Қалам менен қайратты тоғыстырған
Қазақ спорт журналистикасының атасы – жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Жанкүйерліктің жазылмас ауруы қанына сіңген жан жарыс тамашалаумен ғана шектелмейді. Көгілдір экран арқылы ес-түсті алған ерен бәсекенің дуын сезінгенмен, ол туралы дуалы ауыз дүлдүлдердің не дегеніне аңсар аумай тұра ма? Доп додасы немесе басқа да дүбірлі бәйге кезінде қалалықтар таң атпай қақшаңдап, газет алуға ұзын-шұбақ кезекке тұрса, ауылдағылар астындағы жабы торысынан да өткен жайбасар пошташының қарасын көргенше жаны жай таппас еді. Зарықтырып жеткен газеттің соңғы бетіндегі репортажға ғашығының хатындай ынтыға үңіліп, тіпті петитпен терілген алақандай ақпаратына дейін құныға оқып, құмардан шығар еді. Сосын басылымның бағалы бетін тәптіштеп қиып алып, сары майдай сақтап қояр еді...
Бала күнімде әкем ескі шабаданын ақтарған сайын шала байып қалатынмын. Қаттала жиналған қалың қағаздың арасынан әбден сарғайып, тозған, шеті жырымдала жыртылған, көмескі суреттерінің сүдіні көше бастаған алуан газет қиындылары шығатын. Әкем «е, мынау әлі бар екен ғой...» деп бір қарап шығып, «енді маған керегі бола қоймас, мә!» деп маған беретін: «Футбол-Хоккей» апталығының 1970 жылғы Әлемдік доп додасы туралы топтамалары, Игорь Фесуненконың Бразилия футболы жөніндегі танымдық мақалалары, «Советский спорттың» Мюнхен Олимпиадасын қорытындылаған шолуы, «Труд» газетіндегі Йохан Кройфтың сұхбаты... Осылармен қатар 60-70-жылдардағы «Лениншіл жас» та (қазіргі «Жас Алаш») көп еді: Лондоннан, Мехикодан, Мәскеуден жазылған репортаждар, очерктер, мақалалар... Қызыға оқығаныммен, авторына мән бермейтін аңғал-саңғал бала күніміз. Кейін «Жұмыр жерде теңбіл доп» кітабы қолыма түскенде әлгі сарғайған газеттердегі сараптамалық дүниенің дені осы жинақтан табылды. Сөйтсем, Сейдахмет Бердіқұловтың есімінен бұрын еңбегімен етене таныс екенмін.
Сейдағаң біз университетті бітірер жылы бақилық болды. Қаздай тізіліп қаралы қоштасу рәсіміне барғанымыз есте. Студент кезімізде бір-екі рет кеш-кездесулерде ұшыратқанымызбен, жанына жақындауға жүрек дауаламаған. Яғни ол кісіден тәлім алып, тәрбиесін көру бақыты біздің буынға бұйырмапты. Алайда аудиторияда дәріс беріп, редакцияда қаламыңды шыңдаған жан ғана ұстаз саналмайтын шығар? Сейдағаңның шығармаларын жата-жастана оқып, жазу мәнеріне қызығып, шеберлік шыңын өзіне Темірқазық етіп, талмай ұмтылуға құмбыл талапты жастың бәрі де ол кісінің шәкіртіндей емес пе? Қаламгердің жоғарыда аталған «Жұмыр жерде теңбіл доп», сондай-ақ «Тұйғын», «Үшінші подъезд», «1984 жылдың теңдессіз 16 күні», «Арбаған мені бір сиқыр» және т.б. кітаптары, «Лениншіл жаста» өзі ашқан «Сейсенбілік спорт беті» талай жыл бойына қалам ұстаған қаншама жасқа қанат бітірді, қия басқалы тұрған өмір соқпақтарын қажетті бағытқа бұрды десеңізші...
