшан-теңіз»,– деді. «Ойпырмай, мұның бәрін қайдан білесің?» – деп таңдандым әдейі. «Кітаптарда солай дейді». «Қай кітапта? Айтпақшы, сенің жасың қаншада?» «Қай кітапта екенін ұстазым айтып еді… Қазір ұмытып қалыппын. Ә, сіз жаңа жасымды сұрадыңыз ба? Жиырмадамын ғой», – деп жалтарды ол. «Енді мені тыңда, – дедім оған. – Бала кезімде біздің үйдегі қойлардың арасында қызыл-қоңыр түсті бір ешкі бар еді. Соның желге желбіреп тұратын бір уыс сақалы арықтан су ішкенде үнемі жуылатындықтан ба, тап-таза болатын. Ал басқа жағының барлығы садыра-садыра боп жүретін. Сені көргенде сол ешкім есіме түсіп тұрғаны. Сен маған уағыз айтудан бұрын, намаз оқыр кезде алды-артыңды жуудан бұрын, үсті-басыңды тазалауды қолға ал. Содан соң ұстазыңа сәлем айт: «Саған ілімін үйреткен діни кітапты жазған адам да адасушы емес пе екен? – деп».

Ол тіл қатпаған күйі жөнеп берді.

Осындайлармен айтысып жүріп, бұлардың Ахмет деген үлкен ұстазы бар екенін есіттім. Ахмет жұрттың көзіне көп түспейді екен. Анда-санда жұма күндері орталық мешітке келіп тұратынын білдім. Бір күні оның жұма намазға келетінін есіттім де, мешітке бардым. Әлден уақытта намаз бітіп, жамағат далаға шыға бастады. Үлкен ұстаздың осында келгенін хабарлаған танысым да шықты бір кезде. Одан Ахметтің қайда екенін сұрап едім, «іште отыр» деген жауап алдым.

Ішке кірдім. Кең намаз бөлмесінің бір бұрышында отыз шақты сақалды алқа қотан жайғасыпты. Қақ төрде түсі суық, қап-қара бурыл сақалы кеудесін жапқан, көздері ойнақшыған, тар маңдайлы біреу сампылдап сөйлеп отыр. «Дәу де болса, Ахмет – осы» деп ойладым да жандарына жақындап, сәлем бердім. Бәрі қолдарын кеуделеріне қоя, сәлемімді алды. Мен қатарларына жайғаспай жатып, төрдегі әлгі сақалды:

– Бірдеңе жайында сұрауға келдіңіз-ау деймін. Сауал қоятыныңызды көзіңізден байқап отырмын, – деді.

– Ниетімді дәл таптыңыз. Сірә, көріпкелдігіңіз бар-ау.

– Дін ілімінен хабарсыз екеніңіз осы сөзіңізден көрініп тұр. Ғаламда көріпкел – Алла ғана. Жердегі көріпкелдер мен бақсы-балгерлер сияқты алдамшылар – жын-шайтанның тіліне ергендер, Аллаға серік қосушылар.

– Жаңа өзіңіздің байқап отырмын дегеніңізді неге жатқызамыз сонда?

– Ол ретіне қарай айтыла салған сөз де. Хош, не сауал сұрайын деп едіңіз?

– Алдымен таныс болайық, – дедім де өзімді таныстырдым. Сосын: – Шариғат жайында тереңірек білсем деп едім, – деп қосып қойдым.

– Менің атым – Ахмет, – деп жауаптады ол. – Саудияда жеті жыл жоғарғы дін оқуында оқыдым. Одан соң Пәкістанда екі жылдық діни оқудан тағы өттім. Жеті рет қажылыққа сапарлағам. Елге келгеніме төрт жыл болды.

– Қай мәзһабты ұстанасыз?

– Исламда мәзһаб ұстану шарт емес. Сіз шариғат туралы емес, басқа нәрселерді сұрауды бастадыңыз ғой.

– Ия, айтпағыма көшейін. Сіздің қауымыңыздың жолы – қазақ салтындағы беташарды, заманға лайық той өткізуді, үлкенге құрмет көрсететін ізеттік жосықтарды, сондай-ақ өлген адамның жетісін, қырқын, жылын беруді неге құптамайды?

