Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 25809 0 пікір 20 Қыркүйек, 2013 сағат 08:18

Исраил Сапарбай. Мәлике сұлудың мың бiр сауалы

Кiтап жөнiнде бiр ауыз сөз

Қазақта «Жүргенге жөргем iлiнедi» деген сөз бар. Сол сөздiң растығына тағы да көзiм жеттi. Ойда жоқта олжалы болдым. Өңiм түгiл түсiме кiрмеген қазынаға тап болдым. Әрине, ат басындай алтын емес, әйткенмен алтыныңнан бiр мысқал да кем емес. Жапырақтай ғана жасыл кiтап көргеннен көзiме оттай басылды. Сыртқы мұқабасында дәстүрлi Шығыс әлемiнiң әлiптi өрнегiмен «Мәлике және оның мың бiр сауалы» деген жазу тұр. Ерiксiз ықылыс аудартып, ынтызар ететiндей. «Мың бiр түндi» құныға оқып, бүрмелi көйлек, сүрмелi кiрпiк, көздiң небiр құпиясына бой алдырған бозбала кез, бозым жас алдымнан боз тайлақтай тайраңдап өте шықты… Есiмдi жияр-жимастан кiтапқа қол соза бердiм.

Бұл — 1998 жылдың жазы болатын. Өзбекстандағы қазақ елшiлiгiнде қызмет атқарып жүрген кезiм. Жолсапарлап жүрiп Жызақ шаһарының қонақүйiне тоқтағанмын. Кешкiлiк — ауыл-елдi аралап келген менi қонақүй кезекшiсi өзбек ағайындарға тән сыпайылықпен: «Шәй iшiңiз, шөл басыңыз» деп шағын бөлмесiне шақырды. Шәй үстiнде көзiм шалғаны — әлгi кiтапша. Жаюлы жатыр екен.

— Өзiмiздiң Жызақ баспаханасынан шыққан, – дедi шоқша сақалды, ала шапанды ағайын, — кiмнiң қағазға жазып, хатқа түсiргенi де белгiсiз. Бiрақ өте құнды дүние…

Кiтаптың бiрiншi бетiн аударып, алғысөзiне көз жүгiрттiм.

Кiтап жөнiнде бiр ауыз сөз

Қазақта «Жүргенге жөргем iлiнедi» деген сөз бар. Сол сөздiң растығына тағы да көзiм жеттi. Ойда жоқта олжалы болдым. Өңiм түгiл түсiме кiрмеген қазынаға тап болдым. Әрине, ат басындай алтын емес, әйткенмен алтыныңнан бiр мысқал да кем емес. Жапырақтай ғана жасыл кiтап көргеннен көзiме оттай басылды. Сыртқы мұқабасында дәстүрлi Шығыс әлемiнiң әлiптi өрнегiмен «Мәлике және оның мың бiр сауалы» деген жазу тұр. Ерiксiз ықылыс аудартып, ынтызар ететiндей. «Мың бiр түндi» құныға оқып, бүрмелi көйлек, сүрмелi кiрпiк, көздiң небiр құпиясына бой алдырған бозбала кез, бозым жас алдымнан боз тайлақтай тайраңдап өте шықты… Есiмдi жияр-жимастан кiтапқа қол соза бердiм.

Бұл — 1998 жылдың жазы болатын. Өзбекстандағы қазақ елшiлiгiнде қызмет атқарып жүрген кезiм. Жолсапарлап жүрiп Жызақ шаһарының қонақүйiне тоқтағанмын. Кешкiлiк — ауыл-елдi аралап келген менi қонақүй кезекшiсi өзбек ағайындарға тән сыпайылықпен: «Шәй iшiңiз, шөл басыңыз» деп шағын бөлмесiне шақырды. Шәй үстiнде көзiм шалғаны — әлгi кiтапша. Жаюлы жатыр екен.

— Өзiмiздiң Жызақ баспаханасынан шыққан, – дедi шоқша сақалды, ала шапанды ағайын, — кiмнiң қағазға жазып, хатқа түсiргенi де белгiсiз. Бiрақ өте құнды дүние…

Кiтаптың бiрiншi бетiн аударып, алғысөзiне көз жүгiрттiм.

— Өзбекше бiлетiн бе едiңiз? – дедi қонақүй кезекшiсi одан сайын ықыласын аудара түсiп, шәйiн жаңартып жатып.

— Шамалы хабарым бар, – дедiм мен алғысөздiң астарына үңiле түсiп.

Шынында да, өзбек бауырым айтқандай, кiтап иесi осы күнге дейiн беймәлiм екен. Мұхаммад Зафар деген бұхаралық көзi ашық бiрi кiсi мұқияттап көшiрiп бүгiнге аман-есен жеткiзiптi.

Кұнды әрi өте-мөте сирек кездесетiн дүние екенiне көз жеткiзген соң өзағаңа өзiмдi жақсылап таныстырдым. Елшiлiк қызметiнде жүргенмен туасы шайыр екенiмдi, тiптi Самарқан уәлаятында туғанымды, әйгiлi Сайыпқыран — Әмiр Темiрмен  жерлес екенiмдi, ол жайында сахналық дүние жазғанымды да жасырмай алдына жайып салдым.

Қонақүй кезекшiсi сыпайы ғана емес, кiшiпейiл, әрi әңгiмешiл, өткен-кеткеннен хабары мол адам болып шықты. Самарқан тарихын қозғап, Кеш, Жызақ шаһарларының шартарабын шарлап шықтық.

— Жарайды, демалыңыз, жұмысбасты адамсыз ғой, шаршаттым бiлем ананы-мынаны айтып. Мына кiтапшаға бейiлiңiздiң ауғанын мана бiлгенмiн, өзiмiзде шыққан ғой, тауып алармын, ал мынаны  Сiзге сыйладым, – деп «Мың бiр сауалды» маған ұзата бердi.

Одан берi де үш-төрт жыл өтiп кетiптi. Аталмыш кiтапты оқып қана қоймай, қазақы қалың оқырманға қажетi бар ғой деп тәржiмалауға кiрiстiм.

Маған, әсiресе, қатты ұнағаны — белгiсiз жазбагердiң /әрi ғалым, әрi дiн адамы болса керек/ «Құран кәрiмдi» тәпсiрлеудегi тапқан өзгеше амал-тәсiлi. «Мың бiр сауалдың» — ерекшелiгi де, тартымды әрi қызықты оқылатыны да осыдан болса керек. Жапырақтай ғана жасыл кiтапшада қаншама тағылым мен таным, өсиет пен нәсият, риуаят пен хикаят жатыр десеңiзшi?!

Кiтапты аударып, көпшiлiк игiлiгiне жарату ниетi де осыдан туып отыр.

Айналайын, Оқырман!

Ендiгi көңiл де, бейiл де, ықылас та, ынта да өзiңiзде!

Келiңiз, кiтап iшiне енiңiз — олжаға ортақ болайық!..

Исраиыл Сапарбай

 

 Алһамду лиллаһи раббил аламина уа ақубату мил муттақина уас-салату уассаламу ъала расулиһи Мухаммадин уаолиһи уа асһабиһи ажмаин!

Бағзылардың баян етуiнше және де тарихшы ғұламалардың таратуынша Ұрым патшалығында Әрiп Сұлтан деген серке көңiл, серiқайрат кiсi болыпты. Қолы ашық, жаны жомарт жайдарының өзi екен. Мұсылмандықтың қастерлi де қасиеттi жолынан айнымай да бұрылмай Алланың берген өлшемдi жасын абыроймен атқарып, өткерiп болғаннан кейiн Дарул фәниден Дарул бақиға сапар шегiптi. “Мiрi кем дүние” демекшi, соңында жарық дүниесiн жалғастырар жалғыз-ақ қызы қалыпты. Ныспы-жамалы — Мәлике екен. Әке мұрасына ие болған бойжеткен ұзамай таққа отырып, басына тәж киiптi.

Әке жолын қуған, артықша туған Мәлике бiр күнi уәзiрлерiнен бастап Сарайдың игi жақсыларын үзiрiне шақыртыпты. Шақыртыпты да былай дептi: «Менiң көкiрек сарайымда саралап сақтап жүрген мың сауалым бар. Кiмде-кiм осы сауалдың бәрiне мүдiрмей, кiдiрмей жауап беретiн болса, басымды да, бағымды да, тағымды да түгелiмен соған сыйға тартамын».

Мәликенiң бұл сөзi көп ұзамай дүйiм елге тарапты. Талаптылар мен үмiткерлер де аз болмапты. Аз күннiң iшiнде айнала-төңiректен анау да келiптi, мынау да келiптi. Мәлике де оларды сауалдың астына алыпты. Менмiн деген талай тарландар мен тай-бозымдар, ғұламалар мен данышпандар сыннан өте алмай, сыбағасына жете алмай орта жолда омақаса құлай берiптi, құлай берiптi…

Мәлике болса олардың сесiн қайтарып: «ненi бұлданып, ненi малданып данышпанмын, данамын деп жүрсiңдер? Көңiл толарға, iлiп аларға бiреуiң жоқ! Әзiретi Әлi Кәрiм Аллаһу уажһаһудың: «халақа манлаярифа қадраһу!», яғни «өз қадiрiн бiлмеген тiрiсiнде азапқа, өлiсiнде тозаққа түседi» деп айтқаны бар. Сендер де ендi соның кебiн киесiңдер!» – деп бiрiн зынданға, бiрiн түрмеге тоғытады да, он күннен кейiн өлiм жазасына кеспек болады. Мұны естiген ел бұрынғыдай емес, абдырап, абыржып қалады. Тәуекелге бел байлаушылар да азаяды.

Жазасы мен қазасын күтiп жатқан бейшараларды аяған игi жақсылар бiр күнi Мәликенiң құзырына келiп былай дейдi:

— Алдияр патшамыз, аяулы Ханым Мәлике! Райыңыздан қайтыңыз. Қанға емес, иманға жүгiнгейсiз. Тұтқындағы байғұстарды бiр жолға кешiрiңiз. Елдерiне қайтсын. Бұларды өлтiргеннен абыройыңыз арта қоймас, жау арттырып аларсыз…

Айтса айтқандай, Мәлике жазықты жазған байғұстарды босатып, елдерiне қайтарады. Арада бiр жыл өтедi. Мен данышпанмын деп ешкiм де келе қоймайды. 

Оның есесiне Мәлике — данышпанның атақ-даңқы әлемдi шарлап кеттi.

Күндердiң күнi болғанда, толықсып Ай толғанда, Мәлике «құзырыңызға Түркiстан жақтан бiр кiсi келiп тұр» деген хабар алды.

Расында да данышпан Мәликенiң дақпырты Түркiстанға да жеткен едi. Түркiстан мен Ұрым арасы жаяулыға қырық күншiлiк жол екен. Осы жолды арып-ашып артқа тастаған Жолаушыға Мәлике:

— Менiң мың бiр сауалыма жауап бергелi келдiң бе? – дептi. Жолаушы да кiдiрмедi:

— Нар тәуекел! Иншалла! Жауабым дайын. Әр iстiң аяғын Алла бiледi. Алла тағала «Құрани шәрипте былай дейдi: «Ағузу биллаһи мина шайтонир ражим. Бисмиллаһир рахманир рахим! Қаулаһу Тағала, Кулл шайин халиқун илла уажғаһу лаһул һукму уа илайһи туржаһун!».

— Сауалыма сай келмесе жауабың,

Талқаның мен таусылады талабың!

— Мен пәруана, сенiң жарық жамалың,

Қарамауға бар ма дәтiм, амалым?

Жан шоғыңа күйiп-жанып кетпесем,

Бұл жалғанда кiмге керек аманым?!

— Алла тағаланың құдiретiмен екi жаһанда әр нәрсе пайда болды. Алла тағаланың өзi де бiле бермейтiн бұл не?

— Алла тағала бiреу. Ол өзiне ұқсас басқа бiр нәрсенi бiлген емес.

— Алла тағаланың бойында не нәрсе жоқ?

— Ұйқы.

— Кiмнiң туған-туысқаны, әйел, бала-шағасы жоқ?

— Жалғыз ғана Жаратушы иенiң.

— Алла тағаланың жүзi қай тарапқа қараулы деп ойлайсың?

— Қараңғы үйге шам жақсаң, жарығы шартарапқа түседi. Жаратушының нұр жамалы да жан-жаққа түсiп тұр. Оның құдiретi де осында.

— Алла тағала қайда — ғарышта ма, жерде ме?

— Ғарышта емес, Жерде емес, оның жайы — Ла Мекен-дүр!

— Пейiшке ұқсайтын хош иiстi, шырын дәмдi мәуе бар ма, бар болса ол қайсы жемiс?

— Ол Тәңiрiнiң мейiр-шапағаты. Тәңiрiнiң сый-сияпатына бөленген жанның рухы да таза, пәкиза болмақ.

— Алла тағала ең әуелi кiмдi, ненi жаратты?

— Кафу Нұнды жаратты.

— Оған қандай дәлелiң бар?

— Алла тағала «Құрани шәрiпте» «Ан якула лаһу кун фаякун!» – деп хабар берген.

— Кун Фаякуннен не пайда болды?

— Жаратушы әуелi «Кун» («пайда бол»). Сонсоң «Фаякун»(«болды, жетедi») деп әлемдегi барша нәрсенi жаратты.

— Қай жақтан келдiңiз?

— Әкенiң сұлбасынан, ананың рахымынан.

— Бұған айтар дәлелiң қайсы?

— «Қаулаһу Тағала, яхружу мин байнис сулби уаттараиби!».

— Қайда барасың?

— Ла Мекенге барамын.

— Қайда тұрақтайсың?

— Қабырстанда тұрақ табамын.

— Не жейсiң?

— Хам (харекет) жеймiн.

— Ненiң қам-харекетiн жейсiң?

— Ахиреттiң.

— Алла тағала оттан ненi жаратты?

— Тозақта екi нәрсенi жаратты. Бiрi — Музаккар (еркек), екiншiсi — Муаннас (әйел). Музаккардың құйрығы жыланның құйрығына, ал Муаннастың құйрығы шаянның құйрығына ұқсайды. Жүре келе екеуi жұптасты. Олардан жын пайда болды.

— Оған қандай дәлелiң бар?

— «Құрани шәрiпте» мынандай сөз бар: «Қаулаһу Тағала уәл жинна халақнаһу мин нариссамум», яғни «Бiз жындарды оттан жараттық».

— Жаны мен басы жоқ болса да жемiс жейтiн не нәрсе?

— Ол — Хазiретi Мұса с.а.с-ның Асатаяғы. Перғауын алайһи лаъна (Ежелгi мысыр патшасы) Мұса с.а.с.-мен бәсекелестi. Екеуi де Асатаяқтарын жерге тастады. Құдай тағала Асатаяқтарға жан бердi. Одан айдаһар пайда болды да аузына түскен нәрсенiң бәрiн жалмап-жұта бастады. Кәпiрлер мұны көрiп, қорқып қашты.

— Жаны, қанаты болмаса да аспанға ұшып кеткен не нәрсе?

— Ол — Көһи Тур-дур. Алла тағала оны тажал нұрына айналдырғаны себептi аспан аясына таралып кеттi.

— Дауысын өзiнен өзге естiмейтiн кiм едi?

— Ол дауысты Мұса с.а.с.-нан басқа ешкiм де ести алған жоқ.

— Аспаннан жауған жаңбыр да емес, қар да емес, бiрақ ол судан мейiрi мен шөлi қанып, халық қарық болып қалды. Ол қандай су?

— Мұса пайғамбар қолдарын жайып су сұрады. Асатаяғын табан астындағы тасқа ұрды. Содан Құдiреттiң күшiмен он екi бұлақ пайда болды. Халықтың қарық болғаны — сол су.

— Бiр топ жұртқа сая болған ненiң көлеңкесi едi?

— Құмды шөлейтте адам айтқысыз ыстық көтерiлiп ажал қаупi таяғанда Мұса с.а.с. Алла тағалаға сыйынды. Алла мұны қабыл алып, аспанды лездемде бұлт торлады. Жұрт аман қалды.

— Ата-анасы жоқтардың атын атап, түсiн түстеп бере аласың ба?

— Ең бiрiншi — Хазiретi Адамның.

     Екiншi — Хауа Ананың.

     Үшiншi — Исмаилдың орнына құрбандыққа шалынған қошқардың.

     Төртiншi — Хазiретi Салық с.а.с.-ның түйелерiнiң.

     Бесiншi — Хазiретi Иса с.а.с.-ның.

     Алтыншы — Хазiретi Шиш с.а.с.-ның.

— Арғы дүниеде де, бергi дүниеде де жоқ тағамның аты қандай?

— Бiр топ кәпiрлер келiп: «Ей, Иса, кәне, дуа қыл, Құдайың бiзге аспаннан пiскен балық жiберсiн. Оны жеп бiз де мұсылман қауымына кiрейiк» – дедi. Иса пайғамбар олардың көзiнше құдайға жалбарынып, сиынды. Айтқандай-ақ аспаннан балқып пiскен үлкен бiр балық түстi. Кәпiрлер алдарындағы балықты жеп болған соң «өмiрiмiзде мұндай тәттi тағамды жеп көрмеп едiк» – деп иманға ұйып, мұсылман болды.

— Бұған қандай дәлелiң бар?

— «Құрани шәрiпте»: «Аллаһумма анзила аълайна маъидатан минас самаи», яғни «Ей, Алла, бiзге өз тарапыңнан бiр дастархан сыйлай гөр!» деген аят бар.

— Иснайн нешеден тұрады?

—  Он екiден тұрады. Олар:

Заужи иснайн;

Уал-арзи уас самаи;

Уал-ләйлi уан наһари;

Уал-шамси уал-Қамари;

Уал-жәннати уан нари;

Уал-куфру уал-имани;

Уал-һаяти (өмiр) уал-Қамати;

Уал-барру уал-баһру;

Уал-Аршу уал-Курсу;

Уал-лауһу уал-қаламу;

Уал-илму (iлiм) уал-амалу;

Уал-хусну уал-ишқу (сүйiспеншiлiк).

— Намаз алдында нелiктен азан айтылады?

— Бес уақыт намаз бен жұма намазға азан айту парыз саналады.

— Бұған қандай дәлел айтасың?

— Алты бiрдей сахаба — Әбузар Ғаффари, Салман Фарси, Аккаша Абдолла, ибн Мақсұт, Әбу Дардах және Ақлама Хазiрет Мұхаммед пайғамбардың құзырына келген кезде Расулулланың көңiлсiз отырғанын көредi. «Ей, Расулулла, – дедi олар, — көңiлiңiз сынық сияқты, себебi не?». Сонда Пайғамбарымыз: «Баяғы сахабалар жамағаттан тыс қалулы. Жамағат намазына бұл нұқсан келтiрмесе игi едi» – дедi. Сахабалардың бiрi: «Нелiктен олай ойлайсыз?» дегенде, «Бұл iс насранилерден (христиандардан) болып тұр». Ендi бiреулер: «Мүмкiн, басқалардан да болар» дедi. Пайғамбар: «Бәлкiм, дегенмен, бұған себепшi — жөйттер».

— Ертесiне Абдулла Ансари келiп: «Ей, Расулулла, мен кеше бiр түс көрдiм. Аспаннан екi перiште жерге түсiп, құбылаға қарап азан шақырды. Бiреуi такбир айтып тұрды, мен оны үйренiп алдым. Сонда Расули Акрам с.а.с. былай дедi: «Азан шақырумен iс бiтпейдi. Тек Пайғамбардың түсi ғана ақиқаттан аян бермек».

