Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2518 4 пікір 22 Қараша, 2023 сағат 13:29

Дар

Әңгіме

Белдеу ағашқа тартылып, біраз салбырап тұратын қызықты күндерін есіне алды. «Он бір, он екі» деп деміне шалдығып санап, алқынып барып қос тізесін бүгіп, жерге дік ете түскенде бойынан балаң жігіттік сезімі жүгіріп өтіп, бірден бұлтиып келе жатқан бұлшық етіне қарайтын. Ес біліп, кітап оқи бастағанда Власов деген сатқын генералды дарға асқанда алдынан сідік сорғалап, артынан нәжіс шығып кеткенін де  бір жерден оқып, таңқалды. Мойынға қыл арқан түскенде адам жаны тық-тық еткен бір минөтке ғана шыдап, шырқ үйіріледі дейді. Өзін-өзін өлтіргендер мен дарға асылып, қасақана атылғандар жұмаққа бармайды деген шариғат заңын ауыл молдасының аузынан естігені бар. «Біз де баратын жерімізді таптық қой. Бұл өміріңнің өзі тозаққа айналып тұрған жоқ па?». Қайрат мырс етті. Бір ай бұрын сот өлім жазасына үкім шығарды. «Мені атар ма екен, дарға асар ма екен? Ататын шығар. Дарға асу патша заманындағы дәстүр емес пе? Егер дарға асып, мойныма тұзақ салса, өзімді қалай ұстар екенмін? Бірдеңе айтар ма екенмін?  Аузымды байламайтын шығар, ең болмаса, өлімге бара жатқанда аузымызды жаппайтын шығар. Қолымды артыма қайырып байлайтын болар. Фашистер он алты жасар қыз Зоя Космедемьянскаяның да қолын байлаған жоқ қой. Мен онан төрт жас үлкенмін әрі еркекпін. Ол кинода дар жібін қолымен ұстап тұрып: «Сталин әлі келеді, бәріңе көрсетеді» деді де, «Мама!» – деп жыламсырап қоя берді. Мен кімге сеніп сөз айтып, кіммен қорқытсам екен? Сотта шешемді көріп қап, «Апа!» деп айтып үлгердім. Зояны фашистер, мені көкелерімнің өзі өлімге бұйырып отырған жоқ па?» Қайрат тағы да жымиды. Тас түрмеде көрген зәбірден өңі қарақошқыл тартып, қышқашпен жұлынған екі-үш тал түбіт мұрт астындағы әжуа жымиысты ешкім де көрген жоқ. Құрқылтайдың ұясындай камерада жалғыз өзі. Өзіне-өзі сөйлеп, өзімен өзі мәселе талқылап отырады. Бір ай бұрын сот ату жазасын берді. Ату беретінін іштей сезді. Түсінде маң-маң басқан түйенің өркешінен сыпырылып түсіп қалды. Желмая желіп кете берді. Қасындағы түрменің ащы-тұщысын татқан кәнігі серігіне айтып еді, тіс жармады. Біраздан кейін ғана: «Желмая өмір ғой», – деді ақсиған тісінің арасынан сыздықтатып сөз шығарып. «Онда неге өркешінен сыпырылып түстім?»- деп ішінен тынды, бірақ серігінен сұрамады. Кәнігі түрмеші өзінен қалған, қабығы аршылған  бір жұмыртқаны ұсынды, «Сарыауыз балапансың ғой, же!» – деп мүсіркеді. «Тәбетім тартпай отыр», – деп қолын созбады. «Өзің біл», – деді кәнігі түрме ахуалына тән салқын қабақпен.