– Алдымен беташарды сөз етсем, ол – шариғаттан тыс амал. Адамдар бір-біріне иіліп сәлем салмауы тиіс. Иіліп сәлем салу –тек Аллаға ғана арналмақ. Мысалы, мен оқыған Арабияда беташар мүлдем болмайды. Адамдар бір-біріне иіліп, сәлем салмайды.

– Солай-ақ болсын. Дегенмен сіз оқып келген Саудияда дәрежесі кіші шейхтар үлкен дәрежелі шейхтарға басын иіп сәлем береді, еңкейіп қолдарын сүйеді. Ең діншіл деген Палестинаның бұрынғы басшысы Ясир Арафаттың батыс елдерінің президенттеріне қол қусырып, басын игенін, жағаларын сүйгенін теледидардан талай көрдік қой. Адам Аллаға ғана сәлем салуға тиіс деп сізді үйреткен арабтардың бұ қылығына не дейсіз?

– Ол енді мүлдем басқа нәрсе. Ал жаңағы сөзімді жалғасам, қазақ арасындағы «үлкеннің жолын кеспе», «жастықты баспа», «нанды таптама», «дастарханға бата жасамай тұрма», «босағаны керме», тағы осылар сияқты толып жатқан ырымдар мен сіздер ізет деп атайтын жөн-жосықтар шариғат заңдарында жазылмаған. Өлік артынан орындалатын ғұрыптар да сондай. Қысқасын айтқанда, не нәрсе шариғат талабына жатпайды, солардың барлығы – ширк. Мәселен, сіз галстук тағып алыпсыз. Галстук тағуды да – шариғат жөн санамайды.

Ахметтің екі иығы селкілдей екіленіп, менің ұғымыма сіңбейтін небір діндік талаптар мен уәжіптерді айтып, біраз көсілді. Одан ұққаным: әрбір мұсылман алдымен шариғат сілтеген жөнмен жүруі керек. Әйел-қыздар хиджаб киіп, он алты-он жетіден асқан еркектер сақал қоюы шарт. Қазақтар жиі ауызға алатын әруақ дегенді атау – Аллаға серік қосудың бір белгісі. Тарих, әдебиет секілді ғылымдар – құран мен хадистер жинақтарының айналасынан аспау керек. Адамзат тіршілігіне байланысты іске асатын әрекеттердің барлығы араб ғұламалары жазған дін заңдылықтарының аясынан шықпауы тиіс. Адамдар арасында ұлт, шекара болмауы керек. Алла берген еркіндікті шектеп, ел-елге бөлініп жүргендердің тартар азабының түбі шексіз. Ешкім мен пәлен ұлттанмын деп кеуде көтермесін. Мұсылманға жататын қай жұрт болса да ұлтын атамай, тек мұсылманмын демегі ләзім…

– Құранның «Құжра» сүресіндегі Алланың «Бір-біріңді тану үшін сендерді жер бетінде түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым» деген сөзін қайтесіз? Сіз сонда Алланың бір себептермен жер бетінде түрлі ұлттарды жаратқанын жоққа шығармақшысыз ба? – деп шап еттім оның сөзін бөліп.

– Ондай аят бар болса, бар шығар, – деді ол соңғы сұрағымды елемегендей боп. – Ондайларды тізе берсек, құранда бір-біріне қайшы келетін аяттар көп. Нағыз мұсылман құраннан тек өзіне ғана керектісін алып, ұстану керек.

– Сіздіңше, құрандағы аяттар мен сүрелер бас-көзі жоқ жазыла берген бе, сонда? Бұл сөзіңіз қызық екен… Одан соң құранда сақал туралы сөз жоқ. Оны пайғамбар сүннет атаған. Яғни, сақалды қойсаң да, қоймасаң да болады. Өйткені пайғамбар мұсылман жамағатының арасында сақал шықпайтын көсе адамдар да болатынын білген. Ендеше, сіздердің сақал қоймаған мұсылман емес дегендеріңіз не?