Кейiнiрек Әмiр ул момын Әли карамалауһу Зажһаһу келiп: «Ей, Нәбиiм, мен бүгiн таң азанда түс көрдiм» дей бергенде Пайғамбарымыз: «Ей, Абдулла Ансари, перiштелер аузынан азан үйрендiм дедiңiз, айтыңызшы, мен де тыңдайын?!» – деп Ансариға назарын аударды. Абдулла Ансари азан айтып, такбир оқыды. Бұған қарап Расулулла Жәбiрейiл перiште Мераж кештерiнде Ақсада мешiтiнде азан мен такбир оқып кетiп жүргенiн пайымдады. Сахабаларының түс көруiн осыған жорыды. Бес уақыт намаз бен жұма намазы кезiнде азан шақыру рәсiмi, мiне, осыдан қалған. Бұл кейiн келе барша жамағатқа мәлiм болды.

— Неше уақыт намаз оқу парыз?

— Бес уақыт намаз оқу кiм-кiмге де парыз.

— Бес уақыт намаздың туу себебiн қалай түсiндiрер едiң?

— Адам ата мен Хауа ана Жәннаттан қуылған соң бiразға дейiн жердегi қараңғылыққа көздерi үйрене алмай жүрдi. Уақыты жетiп, таң атты. Оның шүкiрана құрметiне екi ракат намаз оқыды. Намазы қабыл болды. Қазiр ол бiзге де парыз.

— Бесiн намазы кiмнен қалған?

— Хазiретi Исмаилды құрбандыққа шалу турасында Алла тағала тарапынан жарлық түстi. Әкесi оны құрбандыққа қию үшiн бiр шетке алып барып қол-аяғын байлап, тамағына пышағын тақады. Осы мезетте Алла тағаладан «Уа, фадайнаһу бизибһин азийми!», яғни «Уа, оның орнына жәннаттан әкелiнген қошқарды құрбандыққа шалуды парман еттiк!» – деген хабар түстi. Ендiгi бiр риуаятта Нармуд алайһилана манжанық пен Ибраһим алайһисаламды жанып жатқан от iшiне тастаған. Ол от Ибраһимге әсер етпеген. Алла тағала: «Ей, от-жалын, өршiмей өртiңдi бас, алқынба, салқында, Ибраһимге залалың (зияның) тимесiн!» – деп бұйырдық» – дедi. Мiне, соның шүкiрана шарапатына арналып төрт ракат намаз оқылды. Алла тағала мұны қабыл қылды, бiзге парыз болды.

— Намаздыгер намазын кiм оқыды?

—  Хазiретi Жүнiс пайғамбарды нәһан (нән) балық жұтып қойды да ол үш күн бойы балықтың iшiнде жатты. (бағзы бiр ретте қырық күн бойы деп айтылады). Алла тағаланың шарапаты арқасында аман шықты. Осы оқиғаның үрметiне төрт ракат намаз оқылды. Бұл Алла тағала тарапынан  бiзге парыз болды.

— Ал Намазшам кiмнен қалды?

— Хазiретi Исаға кәпiрлер құдайды бiреу емес, үшеу дедi. Жер мен көк ызаға булығып: «Ей, Алла тағала, мыналардың жазасын бер!» – деп өтiндi. Мұны Жаратушы қабыл алып: «Бұлардың жазасын өзiм беремiн!» – дедi. Хазiретi Иса өз абыройын сақтап қалуы себептi оның шүкiранасына үш ракат намаз оқылды. Бұл Алла тарапынан қабылданып, бiзге де парыз болып қалды.

— Ал ендi Құптан намазын кiм оқыды?

— Хазiретi Мұса алайһиссалам Мәдинеден Мысырға жеткенше Хазiретi Шұғайып алайһисаламның қызы Сафура босанар халге жеттi. Осынау беймезгiл уақта қасқырлар қойға шапты. От жағу керек болғанымен шақпақ тұтана қоймады. Осылайша абыржып тұрған бiр мезгiлде көз ұшында от көрiндi. Солай қарай жүрдi. Аралық бiраз жер болғанымен лезде жетiп келгендей болды. Осы сәтте Алла тағаладан әуез жеттi: «Қаулаһу Тағала ан йа Мұса инний аналаһа Раббал аламин уа ан алқи асака!», яғни «Ей, Мұса, әлбетте, мен әлемнiң жарылқаушысымын. Сен асатаяғыңды қолыңа ал!»

Хазiретi Мұса бұл бұйрықты қабыл алып, жарты жолдан қайтып үйiне келсе, зайыбы аман-есен босанып, үй-қорасында тыныштық орнаған екен. Мiне, осының құрметiне төрт ракат намаз оқылды. Алла тарапынан бұл қабыл алынып, бiзге парыз болып қалды.

— Ертеден кешке дейiн неше ракат намаз оқылады?

— Отыз ракат, оның он жетiсi — парыз, он екiсi — сүннет, үшеуi уәжiп болып есептеледi.

— Бұл намаздарда қанша рукуғ, қанша сужуд (сәжде), неше такбир және неше тасбех бар?

— 32 рукуғ, 64 сужуд, 77 такбир, 188 тасбех бар. Тасбехтердi үш-үштен айту лазым.

— Неге кешке намаз дауысты, әуездi қыратпен, ал күндiзгi намаз бәсең әуенмен оқылады?

— Перiштелер намаздың бәрiн дауыстап оқиды. Ал Алла тағала пенделерiне: «Күндiз жәй, ал кешкiлiк дауыстап оқыңдар, сонда перiштелердiң сауабын аласыңдар» – деп ескерттi. Бес  уақыт намазға, сондай-ақ, азан, такбир айтуды да ұмытпаған жөн.

— Мәйiт намазында неге азан мен такбир айтылмайды?

— Адам баласы — хақтың ұлы. Ұл болсын, қыз болсын, анадан туылғанда Хазiретi Мұхамбет Мұса с.а.с.-ның сүннетiне сай оң құлағына азан, сол құлағына такбир айтылып, ат қойылады. Осы азан мен такбир мәйiт (өлiм) намазы болып саналады.

— Басқа намаз түрлерiнде рукуғ, сужуд бар да, жаназада неге жоқ?

— Алла тағала рузи қияметте кәпiрлерге былай деп ескертпе жасады: «Не үшiн менен басқаға сыйындың?» Себебi, мүрдеге ол жүрмейдi.

— Ғұсыл кезiнде  (жуынуда) нендей нәрсе парыз саналады?

— Қол саусақтарын ғұсыл мен тааратта қозғалтпақ парыз саналады.

— Дария қайдан пайда болды?

— Топан судан.

— Төбелер қайдан шыққан?

— Пейiштен.

— Өгiздiң тегi қайдан шықты?

— Ол да пейiштен пайда болды.

— Қандай дәлелiң бар?

— Алла тағала «Құрани шәрiпте» былай деген: «Уа минал бақара иснайн», яғни сиыр да екеуден өсiп-өнедi.

— Ешкiнiң негiзi қайдан шыққан?

— Ол да пейiштен шыққан. Алла тағала: «Уа минал маъзи иснайн», яғни «Ешкi де о бастан екеу».

— Ат пен есектiң түбi неден пайда болды?

— Ат пен есек желден жаралған.

— Қиямет қайымға дейiн бiрi қуып, бiрi қашатын нәрселер не?

— Бiрi — күндiз, бiрi — түн, яғни күн мен түн.

— Бiр дарақ (ағаш) бар. Оның он екi бұтағы, әр бұтақта отыз жапырағы, әр жапырағының бiр жағы ақ та, бiр жағы қара. Ол қандай дарақ?

— Ол дарағыңыз — бiр жыл. Он екi бұтағы — он екi ай. Әр бұтағындағы отыз жапырақ — отыз күн. Жапырақтың ақ жағы — күндiз, қара жағы — түн.

— Күндiз-түнi жүруден шаршамайтын, демалуды бiлмейтiн не?

— Оның бiрi — Ай да, екiншiсi — Күн.

— Пейiште де, бұл дүниеде де ерекше бағаланатын жемiс ағашының аты не?

— Ол құрма ағашы.

— Хазiретi Адам атаның қан төккен перзентiнiң аты кiм?

— Абылды Қабыл өлтiрiп, қан төккен.

— Пайғамбарлар жерге неше мәрте түстi?

— Алғаш рет хазiретi Адам ата, одан соң елу мәрте Хазiретi Шис Набиолла, үшiншi кезекте Хазiретi Ыдырыс пайғамбар, төртiншiсiнде Хазiретi Ибраһим пайғамбар он рет түстi.

— Неше кiтап түстi? Олардың қайсысы қалды, қайсысы өштi?

— Жүз төрт кiтап түстi. Оның төртеуi бар да, жүзi жоқ. Төртеудiң бiреуi «Тәурат» — Мұса алайһиссаламға, екiншiсi — «Iнжiл» — Иса алайһиссаламға, үшiншiсi — «Забур» — Дәуiт алайһиссаламға, төртiншiсi «Фурқан» — «Құран» — мусһаф-Қалами Шариф» деп аталады. Ол Мұхаммед алайһисаламға түстi.

— «Тәурат» неше сүреден тұрады?

— Әр сүресi тоғыз мың аяттан тұрады. «Iнжiл» — сегiз мың сүре. Әр сүресi — он екi мың аят.

— «Құранды» неге «Фурқан» деп атайды?

— «Құранның» әр сүресi мен аяты бөлек-бөлек түскен. Ал басқа үшеуi бiржола бүтiн халде түскен. «Қүран» сол үшiн «Фурқан» деп аталады.

— «Фурқан» неше жылда түстi?

— Жиырма үш жыл iшiнде түстi.

— Ең алғаш қай аят түстi?

— «Аууал (әуелi) Иңроғ бисми раббикаллази халақа» түстi. Соңында «Аляума Акмалту лакум динакум уа атмамту алайкум неъмати уа разиту лакум ал Ислама динан» түскен.

— «Құран» неше сүре және әр сүренiң аты қандай?

— «Құран» жүз он төрт сүреден тұрады:

 

1. Фатиха сүресi

2. Бақара сүресi

3. Имран сүресi

4. Ниса сүресi

5. Маида сүресi

6. Анъам сүресi

7. Әл-Аъраф сүресi

8. Әл-Анфал сүресi

9. Ат-Тәуба сүресi

10. Жүнiс сүресi

11. Һуд сүресi

12. Жүсiп сүресi

13. Арруъад сүресi

14. Ибраһим сүресi

15. Әл-һижр сүресi

16. Ан-Нахл сүресi

17. Әл-Исроғ сүресi

18. Каһф сүресi

19. Мариям сүресi

20. Таһа сүресi

21. Әл-Әнбис сүресi

22. Әл-һаж сүресi

23. Әл-муъминун сүресi

24. Ән-Нұр сүресi

25. Әл-Фурқан сүресi

26. Әш-Шуъара сүресi

27. Ән-Намл сүресi

28. Әл-Қасас сүресi

29. Әл-Әнкабут сүресi

30. Ар-Рум сүресi

31. Әл-Лұқпан сүресi

32. Ас-Сажди сүресi

33. Әл-Азһаб сүресi

34. Ас-Сабаъа сүресi

35. Әл-Фатир сүресi

36. Ясин сүресi

37. Уа-с-Саффат сүресi

38. Сад сүресi

39. Аз-Зумар сүресi

40. Әл-Ғафур сүресi

41. Әл-Фуссилат сүресi

42. Аш-Шура сүресi

43. Аз-Зуһруф сүресi

44. Ад-Духан сүресi

45. Әл-Жасия сүресi

46. Әл-Аһкаф сүресi

47. Әл-Мұхаммед сүресi

48. Әл-Фати сүресi

49. Әл-Хужурат сүресi

50. Қаф сүресi

51. Уаз-Зарият сүресi

52. Уаз-Тур сүресi

53. Уа-н-Нажм сүресi

54. Әл-Қамар сүрресi

55. Ар-Рахман сүресi

56. Әл-Уақия сүресi

57. Әл-Хадид сүресi

58. Әл-Мужадала сүресi

59. Әл-Хашр сүресi

60. Әл-Мүмтаһана сүресi

61. Ас-Саф сүресi

62. Әл-Жумъа сүресi

63. Әл-Мунафиқун сүресi

64. Ат-Тағабун сүресi

65. Ат-Талақ сүресi

66. Тахрим сүресi

67. Мулк сүресi

68. Қалам сүресi

69. Әл-хааққа сүресi

70. Мәариж сүресi

71. Нұх сүресi

72. Жын сүресi

73. Мұзаммил сүресi

74. Муддассир сүресi

75. Қиямет сүресi

76. Инсан сүресi

77. Уал-Мурсалат сүресi

78. Набаъ сүресi

79. Уан-Назиат сүресi

80. Абаса сүресi

81. Таквир сүресi

82. Инфитар сүресi

83. Мутаффифун сүресi

84. Иншиках сүресi

85. Буруж (Борыш) сүресi

86. Тариқ сүресi

87. Аъла сүресi

88. Ғашия сүресi

89. Уал-фажр сүресi

90. Балад сүресi

91. Уаш-шамс сүресi

92. Уал-лайл сүресi

93. Уаз-Зуха сүресi

94. Шарх сүресi

95. Уатт — тиын сүресi

96. Алақ сүресi

97. Қадыр сүресi

98. Байина сүресi

99. Зiлзала сүресi

100. Уал-адият сүресi

101. Әл-қария сүресi

102. Такасур сүресi

103. Уал-ас сүресi

104. Хумаза сүресi

105. Фил сүресi

106. Құрайш сүресi

107. Маъувн сүресi

108. Кәусар сүресi

109. Кафирун сүресi

110. Насыр сүресi

111. Масад сүресi

112. Ықылас сүресi

113. Фалақ сүресi

114. Ан-нас сүресi.

— «Құранда» неше аят бар? Бұл аяттардың себеп-салдары қандай?

— «Құранда» 6666 аят бар. Оның 1006 аятын Пайғамбарлар баян еткен. 1020 аяты Алла тағала тарапынан таратылады. 1000 аяты патшалар мен зиялы адамдар тарапынан баян етiледi. 1200 аят — иман шарттарына тиесiлi. 200 аят дәрi-дәрмектер хақында. 200 аят байлық пен қазына және сауда-саттық пен саудагерлер хақында. 70 аяты қазылар мен билер хақында баян етiледi. 103 аят күнәкарлардың тәубеге келуi турасында. 203 аят бұқара халықтың ырыздығы мен несiбесi хақында. 50 аят қажылар хақында. 694 аят әйел алу, ажырасу, зинақорлыққа байланысты. 366 аят пiтiр, зекет жайында. 200 аят садақа беру туралы. 61 аят куәгерлiк хақында. 150 аят

— Шүкiрлiк кiмнен қалған?

— Хазiретi Нұх пайғамбардан.

— Зәкiрлiк ше?

— Зiкiрия пайғамбардан.

— Даналық кiмнен қалған?

— Хазiретi Айуб пайғамбардан.

— Хазiретi Хауа Разиаллаһу анхадан кейiн 16 пайғамбар қайсы айда және қайсы күнде дүниеге келiп, неше жыл өмiр сүрiп дүниеден өттi?

— Ең әуелi Хазiретi Адам алайһиссалам. Мүкәрәм (амал) айының жұмасы күнi таңсәрiде дүниеге келiп, сол амал айының он бiрiнде жұма күнi дүниеден өттi. Шис Мүкәррам айының iшiнде, яғни жұма күнi дүние жарығын көрiп, Хауа ананың омырауын емдi. 912 жыл өмiр сүрiп, Раббиул айының 12-сi, яғни жұма күнi дүние салды. Ыдырыс пайғамбар Құрбан айының  10-ы, дүйсенбi күнi таңсәрiде дүниеге келiп, 450 жыл өмiр кешiп, амал айының оны күнi — жексенбiде бейiшке кiрдi. Хазiретi Жүнiс пайғамбар дүйсенбi күнi дүние жарығын көрiп, 750 жыл өмiр сүрдi. Мүкәрәм айының оны күнi жексенбiде дүниеден қайтты. Хазiретi Нұх нәбиулла Мулканың ұлы, Мулка Қайылдың, Қайыл Мин шайқының ұлы, ал Мин Аһнуһтың, Аһнуһ хазiретi Ыдырыс пайғамбардың ұлы. Хазiретi Нұх пайғамбардың анасы — Мәстура. Нұх пайғамбар да мүкәррәм айының он екiсi — дүйсенбiде дүниеден өттi. Ал, хазiретi Дәуiт а.с. Ережеп айының он екiсiнде — сенбi күнi дүниеге келiп, 100 жыл өмiр көрiп Құрбан айының 27 күнi дүние салды, Сүлеймен пайғамбар Дәуiт пайғамбардың ұлы. Мүкәррам айының он бесiнде дүниеге келiп, 170 жыл өмiр сүрдi. Раббиул айының соңғы сенбiсiнде дүниеден өттi. Зiкiрия пайғамбар Рамазан айының жиырмасында, сенбi күнi өмiрге келiп, 300 жыл өмiр сүрдi. Рамазан айының тоғызында — жұма күнi дүние салды. Ибрагим а.с. Азардың ұлы. Раббиул айының дүйсенбiсiнде өмiрге келiп, 100 жыл өмiр сүрдi, құрбан айының жетiсiнде дүниеден өттi. Қабыры Хамид шаһарында. Хазiретi Исмаил пайғамбар — Хазiретi Ибраһим пайғамбардың ұлы, раббиал айының он екiсi — сенбi күнi дүниеге келiп, 104 жыл  өмiр сүрiп, Рамазан айының онында — жұма күнi дүниеден өттi. Ысқақ пайғамбар Мүкәррам айының онында — дүйсенбi күнi өмiрге келiп, 104 жыл өмiр сүрiп, құрбан айының он бесiнде — дүйсенбi күнi дүниеден өттi. Жақып пайғамбар — Ысқақ пайғамбардың ұлы, Раббиал айының он бесi – сәрсенбi күнi өмiрге келiп, 120 жыл өмiр сүрiп, мүкәррам айының жұмасында дүние салды. Хазiретi Жүсiп — Жақыптың ұлы, Ережеп айының бесiнде — жұма күнi өмiрге келiп, 160 жыл өмiр сүрiп, сол Ережеп айының екiсiнде — сенбi күнi дүниеден өттi. Шұғайып а.с. Сапар айының сенбiсiнде дүниеден өттi. Хазiретi Мұса а.с. Имранның ұлы Ережеп айының жетiсiнде — жұма күнi өмiрге келiп, 120 жыл өмiр сүрiп, Ережеп айының он бесiнде — жұма күнi дүниеден қайтты. Хазiретi Иса а.с. әкесiз едi. Анасы — Мәриям Мүкәррам айының он бесiнде — жексенбi күнi дүниеге келiп, 80 жыл өмiр кештi. Ережеп айының жетiсi — бейсенбi күнi аспанға көтерiлдi. Қиямет қайымға дейiн тiрi. Ал пайғамбарымыз хазiретi Мұхаммед с.а.с., Абдулланың ұлы, Раббиал айының он төртiнде, яғни дүйсенбiнiң кешiнде дүниеге келiп, 63 жыл өмiр көрiп, Раббиал айының он екiсi күнi — дүйсенбiде, күн шығардан сәл алдында бақилық әлемiне жол алды.

— Неше пайғамбар патшалық қылды?

— Төрт пайғамбар. Олар: Сүлеймен, Жүсiп және Ескендiр Зұлқарнайын, Мұхаммед с.а.с.

— Машырықтан Мағырыпқа дейiн неше кiсi патшалық құрды?