Үш күн сайын камерадан камераға ауыстырып отырды. Сот болардың алдында бес адамдық камерада тағы бір кәнігі: «Желтоқсаншылардың екеуін, кемінде біреуін «фу!» – деп сұқ саусағын пистолет қып маңдайына тақады. «Пешенеге жазылғанын көрерміз»,-деп сабырлылық танытты. Кәнігі жиырма жасар түбіт мұрттың селк етіп сескенбегеніне таң қалды да, «37 өтті, 87 келді», – деп өзінің саяси сауатын көрсетті. Ертеңіне сотқа әкелді. Соңғы сөзін «Атам десең атыңдар!» – деп бір шумақ өлеңмен жеткізді. Анасын аяды, жатырын жарып шыққан анасына өзі адам өлтірген қандықол еместігін қара жолақ киімділер кісен сап итеріп алып бара жатқанда айқайлап айтты. «Апа, менің қолым таза», – деді шыңғырып. Анасы апыр-топыр адамның арасында көрінбей қалды. «Қайбір жетісіп қалды дейсің, әйтеуір даусымды естіген шығар. Шынымен ататын болса апаммен бір кездестірер, сонда тағы бір айтармын, қанішер емес, өзің туған кәдімгі қарапайым Қайрат екенімді. Осы мені не үшін өлтіреді? Кінәм не? Зоя болса, фашистер басып алған деревняны өртеп,  соларды шығынға ұшыратты. Ал мен өз жеріме от қойған жоқпын, біреудің терезесін сындырып, құлпын бұзған жоқпын. Елмен бірге еркін шеруге шықтым. Қайдағы бір көрмеген-білмеген орыстың өлімін мойныма қылмыс қып іліп отыр. Сол күні қазақтың қанша ұлы мен қызы таяқ жеді, қаншасы жан тапсырды. Қала сыртындағы қоқыс тастайтын сайда өліп жатқан қазақ балдарын көзімен көргендер бар. Қаншасы азап шегіп, мен сияқты тар қапаста отыр. Өсіп-жетілген қазағым бір орыс құрлы болмағаны ма? Бір орыс үшін бүкіл қазақты қырып салмақшы ма?»

– Рысқұлбеков, – деді темір есікті салдыр-гүлдір ашқан күзетші жігіт. – Қолыңды артыңа ұстап, сыртқа шық!

Осы жігіттің жүзі жылы, тісін қайрап тұрған басқалардай емес, ар жағынан күн көрініп тұр. «Сірә, оңтүстіктің жігіті болар» деп ойлады.

– Атуға ма? – деді тіке қарап.

Күзетші күліп жіберді.

– Бүгін емес. Сені әзір атпайды. Моншаға түсесің.

Ол оншақты адым  жүріп, басқа күзетшіге табыс етерде құлағына аузын тақап күбір етті.

– Мен Жамбылданмын. Жамбыл бабаның әруағы қолдасын...

Екінші күзетші тағы бір торлы есіктен өткізіп, түрме жертөлесіне түсірді. Қуықтай тар бөлмеге кіргізіп, қолына жүзі жалтыраған қайшы ұстатты.

– Қол-аяғыңның тырнағын ал. Басқа әрекетке барсаң, карцер.

– Ол жақтың жағдайы жақсы ма? – деп өткір қайшыны қолға ала бергенде күзетші жарылып кетті.

– Сөзді доғар! Қайшыны байқап ұста!

Бас бармағының тырнағы сояудай боп өсіп кетіпті, балаң үйрек саусағынікі онша емес, қалғандары бірқатар, тырнақ астынан қарайып кір көрініп тұр. «Тұз-татуы жоқ тамақ ішкен адамның тырнағы қайдан өссін. Осыны алмаса болмас па екен, тойға бара жатқан жоқпыз. Аяғының тырнағы сол күйі өспепті. Өзі ғылымның айтуы бойынша аяқтың тырнағы қолға қарағанда екі есе кем өседі.  Аяққа қарағанда қолдың еңбегі көп қой, орысты да осы қолмен өлтірдің деп отыр ғой». Қайрат өз-өзінен жымиды. Жігіттің жымиысы күзетшінің жынын келтірді. Салбыраған резеңке сойылмен салып жіберсе де ешкімге сұрауы жоқ. «Қойшы осыны, өлімге бара жатыр ғой, көзге көрінер қимыл жасап жатса сойыл қайда кетеді дейсің» деп күзетші көңілін тоғайтты. Қолын артына ұстаған күйі тағы бір есікке кіргенде сарылдаған су дыбысы естілді. «Монша шығар». Су көрсе көңілі сергіп, денесіне су тисе өнбойы жеңілдеп қалады. «Жұмаққа анадан жаңа туғандай ғып жібермекші ме?» Төбеден су бүріккен бөлмеге кірген бойда лыпасы мен жұп-жұқа «футболкасын»  шешіп тұра қалды.

– Уақыт бес минөт. Тез жуын, – деді күзетші. – Даусы сәл жұмсақтау шықты. Бұның қабырғасы ырсиған сүлік сорғандай денесіне көз алмай қарады. Құдай біледі, "Осының орнында өзім болсам қайтер едім" деп ойлап тұрған шығар. Әй, қайдам, бұларың қолдарындағы резеңке сойыл сияқты бір серпер ме деп қалдым ғой. Егер әлгі жамбылдық жігіт тағы бір кездесе қалса, «Апама жеткізерсің, менің қолым таза» деп айтсам деген бүршік ой бір сәт санасында іркіліп тұра қалды.

Төбеден бүріккен жылы су жанын сергітті. Су деген қандай рақат. "Қолдың ұстамайтыны, судың тазартпайтыны жоқ" дей бергенде, алдына қара алжапқыш байлаған еңкіш тартқан еркек сумаң етіп бөлмеге кіріп кеп, қолына төртбұрышты кір сабын ұстатты. Тұтқын қарайған затқа өздігінен қол созып ештеңе алмайды, әсіресе өлім жазасына кесілгендердің қимыл-қозғалысына шектеу қойып,  қолын артына  айқастырып, робот сияқты тілсіз күн кешеді.

– Басыңнан бастап, көпіршітіп сабында да, қайтып бер, – деді әлгі күбірлеп. Бұны аяп тұр. Жыбыр-жыбыр еткен бет терісінен, кемсеңдеген ернінен бәрі көрініп тұр.

– Көке, мен кір сабын жемеймін, – деді бүріккен су астында тықыр алынған шашын көпіршітіп сабындап тұрып.

Ол басын изеді.

– Сөйлеме, – деді күзетші сөзін бөліп.

– Ел-жұрттың нәпақасын асап жатқандар аз емес, кір сабынды жеп қойсам ішім ауырмас, – деді тілін тартпай.

Сабын әкелген шаруашылық қызметкері басын изесе, күзетші не дерін білмей оң табанымен жер тарпи берді. «Су астында тұрған адамға сойыл сілтемей-ақ қояйын» деп, тағы бірдеңе айтқысы келді де, «осыған сөз шығындап қайтем» деп тілін тістеп қалды. Бес минөтің көзді ашып-жұмғанша өте шықты, күзетші сағатына қарап, иек қаққанда алжапқыш таққан еркек тетікті бұрап, суды тоқтатып, хлор иісі аңқыған бұжыр-бұжыр көне сүлгіні ұсынды. Әбден жұқарып кеткен көне сүлгімен мойын тұсын сүрте бергенде селт етпей қарап тұрған күзетші «Қолыңды тарт!», – деп саңқ ете қалды. «Біздің заң қандай қырағы. Мойнымды сүртсем, өзін-өзі буындырып өлтіргелі тұр деп ойлайтын шығар. Бұл олар үшін «ЧП». Мен емес, сендер өлтіруге дайындап жатсыңдар, жас қой деп аяушылық та  жасамайсыңдар».

– Сүлгі дар емес, – деп су сіңген жұқа шүберекті еңкіш тартқан шалға қайтып бергенде ол жымия қарады, сірә, күні үшін жүрген сөз түсінетін пақыр болса керек.

Алжапқыш таққан еркек алда, күзетші артта, тағы бір бөлмеге кіргізді. Шал қаттаулы тұрған көп шүберекке қолын созып, «Мә!» деп қап-қара шолақ дамбалды алып берді. «О, мынау менің бұтыма арнап тіккен дамбал екен. Өмір жасым ұзақ болар» деп әбден жіңішкеріп,  сидиған сирағын сұғып, еркек мүшесін жапты. Сосын қатар  тұрған қаттаулы  шүберектен бір «футболка» алып, «Осы саған шақ  боп  қалар» деп қолына ұстатты. Бұл жолы шалдың сөзі анық естілді. Есік алдындағы күзетші мән берген жоқ, хлор иісі мүңкіген жерден тезірек кетсем деп танауын қайта-қайта тартып, түшкіруге шақ қап тұр.

– Шап-шақ екен, – деді шал еті арыған арық денесіне қона кеткен жап-жаңа шүберекті алақанымен сипап. Сосын көзіне көзі түсіп кетті де:

– Жолың болсын, балам, – деді.

– Тойға барамыз ба? – деді Қайрат күлімдеп.

– Жолың болсын,- деді жарты өмірін түрменің шаруашылық бөлімінде өткізіп, тұтқындықтың талай қитұрқылығын көрген кәрі қақсал көз жасын сығып ап.

Күзетші алдына сап айдап жаңа камераға кіргізді. Онда инемен тесіп салған суреттен денесінде сау тамтық қалмаған гүжбандай орыс қарсы алды.

– Бұрынғы камерада жазу жазған блокнотым мен қаламым қалды. Оны әкеп бере ме? – деді ә дегенде әкесіндей адамға қарап.

– Оның саған керегі не – деді камераның көне тұрғыны тесіп жіберердей шұқшия қарап.

Қайрат тас қабырғаның ең биігіндегі тормен қапталған төрт бұрышқа қарады. «Ана жақта шыжымдап күн сәулесі түсуші еді, мына жақ, тіпті, жарық сәуледен жұрдай ғой». Бір бұрышта қара шеге қағулы тұр. «Оу, камера қабырғасында бүртік атаулы болмаушы еді» деп іші шым ете қалды.

– Сен ғой, орысты өлтіріп келген декабрист-герой?  Осы орыстар сендерге не істеді, не жамандық көрдіңдер? – деп көне тұрғын бірден тарпа бассалды.

Жігіт үн қатпады. Қалжырап, жылы судан бойы босап, ұйқысырап отыр.

– Сен моншадан шықтың. Бір кесе шай іш. Атау кере дейді қазақ, мен сендердің салт-дәстүрлеріңнен хабардармын. Жассың ғой, амал жоқ. Сонымен, біз сендерге, сенің ата-бабаңа қандай кедергі жасадық? Айтшы, өз аузыңнан естиін. Сендер түйе үстінде жүрген көшпенді емессіңдер ме? Түйеден де сыпырылып түсетін кез келді.

Қайрат үн қатпады. Көрген түсі санасына сап ете қалды.

– Шай іш, – деп гүжбан қара кірі бес елі темір крөшкедегі жылы судан бір ұрттағанда бойы бусанып әрең отырған Қайрат та крөшкеге ернін тигізді. Күн сәулесі түспеген жаңа қоныста жылы шайдан бір ұрттаған жігіттің бойы балбырап, ұйқы қысты. Кір сабынмен жуынып, бір қабат терісі сылынып, денесі демалып қалған балаң жігіт қисайғысы келді, бұрын болмаған бір жып-жылы құшақ бойын қармап, өзіне тартып барады.

– Кстати, сен қай жүздің баласысың? – деді гүжбан қара тағы да гүж етіп.

Үн  қатпады.

– Айтқың келмейді. Бір-біріңді ұстап беруді білесіңдер... Онда ұйықта, – дегенде, кірден көрінбей қалған матрас төсекке сылқ түсіп, шалқалап жата кетті. Көзі ілініп, кірпігі айқасқанда «дарға асқан адам бір минөтте жан тапсырады» деген кітап сөздері жанарында жыбырлап, дар жібі салаң-салаң етіп салбырап тұрды.

Кәнігі түрмеші балаң жігіттің балбыраған тәтті ұйқысына қызығып, бетіне шұқшиып отыр. «Күн батсын, «таңға жақын» деді ғой. Бірақ, оянып кетіп, бой бермей жүрсе қайтем?» Перзент қызығын көрмеген қандықол жігіттің тәтті ұйқысына қызғана қарап, әрлі-берлі жүрді де, бұрылып кеп тағы да бетіне үңілді. «Қай жүзден екенін айтпады. Әйтеуір, бір-біріңді ұстап беріп  жүрсіңдер  ғой, бұларды айтқызбай құрту керек» деп ине шұқыған саусақтарын бүгіп-жазды да, алқымына тақап, қайта тартып алды. «Нормально. Бақ дегізбеймін. Тек күн батсын, қазақ қайда кетеді дейсің. Түйеге ерген ботақан...».  Орнынан тұрып, қабырғадағы қара шегеге саусағын тигізіп, бір сипады. «Нық. Өздері сияқты шегесі де нық қағылған. Асқазанында тамағы жоқ аш балада салмақ бар дейсің бе? Өзі қазақ. Артында сұрауы жоқ». Қайраттың аяқ жағында жатқан хлор иісі аңқыған ақсұр жамылғыны ширатып, арқан ғып есе бастады. Ұйқыға бөккен Қайраттың жұмулы көзінің аржағында бала күнінде «Жас гвардия» деген кинодан көрген Зояның арқанда салбырап тұрған денесі түс боп тізбектеліп өтіп жатты.

***

Таң атпай кәнігі түрмеші жуан жұдырығымен темір есікті ұрғылап, аяғымен тепкіледі.

– У нас ЧП, – деді рахаттана сөйлеп.

Кеше «Жамбылдың әруағы жар болсын» деп  тілеген кезекші жігіт қара шегеде салбырап тұрған тұтқынды көріп, көз жасы ытқып,  орысша  екі  ауыз сөз  айтты.

– Вы, что...

– Сука, мент те жылай ма екен, – деп қанішер күрек тісі ақсия күліп, теріс айналды.

Қуандық Түменбай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383