Сұхбат: Патриоттық сезім санада қалыптасады...
Бүгін біз редакцияға Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Берік Аташты шақырып отырмыз. Қазір қоғамның өткір мәселелерінің бірі патриотизм болып табылады. Сондықтан, осы мәселені философиялық тұрғыдан талдау мақсатымен профессорды сөзге тарттық...
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Қазақстандықтардың патриоттық көңіл-күйін қалай классификациялар едіңіз?
Берік Аташ: ‑ Жалпы патриоттық туралы сауалдар негізінен алғанда, эмпирикалық зерттеулер жүргізу арқылы ғана анықталатын күрделі тақырыптардың бірі. Әйтсе де, бұл мәселеде, ҚазҰУ-да студенттермен жүргізілген тәрбиелік шаралар, пікірталастар мен ақпараттық желідегі көзқарастар, БАҚ-тарға контент-анализ жүргізу арқылы белгілі бір тұжырымдар жасауға болады. Бұл тұста, алдымен, патриоттық көңіл-күйдің деңгейін анықтау дұрысырақ шығар. Сондықтан, күштіден әлсіз патриотизмге қарай жүре отырып, мынадай классификациясын болжамдауға болады:
1. Шынайы патриоттар – байырғы заманның «еркек тоқты құрбандық», «елім үшін жан пида» деп еңірейтін ерлердің қайталанған формалары, бір қарағанда, қазіргі таңда ондайлар жоқ деп пессмистік тұрғыдан баға беруге болады. Бірақ қазіргі саяси тұтқындар, қаңтар оқиғасына қатысқандар, бұрынғы желтоқсаншылар, белсенді жастар т.б. арасынан осындай шынайы патриоттарды кездестіруге болады. Олар генетикалық болмысы мен түптұқияны қазақи тұлғалар (шамамен – 5 пайыз)
2. Патриоттар – олар қызуқанды емес, ел мен жер мәселесін тереңнен толғап, байсалдылық пен төзімділік танытуға құштар. Мәселен, ұлт болмысын зерттеуші ғалымдар, зиялы қауымдар, кейбір шенеуніктер (тым аз болса да), жастардың бір тобы т.б. Бұл топ нағыз ұлтжандылар болғанмен, «байсалды белсенділер» болып табылады (шамамен 10 пайыз).
3. «Патриот болу керек» деген сезімді алып жүрушілер, психологиялық терең сезімде болмайды. Олар, ішкі емес, идеологиялық-саяси, тәрбиелік-сыртқы факторлар арқылы қалыптасатын патриоттар. Халықтың көпшілігі осындай патриоттық сезімде тәрізді. Мәселен, биліктегілердің көпшілігі, жастардың да біраз бөлігі т.б. (шамамен 30 пайыз).
4. Қазақстанды тек қана геокеңістік, өмір сүрудің қолайлы ландшафтысы, дүниеге келген жер ғана деп санайтын бейтарап топтар бар. Олар ашықтан‑ашық космополиттік, діни, жалған толеранттылық т.б. бағыттарды ұстанады (әрине, оны өздері де білмеуі мүмкін). Олардың, арғы тумасы мен қанында ұлтжандылықтың ұшқыны да жоқ (шамамен 20 пайыз).
5. Антиқазақшыл топтар деп атауға болады. Еліміздегі кейбір орыссүйгіш орыстіділер, арабқұмар фанаттар, Кеңестік дәуірдегі құлдық психологиядан арылғысы келмейтіндер, маргинал-мәңгүрттігін де сезінбейтіндер, тіпті кейбірі қазақ болып туғанына өкінетіндер немесе шовинистік пиғылдағы басқа ұлт өкілдері т.б. (шамамен 35 пайыз).
Пайыздардың тек шамамен, болжаммен алынғандығын еске саламыз!
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ «Қазақстандық патриотизм» мен «қазақ патриотизмі» түсініктерінің өзара байланысын, динамикасын, синкреттілігін, қайшылықты жақтарын ашып беріңіз?
Берік Аташ: ‑ Екеуі теориялық түрде алғанда, елінсүйгіштік элементтерін жинақтау керек: жер мен ел тұтастығы, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, өз кезегінде ыңғайы келсе, мемлекеттік саясатқа қолдау білдіру, еліміздің халқына құрметпен қарау, Қазақстанда өмір сүргендігіне деген мақтаныш сезім т.б.
Ал «қазақ патриотизмі» деген ұғымда патриотизмнің аудармаларының бірі болып саналатын «ұлтжандылық», «ұлтынсүйгіштік» ұғымдары қоса көмкеріледі. Қазақ патриотизмінің: қандық-генетикалық-туыстық, ареалды-геокеңістіктік, архетиптік-тарихи жадылық, биологиялық-физиологиялық-антропологиялық, ұлттық Мен - ұлттық Өзіндік сана т.б. негіздері бар құбылыс.