— Екеуi мұсылман, екеуi кәпiр. Мұсылманы — Сүлеймен мен Ескендiр. Кәпiрi — Шаддат пен Намруд.

— Әрi жарқырыған жарқылы бар, әрi үндi әуезi бар нәрсе не?

— Хазiретi Мұсаның қолындағы нұры.

— Күндiз де, түнде де көрiнбейтiн не нәрсе?

— Жұмақ.

— Пейiш (жұмақ)  жұртына тиесi емес нәрсе не?

— Пейiште пенделiк, ауру-сырқаулық және тәттi жемiс-жидектен тояттану дегенiңiз болмайды. Онда тек iшпей-жемей көз қанады, көңiл тояды.

— Аспан мен Жердiң арасында сүйеусiз, тiреусiз тұрған не?

— Ол Хажар деп аталады.

— Шумали Сүлеймен пайғамбарды өз үйiне қонақ етiп, сыр-сұхбат құрды. Сол Шумали кiм — еркек пе, әйел ме?

— «Құрани шәрiпте»: «Қаулаһу Тағала қалат я айиуһан-намлу» деп хабар берiлген. Ендеше ол әйел кiсi.

— Қайсысы қадiрлi де құрметтi — ғұламалар ма, әлде әулиелер ме?

— Ғұламалар. Хазiретi Мұхаммед пайғамбар хақындағы хадистерде солай делiнедi: «Қала аннабию алайһиссаламу: «Ал уламау варасат ун анбияу!».

— Әлемде қанша жұмақ бар?

— Сегiз. Олар: Даруссалам, Дарул-Хулд, Жәннат ун-наъим, Жәннат ул-аъдин, Жәннат ул-маъуа, Жәннат Дарул-Жәлел, Жәннат ул-фирдаус, Бағи Эрам.

— Бұл жәннат жайлары қалай, немен салынған?

— Даруссалам қызыл жақұттан, Дарун-Хулд күмiстен, Жәннат ул-наъим зүмiраттан, Жәннат ул-аъдин лағылдан, Жәннат ул-фирдаус гауһардан, Жәннат ул-маъуа нұрдан, Дарул-Жәлел  зубаржаттан, Бағи Эрам алтыннан.

— Жәннат мекенi қайда?

— Пейiш жаратылғалы берi жетi қат аспанда тұрады. Бiрi екiншiсiнiң үстiнде, әр пейiште екi есiк (дарбаза) бар. Әр дарбазаның арасы нұрдан жаратылған: «Ана лаъу аззибу ман қала ла Илаһа Иллаллаһу Мухаммаддур Расулуллуһу», яғни «Кәлиман шәрiптi айтқан кiсiге азап емес, рахат сыйлаймын!».

— Жұмақ жұртының сыр-сипатын қалайша суреттей алар едiң?

Пейiш жайының бiр қышы (кiрпiшi) алтыннан, бiр қышы күмiстен, бiр қышы лағылдан, ал тастары меруерттен, өсiмдiктерi раушан гүлдерден, бұтақтары алтыннан, не күмiстен, лағыл-жәуһардан түзiлген. Жапырақтарының бiрi ақ, бiрi көк, бiрi сары, ендi бiрi жасыл, түрлi түстi — тауыстың таңғажайып қанаттарына ұқсас келедi. Бұтақтарындағы жемiстерiн қанша жесең де таусылмақ емес. Уылжып пiскенiмен езiлмейдi, қай кезде де әзiр-мәзiр. Әр пейiштiң арығында сүттен де ақ,  балдан да шырын шәрбет шарабы ағып жатады. Әр пейiш мекенi жетпiс түрлi сарайдан тұрады. Олардың әрқайсысы бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайды, қабырғалары мен ұстындары алтыннан, лағылдан һәм жауһардан қаланады. Әр сарайдың есiгi мен төрi — әр (бiр айлық) жол. Әр сарайда мың құжыра (бөлме) болса, олардың да арасы бiр айлық жолмен пара-пар. Әр құжырада мың бiр тақ, әр тақта екi мың түрлi көрпе-жастық, әр құжырада жетпiс мың хор қызы, әр хор қызының бойында жетпiс қабат киiм, тәж, жайын жұмақ аттаған кiсiге иiлiп сәлем берiп тұрады. Осы хор қыздарының бiреуiнiң тырнағы ғайыптан мынау жарық дүниеге тап бола қалса, Машырықтан Мағырыпқа дейiнгi аралық раушандай ашылып, дүрия гауһар шашылып кетер едi! Жәннаттан жай алған кiмде-кiм хор қызының бiреуiмен сыр-сұхбат құрса, қайта туып, жасарғандай болар едi?! Иә, ылайым да әр момында (муъмин) кемiнде мың еркектiң күш-қуаты болғай!…

— Ұйқы рахат сыйлайды, бiрақ пейiште неге ұйқы жоқ!

— Ұйқы — өлiмнiң елшiсi, ерiншектiң еншiсi, ауру-сырқаудың басы. Пейiште өлiм де, сырқат та жоқ, өкпе-ренiш пен машақат та болмақ емес. Пейiшке кiрген кiсiлер пәкиза-пәк күйiнде бiр-бiрiмен құшақ жайып көрiсiп, сәлемдесiп, риясыз ләззаты, рахатты күн кешедi. Әр жұмақта мың бақ бар. Әр бақта түрлiше жемiс ағаштары, хош иiстi, алуан реңдi гүлдер өседi. Қанаттары түрлi-түстi құстар бұтақтарға қонып алып мың бiр мақамда әуез-үн төгедi. Алла тағаланың мейiр-шапағаты бөленген жұмақ есiгiн ашқан әрбiр жан пейiш жемiстерiн қалағанынша терiп жеп, құйқылжыған құс әуенiне көңiл масайтады. Пейiш қызметшiлерi ибамен ұсынған шырын-ербеттерден дәм татып, ауыз тиедi. Әр Пейiш мекенiнiң ол жағы мен бұл жағы көз жеткiсiз — отыз мың жылдық жол деп есептелiнедi.

— Ұлы дарақтың сыр-сипатынан не хабарың бар?

— Ұлы дарақты Алла тағала Пейiште жаратқан. Хазiретi Мұхаммед с.а.с-ның мекен-жайы болып есептеледi. Әр бұтағы — алтын. Әр бұтағы мен жапырағына перiштелер аялдап, тәңiрге тәуба, өмiрге сауға айтады. Әр бұтағының ұзындығын әр бұтақтың арасымен ұшып-қонып жүргендер пайымдаса керек. Ұлы ағаштың саясы шартарапқа шарапатын тигiзiп жататындай. Сая iшiнде бұрқақ бар. Бiреуi Салсабыл, екiншiсi Занжабил деп аталады. Асты-үстi жақұт, жауһармен безендiрiлген, жәми пейiш жамағаты жанында отырып рахат табады. Әрқайсысының қасында бiр-бiр бұрақ (Мұхаммед пайғамбар мiнген ат) ерттеулi тұрады. Бұрақтың тiзгiнiн тежеп тұрған қызметшiлер: «Ей момындар, Алла тағала сiздерге сәлем жолдады. Бұраққа мiнiп, аспанға көтерiлiп маған мейман болып қайтыңдар» деп әмiр бердi.

Момындар болса Алла әмiрiн екi етпей, Бұраққа мiнiп нiл аспанға көтерiледi. Саябан бұлттар олардың төңiрегiнде жүредi. Заңғар көкке көтерiлген олар Шауқ ул жәннат деген жанға жайлы мекенде мейман болып, Алла асынан дәм татып, шырын-шербетпен сусындайды, Жаратушының жамалын көрiп, құдiретi мен амалына тәнтi болады. Пайғамбарлар, әулиелер, салықтар мен момындар ризашылықтарын бiлдiрiп: «Бiздерге Алла Тағаланың дидарын көруден артық қандай бақыт, рахат бар дейсiз!» – деп мың да бiр шүкiршiлiктерiн бiлдiредi. Құдiретi күштiнiң нұрлы жүзiнен нәр алып, тоят тапқан олар iшпей-жемей мас болып, көңiлдерiнде раушан гүлi көктейдi, жүз-өңдерiнен қуаныш, күлкi кетпейдi. Пәндәуи тiршiлiкте ауру көрiп, азап тартып жүргендер Алладан сабыр-шафқат, медеу-медет тiлеп ақ-адал жүрсе, жұмаққа кiргенде осындай рахатты, ләззаты шақты басынан кешiрмек. Сабыр түбi — сары алтын, азап-ахибет дарағында нығмет өсiп тұр. Әр пенденiң мұны ұмытпағаны лазым.

— Кәусар туралы не айта аласың?

— Алла тағала кәусар әуiзiн Пейiш iшiнде жаратқан. «Құрани шәрiпте» бұл туралы: «Кәулаһу Тағала иннаа аътайнаака әл-Кәусар!» деп айтылған. Кәусар әуiзiн перiштелер төбелерiне көтерiп жүрiп, пейiштегi сусағандардың  шөлiн қандырады. Оның суы Әтiргүл сөлiнен де таза һәм тәттi, сүттен де ақ, балдан да шырын, мұздан да салқын, суық. Кәусар хауызының тереңi мен ауқымын жаратушы иемiзден басқа ешкiм бiлмек емес. Әуiз жиегi алтынмен апталған, жанамасы күмiспен күптелген, түбiнде лағыл, маржанның нешеме түрi көз жәуiн алып жарқырап жатады! Кәусар әуiзi ғарыштан бастау алып жәннат ул-фирдаусқа қарай ағады деген сөз бар. Ағыны кiсi ағызатындай арынды емес. Жағасында жүрген аң мен ұшып-қонып жүрген құс атаулы Хазiрет Мұхаммед с.а.с-ға мақтау айтып, мейiр-шарапатын әуенге қосып айтады. Ал перiштелер болса: «Ей, Жұмақ жұрты, ендi сiздерге өлiм де жоқ, сырқат та жоқ. Сол үшiн де Алла тағаланың көрсеткенiне шүкiрана айтыңдар, зiкiр салып, тасбих аударып, тәуба оқыңдар, бiр-бiрiңмен хош көңiл, дос пейiлде қауышыңдар, әңгiме-сұхбат құрыңдар!» деп барша жақсылықты ортаға салып уағыздап жүредi.

— Сират (қылкөпiр) көпiрi жайында не бiлесiң?

— Сират — жетi тозақ үстiндегi қылдай көпiр. Сират көпiрiнiң ұзындығы — үш мың жылдық жол. Әр жолы бұ дүниенiң үш жүз алпыс жылымен барабар. Көпiр қылдан жiңiшке, қылыштың жүзiнен өткiр!

Алла тағала: «Ей, перiштелерiм, күнәкарларды, яғни Шайтан жолына түскендердi, азғыруға көнген азғындарды қылкөпiр үстiмен айдап өтiңдер!» деп әмiр бередi. Дозақта пенделер масқара күйде, пұшайман халде бiрiнiң басы, екiншiсiнiң аяғы кесiлiп, қырқылып тамұқ отына тоғытылады. Бiрақ бұл көпiрден пайғамбарлар мен әулиелер, шаһидтер мен қажылар, салықтар мен момындар, басқа да Құдайдың сүйген ұлдары мен құлдары көздi ашып-жұмғанша аман-есен өтiп кетедi.

— Дозақтың саны нешеу? Әрқайсысының аты қандай? Неден жаратылған? Нелiктен адамдар Дозақ отына түсiп, азап шегедi?

— Адам түгiл жәми перiштелер де Дозақ отынан қаймығады. Алла Тағаланың азабынан қорқып зар шегедi, тәубе айтады, шүкiрана қылады. Ал адамзат қауымы бұ дүниеде қияметқайым оқиғасынан бейхабар. Содан да көбi күнәға батып, түзу жолдан тайып, нәпсiсiн жеңе алмай бос әурешiлiкпен өмiрiн өткiзедi.

Күндердiң бiр күнiнде хазiретi Мұхаммед Мұстапа с.а.с. хазiретi Жәбiрейiлге былай дептi: «Ей, пiрәдар, жетi Дозақтың мән-жайын маған түсiндiрiп бершi?». Хазiретi Жәбiрейiл алайһиссалам сонда жетi Дозақ жайын былай таратыпты: «Ей, Мұхаммед с.а.с. дозақтың бiреуiн Хауия деп атайды. Ол оттан жаратылған. Мың жыл от жағып қыздырған соң iшi қып-қызыл алауға айналды. Бұл Дозақтың айнала-аумағы — бес мың жылдық жол. Мың тарау жазиралы жазығы болады. Әр жазығында мың сандық, әр сандықта мың түрлi азап бар. Ол Дозақтың бiр жерiнен иненiң көзiндей саңылау ашыла қалса, Мағырыптан Машырыққа дейiнгi мынау жарық дүниенi күйдiрiп, өртеп жiберген болар едi! Намазға ұйып, ораза ұстамаған, шариғат қанұн-қағидаларын орындамаған мiскiндер осы Дозақтың от-жалын оранған есiгiнен аттайды.

Екiншi Дозақ Лаза деп аталады. Алла тағаланың ашу-ызасынан пайда болған бұл дозақтың бөлек-бөлек мың жазығы болады. Әр жазықта жетпiс мың қала, әр қалада үлкендiгi тау тектес шаяндар өрiп жүредi. Егер бiреуi бiр рет шағып алса, ол адам қияметтiк азаптан арыла алмайды. Шаянның бiреуi ғайыптан бұл дүниеге келер болса, оның уы мен зәрiнен жарық дүниедегi күллi тiршiлiк иесi зардап шеккен болар едi! Тәкаббарлығы шектен асып өзгелердiң бәрiн өзiнен төмен қоятын, мұсылмандарды, кәрiп-кәсiр, жетiм-жесiрлердi аямаған, әдiлдiктен ада, адамгершiлiктен жұрдай, парызын параға, қарызын жалаға алмастырған патша мен пақырлар, қазы мен муфтилер осы тозақтан табылып, шаянның шаққан уынан бүрiсiп-тырысып өледi.

Дозақтың үшiншiсi Сақар — деп аталады. Көлемi мен аумағы — үш мың жылдық жол. Бұл Дозақтың iшiнде үш мың ор бар. Әрқайсысы қан мен iрiңге, сасық-құсық шiрiндiге толы. Егер тауды көтерiп әкелiп осы ордың iшiне тастаса, мың жылда түбiне барып түскен болар едi. Осы үрiңдi-шiрiндiнiң бiреу-мiреуi, ғайыптан келiп мына дүние тiршiлiгiне пайда бола қалса, жәми жан-жануар мен адамзат қауымы одан аман қалмас едi. Дүние байлыққа кенелiп, мал тапқанымен, қалта-қапшығын қазынаға толтырғанымен, зекет бермесе, көршiге көмек, бауырға еншi бөлмесе, жетiм-жесiрлер мен ауру-сырқауларға қарайламаса, Алла жолына, мешiт үйiне маңайламаса, арақ-шарап пен зинақорлыққа құмарланып құлқын сатса, қарау көңiлдi күнәкәр мiскендер Сақар дозағында iрiп-шiридi!

Төртiншi Дозақ Саъир деп аталады. Айнала-төңiрегi — он екi мың жылдық жолды алып жатыр. Iшiнде мың шаһары бар. Әр шаһарда мың мұзтау және бар. Бұл Дозақтың үп еткен бiр ғана ызғарының өзi тiрi жанның бәрiн қатырып тастауға жарайды. Зорлық-зомбылықпен момын мұсылмандардың мал-мүлкiн тартып алып өз атақ-абыройына бола медресе, мешiт және басқа да құрылыс ғимараттарын салдырған дөйлер мен дөкейлер, әпербақандар, жетiм-жесiрлер мен пақыр пенделерге зұлымдық пен тiзесiн батырғандар, кiсi ақысына, құқына қиянат қылғандар осы Дозақта мұз жастанып, қарға көмiлiп, қатып-семiп қалмақ!

Бесiншi Дозақ Жаһаннам деп аталады. Ана шетi мен мына шетi жетi жүз мың жылдық жол. Бұл дозақ желiнiң екпiнi әдеттегiден жетпiс есе күштi. Ине көзiндей саңылау ашылса, үйлердi ұшырып, ағаштарды құлатып, адамдар мен жан-жануарларды аспаннан бiр-ақ шығарар едi! Әйткенмен, әзiр ол саңылау жабық. Зинақорлар мен iшiмпаздар, яғни арам әрекетке бой алдырғандар, ата-анасын, қауым-қарындасын, көршi-қолаңын азар-безер еткендердiң бәрi дерлiк осы дозақ отына тоғытылмақ!

Алтыншы Дозақтың аты Сижжин. Ана шетi мен мына шетi он мың жылдық жол. Тас қараңғы. Жылан жайлаған мекенiңiз осы. Ғайыптан тайып олардың бiреу-мiреуi мына жарық дүниеге келе қалса, барша тiрлiк бақилыққа айналар едi. Оның есiгi ашылса, айналаны қара түнек қаптайды. Әйткенмен, ол есiк әзiрге бекiтулi. Бұл дозақ сәждеге басын салмайтындар мен пiтiр, садақа бермейтiндердiң, дүниеге құныққандар мен құмарпаздардың, ауырдың үстi, жеңiлдiң астымен жүретiндердiң ақиреттегi барар жер, басар тауы болмақ.

Жетiншi Дозақтың атын Хутама деп атайды. Ана шетi мен мына шетi тоғыз мың жылдық жол. Мұның жалын-алауы барша дозақтардан да ыстық. Азабы мен ақыретi айтып жеткiсiз. Бұл — аманатқа қиянат қылушылардың, бiр-бiрiнiң қадыр-қасиетiн бiлмейтiн ерлi-зайыптылардың, арамдық жолмен мал табушылардың, iшiмпаздардың, бейнамаз, нәпсiқорлардың дозақ орны. Алланың ашу-ызасы мен қаһарынан туған бұл Дозақтың бәрi де жетi қабат жер астында.

— Үлкендi де, кiшiнi де, биiктi де, төмендi де тәубасына келтiрiп, қаласа, жермен жексен ететiн құдiреттi күшке ие кiм, немесе не нәрсе деп бiлесiң?

— Ол — Әзiрейiл. Алладан парман алса, үлкеннiң де, кiшiнiң де одан кұтылатын iмкәнияты (мүмкiндiгi) жоқ.

— Шыңыраудан су тартып өзгенiң ыдысын суға толтырғанымен, өз кесесi бос қалатын, өзгелердi тамақтандырғанымен, өз балалары аш қалатын қай пенде?

— Дүние тапқанымен атағым шықсын деп оны талан-таражға ұшырататын, ақыр соңында өзiн, әйелiн, балаларын таз тақырға отырғызатын ондай даңғойлар қанша қайыр-мейiр қылса да ақырет сауабынан махрум қылмақ.

— Алдындағы тамағын бiреуге берiп, өзi аш қалатын әпендiлер кiмдер?

— Олар — ақырзаман алымдары. Ел-жұртқа нәсият айтқанымен, оны өздерi амалға асырмайды. Ал амалға аспаған қай iстiң де сауабы аз, сахабаты кем.

— Бiр тесiктен шыққанымен оған қайта кiре алмайтын нәрсе не?

— Ол — өсек-аяң, бықсық, пасық-сасық сөз. Кiмнiң аузынан шықса да ақыр түбiнде оны абыройсыздыққа ұшыратады.

— Анасын емген сайын арықтай түсетiн семiз серке кiм, бiлесiң бе?