Ол бір сәт тосылып отырды да:

– Сіз шариғат пен қазақ дәстүрінің үйлесімділігі туралы негізгі сұрағыңызға жауап алдыңыз-ау деймін, – деп менен тезірек құтылғысы келгендей сыңай танытты.

– Нақты жауапты әлі толық алғаным жоқ. Сіз өзіңізді шариғаттың хақ жолын еш бұзбай жүретін адамның қатарында санайсыз ба?

– Әлһәмдулиллаһ.

– Онда айтыңызшы, ұялы телефон ұстайсыз ба?

– Ұстаймын. Онда тұрған не бар?

– Машинаға мінесіз, болмаса, оны жүргізесіз, ә? Бір жаққа сапарласаңыз, ұшақты, пойызды пайдаланасыз. Теледидар көріп, радио тыңдайсыз. Азан шақырғанда немесе көпшілікке уағыз айтқанда микрофонды қолданасыз…

– Сіз не айтып кеттіңіз өзі? Бұлардың біздің әңгімемізге қатысы қанша?

– Қатысы сол – сіз қолданып, игілігіңізге жаратып жүрген осы техникалардың барлығы шариғат пен хадистеріңізде жоқ қой. Содан кейін игілігіңізге жаратып жүрген аталмыш техникаларды әлемдегі бірде-бір мұсылман елі ойлап тапқан емес. Біреулерін сіздер кәпір санайтын – христиандар, енді біреулерін будда дініне жататын халықтар ойлап тапқан. Ендеше, мұсылмандыққа еш қатысы жоқ елдер адамзат қажеттілігі үшін ойлап тапқан техникалық игіліктерді қолдану, пайдалану – сіздерге жат емес. Бұған керісінше, қай түрі болса да, тәрбие-тәлімнің қайнар көзі боп есептелетін қазақтың ата салты неге сізге жат, мұсылмандыққа ширк бола қалды?

Қызып кеткендіктен дауысым қаттырақ шықса керек, Ахметтің ойнақшыған көздері бұрынғыдан бетер шақшиып, жан-жағындағыларға алақ-жұлақ қарады. Қасындағылар да тым-тырыс. Дәл осы кезде шеттегі бұрышта қап-қара көйлек киіп, мойын-басын тұмшалап алған екі қыздың бірі бірдеңе деп күбірлеп қалды. Ахметтің сөзін тыңдап отырған ол екеуін бағана кірген кезде-ақ байқағам. Ахметке тағы сұрақ қойдым:

– Анау екі қыз қазақ па, әлде арабтың, болмаса парсының қыздары ма? Неге сіздер қазақтың қыз-келіншектерін осылай киінуге мәжбүрлейсіздер?

– Әйел заты өз күйеуінен басқа ешбір еркекке әуретті жерін көрсетпеуі ләзім.

– Оған да келісейін. Сіз мана адамды Алла жаратты дедіңіз. Оған да шәк жоқ. Сол Алла сіздерше, қыз баланың тобығын да, мойнын да, құлағын да, шашын да ұятты мүше етіп жаратқан ба? Егер осы қыздар жазатайым қатты дертке ұшырап, операция үстеліне жатуына тура келсе, оларға жәрдем көрсететін дәрігерлер еркектер болса, қандай амал қылмақсыздар?

– Ондай амал құранда қаралған.

– Қай сүре, қай аятта қаралған?

Ахмет маған алара қарады да, «жеңілген тек тұрмастың» керіне салып, өзіме шабуылдады:

– Сіздің тұла бойыңызды шынымен-ақ жын-шайтан билеп алған екен. Дереу нәпіл намазға жығылып, Алладан кешірім мен ақыл сұраңыз. Сізге бермек кеңесім – осы.

Ол сөйлеспеуге айналды. Ал менің оған, қала берді, оның серіктеріне басты айтарым, басып айтарым – жоғарыдағы пікірлермен шектелмек емес-ті, жетелеріне жетсе, негізгі айтарым әлі іштен шыққан жоқ-ты. Ахмет сенімен сөз бітті дегендей, басын менен бұрып, қасындағыларға сөйлей бергенде кішірейген адамның кейпіне түсіп, қулыққа бастым:

– Қанша дегенмен, Ахмет дамулла, сіздің көп оқыған адам екеніңіз көрініп тұр. Ал оқымысты адам өзімен әңгімелес жанның тоқ етер сөзін тыңдамаушы ма еді.

