Сарбаздарымыздың бірін – табытқа, бірін түрмеге тоғыту қайтсек тыйылады?
Өз-өзіне қол салды. Бұл – Отан алдындағы міндетін атқарып жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған сарбаздардың өліміне қатысты айтылатын жауапты органдардың жаттанды сөзі. Өз-өзіне қол салды деген сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары «сүйегі сынып, үсті-басы көк ала қойдай болып кеткен» деп шырылдап жатса да, болған жағдайдың ақиқаты анықталмаған күйі боздақтар жер қойнауына, мәңгілік сапарға аттанып кетіп жатыр. Сонда да әскери құрам басшылары «әскерде әлімжеттік жоқ» дегеннен танар емес.
Өз-өзіне қол салды. Бұл – Отан алдындағы міндетін атқарып жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған сарбаздардың өліміне қатысты айтылатын жауапты органдардың жаттанды сөзі. Өз-өзіне қол салды деген сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары «сүйегі сынып, үсті-басы көк ала қойдай болып кеткен» деп шырылдап жатса да, болған жағдайдың ақиқаты анықталмаған күйі боздақтар жер қойнауына, мәңгілік сапарға аттанып кетіп жатыр. Сонда да әскери құрам басшылары «әскерде әлімжеттік жоқ» дегеннен танар емес.
Әрине, сарбаздар арасында әлімжеттіктің болмағанын, Отан алдындағы борышын өтеуге барған әрбір азаматтың әскери тәртіпке бейімделіп, міндетін абыроймен атқарып, аман-есен туған топырағына оралып, ата-анасымен қауышқанын әркімнің де тілері анық. Алайда, өкінішке қарай, бейбіт заманда Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып жүріп жарық дүниемен қош айтысып кетіп жатқан сарбаздар жайлы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жоқ дегенде айына бір рет бой көрсетіп жатыр. Бұл – журналистер қауымына белгілі болып жатқандары. Ағымдағы жылдың тоғыз айында қанша сарбаз қайтыс болғаны жайлы нақты мәлімет алу мүмкін болмай отыр. Өйткені жауапты орган мамандарына хабарлассаңыз, түрлі сылтау айтып нақты жауап беруден тайсақтайды. Сондықтан кей жағдайда бейресми дерек көздерінің мағлұматына жүгінуге мәжбүр боламыз. Алайда бейресми мағлұматтарға жүгіне қалсаңыз, «біз өзіміз нақты жауап берер едік қой» деп артынан байбалам салып жататындар да табылады. Сондықтан да тек ағымдығы жылдың жеті айында баспасөз беттерінде жария болған жағдайларды ғана келтіргенді жөн көрдік. 2013 жылдың жеті айында сарбаздардың өз-өзіне қол салу жағдайына қатысты жеті оқиға баспасөз бетінде жарық көріпті.
Нақты айтар болсақ:
24 қаңтар күні Жамбыл облысында мерзімдік әскери қызметін атқарып жүрген сарбаз жазатайым көз жұмған. 4 сәуір күні Астанадағы әскери бөлімшеде қатардағы сарбаз асылып қалған. 5 сәуір күні Қарағандыда сарбаз автоматты қарудан өзін-өзі атқан. 15 сәуірде 32 жастағы сержант табельдік пистолеттен атылып өлген. 7 маусым күні Өскемендегі әскери бөлімнің сарбазы тамырын кесіп, жарық дүниені тәрк етпек болды. 16 шілдеде Жамбыл облысында шекара қызметіндегі кіші сержант автоматтан ажал құшты. 31 шілдеде Маңғыстау облысында шекара бекетінде қызмет атқарып жүрген жауынгер асылып қайтыс болған. Ал қыркүйектің алғашқы күні Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан шекара отрядында Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген 18 жасар сарбаз көз жұмған. Тергеу барысында анықталғаны, сарбаз шекара заставасы басшысының орынбасарына тиесілі қарудан атылған оқтан опат болған. Шекара басшылығының жауабы бәз баяғы – өз-өзіне қол жұмсады. Алайда шекара заставасы басшысының орынбасарына тиесілі қарудың сарбаз қолына қалай түскені жұмбақ.
Аталмыш жағдайлардың басым бөлігінде әскери прокуратура мамандары «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген» деген күдікпен қайтыс болған сарбаздың қызметтестерінің үстінен қылмыстық іс қозғап жатса да, әскери бөлім басшылары «қызмет барысында абайсызда өз-өзін атып алды, өзін-өзі белдігіне асып қойды, әскери бөлімде әлімжеттік жоқ» дегеннен танған емес.