— Ол — залым патша, зұлым Әмiршi. Теспей қанын сорып бұқараны ығыр қылатын да сол. Алым алып, салық салып қазынасын қанша толтырмақ болса да, түптiң түбiнде онысы өзiне пәлекет болып жабысар. Жаны азапта, тәнi тозақта өртенген ондай залым патшаларға Алла тарапынан да, пенде тарапынан да ешбiр аяушылық бола қоймас!

— Бiр жылан бар — қанша адамды шағып, қанша жанды улап өлтiрсе де жұрттың бәрi соған ынтық, қасына жақындағысы кеп тұрады. Ол нендей жылан?

— Ол жыланымыз — мынау өтмiш жалғанның дүние-байлығы ғой. Көңiл қанбайтын, көз тоймайтын бұл жалтырақ-жылтыраққа жанның бәрi құмар. Нәпсi-құлқын жеңе алмайтын бәндәуилер оның арбауына алданып, қармауына түсер, ащы зәрiн тәттi тәнiне дарытар. Ақыр соңында азапқа түсер, дозақта пiсер!

— Қарнында қаршадай күшiктерi шәуiлдеп үрiп жүретiн қандай ит?

— Ақырзаманда туған ұл мен қыз өз ата-аналарының сөзiн тыңдамай, өздерiн алға салар. Осыдан келiп қариядан қасиет қашар, жасты әбiлет басар.

— Қатар тұрған екi қасапшының бiреуi адал семiз ет сатса, екiншiсi харам арық-тұрық ет сатады. Сөйте тұра алушылар семiзден гөрi арығына әуес. Бұны немен түсiндiруге болады?

— Алдында адалы тұрып харамын қалаған, арзанға бола арын былғаған адамдар қиямет күнiнде күнәға батар, азапқа түсер, Дозақта жатар!

— Қатар тұрған екi аспаздың бiреуi адал ас пiсiрiп сатса, екiншiсi арам ас пiсiрiп пайда табар. Алдыңғысы: «Ей, жарандар! Менiң адал асымды сатып алып жеңдер!» десе, кейiнгiсi: «Ей, халайық, менiң арам асымнан дәм татыңдар!» дейдi. Ал, ел-жұрт көре-бiле тұра соңғысына құмар, мұны қалай түсiнуге болады?

— Мұның мәнi мынау: қайсыбiр адамдар құдай қосқан адал некелi жары бола тұрып көше кезбе көк көйлектiлерге көз салғыш. Мұның аты — зинақорлық. Ал шариғатта ол күнәнiң ең ауыры болып есептеледi. Ондайлардың қияметте жүзi қара!

— Бiр әке-шешеден туған үйлi-баранды үш бiрдей  азамат көрдiм. Ең кенжесiнiң сақалы әппақ қудай, ортаншысының сақалы жарым-жартылай ақ, ал ең үлкенiнiң сақалы әлi қара. Бұл нелiктен?

— Кенжесiнiң сақалы ақ болу себебi — әйелi беймаза. Ортаншысының сақалы жарым-жартылай ақ болу себебi — әйелiнiң ауық-ауық сұйық жүрiспен айналысатын әдетi бар. Ал ең үлкенiнiң сақал-шашы қара болу себебi —қатынының мiнезi жайлы, күйеуiнiң айтқанынан шықпайды.

— Патшаларға нендей қасиет лайықты?

— Әдiлет iсiне адал болу! Әдiлетсiз патша жаңбырсыз бұлт сияқты келедi де кетедi, ешкiмге шарапат-шапағаты болмайды.

ХИКАЯТ: Хазiретi Ибраһим аликссаламның баласы хазiретi Исмаил заманында Абдулхамит деген патша өмiр сүрiптi. Өте әдiл болса керек. Күндердiң бiр күнiнде оның құзырына екi адам арыз айтып келедi. Мәнiсi мынау екен: бiрiншiсi екiншiсiнен азын-аулақ жер сатып алып егiн егiптi. Еккен егiнi бiтiк шығып, едәуiр өнiм жинапты. Әлгi адам мұншалықты мол өнiм аламын деп ойламаса керек. Әрi ойланып, берi ойланып бұрынғы жер иесiне барыпты. Барыпты да: «Жер о бастан сiздiкi едi, мен азын-аулақ еңбек еткенiм болмаса, аса тер төккем жоқ. Ендеше жерден алған өнiм де сiздiкi. Соны алыңыз деп айтқалы келдiм» дептi. Сонда екiншiсi: «Жоқ, отағасы, жердi мен сiзге басы бүтiн сатқанмын. Сондықтан одан алған өнiм де, сiздiкi болады-дағы» дептi. Содан не керек, өзара келiсе алмай патша алдына келiп тұрған бетi екен.

Патша мына екеуiнiң пәкиза тазалығына таң қалып, жанындағы уәзiрлерiнен: «Сендер бұған не дейсiңдер?» деп сұрапты.  Сонда бiреуi: «Екеуi де алмаймыз десе, онда жиналған өнiм сiздiң қазынаңызға келiп құйылады да» дептi. Патша: «Ей, ұятсыз неме! Бiреудiң адал еңбегiн теп-тегiн малдансам, ертең қиямет күнi Алла алдында не деп жауап бермекпiн?!» – деп оған қатты ашуланыпты. Сонсын екеуiне қарап: «Бала-шағаларың бар ма едi?» деп сұрапты. Жерiн сатқан адам: «Ержетiп отырған ұлым бар» дептi. Екiншiсi: «Бойжетiп отырған қызым бар» дептi.

Мұны естiген Патша қуанып: «Ендеше мәселе шешiлдi» дептi де сарайына ұл мен қызды шақыртып, екеуiнiң некелерiн қиыпты. Әлгi жерден алынған өнiмдi екеуiне берiптi.

Жiгiттiң аты Харун, ал қыздың аты Сәлима болатын. Сәлима бiр күнi күйеуiне: «Ей, әзiзiм, менiң бiр сырым бар едi, рұқсат етсең, айтсам» дейдi. «Айта ғой» дейдi Харун. Сонда Сәлима: «Бұл фәнида қанша күндiк өмiрiмiз бар екенiн кiм бiлiптi. Әке-шешемiз алуға арланған мына қазына бiзге құт бола ма? Одан да Патшамызға барып «мұны кемтар, не кедей бiреулерге берiңiз» деп айтайық. Пешенемiзге бұйырған ризық, несiбемiз болса кейiншелiк көре жатармыз» дейдi. Харун да мұны мақұл көрiп, екеуi патша алдына келгенде, оның жанында уәзiрлерi мен нөкерлерi жиналып отыр екен. «Ей, әзiз патшамыз – дейдi екеуi, — бiзге жасаған қайырымыңызға қайырлымыз, әдiлдiгiңiзге ризамыз, бiрақ бiзге бөлген қазынаны мүгедек, момын жандарға берсеңiз, сөйтiп бiздi дүние-мүлiк қам-қарекетiнен  ада етсеңiз екен».

Патша екi жастың ынсап тазалығына ырзалық пейiл бiлдiрiп: «Ал бұған сендер қалай қарайсыңдар?» деп айналасындағыларға көз тастайды. Уәзiрлердiң бiрi «Онда бұл өнiмдi орнына апарып қоймақ керек» дептi. Екiншi уәзiр: «Алла берген дүниенi босқа рәсуәлап шiрiтудiң қажетi қанша? Одан да мұны ортақ қазынаға айналдырайық. Әркiм таудан ба, баудан ба өз көшеттерiн алып келсiн. Бiз мына өнiм есебiнен оларға ақысын төлеп, баршаға ортақ жемiс-жидек бау-бағын егейiк. Еккен мен тiккен бұл жемiс бағы кейiн ұрпағымыздың игiлiгiне айналатын болады» дептi.

Патша бұл уәзiрiнiң ұсынысына риза болып, оған зер шапан жауып тұрып: «Осы iстiң басы-қасында өзiң бол. Мына өнiмдi ал да жұртшылыққа әдiл бол. Бұдан былай бас уәзiрiм де өзiң боласың», – дептi де айнала-төңiрегiндегiлерге: «Өзектi жанға бiр өлiм бар, мұны қай-қайсың да естен шығармаңдар. Ахирет алдында таза болайық. Әдiлдiк пен адалдық — адамның қос қанаты. Қанаты қайрылған құс алысқа ұша алушы ма едi?! Санасы былғанған адамның өмiр сапары сәттi аяқталушы ма едi?.. Қолдан келгенiнше жетiм-жесiр, кәрiп-кәсiрге жәрдем бергенге не жетсiн?! Бұл дүние малына қызығам деп жүрiп о дүние қамын ұмытып кетпейiк…»

Әудем уақыттан соң ерлi-зайыпты екi кiсi Патшадан кетуге рұхсат сұрайды. Патша өз қазынасынан ақша бөлуге әмiр бере бастағанда, бұл екеуi азар-безер болып: «Дүние-мүлiктен басқа сыйыңызды қабыл етейiк. Сiздiң ақыл-парасатыңыз бен ғажайып ғадiлдiгiңiз бiзге өмiр бақи өнеге»  деп еңкейе тағзым етiп шығып кеттi.

Өз кезегiнде Уәзiр де қарап қалмады. Әлгi өнiмдi iске жаратып, ел-жұрттан жемiс ағаштарының жас көшеттерiн сатып алды. Бiр көшетке бiр мысқал алтын қаражаттап, тоқсан мың жемiс ағашын жерге отырғызды. Отыз бағбан оларды баптады, сақтады, өсiрдi.

Уәзiр Патшаға келiп: «маған берген дүние-мүлiктi түгел қарыштадым. Тоқсан мың көшеттi отыз бағбан бағып-қағуда. Қазынадан қалған ақшаны оларға теңдей бөлiп бердiм» дейдi. Патша бұған қуанып: «Алла тағала өзiңе, өзiңнен өсiп-өнген ұрпақтарыңа мейiр-шапағатын аямасын ылайым!» деп ақ тiлегiн бiлдiрдi.

Уәзiр үш жыл өткен соң патшаға келiп: «Әзiз Падишам, құдiретi күштi Жаратқан иемiздiң жақсылығына бола бау-бағымыз мәуелеп, алғашқы жемiсiн бере бастады. Бұл төңiректе одан асқан жемiс бағы жоқ! Құдайдың тағы бiр құдiретi — жетi мың көшеттiң дарағы ерекше өсiп, жемiсi дүригауһар сияқтанып, ерекше шоқтанып, жәудiреп-жауһарланып тұр! Әр жемiсi баданадай-баданадай! Ал олардың раушан жүзiнен басқа миуалар да баһар алып тұр!  Келiп көрсеңiз болады» дедi.

Патша құшуақ көңiлмен: «Олай болса сол маңға тағам әзiрлеп, дастархан жайыңдар. Уәзiр, нөкерлермен барып, тамашалап көрейiн» дедi.

Айтқан күнi патша өз нөкерлерiмен бау-бақшаны барып көрдi. Уәзiрлерiнiң бағзы бiреулерi жағымпазданып әлгi жауһар-жемiстен үзiп патшаға ұзатпақ болғанда, ол тиып тастап: «Дайын асқа тiк қасық болмаңдар түге! Ол көргенсiздiк болады, қол тигiзушi  болмаңдар. Санасында саңылауы бар кiсiге бұл дүниенiң дәмiнен ахирет дүниесiнiң мәнi артығырақ. Бұл жемiстерге көз тойғызсақ, көңiл қандырсақ жарасар. Одан да бұл бау-бақшаның жемiсi мен өнiмi момын пақырларға бұйырсын. Жетiм-жесiрлер несiбесiне ортақ болмай-ақ қояйық» деп нөкерлерiн ертiп сарайына қайтты.

Уәзiр болса бау жемiсiн жинап-терiп, ең әуелi қарiп-қасiрлер мен жетiм-жесiрлерге үлестiрдi. Қалғанын қалың жұртқа өткiзiп, қаражат жинады. Ол қаражатты жемiс бағының керек-жарағына жұмсады.

Бiр ғажабы, әлгi жетi мыңдай дүригуаһар жемiс бұтағына қол созған қай адамның да саусақтары қарысып-бүрiсiп қала беретiн болды. Бұл оқиғаны естiген Патша көп ұзамай жемiс бағына келiп мiнәжат қылып: «Уа, Пәруардiгер ием! Ибраһим алайһиссаламның сүйiктi ұлы — Исмаил ғалайһиссалам ұрпақтарына қайырым еткейсiң. Қарысып-бүрiсiп қалған қолдарын қайта жазғайсың» деп үзiр сұрады. Ал халқына: «Басқа миуаларды терiңдер, жеңдер. Үйлерiңе де алып кетiңдер, бiрақ мына дүригауһар жемiс ағаштарына қол созушы болмаңдар. Бұлар — өз ұрық-ұрпақтарыңның еншiсiне тиесiлi. Есi түзiк адам ертеңнiң ырзығын бүгiн тауыспас болар…» деп тоқтау айтты.

Уәзiр бастаған бағбандар дүригауһар жемiстерiн жыл сайын бөлек жинап отырды. Құба дала, құнарлы жерiмiздегi жемiс-жидек — сол дүригауһардың дән-дәреметi.

Ал бiр патшаның дүйiм елге ырзық-несiбе болған әдiлетi хақында нендей ой түюге болады? Алла тағала бiздiң пешенемiзге де осындай кең пейiлдi, кемел парасатты, кенiш ақылды патшаны нәсiп қылғай!..

— Әйелдер несiмен ұнамды?

— Ар-ұятымен! Ар-ұяттан жұрдай  әйел де бiр, ақыл-есi жоқ есек те бiр.

— Ал ер адамдар несiмен ұнамды?

— Тәуба, шүкiршiлiгiмен! Тәубасы жоқ қанағатсыз еркек те бiр, көзiнде гауһары жоқ жүзiк те бiр.

— Ғалымдар несiмен ұнамды?

— Iлiм мен бiлiм, ақыл мен амал, тазалық пен тақуалық. Бұларсыз өзiн ғалыммын деген кез келген адам жемiссiз, мәуесiз дараққа тең.

— Байлар несiмен ұнамды болуы керек?

— Сахабат пен сақылық, мәрттiк пен жомарттық. Сахабаты жоқ бай да бiр, сасық су да бiр!

— Алла тағала адам баласын жер бетiнде неше мәрте жаратты?

— Ең әуелi жиырма төрт лак (әр лак — жүз мың) адамды жаратты. Ол заманда халық екi топқа бөлiндi. Бiрi — адам, екiншiсi – дию. Дию еркектердiң денесi болаттан, ұрғашыларының тәнi рухтан жаратылды. Жейтiн тамақтары бидай, бойшаң, ұзын едi. Бiр-ақ мезгiл тамақтанатын. Жалаңаш жүретiн. Әйелдерi он-онбес  жылда бiр босанатын. Ұзақ ғұмыр жасайтын. Дүние iсiнен гөрi ахирет iсiн жөн көретін.  Түптiң-түбiнде Мұхаммед Расулуллаһ дүниеге келiп, оған Алланың нұры жауар! Алты қат аспанда Жәбiрейiл, Микаил, Исрафил және Әзiрейiл перiштелер жердегiлерге Алла әмiрiн жеткiзер…

— Екiншi рет қанша халықты жаратты?

— Жиырма мыңға мөлшерлеп он алты лак жұртты жаратты. Бұлар ұятты жерлерiне лыпа байлап жүрдi. Кейiн киiм тiгiп киетiн болды. Жейтiн тағамдары көбiне құрма болатын. Үй, баспана салуды үйрендi. Бұлар да хазiретi Мұхаммедтiң дiнiн ұстанды. Бұлар да дүниеден өттi.

— Үшiншi мәрте ше?

— Жиырма мың жылға мөлшерлеп он екi лак жұртты жаратты. Алла тағала бұл жолы адамдармен бiрге жиырма мың түрлi жан-жануарларды өмiрге келтiрдi. Олар талғажау етсiн деп жер бетiне нешеме өсiмдiктердiң дәнiн септi, өсiрдi. Сөйттi де: «Ей, жануарлар! Мұның бәрi — сендердiң ырзық, несiбелерiң. Бұлар қашан таусылса — сендердiң де ғұмыр шырақтарыңның өшкенi» деп ескерттi.

— Төртiншi мәрте ше?

— Жиырма төрт мың жылға мөлшерлеп сегiз жұртты жаратты. Алла өз тарапынан жылқы малын жаратып, ол адамдарға күш, көлiк, серiк болды. Алла тағала әуелi Адам атаны судан, ауадан, топырақтан жаратып, содан соң хазiретi Адамның сол жақ қабырғасынан Хауа Ананы дүниеге келтiрдi. Екеуiнен тараған тайпа, әулет бүкiл жер жүзiне тарап, қияметқайымға дейiн өмiр сүрмек.

— Алла тағала хазiретi Адамды жаратқан соң оның бойына әуелi нендей қасиеттi дарытты?

— Ең алғаш Ақыл-Естi дарытты. Алла тағала жiберген Ақыл Адам атаға келдi де: «Ей, Адам аликсалам, менi саған жiбердi» дегенде, Хазiретi Адам оған: «Келсең, қалаған орныңа жайғас» деп қабыл алды. Одан соң Ұят келiп көзiне қонды. Мейiр келiп көңiлiне, Сабыр келiп iшiне жайғасты…

 Онан соң да келе бердi. Өлiм қабағын қарс жауып: «Менi қайда қоймақсың?» дедi. Адам ата оған: «Өзiң бiл» дегенде, Өлiм: «Басыңның мишығына жайғасамын!» дедi. «Онда Ақыл тұр» дедi Адам әликсалам. Өлiм де қарысып: «Өлiм келген кезде Ақыл ығыса тұрады» дедi.

Екiншi болып Тойым (қанағат) келдi: «Алла тағала менi саған жiбердi». Адам: «қай жерiмдi қалайсың?» Тойым: «көзiңдi». Адам: «онда Ұят тұр». Тойым: «Мен келгенде ол орнын босатады». Үшiншi кезектi Құмарлық алды: «Мен де саған келiп едiм…» Адам: «Қай жерiмдi қаласаң, сол жерге жайғас». Құмарлық: «Көңiлiңнен жай алсам деп едiм». Адам: «Онда Мейiр тұр едi…» Құмарлық: «Мен тұрғанда Мейiрiңе не жорық?!» Кезек Нәпсiге келгенде «Ал, сен ше?» деп сұрады. Нәпсi: «маған тұла бойы тұрқың керек!» деп кергiдi. «Мен — Сабырдың мекенiмiн» дедi Адам да аспай-саспай. Нәпсi болса: «Мен мықтымын ба, Сабырың мықты ма, оны кейiн көре жатармыз…» деп әй-шәй жоқ Адамның iшiне ендi де кеттi.

— Дұрыс жауап бердiң. Ал ендi, айта қойшы, адамның бойында неше жауһар (гауһар) бар?

— Төрт бiрдей жауһар бар. Төртеуiнiң де алмай қоймаймын деп аңдысып жүрген алаяқ ұрылары бар. Бiрiншiсi —Иман. Оның ұрысы — ләнетi келгiр Сайтан. Одан сақтанудың жолы — «Ла Илаһа иллалаһу Муһаммадур расулуллаһ!».

Екiншiсi — Намаз. Оның ұрысы — Надандық. Одан сақтанудың жолы — жақсылық, мархабат.

Үшiншiсi — Iлiм-Бiлiм. Оның ұрысы — тәкаббарлық. Одан сақтанудың жолы —  тәркiдүниелiк, қам-қайғы.

Төртiншiсi — Сахабат. Оның ұрысы — қызғаншақтық, көре алмаушылық, iштарлық. Одан сақтанудың жолы — мейiр-шапағат.

— Тiршiлiк иесiнiң ең мықтысы, күштiсi кiм?