Жалпы мен жеке қатынасы бойынша алғанда, «Қазақстандық патриотизм» ұғымының ішіне «қазақ патриотизмі» енеді, бірақ ықпал өрісі мен күші жағынан артық болса да, халық саны жағынан шағындау ұжымдастық, яғни, қазақтардың көпшілігі, басқа ұлттардың аз бөлігі деген мағынада берген дұрыс. Қазақ патриоттары Қазақстандық патриотизм құндылықтарының көпшілігін қолдағандықтан да, жеке болып саналады.
Сондай-ақ, шартты түрде екеуінің арақатынасын былайша анықтауға да болады: қазақ патриотизмі – апестериорлық, феноменальдік, субстанциялық, базистік, ядролық, субстраттық т.б. болса, сәйкесінше, «қазақстандық патриотизм» - априорлық, ноуменальдік, акциденциялық, қондырмалық, перифериялық, суперстраттық т.б.
Екеуінің қайшылығы ұлтқа қатысты туындайды, «қазақстандық патриотизм» - космополиттік, азаматтық, демократиялық, бұқаралық, рационалдық, саяси болса, «қазақ патриотизмі» - ұлттық, элитарлық-эгалитарлық, матриархалды-патриархалды, эмоционалды, табиғи т.б. Бұл қайшылықтар: патриотизм, Қазақстан, Ел, заң т.б. институттар арқылы бірігеді, бірақ нақты адам болмысының шындығы ашылған сәтте, К. Ясперсше айтсақ, шекаралық жағдайда, қайтадан қайшылық құрайды. Мәселен, елімізге сырттан шабуыл жасалса (беті әрмен) екі патриотизм қақ айрылады да, шынайы жақтары ашылады, бетперде шешіледі. Оны бүгінгі Ресей-Украина соғысындағы Украина азаматтарының патриоттық сезімдерін іспен және сөзбен дәлелдей алуынан да анық байқауға болады.
Әбдірашит Бәкірұлы: - «Ұлттық патриотизм мен ұлтшылдық арасында байланыс бар ма?»
Берік Аташ: - Бұл мәселеде, алдымен, лингвистикалық философиялық мәселе туындайды. Ұлтшылдық деп нені айтамыз, «шовинизм – келісімді шовинизм – радикалды ұлтын сүйгіштік – өткір ұлтжандылық» логикалық тізбегінен қайсысын таңдай аламыз? Сонда ғана мәселеге терең бойлай аламыз? Атау ол жай ғана сөздер, бәрін де өмір шындығымен байланыста қарау керек.
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Қазақстанның мемлекеттік дамуы мен «Қазақстандық» және «ұлттық» патриотизмнің байланысын ашып көрсету мүмкін бе?
Берік Аташ: ‑ Күрделі сауал. Мемлекет дамуы бұл екі арнаны кіріктіріп жіберуді қалайды, үнемі бір-бірімен тығыз қатынаста сияқтандыратын идеологиямен шұғылданады, мемлекеттегі өркениеттілік, зайырлылық, демократиялық саясат, ұлтаралық төзімділік т.б. үшін, мемлекеттің әлемдік сахнадағы мәртебесі үшін қазақстандық патриотизм қажет, ал ең қиын шақта, соғыс жағдайында, ұлттық қауіпсіздік асқынған сәтте, ұлттың, мемлекеттің болуы мен болмауы таразыға түскен сәтте мемлекетке ұлттық патриотизм «ауадай қажет» немесе соған сүйенеді. Мемлекет үшін «қазақстандық патриотизм» – құбылыс пен форма болса, «қазақ патриотизмі» – мән мен мазмұн деп өткір, асыра сілтеп бағалауға да болады.
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Патриотизмді дамыта түсудің қандай қазақстандық және ұлттық жолдарын ұсынар едіңіз?
Берік Аташ: ‑ Қазақстандық жолы – бейбітшілкті сақтау, халықаралық аренадағы ҚР беделін нығайту, халықтың материалдық жағдайын көтермелеу, елдегі қылмыс санының азаюы т.б. сапаларды жинақтаған бақытты елдер қатарына ену. Ал ұлттық жолы – архетиптерді ояту, намысты қайрау, рухты серпілту т.б. үшін тіл, ұлттық діл, әдет-ғұрыпты жаңғыртудың инструменттерін қолдану, мәселен, өнер, әдебиет, тарих т.б. арқылы.
Студенттер арасындағы патриортизм жағдайын әлеуметтанулық зерттеулер арқылы ғана анығырақ айқындауға болады, әйтсе де, шамамен айтқанда, ол қай курстың студенті екендігіне байланысты, жоғары курстарда ол төмендеу, төменгі курстарда жоғарылау болуы мүмкін. Студенттердің патриоттық жағдайы динамикалы құбылыс, мәселен, бұл тұста, материалдық жағдай басты роль атқарып кетуі ықтимал. Яғни, мемлекет оларға неғұрлым мүмкіндік пен қамқорлық жасаса, соғұрлым патриотизм артуы ықтимал деп болжамдауға болады.