Толымбек АЙТЖАНОВ, әлеуметтанушы:
– Өзім де әскерде болдым. Әскерде әлімжеттік бар екені рас. Қызметте болған кез келген азамат мұны растайтын шығар. Тек әлімжеттік әр жерде әртүрлі. Қай жерде тәртіп қатаң болып, командирлер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, сарбаздарды үнемі бақылауда ұстаса, ондай жерде әлімжеттік аз болады. Ал егер командир өз міндетін «дедтерге» жүктеп қойса, ондай жерде бақылау болмайды. Салдарынан қайғылы оқиға орын алуы да мүмкін. Сондықтан командирлердің жауапкершілігін арттыру керек.
Айды етекпен жауып болмайтыны сияқты, әскердегі әлімжеттіктің бар екенін жасырып жаба алмаймыз. «Устав» бойынша емес, қызметке алдымен келген сарбаздардың кейін келген сарбаздарды жазылмаған ережелермен тәртіпке шақырып, бағынбағандарын күштеп, ұрып-соғып бағындыру үрдісі – Тәуелсіз Қазақстан армиясына кеңестік армиядан қалған мұра. Кеңес әскеріне бұл жазылмаған ережелер түрме жүйесінен енген екен. Түрмеден келген мұраны түбегейлі жоймайынша, жастарымыздың бірін – табытқа, бірін түрмеге жатқызу тоқтамайды. Оны жоюдың бірден бір жолы – офицерлердің жауапкершілігін арттыру. Яғни әскери бөлімде сарбаздарға қатысты қайғылы жағдай орын алса, «өз-өзіне қол жұмсады» деп «қазанның қақпағын» жаба салмай, тікелей командирлерді қатаң жазаға тарту қажет.
Людмила КОСТЕНКО, «Солдат аналары» комитетінің мүшесі:
– Талай рет Отан алдындағы міндетін атқарып жүріп қаза болған солдаттардың өліміне қатысты өткен сот отырыстарына қатыстым. Кей жағдайда әлімжеттіктің болғаны көзге ұрып тұрса да, дәлел жеткіліксіз болып, іс жабылып жатады. Ал дәлелденген жағдайда, бір өрімдей жас қылмыскер болып қамалады. Сол сәттегі ата-анасының күйін көріп, жаным ауырады. Біреуінің баласы өліп қайғырса, екіншісі баласы қылмыскер болып түрмеге қамалғандығына қайғырады. Олар баласын өлімге не қылмыс жасауға жіберген жоқ қой. Олардың бірі өліп, бірі абайсызда қылмыскер болуына бөлім командирлері тікелей кінәлі. Бірақ әскери бөлімде әлімжеттік болып, солдаттың қаза тапқаны үшін командирлердің түрмеге отырғанын көрген жоқпын. Әрі кетсе, қызметтен шеттетеді. Біреуінің баласы өліп, біреуінің баласы түрмеге қамалып қайғы жұтып жатқан – тек ата-аналар ғана.
Қазақ қашан да жауынгер халық болған. Осыншама ұлан-байтақ жер бізге елін-жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ұлы бабаларымыздың бірлігі арқасында мұраға қалды. Сондықтан да әскердегі әрбір сарбаз жеңістің кілті бірлікте екенін әрдайым есте сақтауы керек.
Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор:
– Әскердегі әлімжеттікке қарсы кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Ең алдымен, мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнін оқытқанда жастардың санасына бір-бірімен дос болуды, әлімжеттіктің қылмысқа ұрындыратынын сіңіруіміз қажет. Екіншіден, әрбір әскери оқу орнында педогогика-психология пәнін енгізу керек. Болашақ командир әр сарбазбен оның мінез-құлқына қарай қалай жұмыс істеуді меңгеруі тиіс. Үшіншіден, әскери прокуратура қызметкерлері әскери бөлімдерге барып, әлімжеттіктің қылмыс екенін айтып, оның заңдық жауапкершілігі туралы дәріс өткізіп отыруы керек. Содан кейін бір кездері Мұхтар Алтынбаевтың тұсындағы әлеуметтік делдал лауазымын қайта енгізу қажет. Әлеуметтік делдал лауазымындағы офицер сарбаздардың дұрыс тамақтануын, медициналық көмек алуын, сарбаздың ауылдағы туған-туысымен хабарласып тұруын қадағалап, сарбаздың командирлерден жасырып айтпай жүрген жағдайлары болса, анықтап, нақты әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін. Сол кезде ол өз нәтижесін беріп, сарбаздар арасындағы әлімжеттік азайған еді. Тағы бір айта кетер мәселе келісімшарт негізінде әскерде қызмет ететіндерге қатысты. Жасыратыны жоқ, кей жағдайда олардың жас сарбаздарға күш көрсету фактілері орын алып жатады. Сондықтан олармен шарт жасасқанда жауапкершілік жайын қатаң ескерту керек. Егер осы кешенді шараларды атқарсақ, әскердегі әлімжеттік, суицид азаяды.
Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ
"Алаш айнасы" газеті