— Жолбарыста қырық адамның күшi бар! Бiр сахабада қырық жолбарыстың күшi бар! Бiр әулие-әнбиеде қырық сахабаның күшi бар! Бiр пайғамбарда қырық әулие-әнбиенiң құдiретi бар! Ал Хазiретi Мұхаммед Мұстапада қырық пайғамбардың салауаты бар!

— Перiштелер нешеу?

— Мұны бiр Алладан басқа ешкiм бiлмейдi. Әйтсе де мәшһүр перiштелердiң саны тоғыз. Бұлардың әрқайсысы — жетпiс перiштенiң сардары. Әр сардарға жетпiс мың Омар (басшы) перiште мен жетпiс мың адам бағынышты. Әр Омарға жетпiс перiште мен жетпiс мың адам бағынышты.

Ең бiрiншi ауызға алынатыны — пайғамбарларға Алла әмiрiн жеткiзушi Хазiретi Жәбiрейiл перiште. Екiншiсi — жер бетiндегi, жер үстiндегi және су астындағы барша мақлұқатқа тиесiлi ырзық иесi, қар-жаңбыр жаудырушы Хазiретi Микаил. Үшiншiсi — Жәми тiршiлiк иесiнiң жан алушысы Хазiретi Әзiрейiл. Төртiншiсi — қиямет-қайымның келгенiн сүрнәй- (сырнай) мен хабарлап, екпiнiмен дауыл тұрғызушы Хазiретi Исраил. Бесiншiсi — Ай мен Күндi, жұлдызды бақылап отырушы Дардайыл перiште. Алтыншысы — жер жүзiндегi барша өсiмдiк атаулының желеп-жебеушiсi Хазiретi Исмаил перiште. Жетiншiсi — қиямет күнi пенделердi таразыға тартушы Зұқайыл перiште. Сегiзiншiсi — жер жүзiндегi барша дария мен мұхит суларының иесi Аһрайыл перiште. Тоғызыншысы — жетi тозақ иесi Хазiретi Мәлiк.

— Алла тағала ең әуелi ненi, кiмдi жаратты?

— Алла тағала ең әуелi Нұрды, сонан соң нұрдан барша тiршiлiк иесiн жаратты. Мұхаммед Мұстафаның нұрын да осылайша жаратқан.

— Ғарыштың (аспан әлемiнiң) кеңдiк-кемелдiк өлшемi қанша? — Алла тағала Ғарыш кеңiстiгiне он сегiз мың ғаламды жаратты. Әр ғаламның өзiнiң ұстын, тiрегi бар. Әр ұстынға бiр-бiр шамдал (шырақ) жақты. Осыған байланысты бiр мысал. Шамайыл деген перiште Алла тағалаға: «Рұхсат берсеңiз, Ғарышты айналып, зиярат қылсам» деп арзу айтыпты. Алла тағала мұрсат берiптi. Содан Шамайыл перiште Ғарышты айналып мың жыл ұшыпты, бiрақ шет-шегiне жете алмай қанаты талыпты. Талып қана қоймай, ұша-ұша қауырсыны түгел төгiлiп түсiптi. Перiште Алла тағаладан тағы да қанат сұрап алып тағы да мың жыл ұшыпты. Аралап тауыса алмаған Шамайыл Алла тағаладан: «Ғарыштың қаншасын айналып көрдiм екен?» деп сұрапты. «Бiр ұстын мен екiншi ұстынның ғана арасында жүрсiң әлi» дептi Алла тағала.

Бұл бiр ғана мысал, әйтпесе Алла тағала аспан әлемiнiң төрт жағына төрт жүз мың перiштенi күзетке қойған. Ғарышты көтерiп тұрған солар! Перiштенiң иығы, қары тала бастағанда, құдiретi күштi Құдай оларға тағы да күш сыйлады. Тағы бiр шаршаған шақта оларға «мына кәлиманы ауыздарыңа алыңдар» деп әмiр еттi: «Субһаналла уә алһамдуллаһи уә Ла Илаһа иллаллаһу Акбар! Уала һаула, уала қуата илла биллаһил алиюл аъзийм! Мааша аллаһу кәна уа ма лам Якун!»

Перiштелер осы калиманы қайталай отырып: «Алла тағалаға мың да бiр шүкiрана. Ол баршаны бiрдей көредi, ешкiмдi алаламайды. Оның ұлылығы сонда! Ол — жалғыз. Оның мейiрiмi ұшан-теңiз. Алла алдында күнәкәр болмаған жөн. Назары ауып, бейiлi түскендi ғана ол күнәдан арылтады, әлемдегi бар тiршiлiк тек соның ғана қалауында, тек Алланың ғана әмiрiне жүгiнедi» деп өз ризашылықтарын бiлдiрумен болады.

Перiштелердiң бұл тәубасы қиямет күнiне дейiн созыла бермек.

— Күрзiнiң (гүрзiнiң) үлкендiгi қандай?

— «Каулаһу Тағала уасиа курсийуһус сәмауати уал Арзи», яғни жетi қабат жер мен алты қабат аспан астында!

— Аршу күрзiден кейiн Алла ненi жаратты?

— Жексенбi «Лауһул қаламды» жаратты. Қызыл лағылдан. Алла тағала «Ей, қалам, «Ла Илаһа иллаллаһу Мухаммадур Расулуллаһтың» сауабын қабыл қылғайсың» деп әмiр бердi. Сөйттi де Калимаи Шарифтi төрт жүз жылда бiтiрдi. Ғарыштың төменгi жағына бiр дана меруерттi жаратты. Одан «Лауһ ул маһфузды» салды. Содан соң «Ей, қалам, менiң айтқан iлiмiмдi хатқа түсiр, яғни «лауһ ул маһфузға» бедерле» деп әмiр бердi. Алла Тағала қиямет-қайымға дейiнгi болатын жақсылық пен жамандықты, барша ырзық пен тағдыр жазуын осылайша белгiлеп бедерлеп қойды.

— Аспан қай кезде жаратылды? Олардың аты бар ма? Iрең-түсi қандай? Аспанның әр қабатындағы перiштелер нендей қызмет атқарады? Ұлық перiштелердiң аттары қандай?

— Алла тағала ең әуелi Хазiретi Мұхаммед с.а.с-ды нұрдан жаратты. Ол нұрға көзiн тiктей қарап едi — көл-көсiр дария пайда болды. Дариядан түтiн шығып, одан алты қат аспан пайда болды. Алғашқы қабаты — Рафиқа деп аталады. Ол нiл көк зүмiраттан жаратылған. «Субһана зи-л-мулку уал малакут!» деп тасбих аударып жүрген перiштелердiң ең ұлығы — Исмаил. Ал Руъад деп аталатын перiште бұлт пен жаңбырға бас-көз болып тұрады.

Аспанның екiншi қабаты — Арфилун деп аталады. Мұндағы перiштелер әуелгiден екi есе көп. Олар «Субһана зи-л-иззати уал аъзимати уә құдрати уә кибрияи уәл жаббарут» деп тасбих аударып олай-былай ұшып жүредi, яғни Алланың пәктiгiн, күш-құдiретiн, iзет-құрметiн, мейiр-шапағатын, ұлықтығы мен теңi жоқ екендiгiн баршаға әйгiлеп жүредi. Бұл перiштелердiң ең ұлығы — Зуқаил. Ол «субһана ман аллафа байн-ас салжи уан нари»-дi аузынан тастамай, пәруәрдiгер иемiз кiмдi дос көрсе, оны оттан да, судан да сақтайтынын жаһанға паш етiп жүредi.

Бұл екi қат аспан арасы — бес жүз жылдық жолмен пара-пар. Ал аспанның үшiншi қабаты — Құлзум деп аталады. Ондағы перiштелердiң санын Құдайдан өзге ешкiм бiлiп көрген емес! Олар: «Я хайю я кайиуму я хәннан я мәннан я субхаану я бурхану ягуфрану  мустаъану я бадиъус самоват уал арзи я зуалжалали», яғни «Ей, тiршiлiк иесi, ей әмiсе тiрiлтушi зат, ей берушi зат, ей, пәк зат, ей, күнәкар зат, ей, жер мен аспанды жаратушы зат, ей, ұлықтық пен кеңдiк, кемелдiк Иесi!» деп тасбих аударып, Алла тағаланы ұлықтап жүредi. Аспанның төртiншi қабаты — Маун деп аталады. Перiштелерi: «Субһан ал малики ал Қуддуси!», яғни пәруәрдiгер иемiз әрi патша, әрi Мұқаддес, әрi жалғыз!» деп тасбих аударады. Ең ұлығы — Моминат.

Әзiрейiл, Мекаил және Исраил перiштелердiң мекенi осы аспанда.

Аспанның бесiншi қабатын — Арқия дейдi. Мұндағы перiштелердiң ең ұлығы — Истифаил. Ол «Субһана рабби кулли шайин», яғни «Пәк те таза Алла тағала әрбiр нәрсенi айып пен күнәдан айықтырып, өзi тәрбиелеуге ынтығады» деп тасбих аударып жүредi.

Аспанның алтыншы қабаты — Фана (пана) деп аталады. Мұндағы перiштелердiң ең ұлығы — Риадмаил.

Аспанның жетiншi қабаты — Уряна деп аталады. Мұндағы перiштелердiң ең ұлығы — Тұраил. Аспанның бұл бөлiгi — Жәбiрейiлдiң мекенi. Мұндағы перiштелер Ақырзаманға дейiн Мұхаммед Мұстапа үмбеттерiнiң күнәсiн кеш деп Аллаға мiнәжат айтып, жалынып-жалбарынып, жылап-сықтап жүредi. Бұл қабатта бiр ұстын бар. Ұстын үстiнде қоразға ұқсас құс бар. Қанаттары түрлi-түстi, қауырсындары лағыл нұрдан жаралғандай көз жауын ала түрленiп тұрады. Әр қанатында үш бiрдей хат жазулы тұр. Бiреуiнде «Бисмилаһир раһманир раһим» — мейiрбан да рахымды Алла атымен айтамын!», екiншiсiнде «Ла Илаһа иллаллаһ, Мухаммадан Расулуллаһи» — Алладан өзге ғибадатқа лайық зат жоқ, Мұхаммед — Алланың Елшiсi!», үшiншiсiнде «Кулли шайһин Халиқун Илла уажһаһу лиллаһил уаһидил қаһһари!» — Бұл құсқа ғарыштан кафур мен зағпыран (гүл аттары) жауар. Әрбiр мұсылман намаз уақытында азан шақырса, әлгi құс қанаттарын қағып: «субһаниллаһил аълийул аъзийм уа биһамдиһи!» — Алла әлемдегi ең ұлы Мәртебеге ие, оған барша қадiр-қасиеттер ортақ!» деп Алла тағаланы мадақ етер. Мұны естiгенде, жұмақ жұрты жұмыла тыңдап, түрлi жемiс-жидек ағаштары бұтақтарын бұралтып әсем бiр әуенге елiтiп-елжiрер. Хор қыздары шымылдық iшiнен бастырын шығарып бiр-бiрiмен сыбырласар-сырласар. Ұзамай намаз уақыты келiп, мұсылмандар сәждеге басын иер.

Бұл жетiншi аспан қабаты үстiнде жетпiс мың перде жел лебiмен желбiреп, үлбiреп тұрар. Алтыннан, күмiстен, жақұттан, зүмiраттан, лағылдан моншақ тағынған бұл перделер түрлi-түстi. Бұл перделердiң iшiне нелер бар екендiгi бiр Аллаға ғана аян. Аспанда Ғарыш гүрзiсi, лауһу қалам және жас сұлу перiштелер бар екендiгi ғана бiзге белгiлi. Олар Алла тағаланы ауыздарына алып зiкiр салар, тасбих аударар. Қиямет күнi: «субһанака, ма абдака һаққа ибадаика» деп қайта-қайта арзу-тiлектерiн бiр Аллаға бағыштар…

— Алла жетi қабат жердi қашан жаратты? Әр қабатының аты қандай? Оларда не бар, не жоқ?

— Алла тағала ең әуелi нұрды жаратты дедiк қой. Ол нұрға ырзалықпен қарап, мейiр-шапағат құйды. Одан дауыл пайда болды. Алла тағала дарияға да осындай назармен қарады. Дария қайнап, тасып, үстiне қалың көбiк тұрды. Дария қайнаған сайын көбiк әрi қалыңданып, әрi қабаттана бердi. Осыдан келiп жердiң жетi қабаты пайда болды. Жердiң алғашқы қабаты — Замқа деп аталады. Бұл жерде бiр тау пайда болды. Алла тағала бұл қабатта он сегiз мың ғаламды жаратты.

— Жер жүзiнде үлкен-үлкен неше дария (өзен) бар?

— Төртеу. Әуелгiсi — Нiл дариясы. Iшiнде балық та бар, басқа да бар… Енi де ұзын, айдын-шалқар. Ол келiп Құлзұм дариясына қосылады.

Екiншiсi — Фират. Ол Чин дариясынан шығып Хурмұрға келiп құйылады.

Үшiншiсi — Жайхун (Жойқын), Мұхит дариясынан шығып Умманға құйылады.

Төртiншiсi — Сайхун (Сойқан), Құлзұмнан шығып, Мазандаранға ағысын бұрады.

— Мағрибтан Машриққа, Яманнан Юсарға дейiнгi аралық қанша?

— Жетi мың фарсаңға (бiр фарсаң — 7-8 шақырымдай) жетiп жығылады.

— Дүние жүзiнде құрылық көп пе, су көп пе, жасыл ну жазира көп пе, шөл-шөлейт көп пе?

— Дүниенiң тоғыздан бiр бөлiгi су, қалғаны құрғақ жер. Бiрақ бұл кейiн келе керiсiнше боп кетуi де ықтимал. Абад жердiң тең жартысынан астамында мұсылмандар, қалғанында кәпiрлер тұрады. Он мың фарсаң жерде Үндiстан, мың фарсаң жерде Түркiстан, тоғыз мың фарсаң жерде Қытай, үш мың фарсаң жерде Сақлат, жетi мың фарсаң жерде Фарангистан, мың фарсаң жерде Юнан, үш мың фарсаң жерде Рум, екi мың фарсаң жерде Яжук-Мажуж, мың фарсаң жерде Табрез орналасқан.

Жердiң екiншi қабаты — Жалда деп аталады. Бұл қабатта Дозақылардың етiн жеп, сүйегiн кемiретiн құрт-құмырсқа, жылан-шаяндар жайғасқан.

Жердiң үшiншi қабаты — Ирқа деп аталады.  Бұл жерде бет-әлпетi адамға, бiрақ сұлбасы атқа жақын, аяқтары өгiзге ұқсас мақұлықтар өмiр сүредi. Олар азаптан да, сауаптан да мақұрым. Қиямет-қайым оларға жүрмейдi. Бiзде таң атса, оларда күн батады.

Жердiң төртiншi қабаты — Жұрма деп аталады. Бұл қабат таулы-тасты келедi. Жанартаулары жалын шашып, от құсады. Дозақылар сол отқа қақталады.

Жердiң бесiншi қабаты — Масийо деп аталады. Улы шаяндар мекенi. Бұғып жатса — төбеге, қозғалса — кемеге ұқсайды. Бiреу-мiреуi жер бетiне шыға қалса, бүкiл тiршiлiктi ойран-топыр қылар едi. Уының бiр тамшысы дарияға тама қалса, iшуге жарамас.

Жердiң алтыншы қабаты — Ажиба деп аталады. Мұнда дiнсiздер мен имансыздар өмiр сүредi. Онда жылан уынан жаратылған дария ағып жатыр.

Жердiң жетiншi қабаты — Айна деп аталады. Бұл қабатта аяқ-қолы байланған тұтқын мақұлықтар тұрады. Бiреу-мiреуi босанып кетсе, жер-дүниенi бүлдiрер…

— Перiштелердi куәға тартып Алла тағала алдында әдепсiздiк көрсеткен кiм?

— Ол — Сайтан. Хазiретi Адамды көре алмады. Аспаннан қуылып жерге түстi. Мұнда да қарап жүрмедi, перiштелерге «Ей, перiштелер! Сендер де бұған хабардар болыңдар — мен Аллаға арыз айтамын!» – дедi. Перiштелер тағы не айтар екен дегендей, құлақ түрiп тыңдаған саңай бiлдiредi. Сайтан сөзiн әрi жалғады: «Ей, Пәруәрдiгерiм, Адамды жараттың да, менi мүлдем ұмыт қалдырдың. Жақтырмасаң, несiне жаратып едiң? Бар жақсылығың Адамның еншiсiнде — Ауа да сонда, су да сонда, жер де сонда… Ойбай-ау, о басында оны топырақтан, менi оттан жараттың емес пе?! Ендi келiп оған Бейiштен жай бердiң де, менi сандалтып қойдың. Осы да әдiлеттiлiк пе? Адамды әуре-сарсаңға салып, түзу жолдан адастыруды алдыма мақсат еттiм, осыны бiле, сезе, көре тұра неге бетiмнен қақпадың? Бейiшiңдi де, кенiшiңдi де Адамның аузына тостың, ал мен байғұс аштан өлiп, көштен қалғандай күй кешiп жүрмiн. Аңдығаным — Адамның iзi, iсi, әрекетi, батпақта жатса, күнәға батса деймiн. Сол үшiн де әбден жеккөрiнiштi болдым. Бүйтiп қор қылғанша зор қылсаң еттi менi?! Соншама мейiрiңдi, бейiлiңдi үйiп-төгетiндей сол Адамыңның менен несi артық?! Олардың тағат-ғибадатынан саған келер-кетер пайда не? Менiң алдап-арбауым мен жала-жазғыруыма түссе, ол немелерде не ақыл, не абырой? Кешiресiң келiп, кешiресiң келiп…»

Алла тағала: «Ей, малғұн! Мен ешкiмдi де, сен айтқандай, алалап-бөлген емеспiн. Саған дауа жоқ екен! ґзiңнiң нарқыңды, менiң парқымды бiлмесең — адасқаның адасқан. Яһкулу ма яшаъу!»

Осыған қатысты мынадай бәйiт бар:

«Гар имарат созаму вайран кунам,

Падшаһам, һар чи хаһам у кунам!“

— Қандай адамдардың өзiнен де, сөзiнен де аулақ болмақ керек?

— Жетi тайпа адамдардан аулақ жүрген жөн:

1. Имансыздардан;

2. Екi жүздi пенделерден;

3. Дәретсiз, бейнамаз адамдардың өсек-аяңынан;

4. Дiлi пасық, аузы сасық адамдардың сөзiнен;

5. Араққұмарлардан;

6. Лас-ыфылас, харам адамдардан;

7. Надан, нәкес, жетесiз, тәлiм-тәрбиесiз жеткiншектердiң арасынан.

— Көкейдегi сөз бен көңiлдегi сырды кiмдерге ашпаған, айтпаған жөн?

— Бес тайпа елге:

1. Қатынға (әйелге);

2. Жасөспiрiм балаға;

3. Қас дұшпанға;

4. Құл-құтанға;

5. Надандарға;

— Адам өзiн неше түрлi нәрседен тыя бiлуi керек?

— Бес нәрседен:

1. Тамақты көп жеуден;

2. Көп ұйықтаудан;

3. Көп қаңғыру мен қыдырудан;

4. Дүниеқұмарлықтан.

— Бұл шарттарды орындамаса ше?

— Тамақсаулық көңiлдi қарайтып, дененi ауырлатып, жүрекке артық салмақ түсiредi. Тәннiң семiруi жанды әуреге салады.

