Жексенбі, 10 Қараша 2024
1347 0 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 14:41

Газа секторынан 92 қазақстандық шығарылды

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Газа секторынан "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы Египет аумағына 92 Қазақстан азаматы және олардың отбасы мүшелері өткенін хабарлады.

"Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомство "Рафах" бекеті арқылы Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатқанын, қазақстандықтарды сектордан шығару ары қарай жалғасатынын айтты.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Газа секторында 76 қазақстандық (отбасы мүшелерімен қосқанда 161 адам) қалғанын мәлімдеген. Ведомство сол кезде Египет арқылы шығуға шектеулер барын және ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен ЕО "террористік ұйым" деп таныған) рұқсат етпегенін алға тартқан.

Өткен аптада министрлік Газа секторында қалған қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Израиль және Египет билігімен сөйлескенін хабарлаған.

23 қазанда Қазақстан СІМ Газа секторындағы атыста Қазақстанның бір азаматы және оның 23 жастағы қызы (Палестина азаматы) қаза тапқанын хабарлаған. 11 қазанда Тель-Авивтен арнайы рейспен Алматыға 166 адам (оның 124-і – Қазақстан азаматы) келген.

7 қазанда "ХАМАС" радикал тобы Израильге шабуыл жасап, 200-ден астам адамды кепілдікке алған. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторында ірі әскери операция бастаған. Содан бері екі жақта мыңдаған адам көз жұмған.

Қазақстан "бұл қақтығысты бейбіт келіссөздермен және дипломатиялық диалогтармен шешуді" ұсынып келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1165
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2730
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2768