Ол маған қайта бұрылды. Әлгі сөз көңіліне жақты-ау, сәл жымиып, көзін тіке салды.

– Жарайды, сізге тағы біраз уақыт бөлейін.

– Сіз ғой, жаңа Алла жолын ұстанған мұсылман адамның қандай кейіпте жүру керектігін тәптіштеп айтып бердіңіз. Сонда хиджаб кимеген қыздар, сақал қоймайтын біздер шайтан жолында жүрміз бе? Мұхамед пайғамбар «заманыңа қарай киін, өмір сүр» деп еді ғой. Бұл өсиетті қайда қоясыз? Сіз де заманға орай шариғатта жоқ телефонды пайдаланасыз, машинамен жүресіз, бірақ киім киюге келгенде 8-9-ғасырларда өмір сүріп, хадистерін сол заманның көзқарас-тұрғысында жазған кейбір араб, парсы оқымыстыларының қағидаттарын бұлжытпай орындауға тырысасыз. Араб әйелдерінің ұзындығы тобығына дейін жететін қап-қара түсті көйлек киіп, басы-көзін тұмшалап жүруі, ал еркектерінің ақ шалма жамылып, тізеден төмен түсетін, қазіргі жұқа халатқа ұқсайтын кең етекті жамылғы оранып алатын салты – ислам діні пайда болғаннан бұрынғы дәуірлерде бар-ды. Сенбесеңіз, ислам кезінен бұрынғы араб-парсы тарихы туралы жазылған әдебиеттерді қараңызшы. Демек, хиджап пен еркектердің әлгіндей тұтас етекті орамасы – араб-парсылардың көне заманнан келе жатқан ұлттық киімі. Олар табиғат ерекшеліктеріне орай, яғни күннің аса ыстықтығына байланысты осылай киінуге мәжбүр болған. Кейін ислам діні пайда болған кезде кейбір оқымыстылар (Мұхамед пайғамбар емес) араб-парсының осы бір киім үлгісін шариғат талаптарына ендіріп жіберген.

Салт-дәстүр тұрғысында да осыны айтуға болады. Ерте заманнан-ақ араб-парсы мен біздің ұлттық дәстүр-ғұрпымыз сәйкес келмеген. Жаңағы мен айтқан кейбір, яғни сіздер іліміне бас иіп жүрген хадисшілер мен шариғатшылар өздерінің жазбаларына араб-парсылық тұрмыс-тіршілікке қатысты ғұрыптарды кіргізген де қойған. Олар біздің бабаларымыздың салтын білмегендіктен, діндік амалдардың бәрін өз ұстанымдарына, өз қалыптарына орайластырып жазған. Араб-парсыларда әруақ деген ұғым жоқ. Сондықтан да әруақ туралы жазба олардың діни шығармаларынан шет қалған. Міне, сіздер, бөтен көзқарастағы бағытты нағыз мұсылмандықтың жолы деп, адасып, шатасып жүрсіздер. Сіздер осындай теріс сенім арқылы өз ұлттарыңыздан безіп, арабтық қалыпқа түсуге бет алған топсыздар…

– Тоқтатыңыз мұндай далбасаны! Мұхаммед пайғамбар «Сақал қойыңдар. Сақалда періште тұрады» деген.

– Пайғамбардың сақалды періштеге қатыстырып айтқан әңгімесінің мәнісі – тіпті басқада. Оған қоса, Пайғамбар «ең бастысы, мұсылман адам сүйкімді һәм көрікті жүруі керек» деген. Осыған сайсақ, арасына су түгілі ауаның кіруі қиын, қараңғыда қорқақтау адам кездесіп қалса, жүрегі ұшып өлетін сіздің тұрпатыңыз бен ұзындығы екі қарыс келетін қауғадай сақалыңызда және жаныңыздағы мына бір екі-үшеудің иектерінде жалбырап тұрған төрт-бес тал қыл-жыбырда қандай сүйкімділік бар? Періште тым тұрпайы қыл-жыбырға емес, көркем нәрсеге әуес болатын шығар. Сіздер Алланың біреу екенін, мұсылманның хақтығын жүрек-көңілдің сенімімен емес, неге сырт кейіптеріңмен танытуға құмбылсыздар?