Көп ұйықтау ауру-сырқауды еселеп арттырып, айнала-дүниеден бейхабар, бейғам етедi.

Көпсөздiлiк байқаусызда өсек-аяңның аузын ашып, күнәға батырады.

Қыдырымпаздық ақыр бiр опық жегiзiп, қаңғырушылық қам-харекеттен қалдырады.

Ал Дүниеқұмарлық дертке дауа, жанға сая таптырмайды. Құлқынның құлы құрдымның құдығына құлағанда барып тыныш табады.

— Өз нәпсiңе не айтар едiң?

— Егер тiлiмдi алса, тiлегiме құлақ салса, күн сайын төрт мәрте мынадай өсиет-нәсихат айтар едiм: Бiрiншi — Ей, Нәпсi! Алланың айтқанына құлақ сал, оған құлқың жоқ екен — рыздығыңнан айрылма!

Екiншi — Ей, Нәпсi! Алла тағаланың айтқанынан жазба. Жаздың екен — оның қауымынан шығып, қара басың қаңғырып қал!

Үшiншiсi — Ей, Нәпсi! Алла тағаланың есiркеп-мүсiркеп бергенiне разы бол. Разы болмадың екен — басқа Құдай тауып ал!

Төртiншiсi — Ей, Нәпсi! Егер күнә жасауға бейiл бұрсаң, Құдайдың көзiне iлiкпейтiн бiр жердi тауып ал. Бiрақ, мынау жәми жаһанда Жаратқан иенiң жанарына iлiкпейтiн, көзiне түспейтiн ноқаттай нүкте бар ма екен, сiрә?!..

— Алла тағала Көрiк пен Сымбатты кiмге бердi?

— Алла тағала он бiр түрлi көрiк-сымбат жаратып, оның сегiзiн Хауа анаға, бiреуiн Бибi Сараға, қалған бiреуiн барша халайыққа сыйға тартты. Ер кiсiлерге де солай — он түрлi сыр-сымбаттың тоғызын Хазiретi Жүсiпке, бiреуiн — қалған барша еркеккiндiкке қиды.

— Алла тағала Салауатты кiмге бердi?

— Салауатты да он түрлi қылып жаратып, оның тоғызын Хазiретi Мұса с.а.с.-ға, ал  қалғанын жәми жұртқа бөлiп бердi.

— Алла тағала Сабырды кiмге бердi?

— Сабырды да он түрлi қылып жаратып, оның тоғызын Хазiреттi Айубқа бердi де, қалғанын барша халайықтың еншiсiне қалдырды.

— Хазiретi Адамның Бейiштен адақталуының себебi неде?

— Мұның бес түрлi себебi бар.

1. Алла тағала Бейiш тағамын жеме деп әмiр етсе де, Адам ата бидай дәнiнiң бiр тiлiгiн бiлмей жеп қойды.

2. Осы себептi күнәкар болып, жан азабын басынан кешiрдi. Өйткенi Бейiш iшiп-жейтiн де, азапқа түсiретiн де жер емес едi…

3. Адам ата сұлбасынан (белiнен) нәсiл, ұрпақ пайда болды.

4. Бейiш жыныстық қатынас жасайтын жай емес.

5. Алла тағала Адамға өмiрмен қоса өлiм де сыйлады. Ал Бейiште өлiм жоқ! Ол — мәңгiлiк өмiр мекенi!...

— Неше пайғамбардың сақылықпен аты шықты?

— Төрт пайғамбардың. Олар: Хазiретi Адам Сафиуллаһ, Нұх Набиуллаһ, Ибраһим Халиуллаһ және Хазiретi Мұхаммед Мұстапа с.а.с.

— Имам Маһди мен Хазiретi Иса с.а.с. қай кезде қандай сый-құрметке ие болған?

— Имам Маһдидiң әулетi — имам Хұсейiн-дүр. Әкелерiнiң аты Хазiретi Мұхаммед Расулуллаһ, яғни Мұхаммед ибн Абдулла Мадинеде туылған. Меккеде атағы шықты. Бiрақ Байт-ул- Мұқадесте дүние салды. Оң жағындағы нышанасы Хазiретi Мұхаммед Расулуллаһтiкiне ұқсас, жүзi нұрлы, кең шекелi, ұзын мұрынды, қастары қалың, көздерi қара, бидай өңдi, бетiнде қап-қара қалы бар, желкесiнде де қалы бар. Сөйлегенде қолдары тiзелерiне алма-кезек соғылар. Сақалы қоп-қою. Қырық жаста қылшылдаған қылыштай қажыр-қайрат көрсетiп, жау жайратқан! Құпия, тылсым кереметке ие болғаны сондай — киген киiмдерiнiң өзiнен жүрген-тұрғанда әуез, саз шығар. Ым қағып, ишарат танытса болды — әуедегi құс қолына келiп қонар. Қу шыбықты жерге тiксе, өсiп-өнiп жемiс берер. Әр шаһарды аларда «Ла  илаһа иллалаһу Мұхаммед расулуллаһ!» деп ұран салып атқа қонар. Перiштелер болса: «Ей, халайық, имам Маһдиға тағзым етiңдер!» деп iзет-құрмет көрсетер. Бұл дауыс Машырықтан Мағрибқа дейiн анық есiтiлiп тұрар. Назары кiмге ауса — сол адам ерекше қуаныш пен бақытқа бөленер. Әскерлерiн Жәбiрейiл, Микаил және Зұқаил бастаған отыз мың перiште желеп-жебеп жүрер. Ол кезде қой мен қасқыр бiрге жүрiп, жас балалар жыланды қолдарымен ұстап ойнаған, жердiң астыңғы қабатындағы кен, қазыналар жердiң бетiне шығар. Қайыршылар мен кәрiп-кәсiрлер садақа, зекет берсе де алмаған. Софиян атты патша қазiргi имам Маһдиға қарсы әскер аттандырар, бiрақ ол әскердi Мекке мен Мәдине аралығында жер жұтар. Екi-ақ адам аман қалып, Маһдиға хабар алып келер. Хазiретi имам Маһди Софиянға қарсы жорыққа аттанар, Софиянды өлтiрер. Арабстанның Ғағу шаһарын жер жұтар. Рамазан айының алғашқы түнiнде Ай тұтылар, он бесiнде Күн тұтылар. Мысыр мен Шам патшалары арасында соғыс басталып, Шам халқы тұтқынға түсер.

Имам Маһдидың сахиб байрағын Салық с.а.с. пайғамбардың ұлы Шұғайып иемденер. Хазiретi имам Маһди мен Хазiретi Мұхаммед Расулуллаһтың киiм-кешектерiмен бiрге қылыштары да сақтаулы тұрар. Дiн басшылары Құптан намазынан соң мiнберге көтерiлiп, халықты имандылыққа, тыныштық-бiрлiкке шақырар. Кофа мен Яман халқы Имам Маһдиға тiзе бүгер. Ұзамай Ескендiр Зұлқарнайын мен Хазiретi Сүлеймен патшалығы үстем болар. Имам Маһдиға Арабу Ажам мұсылмандары түгел бағынышты болар. Имам Маһди бұдан соң да жетi жыл патшалық етер. Ол билеген жерде әдiлдiк салтанат құрар. Қағбадағы қазына мөлшерi баршаға аян болар. Пақырлар мен мiскiндер бай болар. Үндiге әскер аттанып, мол қазына-байлықпен Байт ұл-Мұқадеске оралар. Үндi патшасы тұтқынға түсер. Үлкен-үлкен үш шаһар бағындырылар. Әлгi шаһар — Құстантинанияны аларда дария жағасында байрақ көтерiлер. Памдат намазы алдындағы таһарат (дәрет) кезiнде байрақ қолдан шығып кетiп, соңынан қуғанда, дария суы құрғап, соның нәтижесiнде әскер шығынсыз аман-есен арғы бетке өтер. Себебi, Бани Исраил (Израиль) Хазiретi Мұсаның кезiнде сау-саламат болатын. Әскерлер „Аллаһу акбар!“ деп Құстантинанияның қамалын бұзып, қақпасын ашты. Ұрыс-қақтығыс барысында алты жүз адам қаза болды. Құранда: «Қавлуһу Таола инний яътикумут — табуту фиһи Сакинатун» деп жазылған. Яғни, табыттың ұзындығы отыз кез шамшат ағашынан жасалған. Бұл табытта хазiретi Мұсаның Асасы, хазiретi Сүлейменнiң бұйымдары сақтаулы. Сакина деген — жел-құйын. Ол табыт iшiнен шыға қалса, жер-дүниенi бүлдiрер. Жөйiттер (яһудилер) бұл табытқа иман келтiрер едi. Содан соң барып Тажалды яаъин шаһары Қатиъаһ тарапынан пайда болды. Ал Тажал дегенiмiз Жөйiттiң ұлы. Хазiретi Мұхаммед Мұстапа с.а.с заманында дүниеге келген. Мынадай бiр әңгiме бар: Каб ул Ахрар Разияллаһу далаға шықса, адамдар топ-тобымен бiр жаққа асығып кетiп бара жатыр екен. «Қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрағанда, олар: «Бiр кәпiр дүниеге келiптi» деп жауап бередi. Мұны естiп Каб ул Ахрар да оларға iлестi. Барып көрсе, дүниеге сәби келгенi рас екен. Туа салып сөйлейдi, сақалы мен мұрты да бар. Бiрақ көзi жоқ екен. Маңдайында «һувал кофиру биллаһи» деген жазуы бар. Каб ул Ахрар бұл жайында Хазiретi Мұхаммед с.а.с-ға хабар еттi. ґз тарапында Мұхаммед Расулуллаһ сахабаларына: «Тажал пайда болған көрiнедi, барып көрiп келейiк» дедi. Тажалдың анасы алдарынан шығып: «Ей, Расулуллаһ, сабыр-тағат қыла тұрыңыздар, мен үйге кiрiп қам-харекет қылайын» деп мұрсат сұрады. Анасының апыл-ғұпыл әрекетiн көрген Тажал: «не iстеп жатырсыз?» деп сұрады. «Мұхаммед Расулуллаһ серiктерiмен келiп тұр, соған қамданып жатқаным ғой» деп жауап бердi анасы. «Ол кiсiнi мен де көрейiншi» дедi Тажал сонда. Хазiретi Расулуллаһ үйге кiрiп, жайғасып болған соң: «Кәне, Тажал, «Ла илаһа иллаллаһу Мұхаммадүр расулуллаһу ашһаду әнла илаһа иллаллаһу уа ашһаду анна Мұхаммадан абдуһу уа Расулуһу!» деп айт» – дедi. Тажал: «Ей, Мұхаммед, «өзiңдi жер жүзiнiң қожасымын деп тұрсың ба?» дедi. Мұны естiген  Саид Алам: «Ей, ләнетi, не деген имансыз ең?» деп сөктi. Тажал оған қарап: «Сенiң сөзiңдi қыстырмаймын!» дедi. Хазiретi Омар мұны есiте сала қатты ширығып қолындағы кездiктi Тажалға қарай жiберiп қалды. Тажал мұны қаперiне де iлген жоқ. Керiсiнше, кездiк келiп хазiретi Омардың өзiн тапты. Мұны көрген Саид Алам: «Ей, Омар, бұл да бiр Хақ тағаланың жаратқаны болды. Қапа болма, сабырға кел. Мұны қиямет қайым күнi аспаннан түскен хазiретi Иса с.а.с. өзi жазалайды» деп жұбатты. Бәрi дүр көтерiлiп, үйден шыға бергенде, Тажалдың анасы Мұхаммед с.а.с.-ның етегiне жармасып: «Ей, Расулуллаһ, дәмдi тастап кетпеңiздер, мен тамақ әзiрлеп жатқанмын» деп жалынды. «Сенiң үйiңде кәпiр отыр, асың арам!» дей бергенде, ана: «Ей, Расулуллаһ, олай болса бұл кәпiр сұмды аулаққа апарып көзiн құртуға әмiр берiңiз?» дедi. Саид Алам: «Ей, пәруана байғұс, атың кiм едi өзiңнiң?»  деп сұрады. «Атым бұрын Кияхина болатын, мұсылмандықты қабылдаған соң Ғамима деп өзгерттiм. Құдайға шүкiр, сiздермен дiнiм бiр: «Алһамдулиллаһи» мұсылманмын! Тажалдың атасы —  Саид кәпiр едi. Тозаққа аттанғанына бүгiн отыз күн болды» дедi. Саид Алам райынан қайтып: «Тақаббалаһу! Ей, пәруана, Алла тағала саған разы болсын, рахметiн жаудырсын!» деп бата бердi.

Ғамима ана қонақтарды ұзатып салып үйге кiрдi де: «Балам, тысқа шық, жұрт сенi көргелi келiп отыр» дедi. Сыртқа шыққан Тажалды көрген бойда келген қауым: «Мына малғұн Хазiретi Мұхаммедтiң алдында бейәдептiк көрсеттi» деп оған қарай тас, кесек жаудыра бастады. Тажал балса келгендердiң бәрiн бiр тұйыққа қуып тығып, ешқайда жiбермей қойды. Халық улап-шулады. Мұны естiген Саид Алам Аллаға мiнәжат қылып: «Я, Хақ тағала, мына пәлеңнен құтқар, көзiмiзге көрсете көрме!» дедi. Алла тағала бiр перiштесiн жiбердi. Құс бейнесiндегi бұл перiште Тажалдың шашынан iлiп аспанға алып ұшты. Тажал жанталасып: «Ей, Расулуллаһ, менi мына құстың шеңгелiнен босат!» дедi жалынып. Перiште әне-мiне дегенше Тажалды көз көрмейтiн, құлақ естiмейтiн бiр жерге апарып тастады. Онда диюлар өмiр сүретiн. Олардың бәрi дерлiк Тажалды өз қажеттерiне құлша жегетiн болды. Тажалдың төзiм-тағаты таусылып, бұл жерден қалайда қашып құтылудың қамын қарастырып жүредi.

Тажалды қу медиен шөлге апарып тастаған перiште Хазiретi Мұхаммедке келiп: «Әй, қайдам, мен бiлетiн Тажал ол жерде көп тұрақтай қоймас, қашып шығар» деп күдiк-күмәнiн жасырмады. Мұны естiген Саид Алам: «Ей, жарандар, лағынетi Тажал қашып шығып қайта келер болса, жер бетiнде неше түрлi пәле мен сойқан басталары күмәнсiз: ғалым-iлiмдарлардың ашқан жаңалықтары өздерiнен бастап халыққа зиян, зардап әкелетiн болады, қатындар өз күйеулерiн қойып, басқалармен ойнап-күлудi әдетке айналдырады. Еркектер мен әйелдер аралас-құралас отырып алып арақ-шарап iшiп, ар-намысын рәсуа қылар, аяққа таптар. Олардан туған балалар оқу-тоқуды тастап, көше кезiп, қайыр сұрап күн көрер. Сауда-саттық қылып күнi-түнi базарда жүрер. Қай-қайсысы да аманатқа қиянат қылуды әдетке айналдырар. Адамды нақақтан өлтiру, жазалау, соттау, қинау бел алар. Пақырлар мен бейшараларға деген қайыр-мейiр жоғалар. Жаз қысқарып, қыс ұзарар. Қайыр қашып, береке, бiрлiк кетер. Ел арызшыл, патша, қазы, муфти, ғұлама, ұстаздар парашыл болар. Содан соң бiр өсiмтал өсiмдiк пайда болып, үлкендер де, кiшiлер де оның жапырағын жинап, кептiрiп, күйдiрiп, түтiнiн сорар. Алла алдында күнәкарлар көбейiп, пайғамбардың кiм екенiн ұмытар. Ғалым-ғұламалар сауатсыз, санасыз жарандардың аяғы астында қор болар. Кiмде-кiм бiлiмдар адамды өлтiрсе, үлкен күнәға батар. Өйткенi iлiм-бiлiм — Алланың адамға бұйыртқан сыйы. Бұл жайында Хадисте былай делiнедi: «Қолан набию алаиһис салому саһттий риз замонин аъло умматиһ ташри-бувна мин ворақис самми ва қулбуһум саводун ва алиснотиһум аһзору ва басааруһум намисун ва фоһлиһум рушуқун ва аъзобуһум фиал қабри абадан қолан набиуллаһи алиһис салолу ман шараба духана  осимун ядһулу ун нара биғайри шаққин қуллу саммин һарамун нуқула мин туһфатил Аброр ва рузи мини боб алваһи фаслал һарами қолан набию алиһис салому саһъати физ замонин ъако умматин яқулуна духана сумма лайса лаһум имонан ва ана бариъун ва лайса лаһум шафоъати явмал қиямати вуқолиһ мин канзил Асрор», яғни құмарпаздыққа және шарап iшуге әдеттенедi, ғалымдармен медресе, мешiт және қорған тұрғызып, су қоймасын (әуiз, көлшiк) жасайды. Үлкендер мен туған-туыстардың, сондай-ақ дос-жарандардың алдындағы қарыз-парызын елеп-ескермейдi. Ал Шайқылар болса өз мүриттерiне (шәкiрттерiне) шариғат жайында нәсият айтудың орнына дүнияуи тiршiлiктiң пенделiк ұсақ-түйегiн алға тартар. Алла алдында да, адам алдында да жалған айтып, өтiрiк куәлiк берер. Әйелдер еркектiң киiмiн киiп, жезөкшелiк пен зинақорлықты әдетке айналдырар. Патшалар мен уәзiрлер, қазылар мен мүфтилер жұрттың арзу-арызын, шағым-өтiнiшiн әдiл тексермей пара алумен шұғылданар. ґлiм-жiтiм кездерiнде де дүние-мүлiкке көздерiн сатар.

Осындай жағымсыз жаман жәйiттер аурудай асқынып, бел алып бара жатқанда Меккедегi имам Маһди бар болғаны он төрт жаста едi. Бет-бетiмен кеткен халық өз бiлгенiн iстеп жатқан. Осы кезде Тажал есекке мiнiп Машриқтан Меккеге келдi. Тажалдың бет-әлпетi қара, оң көзi соқыр, қасында — бiрi пiлге, бiрi арыстанға, бiреуi түйеге, ендi бiреуi жыланға мiнiп алған диюлары бар. Ауыздарындағы сөздерi мынау: «һувал кафиру биллаһи». Онымен қоймай тау мен биiк төбелерге шығып алып кернейлетiп, сырнайлатып, маңайды ұлыған-шұлыған қылып әбден дүрлiктiрiп бақты. Ал Тажал олардан оңашалана өзiн көрсетiп: «Ей, жарандар! Берi қараңдар, жер-дүниенiң Құдайы мына мен боламын! Кiмде-кiм менiң дiнiме кiрсе, оны дос тұтып, сый-сияпат беремiн!» дегенде, көпшiлiк оған жапырыла құлай жығылып, жарылқаушымыз келдi деп жатты. Iштерiндегi бiрен-саран көзi ашық, көкiрегi ояу кiсiлер: «Жоқ, бұл өтiрiк айтады. Барша әлемдi Алла тағала жаратқан, бұған сенбеңдер!» десе де, ондай бiр-екi дауысқа көпшiлiк құлақ аса қойған жоқ. Мұны көрiп тұрған Тажал одан сайын өзеуреп: «Менiң оң жағымда Жұмақ бар, сол жағымда Тозақ бар. Кiмде-кiм менiң дiнiме кiрсе — Жұмаққа жол ашылады. Кiмде-кiм кiрмесе — Тозаққа тастаймын!» деп жиналған халықтың зәре-құтын алар.