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Патриотизмді қалыптастыруда этнопедагогикада нендей өзгерістер мен кедергілер бар?
Берік Аташ: ‑ Бұл сұрақ аясында мынадай парадоксты айтпай кетпеуге болмайды: патриотизм туралы қорғалған диссертациялар саны тым көп, оған статистикалық зерттеулер жүргізу керек, осы тақырып аясында екпінді болған сыңайлы, бірақ «патриоттік сана күшейді ме» деген сауал туындайды. Бірақ бұған этнопедагогика ғылымы мен ғалымдар легі кінәлі де емес – жастар құлақ аспайды; әрі кінәлі – әсер етудің жаңа технологияларын қолдану жете зерттелмеген. Нақты бір айғақ: балабақшада (шамамен 4 жыл), мектепте (шамамен 11 жыл), студент шағында (шамамен 4 жыл) – барлығы 19 жыл ұлттық тәлім-тәрбиені бойына «сіңіргендей» болған субьект, неліктен 19 күнде діни жат пиғылды ағымның жетегіне еріп кете береді (қазір елімізде шамамен 200 мыңдай жат ағым етегінде жүргендер бар делінеді). Айырмашылық: 19 жыл – 19 күн. Өйткені, жат бағыттағы радикалды топтардың санаға әсер ету тетіктері, психологиялық технологиялар, ұлттық тәрбиеге қарағанда бірнеше есе мықты, әсерлі, ықпалды деген сөз. Демек, бұрынғы насихаттық технология ескірген, оның орнына бейсанаға әсер ететін психоаналитикалық технологияны жүзеге асыру керек. Ол үшін тек этнопедгогика ғана емес, барлық ғылымдар, әсіресе, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың интегративті зерттеулер керек.
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Өзіңізді патриот санайсыз ба? Ол сіздің қандай әрекеттеріңізден көрініс тапты?
Берік Аташ: ‑ Бірінші сұрақ тым абстрактілі. Өйткені, оның барометрі жоқ. Бірақ нақтыландырып 10 баллдық шкаламен өлшесек, патриоттық сезімім – 8 балл шығар... Ал істеген әрекеттерім – 5 балл болуы мүмкін. Мен ұлттық рухани болмысты, нақтырақ айтқанда, қазақ философиясын зерттеуші адаммын, ол туралы бірнеше еңбектер жарық көрді, бірақ оның қоғамдық санаға әсер етуі өте жай жүретін үдеріс және нәтижесін тексеру де мүмкін емес. Бірақ бір байқағаным ұлттық рух пен болмысты жаңғырту туралы соны, жаңа, ықпалды идеяларым (менің ғана емес, мүмкін барлық ғалымдардың) қоғамдық санада бір кездерде, мүмкін 2-3, әлде одан да көп жылда көрініс табады екен, әрине, сол күйінде емес, кей сәттерде бұрмаланған, үстірт, жеңіл-желпі, фрагментарлы, гибридтті т.б. формада тарайды, бірақ авторы айтылмайды. Мәселен, 2000-2010 жылдары айтылған, жазылған, жарық көрген ұлттық болмысымызға қатер төндіретін діни экстремизм туралы пайымдауларымның, еңбектерімнің негізгі идеяларының кейбір тұстары қазіргі таңда (2022-2023 жылдары) билікке, қоғамдық санаға жетіп отыр (мәселе, кім бірінші айтқандықта емес, халыққа пайдасы бар рационалды пікірлер ретінде қабылданғандығы мен үшін маңызды).
Шындығында, ғалым санаға әсер етудің өте ықпалды технологиясын жасап шығара алады, біздің билік оның игілікті, позитивті қырына аса мән бере бермейді. Философия тарихында оны, Еуропадағы буржуазиялық төңкерістерден, К. Маркс пен В.И. Лениннің идеяларынан т.б. анық көруге болады.
Әбдірашит Бәкірұлы: ‑ Дұрыс айтасыз, Берік. Қоғамда ғылым басымдықта болса ғана, қоғам өз дамуын, болашағын жан‑жақты болжай алады. Соның ішінде философия ілімінің орны ерекше. Сондықтан, бәріміз елімізде философиялық ойлау мәдениетінің жоғары болғанын қалаймыз. Қазақ халқы даналықты қатты құрметтейтін халық. Ендеше, тарих айнала келе, қазақ даналығын, бәрібір, қайта қалпына келтіреді деп үміттенеміз. Себебі, бүгінгі пайымдау бойынша Отанды сүю, париоттық сезім санадан туындайтын болса керек...
Сұқбатты жүргізген: Әбдірашит Бәкірұлы,
философ ‑публицист
Abai.kz