Серіктерінің алдында маған айтатын дәлелді сөз таппай қалды ма, Ахмет ашуға беріліп, даусын көтере, сенге көшті:

– Тағы да айтам, доғар сөзіңді! Менімен айтысатын сен кімсің? Мен исламдық ілімді түгелге жуық тауысқан адаммын.

– Өкініштісі, теріс бағыттағы ілімді тауысқансың. Әйтпесе айтшы, сен соңыңа ерген қауымыңды, өрімдей жастарды қайда бастап бара жатырсың? Сен білмесең, мен айтайын, оларды діннің атын жамылып, өз ұлтынан бездіретін жолға бастап барасың. Өз ұлтының құндылықтарынан безген, заманауи жаңалықтар мен өнер-білімге ден қоймаған, өзгенің арқасында күн көрген, тек «Алла, Алла» деп жар салып, діннен басқада шаруасы болмаған, өздігінен ештеңе тындырмайтын масылға айналған діншіл адамның қазіргі қоғамға, келешекке қандай пайдасы бар? Осы сөздеріме дәлел ретінде айтайын, білім мен өнер жағынан алға суырылып шыққан, өнертапқыштықпен, ғылыммен айналысқан қыз-жігіттердің  бірде-бірін сендердің топтарыңнан көрген емеспін.

Олардың базарда арба айдап жүргендерін, шұлық-көйлек сатып отырғандарын, майда-шүйде саудалайтын дүкендерде істейтіндерін, шариғатында айтылмайтын машинамен адам тасып ақша табатындарын көремін. Санасында ұлт, Отан деген киелі ұғымның орнына о дүниенің қандай болмағы туралы қиял, ойының бәрін бөтен бағытқа жетелейтін діндік пәлсапа жайлаған, тек өздерінікін ғана жөн санайтын сен тәрбиелеген жастар ертең кім болмақ? Әрине, заманға сай жетістіктердің байыбына бара алмайтын және оларға барынша жау, соқыр фанатик, өркениеттің парқын білмейтін мәңгүрт болмақ.

Бәлкім сендер мынадай бейбіт заманда айналысатын басқа тірлік таппаған соң осындай жолды таңдаған боларсыңдар. Болмаса тыныш елдің арасына дін арқылы іріткі салатын әлдебір сыртқы күштердің сойылын соғып жүрсіңдер ме? Мүмкін қателік шығар, әйткенмен, өзім осы соңғы ойыма көбірек сенемін. Біздің елге жаулық ойлаған әлдебір топтар қазақ жастарын әдейі бөтен мақсаттағы дін іліміне шырмап, ұлттық қасиеттерден айырып тастамақ-ау. Ұлттық қасиеттен айырылған адам өз елін ішінен әдемі іріте алады және оп-оңай сатқындыққа барады.

«Бізге қосылмаған қауымның бәрі – адасушылар» дейсіңдер. «Оларды жазалайтын уақыт келеді» дейсіңдер. Иракта, Сирияда, Пәкістанда, тағы солар сияқты елдерде «адасушылардың көздерін жойсам, маған жұмақ төрі дайын» деп өзін-өзі жарып, талай күнәсіз жандардың обалына қалатындар сендер тәрізді алған бағыттарынан еш қайтпайтын топтардың тірлігі емес пе, осы…

Бағаналы бері тықыршып отырған Ахмет осы сәт атып тұрды. Енді маған емес, серіктеріне айқайлады:

– Осының далбасасын тыңдап отыра бермексіңдер ме?! Тұрыңдар орындарыңнан! Ібіліс сөйлетіп отырған кісінің қасында неғып отырмыз. Осы сөздері үшін мұның жазасын Алланың өзі-ақ береді. Кеттік.