Тажалды «құдайымыз» деп қабылдаған жөйiттер де бұл тұста қарап қалмай: «Бiздiң о дүниелiк болған ата-аналарымызды қайта тiрiлтiп, бетi-жүзiн көрсетсең ғана саған сенемiз» дестi. Тажал диюларға әмiр берiп едi, олар мұны қиналмай-ақ оп-оңай көрсетiп бердi. Өйткенi сол диюлар көзбояушылықтың әбден шет-шегiне жеткен едi.

Не керек, жөйiттердiң мерейi үстем болып, Тажал үлкен шаһарларды халқымен қоса бiрiнен соң бiрiн өзiне қарата бастайды. Ала алмаған төрт-ақ шаһар қалды. Олар: Мекке, Мәдине, Тори Сина және Байт-ул-Мұқаддес. Жап-жас Хазiретi имам Маһди: «Ей, құдiретi күштi Жаратқан иемiз, бiздi Тажалдың зұлмат-зұлымдығынан  сақтай гөр!» деп күнi-түнi мiнәжат қылды. Құдыреттiң күшiмен тiлегi қабыл болды! Дәл сол Жұма күнi намаздыгер уақытында Меккеге көктен Хазiретi Иса алайһисалам түстi. Хазiретi Маһди оған сәлем берiп: «Ей, пайғамбар, кәне, имам болыңыз, намаз оқиық» деп өтiндi. Сонда Иса с.а.с.: «Жоқ, сiз имам болыңыз» дедi. Осыдан соң отыз мың адам бiрдей намазға жығылып, сәждеге бас қойды.

Намаз аяқталған соң Хазiретi Маһди: «Ей, Хазiретi Иса с.а.с., сiз бен бiз Тажал қатерiнен құтылдық!» дедi.

Хазiретi Иса алайһисалам ертеңiне Памдат намазын оқып, имам Маһдимен бiрге қасына ләшкер (қосын) ертiп Һайбар шаһарына қарай жол жүрдi. Ол шаһардың үлкендiгi бес жүз фарсаңдай едi. Үш жүз алпыс дарбазасы бар бұл шаһардың айналасы қорғанды, қамалды болатын. Хазiретi Иса: «Қамал қақпасын ашыңдар!» деп әмiр еттi. Дарбаза айқара ашылды. Шаһар iшiне енген Хазiретi Иса Тажалға көз салды. Ол есегiне мiнiп тұр екен, Исаны көрген бойда есегiнен құлап түстi. Хазiретi Иса оған найзасын кезеп, ал имам Маһди қылышын жалаңдатты. Тажал жан тапсырып, тамұққа жол алды, ал ләшкерлерi түгелiмен өлiм жазасына кесiлдi. Сөйтiп адамдар Тажал тауқыметiнен құтылып Хазiретi Иса мен имам Маһди шаһарда екi жылдай билiк құрды. Ұзамай шаһарда үш дарбазалы үлкен мешiт салынды. Оның құбыла жағында есiк болмайды. Қала халқы мұнда ағылып келiп құдайға құлшылық етер, ал Хазiретi Иса мен Имам Маһди келген жұртқа бас-көз болар.

Жыл өткен соң Хазiретi Иса а.с. мен Хазiретi имам Маһди мың аттылы қосын ертiп Байт ул-Мұқаддеске жол алды. Мұның алдында Байт ул-Мұқаддесте қатты ашаршылық болып, қала жұрты абыржулы едi. Мұны көзiмен көрген Хазiретi Иса мен Имам Маһди Аллаға жалбарынып, күнi-түнi дұға оқыр, мiнәжаты қабыл болып, Алла тағала қала жұртын ашаршылық апатынан азат қылар. Шаһардан қашып, босып кеткен былайғы жұрт  қайта ағылып келе бастар. Келушiлер Хазiретi Исаға арзуларын бiлдiрiп, «бiздi Яжуж, Мәжуждан құтқара көрiңiз» деп жалбарынар. «Құран кәрiмде» айтылғандай, Яжуж, Мажуж шайтан тарапынан қуылған құбыжық. Ол Хазiретi Ескендiр заманынан берi пайда болған едi. Бiреуiнiң аты Яжуж, екiншiсiнiң аты Мажуж. Аяқ-қолдары адамға ұқсас болғанымен, ұсқынсыз, құлағы сыпырадай нағыз қорқынышты, сықпытсыз құбыжықтың өзi едi. Хазiретi Ескендiр оларды Ауунд тауынан әрi асырып тастаған болатын. Күндердiң күнiнде, яғни Ақырзаман жақындағанда олар таудан берi өтiп, адамдарды тiрiдей жер, тiршiлiктiң тыныштығын тоз-тоз етер. Сондықтан да Хазiретi Иса мен Хазiретi имам Маһди Тур тауына шығып, Хақ тағала атына «Яжуж-Мажуждан пенделерiңдi құтқара гөр!» деп жалынып-жалбарынып мiнәжат оқыр. Сөйтiп Алла көмегi арқасында дүние Яжуж-Мажуж азабынан азат болар. Көп ұзамай Хазiретi имам Маһди қаза болып, оны Хазiретi Иса с.а.с. арулап, жаназасын өзi оқып, тәнiн тар лақатқа, жанын Хақ тағала тарапына тапсырар. Бұдан соң Хазiретi Иса с.а.с. Шам шаһарына барып Хазiретi Мұхаммед Мұстапаның шариатын амалға асырар. Хазiретi Адам әликсаламды зиярат қылып, қабiрiн құшар. Бани Исраил әулетiнiң Салық атты бiр адамы Хазiретi Иса а.с.-ды өз қамқорлығына алып, арулап, намаз оқып, Мадинаға жеткiзiп, Хазiретi Мұхаммед Расулуллаһтың жанына қояр. Осыдан соң барша әлемдi күпiрлiк жайлар. Былайғы пенделер түгiлi бiлiмпаз деген ғалымдардың өздерi де пасық пиғыл, арам әрекетпен айналысар. Ерлi-зайыптылар арасында сенiм азайып, есесiне ажырасу көбейер. Көрiнген жұрт көшеге шығып абыройын көрсетуге әзiр тұрар. Базарларды тәнiн де, жанын да сатқан жалдаптар жайлар. Ешкiмнiң де имани исламнан хабары болмас. Адамдардың жүздерiнде ақ нышана пайда болар. Көшедегiлер: «Сен — Жәннат момынысың» деп бiрiн-бiрi келемеж етер. Күн Мағрибтан шығып, тәубе есiгi тас бiтелер. Көп ұзамай Дабат ул арыз деген құбыжық пайда болар. Бойы аспан тiреген, денесiнiң салмағы жердi езiп-жаншыған, төрт аяқты, басы өгiз кейiптес, мойны түйенiң  мойнындай ұзын, көзi доңыздың көзiндей жымсиған бұл неме дүйiм дүниенi аралап: «Ей, жарандар! Бiлiп қойыңдар, Хазiретi Мұхаммед Мұстапа с.а.с.-ның дiнi әлсiз, кәпiрлердiң дiнi күштi!» деп жағы сембей жар салар. Сол жарияға жар салған бойы Қап тауына сiңiп жоғалар. Ең соңында Алла тағала Исрафил сұрына (сырнайына) кезек берер. Жер-дүниеде алапат дауыл, сұрапыл жел көтерiлiп, жан иесiнiң бәрi Исрафилдың соңынан ерер. Өмiржарық аяғы Ақырзаманға келiп тiрелер».

— Асһаби Каһф деген кiм! Жұрты мен жұрағаты қай жақтан? Хал-ахуалы қалай?

— Асһаби Каһф бiр патшаның перзентi едi. Даққи Жүнiс деген бiр кәпiр күш көрсетiп қоймаған соң оны амалсыздан Даққи Жүнiстiң қарамағына қызмет етуге жiберген болатын.

Күндердiң бiр күнiнде Даққи Жүнiс өзiнiң нөкерлерiмен бiрге бiр үй iшiнде әңгiме-дүкен құрып отырғанда бажылдасқан екi мысық төбе тұстан алдына кеп құлады. Шоршып түскен Даққи Жүнiстi көрген Асһаби Каһф: «Е, бiз мұны құдайдай көрiп жүрсек, бұл да әншейiн қорқақ пенденiң бiрi болды ғой» деп iшiне пiкiр алды. Мұнысын бiреу-мiреу бiлiп қоймады ма екен деп үйден көшеге, көшеден далаға беттедi. Жол-жөнекей оған бiр аңшы iлесiп, Даққи Жүнiстiң кiм екенiн егжей-тегжейлi айтып бердi. Аңшы болған соң оның қасына ерткен итi де бар едi.

Патшаның ұлы мұны көрiп «Даққи Жүнiс құдай болса мысықтан осыншалықты қорқып қалмаған болар едi. Соған қарағанда бiздiң құдайымыз аспан мен жердi жаратқан бiр ғана Хақ тағала екен ғой» деп көңiлi орнына түстi. Ұзамай сапарға қамданып, шаһардан шығып, сахараға бет түзедi. Басқа бiр патшалықтың аң аулап жүрген бiр адамы оған Даққи Жүнiс оқиғасын баян еттi. Оның аңшы итi де бар болатын, ендi үшеуi жолда келе жатты. Жол аяғы бiр үңгiрге келiп тiрелдi. Мұны көрiп олар «Е, құдайым, бiзге медет бере гөр» деп Алладан медет тiледi. Алла тағала олардың жолын оңғарды. Үңгiр iшi оларға жайлы мекен болды. Жазда аптаптан, қыста суықтан сақтады. Перiштелер ғазиз жандарды қауiп-қатерден қорғаштап жүрдi. Бұлар осы жерде алаңсыз ұйықтап, уайымсыз демалды. Әйткенмен, көздерi ұйқыда болғанымен, көңiлдерi ояу едi. Хазiретi Иса алайкисалам көктен жерге түскенде Жәбiрейiл Асһаби Қаһф жайынан хабар алып, оның үш жүз тоғыз жыл бойы ұйқыда екенiн ескертер. Хақ тағаланың қолдауымен ұйқысынан оянса — шашы мен тырнағы өсiп кеткенiн, үстiндегi киiмiнiң iрiп-шiрiп тозғаннын көрер. Үңгiрден бiр кiрiп, бiр шығып қайда барарын бiле алмас. «Қарнымыз ашты, тамақ тауып әкелетiн адам табылса, шiркiн» деп арман етер. Осыны айтып Ямлихаға (қасындағы жолсерiгiне) ақша ұзатады. Ақшаны алған ол шаһар iшiне кiрiп наубайханаға барып дирхамын (ақшасын) ұзатқанда, Наубай салған жерден «Бұл ақшаны сен Даққи Жүнiстiң қазынасынан алыпсың. Егер маған ауызбастырық бермесең, сенi Патшаның алдына алып барамын!» деп қоярда-қоймай Сарай жаққа сүйрелей жөнеледi. Патша Даққи Жүнiстiң дирхамын таныды. Ямлиха болған оқиғаның  бәрiн де қалдырмай Патшаға айтты. Патша оған үңгiрдi көрсетудi бұйырды. Ямлиха Патшаны үңгiрдiң түбiне дейiн алып келдi де: «Сiз осында тұра тұрыңыз, мен iштегiлерге Сiздiң келгенiңiздi айтып шыға қояйын» деп үңгiрге өзi кiрiп кеттi. Ямлиха сол кеткеннен ғайып болды. Әрi күтiп, берi күтiп шыдамы таусылған Патша да үңгiр iшiне кiрiп, ол да ғайып болды. Сонда Хазiретi Иса алайһисалам: «Ей, Хақ тағалам, Асһаби Каһф неге жоқ, қайда кеттi?» деп жалбарына сауал тастады. Жәбiрейiл Алла атынан: «Ей, Иса, Асһаби Каһф Құдайдың құдiретiмен аспанға көтерiлдi. Кiмде-кiм: Ямлиха, Макшалина, Марнуш, Дабарнуш, Шазнуш, Кафеиштад, Қитмир деген жетi атты қатар қайталап Алла атына мiнәжат қылса, қайта көрiнбегi кәмiл» деп жауап қайтарады.

— Қағба ғимаратын кiм тұрғызды?

— Қағба қабырғасын Хазiретi Адам дүниеге келместен бұрын Хақ тағала қызыл жақұттан өрген. Перiштелер келiп зиярат қылып тұрды. Адам ата дүниеге келген соң Қағбаға зиярат етуге ниет қылды. Бiр топ перiштелер оның алдынан шығып: «Ей, Адам, бiз сiздi екi мың жылдан берi күтулi едiк, ендiгi кезек сiздiкi» деген соң Хазiретi Адам перiштелер тағылымына орай Қағбаны аралап көрiп, Зиярат еттi. Алла тағала: «Қағба құрылысын аяқтап шық!» деп әмiр еткен соң Хазiретi Адам ата Хауа Анамен бiрiгiп балшық илеп, тас өрiп, Қағба ғимаратын толығымен тұрғызды.

— Қағбаның қандай-қандай кереметтерi бар?

— Қағбада 24 керемет бар. Бiрiншiсi — барша жұртпен бiрге Каррау Баян перiште мен һамелон Аршу күрсi, Лауһу Қалам, Ай мен Күн және жұлдыздардың құбыласы — осы Қағба.

Екiншiсi — әрбiр ерлi-зайыпты өз өмiрiнде тым болмаса бiр мәрте Қағбаға келiп қажылық парыз-қарызын өтесе, бар күнәсiнен арылады.

Үшiншiсi — Қажылық қарызын өтеген кiсi қанша бейнет көрсе де Бейiш есiгiнен аттап, өмiрiнiң  аяғында бейпiл зейнет көрмек!

Төртiншiсi — Ерлi-зайыптылар Құрбан айының тоғызы, яғни Арафа күнi тоғыз жүз мың тоғыз жүз адамға көбейер. Егер одан кем болса, көктен перiштелер түсiп толықтырар. Олар  адам кейпiне енiп, Қағбада қажылық қылар.

Бесiншiсi — кез келген құс Қағбаның үстiнен ұшып өте алмас, өтем десе — қанаты күйiп қалар!

Алтыншысы — қандай бiр жыртқыш құс болмасын жердегi жан-жануарды iлмек, бүрмек ниетпен құлдилап келсе, жаны қауiп-қатерге тап болған жануар осы кезде Қағбаны келiп бас сауғаласа, онда оны құс ала алмас!

Жетiншi — Егер ойда жоқта жарақаттанып жаны көзiнiң ұшына көрiнген жануар Қағба iшiне кiрiп пана тапса, жарасы жазылып кетер!

Сегiзiншi — кiмде-кiм Қағбаны бұзбақ болса, бұл пиғыл-әрекетi өзiне өлiм әкелер!

Тоғызыншы — кiмде-кiм арам ниетпен Қағбаға қол тигiзсе — қары сынар!

Оныншысы — қай кезде де Қағбаға келiп тәуап (зиярат) қылудың шегi болмас!

Он бiрiншiсi — келiп көруге мүмкiндiгi болмаған күннiң өзiнде де Қағба әр мұсылманның кеудесiнен жай алып, тiлiнде сайрап, дiлiнде жайнап тұрар!

Он екiншiсi — Қағбаны көрген әр адам салауатты, саламатты болар.

Он үшiншiсi — Хазiретi Әбубәкiр Сыдық Разия Аллаһу анһу Халифалығы кезiнде бiр кiсi Қағбаны Зиярат қылғалы келдi. ґзiмен бiрге ала келген алтын, күмiсiн бейсәубет бiреу ала қоймас деген сенiммен Қағба iшiндегi көзге көрiнбейтiн бiр жерге қойып, өзi сыртқа шаруа қамымен шығып кеттi. Мұны аңдып жүрген әккi ұры ол кетiсiмен амалын тауып Қағба астынан тесiк үңгiр қазып, әлгi алтын мен күмiстi алғалы iшке басын сұға бергенде Алла тағаланың әмiрiмен жер қысылып, ұрының басын қиды да жiбердi. Сөйтiп басы iште, денесi сыртта қалды. Артынша: «Кiмде-кiм Қағба iшiне ұрлықпен кiрмек болса, дәл осылайша Алла қаһарына ұшырайды!» деген қатқыл үн есiтiлдi. Қағбаның шарифi бұл дауысты естiп Қағба iшiне кiргенде — алтын мен күмiстi және оның қасында домаланып жатқан адам басын көрдi. Кейiн бұл жағдай барша жамиғатқа жария болды.

Он төртiншiсi — бiр кiсi Қағба iшiнде зиярат қылып жатқанда есiкке құлып салынып, жалғыздан-жалғыз қалып қойды. Таң атқанша әрi айқайлады, берi айқайлады, бiрақ есiктi ашқан жан баласы болмады.

Амалсыздан Қағба iшiнде дәрет алып, таңғы намазын оқуға кiрiстi. Ертесiне таң азаннан кiсiлер зиярат қылуға көптеп келе бастады. Әрi қысылып, әрi ұялған әлгi кiсi көп көзiне көрiнбей өзiн шетке алып қашты. Қағба iшiндегi шымқай асыл киiм-бұйымдарды  көрген былайғы ел әрi аңтарылып, әрi таңқалысып тұрғанда сырттағылардың бiреуi әлгi жазықты кiсiнi ұстап әкелiп iшке кiргiздi, өз көзiне өзi сенбеген ол: «Апырай, мен мұнда ескi-құсқы шапанымды қалдырып, кiсi көзi көрмесiн деп тұра қашып едiм ғой» деп жұртқа бiр, жалт-жұлт еткен киiм-бұйымға жалтақ-жұлтақ қарай бердi…

Он алтыншысы (онбесiншi қасиетi түпнұсқада жоқ) Хазiретi Омар ибн Хаттабтың кезiнде бiр нәпсiқұмар еркек Захам есiмдi еркетотай әйелге өлердей ғашық-машық болып, ақыры соңынан қуып жүрiп құдай ұрғанда — басқа жерде емес, тура Қағбаның iшiнде зинақорлық iске бой ұрды. Iбiлiстiң iндетiне ұшырап, сайтанның жетегiне ерген екi күнәкар итше шағылысып, ақыр аяғында итше тартысып қалды.  Ертесiне Памдат намазына жиналған жұрт шерменде болған бұл екеуiн сыртқа сүйрелеп шығарып лағынет қамытын кигiздi, тас жаңбырдың астына алды. Екi-үш күннен кейiн екi күнәкардың екеуi де Алла әмiрiмен доңыз кейпiне енiп, ит қорлықпен өлдi.

Он жетiншiсi — Былайғы жұрт жаппай зиярат етiп жатқанда кездейсоқ келiп қалған өзге дiндегi ерлi-зайыптылар Қағбаға бiр, еңкейiп-тоңқайып жатқан көпшiлiкке бiр мысқылдай қарап, мазақтай тiл қатысып тұрған шақта қас-қағым сәтте тiл мен көзден айрылды!

Он сегiзiншi — Көп iшiнде қатар тұрған екеу, өзгелер зиярат етiп жатқанда, өзара керiлдесiп қалды. Анау анаған: «Сен — ұрысың, кеше базардан бiреудiң қапшығын алып қашып кетiп бара жатқаныңды көргем» – дедi. Анау мұны мойнына алмай «оллаһи-биллаһи ұры емеспiн, сенбесең, мiне» деп Қағба қабырғасына қолын соза бергенде, қолы үзiлiп түстi.

Он тоғызыншы — Кiмде-кiм қасиеттi Қағбаға ынтызар көңiлмен, ықылас бейiлмен қараса, көзiне нұр толар.

Жиырмасыншы — Қағбаға қанша адам жиылса — сонша адам iшiне сыйып кетер.