Спорт дене шынықтыру деңгейінен өсіп, елдің даңқын шығаратын, ұлттың мерейін өсіретін құбылыс дәрежесіне көтерілгелі қашан. Оның дамуы, таралуы, танылуы тек сол салаға жауапты құрылымдардың ғана жұмысы болмауға тиіс. Бұл орайда «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» БАҚ-тың, баспасөздің де рөлі күшті. ХХ ғасырдың береке кетіп, топалаңы шыққан 90-жылдарында доп қумақ түгілі, нан тауып жеуі мұң болған жұртшылықтың спортқа деген ынтызарлығын қайта оятқан «Спорт-Экспресс» газетінің еңбегін ресейліктер әлі күнге әспеттей жүруді әсте ұмытпайды. Ал қазақта қалам пен қайраттың байланысы тығыз болуы керектігін тұңғыш ұғынып, тынымсыз тер төккен адам – Сейдахмет Бердіқұлов. Рас, ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов те футболға қызыққан, осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын «Жарыс» командасында өзі де доп тепкен, Сәбең – Сәбит Мұқанов та, Сәкен Сейфуллин де, Сәуірбек Бақбергенов те спорт тақырыбында азды-көпті қалам тербеген. Десек те, спорт қаламгерлігін мақсатты да жүйелі түрде қолға алып, кәсіби деңгейге көтерген тұңғыш жанның Сейдағаң екеніне ешкімнің дауы болмас.
Бойындағы спортқа деген айрықша құштарлық ақыры ол кісіні Англияға, Мексикаға, Малайзияға, т.б. айтулы аламандар өткен алыс өлкелерге сапар шеккізді. Дүйім ел көз тіккен дүбірлі доданы өз көзіңмен көріп, көңіліңе тоқу бір бөлек, ал жаңалығы тасып-төсілген бүгінгідей емес, ғажайыбы мол ғаламторсыз заманда анық-қанық ақпаратқа сусап отырған мың-миллион оқырманға көрген-білгеніңнің әсерін бұзбастан әңгімелеп беру үшін қапысыз шеберлік қажет. Сейдағаңның сондай жарыстардан жазған дүниелері оқырманды өзіне ілестіріп алып, стадиондар мен жүгіру жолдарын, шаршы алаңдар мен мұз айдындарды аралата жөнеледі. Жеңіс үшін барын салған спортшының аяқ алысы мен көңіл-күйін ғана емес, әрбір тынысын аңдатады.
Мәселен, ат спортынан әлемдік рекорд жасаған Кәстекбай Рахымжановтың жарысу барысын «ауылдағы ветсанитар Есболаттың» айтуымен беруі – тапқырлық қана емес, кейін өзінің «Шіркін, газеттегі жастар оқитын ресми материалдарды ауыз әдебиетінің стиліне салса...» деген көкейкесті арманына арқау емес пе? Ғұсман Қосанов туралы «Желаяқ» атты дүниесін әфсанаға іңкәр інішегіне ертегі айтқандай етіп жазуы да – соның бір көрінісі. Сондай-ақ, «Яшин, Эйсебио, Нона және Фарман», «Бастау барын мұхит та біледі», «Мен көрген король», «Перейра, Саршыбырда қайдан жүрсің?», «Мәңгілікке бірінші», «Тимур және оның командасы», т.б. мақала, эссе, естеліктері тілінің шұрайлылығымен, стилінің ешкімге ұқсамас ерекшелігімен, қызықты баяндауымен, еріксіз езу тартқызар ұтқыр әзілімен, спорттың адам өмірінде алар орнының орасан маңыздылығын аңғартар тағлымды түйіндерімен оқырман жадында мәңгі қалары хақ. Отыз-қырық жылдан кейін оқысаңыз да, қайтадан тап сол бәйгенің рухын сезініп, доданың ортасынан бір-ақ шығаратыны ғажап!
Сейдағаңның редакторлық шешімталдығын, ұтқырлығын, журналистік әмбебаптығын ол кісімен газетте қоян-қолтық бірге еңбек еткен үзеңгілестері мен шәкірттерінің лебіздерінен естідік, тігінділерді тінткілеу барысында талай көз жеткіздік.