Серіктері өре түрегелді. Ахмет топ алдына түсті. Сақалдары жалбыраған, жастарына жетпей ата атануға жүдә лайық, қысқа балақтары аяқ киімдерінің қонышы үстінде ары-бері ойнақтаған бір топ жас жігіт «ғұлама ұстаздарының» соңынан есікке беттеді. Айтпақшы, анау хиджаб киген екі қыз да топтан қалмады. Жаңа сөйлеп отырғанда байқамаппын, олардың екеуі де, ұялы телефондарының сымды құлаққаптарын құлақтарына тығып, музыка тыңдап отырыпты. Мешіттен шығып бара жатқандарында да, телефон шнурын құлақтарынан алған жоқ. Міне, шариғат жолын ұстанушылардың қылығы. Ертең екеуі де келін болғанда шариғатқа жат деп, ешкімге сәлем салмайды. Бірақ бұл заманның даңғаза музыкасын тыңдайды. Парадокс…

 

Мешіттен көңілсіз шықтым. Бұрындары да Ахмет сияқтылармен талай айтысқам. Қазақтық қасиетті ешкімнің аяққа таптамауы үшін айтысқам. Егер қандайда бір діндік бағыт қазақтық болмысқа қарсы келсе, ондайлармен ымыраға келмеу – өмірлік ұстанымыма айналған. Бірақ әлгіндейлер сөзімді еш құп көрмейді. Бір мені емес-ау, олар ешкімді тыңдамайды. Мұндайлардың саналарына өз ұлтының болмыс-келбетіне қарсы келетін теріс пайымдағы діндік насихаттың қалайша тез сіңіп кеткеніне, одан еш арылмайтындай күйге нендей себептермен түсе қалғандарына түсінбей, таң болам тағы. Біреулер мұндайларды ақылмен жеңу керек дейді, бірақ ақыл тыңдайтын олар ма. Қазір телеарналарда осындай теріс бағыттағы діндерге қарсы көптеген хабарлар жүргізіледі. Бұл мәселе газеттерде де аз жазылып жатқан жоқ. Алайда әлгіндейлер теледидар көрмейді, газеттерді оқымайды ғой. Сонда елді бұзатын уахабтар мен сәлафтардың бетін кім қайтарады? Ұлттық болмыстан шеттетілген қазақ жастарын кім және қандай жолмен қайта қатарға қосады? Елімізде ендігі ұрығын тереңге сеуіп, қанатын кеңге жайып кеткен бұларға тосқауыл болар бір құдірет бар ма? Бұрын жарты қазақ орыстанып кетіп еді, енді көбіміз арабтануға бет бұра бастағанбыз ба, қалай…

Осындай ойлармен мешіттен ұзап, қарсыдағы көшеге түсе бергенім сол еді, қарсы алдымнан жап-жас екі қазақ қызы кездесті.

– Ағай, дін туралы кітап алыңыз. Тегін таратып жүрміз, – деді бірі.

– Қандай кітап?

– «Көне өсиет», «Адамдардың Құдайды тануы» деген кітаптар. Біз «Йегово куәгерлері» сектасынанбыз…

Оның бұл сөзі қынжылысты күйде келе жатқан менің қанымды басыма шаптырды. Сөзін аяқтатпай, жекіп бердім:

– Жоғалыңдар, нәлеті жетесіздер! Басқа дінге кіргенде тапқан пайдаларың осы ма, көше кезіп кітап сатқан. Не күн туды бастарыңа мұсылмандықтарыңнан безіп?!

Қорқып кеткен екеуі тез-тез басып, жөнеп берді. Мені тағы ауыр ой басты: «Қазақта жетесіз, санасыз, өзгеге тым еліктегіш жастар неге көбейіп кетті, осы? Түрлері қазақ, бірақ бойларына өзге мәдениет, бөтен сенімді қондырған жеткіншектері көп халықтың болашағы қалай болар?.. Билік тарапынан бір қатаң шара қолданылмаса, мұндайлар түбі елге үлкен қауіп төндіретін күшке айналып шыға келмесіне кім кепіл…»

Дінге берілген сақалды бала, хиджабты қыз, ойлан, саған тап қазіргідей жайлы өмір сыйлаған ілгергі ата-бабаларыңның ешқандай жаманшылыққа бастамайтын ғұрып-салтына шәк келтірме! Өйтпесең, үлкен күнәға өзге емес, өзің батқаның…

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5374