Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 4309 16 пікір 23 Қараша, 2023 сағат 15:40

Қазақтың батырлары «алқаш» болған ба?!

Данышпан Аристотелдің «Ақымақ болғың келсе арақ іш» деген нақылы бар деседі. Қазақтың шайтансуға үйір болуы – патшалық Ресейге бодан болуымен тікелей байланысты екені барша мәлім.

Тұрағұл әкесі хакім Абай туралы естелігінде: Семейге келген бір сапарында достарымен орыстың ащы суынан ұрттап, түнжарымда лоқсып отырғанда, ұлы ақынның үстінен түскенін, денеге сіңбеген нәрседен құтылудың ең жақсы жолы құсып, асқазанын тазарту керек екенін ескерткенін жазады. Қазан төңкерісінен кейін болшевиктер жалған идеологиямен қазақтың жанын, ділін улап қана қоймай, арақпен тәнін шірітті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданын көрген қариялар орыстың даласының сақылдаған сары аязында қысқы аязында жан сақтау үшін арақ пен ақ майдың (шошқаның майы) бірін таңдауға мәжбүр болғандарын, тірі қалу үшін дінін сатпай, ақ майдан бас тартып, арақты таңдағандарын жырғып айтады.

Ал патшалық Ресейдің шапқыншылығы былай тұрсын, дүниеде орыс деген ұлт қалыптаспаған ескі заман арқау етілген батырлық жырлардың басты кейіпкерлері арақ ішіп еліріп, ауылды қырып кетті десе сенер ме едіңіз?!

Біраз күн бұрын танымал қоғам белсендісі Сәуле Түркия Facebook парақшасында баласымен бірге «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жырын оқып отырып, мынандай жолдарға тап болғанын жазды:

«Қыздар да біліп келді осы жайды,
– Күйеужанның қолына аяқ бар – деп,
Арақты әрбіреуі ұсынады.
Қозы да шаттанады осы сөзге,
Екі месті тауысты көрер көзге.
Жайылды көп ішкен соң өне бойға,
Көгеріп түсі кетіп болады өзге».

Артынан мәлім болғанындай арақты бөшкесімен сіміріп жүрген Қозы ғана емес екен. Жазбаға үн қосқан танымал журналист, жазушылар Серік Әбікенұлы мен Сәкен Сыбанбай мектеп оқулықтарындағы сорақылықтарды бұдан бұрын да әшкерелегендерін тілге тиек етті.

Сәкен Сыбанбай: «Кеше осы Facebook-тегі досымыз Сәуле Түркия «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында «арақ» сөзін кездестіргенін айтып, жырдың осындай нұсқасының бар-жоғын сұрап, осы тақырыпты білетіндерден дұрыс-бұрысын анықтап беруді өтініп, жазба жариялады. Бүгін Ерболат Айнабеков бауырымыз Шәкәрімнің кітабында да сондай мысалдардың өріп жүргенін жазып отыр. Ал менің есіме осыдан 7-8 жыл бұрынғы дау-жанжалдың түсе кеткені. Арақ пен темекі «Қамбар батыр» жырынан да табылып:

«...Қыз Назым мінді өрмекке
Иісін жұпар аңқытып.
Ғашықтық түсті басына
Сүйегін жаман жасытып.
Даярлап қойды шараға
Қасына қымыз тасытып.
Қайтқанда Қамбар ішсін деп,
Арақ пен шарапты
Сандыққа салып сақтады
Бөтелкеге ашытып...»

немесе:

«...Қан сасытып қырады.
Түс ауып, бесін болғанда
Артына мойын бұрады.
Қара қасқа атты қаңтарып,
Маңдайын сүртіп демалып,
Шылымын шегіп тұрады...» – деген сияқты жолдар Facebook бетінде әжептәуір әңгіме болып, сынға алынған еді» – деп жазса, Серік Әбікенұлы:

«Кешелі бері Баян қыз асық болған Қозының ішімдікке «әуес» болғаны жайлы айтылып жатыр. Қамбар мен Қозының «маскүнемдігінің» төркіні Әбубәкір Диваевта жатыр. Сырдария генерал-губернаторына көмекші болған татар зиялысы қазақ даласының жыр-дастандарын жинап, «көркемдеген». Кейбірін орысша, татаршаға аударған. Ол кісіге рюмка ұстап, шылым шеккен ояз образы қатты ұнаса керек батырларымызды бұрқырап жүретін қатырма жағалы жандаралдарға ұқсатып жіберіпті. Ең алғаш «Қамбар батыр» жырынан «перегар» шыққанда Білім министрлігіне, «Оқулық» орталығына «Жырларды сүзгіден өткізіп, түзеп-күзеп, батырларды «айықтырып» жіберсеңіздерші?!» - деп өтініш айтып едік, содан бері әдеби нұсқаларға ревизия жасалып жатыр дегенді естімедік. Батырлар жыры, ертегі-аңыздар Диваев «дертінен» айықпапты. Ол кісі «Алпамыс», «Қобыланды батыр» сынды көп дүниені қағазға түсірген, абайлайық… Балаларымыз: Арда туған Алпамыс, Арақты қолға алады, сіміріп бір салады, Шөлі әзер қанады, Босап қалған шишаны, десантшы көкем секілді басына ұрып жарады… - деп өлеңдетіп жүрмесін», – деп жүйелі сөз айтыпты.

Қазақты орыстандыру саясатының патшалық Ресей кезінде-ақ қолға алынғаны жоғарыдағы мысалдан анық көрініп тұр. Ал тәуелсіз ел баспагерлерінің тарихты бұрмалауға қарсы күресудің орнына көз жұма қарап, сүзгіден өткізбей, өскін ұрпақтың санасын улауын қалай түсінеміз?! Оларға салсақ арақ атамыздан қалған ас болып шығады, бұдан асқан сорақылық болар ма?! Бұл елдігімізге сын ғой. Отарсыздану үрдесін мектептен бастап қолға алатын уақыт келген жоқ па?!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1946