«Қаламгер аға он алты жыл бойына «Лениншіл жас» газетінде бас редакторлық қызмет атқарды. Міне, сонда ол кісі беттердегі әлжуаздау, шипая тақырыптарды көрсе, оған қырғидай тиіп, етпеттеп жатқан олардың еңсесін көтеріп жіберетін. Бірде кезекті нөмірдің макеті әкелінгенде бас редактор тұнжырай ойланып біраз отырды да, қаламын қағаз бетіне найзағайша ойнатып ала жөнелді. Сонда не болды дейсіз ғой. Бірінші беттегі «Жалындаған жас қайрат» деген жаттанды, таптаурынды айдар «Жастықтың жанартаулары» атты экспрессиясы басым екпінді сөз тіркестерімен алмасты да, екінші беттегі «Қыран қазасы» деп өкпеден қойып қалғандай қарадүрсін қойылған тақырып «Жұлдыздар із тастап ағады» деген әрі ойлы, әрі мәдениетті сөйлеммен өзгертілді. Сондай-ақ төртінші беттегі «Бұлар Қазақстан спортының мақтаныштары болған» атты шұбалаңқы рубрика да қара сиямен белінен бір-ақ тартылып, оның орнына «Сол саңлақтар қайда екен?» деген сөз тіркесімен жұтынып шыға келді... Бұл Сәкеңнің газеттің бір ғана нөміріндегі айдарлар мен тақырыптарға жасаған өзгертулері. Ал ол «Лениншіл жастың» он алты жыл бойына шыққан 4 мыңға жуық санын осындай қаншама ойлы да ойнақы сөз тіркестерімен өрнектеуге күш салды десеңізші!» деп еске алады Жанболат аға Аупбаев.
«Спортты жазуға ауыз әдебиетімен, фразеологиялық тіркестермен, шешендік сөздермен қоян-қолтық астасып жататын тақырып кухнясына терең бойлайтын Сейдахмет Бердіқұловттың стилі керек екен» дейді Жарылқап аға Бейсенбайұлы.
«С.Бердіқұлов шығармаларының тілі тамаша. Қай оқиғаны әңгімелеп отырса да, одырайып тұратын бейтаныс сурет, дүрдараз диалогтар кездеспейді. Бәрі де шебер ұстаның шегесіндей ұшы өткір, түбі тиянақты келеді. Еріксіз езу тартатын ет жақын тұстар да молынан кездеседі. Бұл жалаң юмор іздеудің жемісі емес, жазушының шұрайлы тілінің ең қажет деген тіркестерін алған тұстары ғана...» деп еске алады Несіп аға Жүнісбайұлы.
«60-70-жылдары Грузияда Омари Пхакадзе деген жалғыз велосипедші болды. Жақын қашықтыққа жарысудан КСРО-ның он дүркін чемпионы, әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегері. «Соны жаза-жаза әр грузин үйінде бір-бір велосипедші ұстайтын күйге жетті» дейтін Сейдағаң. Мұнысы – бізді қайрағаны, «талантты іздеп тауып, жаз» дегені. Ал бір өзі қазақтың қаншама спортшысына үлгі-өнеге болды! Жазушының атақты велошабандоз Олег Түсімханов туралы жазған «Тұйғын» повесі велосипедтің құлағында ойнайтын талай азаматты арманға жетелегенін бүгінде замандастарының бәрі біледі. Қаламының ұшына ілінбесе де, шығармасын оқығанның бәрі оны өзінің «бас бапкері» санайтын. Сонау бір жылдары қазақ спорты тұралап, қиын шақтарды бастан өткеріп жүрген сәтте ұлтымыздың белгілі бір тұлғасының «Әттең, Спорт комитетінің басына осы Сейдахметті отырғызса, қазақ спорты өркендеп-ақ кетер еді» деген өкінішін де естігеміз. Сол кезгі спорт мамандарының бәрі Сейдағаңның пікірімен санасатын» деп жазған болатын қаламгер ізбасарларының бірі, марқұм Дүрәлі аға Дүйсебай.
С.Бердіқұлов шығармаларының құнарлы тілі, көркемдік ізденістерінің жан-жақтылығы жөнінде біршама жазылды, кезінде Әбділдә Тәжібаев секілді әдебиет ақсақалдары жылы лебіз де білдірді. Қазіргі спорт тақырыбында жазып жүргендердің, әсіресе жас телекомментаторлардың Сейдағаң туындыларымен етене таныс еместігі байқалып та қалады. Бердіқұловтың бейнелі теңеулерін, қазақы орамдарын, жарыс барысын, жекпе-жек тынысын көркем кестелеуін санасына сіңіріп өскен журналист олпы-солпы сөйлем құрауға, олақ сөз саптауға ұялары анық.
Демек, қаламгердің мерейлі жасын тек журналистердің жасыл алаңдағы бәсекесімен ғана атап өтумен шектелмеуіміз керек. Алдағы уақытта елдегі спорт журналистерінің жыл сайынғы басқосуы, ұстаздардың жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, кеңес берер шеберлік курстары, тіпті Сейдахмет оқулары сынды қажетті шаралар ұйымдастырылса құба-құп.
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz