Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
1316 1 пікір 22 Қараша, 2023 сағат 17:06

Армения ҰҚШҰ көмегінен бас тартты

Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Республикасының ҰҚШҰ-дан көмек алудан бас тартқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Армения ұйымнан өзіне көмек көрсету жөніндегі құжатты алып тастауды өтінген, деп жазады Halyq-uni. 

Deutsche Welle-нің мәліметіне қарағанда, ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов бұл мәселе жөнінде Минскіге Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесуге барғанда айтқан.

Армян тарапы ҰҚШҰ-дағы одақтастарымыздың шешімді толық қолдағанына қарамастан, құжатқа ешқандай қызығушылық танытпады. Оның үстіне біздің жұмысымыздың аяқталу кезеңінде олар мұны күн тәртібінен мүлде алып тастауды өтінді, – деді бас хатшы.

Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Беларусь президенті Александр Лукашенкоға хабарласып, телефон арқылы өз елінің ҰҚШҰ саммитіне қатыса алмайтынын айтқан болатын. Ал оның алдында 2022 жылғы қарашада Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Арменияға көмек көрсетуді ұсыну жөніндегі бірлескен шаралары туралы шешіміне қол қоюдан бас тартқан еді.

2023 жылы Ұйымның төрағасы қызметін Беларусь атқарып отыр. Оның құұрамына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан кіреді. Алдағы 22-23 қарашада Минскіде ҰҚШҰ-ның саммиті, Қорғаныс министрлерінің кеңесі болады.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

1 пікір