Жиырма бiрiншiсi — Ауру-сырқаулы қай адам болмасын Қағбаның топырағын алып көзiне сүртсе, дертiне дауа, сырқатына ем тауып жазылып кетер.

Жиырма екiншiсi — бiр күнi Әбу Жаһил қуалап жүрген құлы  Қағба iшiне келiп тығылса да қоймай оны пышақ салып өлтiрмек болды. Алайда Қағбаға кiрген заматта көзi көрмей қалды. Тәубесiнен жаңылған Жаһил тез есiн жия қойып: «Қағбаның қасиет-құрметi үшiн құлымның жасаған күнәсiн кешiрдiм» деп Қағба топырағын алып көзiне сүртiп едi, көзi шырадай жанып шыға келдi.

Жиырма үшiншiсi — Нұшираван Әдiл Бұзұрг Жұмһұрды Қағба iшiне қамады. Ол кеткен соң Бұзұрг Қағбаның төбесiне шықпақ ниетпен жоғарыға көз салып едi, сөйтсе жақұттай жарқыраған бiр нұрсәуле Қағбаның үстiне қонғалы зеңгiр көктен түсiп келе жатыр екен. Мұны көрген Бұзұрг: «Ей, Тәңiр ием, Қағбаның құрметi үшiн тiлегiмдi қабыл қыл — менi тұтқыннан құтқара гөр» деп қолын жайып Хақ тағала атына иман келтiрдi. Алла тағала Бұзұрг Жүмһұрдың тiлегiн қабыл еттi.

Жиырма төртiншiсi — Қағба құрылысы жетi рет қаланған. Ең әуелi оны Зұқаил, Ажраил, Дардаил, Исмаил — осы төрт перiште салған. Екiншi мәрте Адам ата мен Хауа ана қайта тұрғызды. Үшiншiсiнде Нұх пайғамбар кезiндегi Топан судан кейiн Ялдур деген бiреу Қағба орнына Пұтхана ғимаратын салған. Бұған көп-көп алтын, күмiсi кеттi. Ғимарат бiткен соң оның iшiне Пұттың ескерткiш сұлбасын әкеп кiргiздi. Дәл осы кезде жер сiлкiнiп, ескерткiшiмен қоса Пұт ғимаратының тас-талқанын шығарды! Төртiншi ретте Алла тағала Хазiретi Ибраһимге: «Ей, Ибраһим, Қағба қабырғасын тастан қалап қайта қалпына келтiр!» деп әмiр еттi. Өз кезегiнде Ибраһим Хазiретi Ысқақ пен Исмаилды, Бибi Сараны жұмылдыра отырып һажар және Турри Сина, Арафат, Мина, Зайду Ухуд тауларынан тас тасып Қағбаны тұрғызды. Сонда Хақ тағаладан: «Ей, Ибраһим, Байт-ул-Лаһты салып бiтiрдiң, ендi «Қағбаға келiп Зиярат қылыңдар!» деп менiң пенделерiм еститiндей жамағатқа жар сал!» деп бұйырды. Ибраһим: «менiң дауысым пенделерiңнiң құлағына түгел жете қояр ма екен?» дегенде, Алла тағала: «Сен дауыстап шақыр, аржағын өзiм жеткiземiн» дедi. Ибраһим дауыстап жар салғанда, Қүдайдың құдiретiмен мұны пенделердiң бәрi есiттi. Осыдан келiп қажылық әмбеге бiрдей парыз һәм қарыз болды.

Қағбаны бесiншi мәртесiнде құрайыштар әулетi салды. Алтыншысында Қағбаны һажжаж тұрғызды.

— Күн аспанның қайсы қабатында?

— Төртiншi қабатында. Таң сазы бiлiнiп, шартарапқа шуақ шашыраған шақта Перiштелер Күн нұрын Машырықтан Мағрибқа дейiн отыз мың тарам ғып таратып әкеткенде жер-дүние Алланың мейiрiмiне бөленiп, жарық дүние жалқынданып жүре берер. Ертеңiне дәл осы сәруар сәт тағы бiр қайталануы үшiн Күн ұясына енiп дамыл табар.

— Күннiң тұтылу себебi нелiктен?

— Бұл турасында мен бiлетiн бес риуаят бар:

1. Күн көктен төмен түсiп, телегейге батып-шыққанда;

2. Хазiретi Мұхаммед Миражға көтерiлгенде жердегi үмбеттерiнiң сауап iсiнен гөрi күнәларының көп екенiне анық көз жеткiздi. «Бұлар жарық дүниенiң қадiр-қасиетiн әлi танып-бiлiп болмаған екен» деп қамықты. Қамықты да: «Ей, Тәңiр ием, Күннiң жүзiн бiрер сәт алақаныңмен жасыра тұр» деп мiнәжат қылды. Күн тұтылып, қайта ашылды. Жарық дүние қайта жайнады. Кәне, ендi адамдар осыдан пайым алса.

3. Қайсыбiр тайпалар Күнге табынады. Күннiң анда-санда тұтылуының бiр себебi осыдан.

4. Құдайдың құлдары, оның iшiнде Мұхаммед пайғамбардың үмбеттерi шектен тыс көп күнәға бата берсе, Күннiң де көзiн кiреуке шалады.

5. Саһмаил деген перiште Алла тағаланың парманы бойынша Күндi қанатының астына алып көлегейлейдi.

— Күн шыққан мезгiлде сары алтын түске енуiнiң себебi неде?

— Күнге табынушы тайпалар елi аса бiр ынтазар көңiл, ынтық та iңкәр бейiлмен оған сағына, сарғая қараған сәтте, Күн: «Мен сендердiң сағыныштарыңа лайық емеспiн, сары алтын түске боялуым — бiр Алланың ғана қалауы» деп оларға өзiнiң мейiр, шуағын себер.

— Алла тағала Айды неден жаратты? Оның тұтылу себебi нелiктен? Қай қабатта тұрады?

— Ай да ғарыштың нұрынан пайда болған. Қияметқайым  күнiне дейiн жерге түспейдi. Айдың жаңаруы мен толуы, қайтуы да оның Күндi айналуына байланысты. Айдың тұтылуы да Күнге ұқсас.

— Жұлдыздар қалай пайда болған?

— Жұлдыздар да нұрдан жаралған. Жерден қарап тұрғанда олар аспанның аспалы шамдары сияқты әсер қалдырады. Әр жұлдыз — табылмайтын бiр жұмбақ, тiршiлiгi тылсым бiр әлем...

— Анасынан туа сала тiлi шығып айналасындағылармен сөйлесiп кеткендерден кiмдердi бiлесiң?

— Ең әуелi Хазiретi Иса а.с. туғаннан соң он бес күннен кейiн тiлге келген. Екiншiсi — Хазiретi Жүсiп а.с., үшiншiсi — Миррих Арратаб. Ол бесiкте жатып әкесiне: «Ей, әке, кiмге ерiп, қайда бара жатырсыз?» деп сұрады. Әкесi: «Мабудиммен бiрге кетiп барамын» деп жауап бергенде, «Мабудим дегенiңiз кiм едi?» деп сұрады. Әкесi: «Ол — менiң екi аяғым» дедi. Баласы: «Онда, айтшы, аяқтарыңның құдайы кiм болады?» деп сұрады. Тосын сұраққа тосылып қалған әкесi абыржып: «Ей, аяқтарым, тiлi шыққан ұлым әрнәрсенi бiлгiсi келiп жатыр, сендер мұны айып санамаңдар» дегенде, аяқтары: «Жоқ, керiсiнше, ұлыңыз дұрыс сауал салып тұр, бiзге көп ере берме, еркiмiзге көне берме. Одан да Алла тағалаға иман келтiр» дедi.

Төртiншiсi — Ибраһим а.с. дүниеге келген соң жиырма күннен кейiн тiлi шығып, анасына нәсият айта бастады.

Бесiншiсi — Тажал. Ол анасынан туылған заматта сөйлеген.

— Балиғат жасқа жетер-жетпестен бұрын неше пайғамбарға Жәбiрейiл арқылы Алланың әмiрi келдi?

— Ең бiрiншi — Хазiретi Исаға. Екiншi — Хазiретi Жақияға. Үшiншi — Хазiретi Сүлейменге. Төртiншi — Хазiретi Жүсiпке.

— Жердiң құдiретi мен қуат-күшi неде? Тахт әл-Сарайға дейiнгi аралықта не бар?

— Румайыл атты перiште бар. Оның төрт қолы бар. Құдайдың құдiретiмен жетi қабат жердi төрт қолымен ұстап тұр. Ал Тахт әл-Сарайдың үлкендiгi — бес мың жылдық жол. Мұнымен бiрге Алла тағала бiр ақ өгiздi жаратқан. Әр аяғының арасы — бес жүз жылдық жол. Басында екi мүйiзi бар. Әлгi Тахт әл-Сарай осы өгiздiң үстiнде. Өгiз Балықтың үстiнде, Балық Судың үстiнде, Су Желдiң үстiнде, Жел Оттың үстiнде, От Дозақтың үстiнде, ал Қараңғылық (түн) Тахт әл-Сарайдың үстiнде. Тахт әл-Сарайды бiр Алланың өзi ғана көрiп, бiледi.

— Перiштелер Пейiште ме, әлде басқа жақта ма?

— Қайсыбiрi Пейiште, бiрақ олардың өзi Алланың жүзiн көре алған емес. Жәбiрейiл перiште ғана оның мүбәрәк дидарын бiр-ақ мәрте көрген.

— Жындардың мекен-жайы қайда?

— «Құрани шәрiпте»: «Қаулаһу Таола (тағала) ла амлэъанна Жаһаннама минал жиннати уаннаси ажмаъийна» деп айтылғандай, кәпiрлер кәпiрлермен бiрге, мұсылмандар мұсылмандармен бiрге болмағы лазым, бiрақ қай-қайсы да Хақ тағала дидарын көре алмақ емес.

— «Оллаһи-биллаһи» деген сияқты қасам iшу (яғни қарғану) дұрыс па, жоқ қате ме?

— Расымен-шынымен қасам iшiп тұрғанның өзiнде бұл дұрыс емес. Хадисте мынадай жолдар бар: «Колан набию алайһис саламу ман халафа яминан содиқан зоййақаллаһу ризқаһу ва ман калафа яминан козабан зоййақаллаһу қаброһу ва юдхиму норо», яғни кiмде-кiм қандай жағдайда болмасын қарғанып ант-су iшсе, Хақ тағала оның ырыздығы мен несiбесiн кемiтер. Ал ендi жалған ант-су iшсе, жатар көрi мен жерiн тар қылып, дозақы пенде қатарына қосар.

— Нендей бес нәрсе бес нәрсенiң түбiне жетедi?

— Қайғы уайымды, жалған сөз ризық-несiбенi, тәуба күнәнi, қайыр-садақа бәле-жаланы, арақ-шарап обал-сауапты жейдi.

— Не нәрсе, немесе кiм ненiң қарнына кiрiп шықты?

— Хазiретi Жүнiс балықтың (нәһан-нән балықтың) қарынына кiрiп шықты.

— Қыс кiргенде жаз қайда қалмақ?

— Жер астына кiрiп өзiнiң уақыт-сәтiн күтедi.

— Адам рахаты нендей нәрселермен өлшенедi?

— Үш нәрсемен — Алла тағаланы аузынан тастамау, «Құрани кәрiмдi» оқу, туыс-бауырларымен қауышу.

— Дәруiштер үшiн не жақсы?

— Қанағат, яғни бүкiл өмiрiн сабыр-тағат үстiнде сарып ете отырып рахат пен ләззаттан баз кешу.

— Мұсылмандықтың басты жолы неде?

— Алланың бар екендiгiне және оның жалғыз екендiгiне күмән келтiрмеу, Мұхаммед пайғамбардың үмбетi екендiгiн мойындау.

— Шариғат нешеу?

— Бiреу. Ол Хазiреттiң шариғаты.

— Имансыздар бұл дүниеде жақсылық қылса, ахиретте сауап ала ала ма?

— Имансыздың аты — имансыз, сондықтан да қанша жақсылық жасағанымен, онысы есепке алынбайды, оның азабы — Дозақта!

— Әр адамға қанша перiште қарайлай жүредi?

— Олар бiрнешеу. Бiрi — оң иығында, екiншiсi — сол иығында, бiрi сауап iсiн, тағы бiрi күнәсiн салмақтайды. Сауап iс — иманы кәмiл әр адамның парызы, ал күнәнiң жолы ауыр. Бiле отырып жасалған бiр күнә үшiн пенде Алладан кешiрiм сұрап, тәубаға келмесе, күнә үстiне күнә жамалмақ.

— Алла тағала жердегi пендесiне неше мәрте мейiрiм назарын салмақ?

— Үш жүз алпыс мәрте. Мұның бiр бөлiгi — Әзiз, екiншi бөлiгi  аяныш.

— Көһи Каф (Қап тауы) дегенiмiз не нәрсе?

— Жетi қат жердi орай қоршап тұратын кiл зүмiрәттан жаратылған тау.

— Күн қайда барып батады?

— Көһи Кафта бiр бұлақ бар, соған барып батады.

— Желдiң пайдасы мен зияны  неде?

— Пайдасы ауаны тазалайды, өсiмдiктердi ұрықтандырады, ал зияны — күшейе келе дауылға айналғаны.

— Дүние дегенiмiз не?

— Әркiм де дүниенi өзiне жақын, дос санайды. Соның үшiн де оны дүние дейдi. 

— Қиямет дегенiмiз не?

— Өлгендер тiрiлiп, бiрi Жұмаққа, екiншiсi Дозаққа кетiп жатады. Сондықтан да оны Қиямет дейдi.

— Алла тағала кiмдердi Жұмақтан аластатты?

—  Олар алтау. Ең әуелi Хазiретi Адам. Екiншiсi — Хауа ана. Үшiншiсi — Алайһи лаъна сайтан. Төртiншiсi — Тауыс. Бесiншiсi — Жылан. Алтыншысы — Бидай. Хазiретi Адам Сарандиб тауына келiп түстi. Хауа ана Жиддаға, Сайтан — Салқан тауына. Жылан — Исфиһанға. Тауыс — Үндiстанға. Бидай — Шамға.

— Бұл алтауының Пейiштен қуылуының себебi неде?

— Алла тағала Адам атаға: «Пейiш жемiстерiнен дәм тат, бiрақ бидайды жеме. Жесең — күнәлi боласың» дедi. Бiрақ Адам ата мен Хауа ана бұл әмiрдi байқаусызда бұзып алды. Бұзғаны сол — бидайдың бiр дәнiн ауыздарына салды. Олар сол үшiн жазаланды. Ал Сайтан болса Пейiшке кiремiн де Адамды азғырамын деп Жұмақ есiгiн ашты. Жасауылдар: «Ей, малғұн, Пейiш сенiң жайың емес, аулақ жүр!» дедi. Сайтан бұдан соң Жыланның жанына барып: «Ей, Жылан, Адам сенiң қас жауың, олар сенi аямайды, менiмен бiрге Пейiшке кiрсең — аман қаласың» деп азғырды. Жылан ойланып-толғанып бiр мәмiлеге келе алмай тұрған сәтте қасына Тауыс келiп: «немененi шеше алмай дал болып тұрсың?» дедi.

Жылан: «Cайтан менi Пейiшке кiргiзуге көмектес деп тұр, соны ойланып тұрмын» дедi. Тауыс: «Жарайды, сен де, мен де оған жәрдемдесейiк» дедi. Сөйтiп олар жасауылдар аңдаусыз тұрғанда Пейiштiң iшiне кiрiп Адам ата мен Хауа ананы бидай дәнiн жеуге азғырып, көндiрдi. Сол үшiн олар Пейiштен аластатылды.

— Неше жан-жануардың суретi (кейпi, тұрқы) өзгерiске ұшырады?

— Олар — он: Түлкi, Маймыл, Мысық, Доңыз, Ит, Қасқыр, Қашыр, Аю, Пiл, Парасат.

— Неге өзгерiске ұшырады?

— Түлкi әуелi адам кейпiнде едi, анасы намаз оқып тұрған кезде ол қолын анасының денесiне тигiздi. Мысық ұршық иiргiш, өрмек тоқығыш едi. Хауа анаға жүн иiрiп беремiн деп ақысына алтынын алды, бiрақ уәдесiнде тұрмады. Маймыл әйел кейпiнде едi. Нәпсiқұмарлығы салдарынан күнәға батты. Доңыз да әуелi адам кейпiнде болатын. Бiреуден бiр нәрсенi артығымен алып, кейiн кем берiп, артық алғаным жоқ деп ант iштi, өтiрiк айтты. Қасқыр да әуелгiде адам сипатында едi, кейiн келе қарап жүрмей күнәға батты. Ит те адам сияқты болатын, бiрақ таразы басын тең ұстай бiлмедi. Қашыр дүкенде мата сатушы едi, адамдарды алдап кем өлшеуi салдарынан жазаға ұшырады. Пiл де әуелгiде адам едi, намазды дұрыс оқымай Алла кәрiне ұшырады.

— Ит кедейдi көрсе арпылдап тұра ұмтылады да, керiсiнше байларға тиiспейдi. Мұның себебi неде?

— Ит арам мен адал асты ажырата бермейдi, алдына келсе қылғыта бередi. Байлар да солай. Тапқан пайдасы мен дүниесi кейде арам, кейде адал. Сол үшiн де олар ұқсас, бiр-бiрiне жақын. Ал кедейдiң асы — адал. Бұл турасында хадисте былай делiнедi: «Колан набию алайһис саламу ад дуня жоифатун ва таолиб буһа килобун», яғни дүние — нәжiс, оның соңынан қуған — ит. Екеуiнiң қысастығы да, ұқсастығы да осы.

— Перiштелер еркек, не ұрғашы болып бөлiне ме?

— Оларды тек кәпiрлер, дiнсiздер ғана бөлуi мүмкiн!

— Өзiңiз кiмнен тарайсыз, қай әулеттенсiз?

— Хазiретi Омардың он бiрiншi буынынан тараймын. Ал ендi менiң де үзiрiм бар: аса құрметтi Мәликем, өзiңiз ше — кiмнiң әулетiненсiз?

Мәлике: — Хазiретi Ескендiрдiң (Ескендiр Зұлқарнайын) әулетiненмiн. Осыны айтып Мәлике орнынан тұрып: «Бәрекелде, Ғұлама! Ұстазыңыз бен шыққан тегiңiздi, жерiңiздi Алла тағала нұрға бөлесiн! Ендi мен тек Сiздiң ерiк, құзырыңыздамын» деп тақтан түсiп, Данышпанды тағына отырғызып, басына тәж кигiздi, патшалар ғана киетiн алтын зерлi, шашақты шапанды иығына жапты.

Аталмыш рәсiмнен кейiн Рум шаһарының барша игi жақсыларын Сарайға алдырып ерекше құрмет, салтанатпен оларға сый-сияпат үлестiрдi. Данышпанды таныстырып, бұдан былай елдiң де, өзiнiң де ерiк, тағдыры осы Ғұламаның мойнында екенiн айтып, екеуiнiң тойын өткiзiп, Рум шаһары алты ай бойы сән-салтанатты басынан кешiрдi.

Елден ерек туған — Мәлике мен Данышпан осылайша мұрат-мақсаттарына жетiп, халқының айрықша ықыласына бөленiп, өзiнен кейiнгi ұрпаққа өшпес өнеге, қисапсыз iлiм-бiлiм қазынасын қалдырды. Румның бұдан былайғы өмiршең әулеттерi мен ұрпақтары осы екеуiнен тарады.

 

Өзбек тiлiнен аударған ИСРАИЛ САПАРБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279