Жексенбі, 24 Қараша 2024
2087 3 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 14:09

Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы: «Президент өзінің жігерін көрсетіп келе жатыр»

фото: baigenews.kz

Бір жыл бұрын, қарашаның 26-сы күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті ретінде салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Бір жылдың ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламаларында айтылған мәселелерді шешіп, саяси реформаларды іске асырды. Сол себептен сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы саяси жүйені демократиялық жолмен өзгерту үдерісі жалғасып келеді. Бұл туралы танымал қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед біздің басылымға берген сұхбат барысында айтты.

Журналист: Бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырған болатын. Осы бағдарламада айтылған реформалар қаншалықты іске асты деп ойлайсыз?

Бөріхан Нұрмұхамед: Менің пікірімше айтылған уәде орындалды, жоспарланған барлық мәселе шешімін тапты. Кейбірі бірден жүзеге асты. Ал кейбір мәселе біраз уақыт алатын болғандықтан уақыты созылғаны рас. Мысалы, биыл 45 ауданда әкім сайлауы өтті, халық өз әкімін өзі сайлады. Сенат жаңадан сайланды, тағайындалды, мәжіліс, мәслихат депутаттары сайланды. Осының бәрі үлкен өзгеріс.

Жолдауда айтылғандай, Ұлттық қор қаражатынан жаңа туған нәрестелерге есепшот ашу жөнінде заң қабылданды. Міне, осындай-осындай көп дүние жүзеге асып жатыр. Сондықтан мен президент өз уәдесін орындады деп есептеймін.

Журналист: Сіз өз сөзіңізде кейбір мәселе уақытты талап ететіндіктен бірден орындалмады дедіңіз. Бұл қандай мәселелер?

Бөріхан Нұрмұхамед: Әлеуметтік-экономика талаптарына байланысты айтылған реформалар біртіндеп өз уақытымен жүзеге аса береді. Ол үшін әуелі заң қабылдануы тиіс. Экономикалық мәселелер де бірден шешілмейді. Бірақ бұл бағытта тиісті жұмыс істеліп жатыр. Мысалы сайлау алдында халық арасында несиеге батқандар көп болды. Осыған орай президент өз ойын айтты, қазір бұл мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр. Менің ойымша заң қабылдағанша тағы уақыт керек. Осы бағытта басқа да жұмыстар бар, жоғарыда айтқандай, нақты нәтижеге келу үшін біраз уақыт керек.

Тағы бір маңызды мәселе – шетелге заңсыз кеткен қаражатты қайтару жайы. Бұған байланысты да заңдар қабылданып, комиссия құрылды, жасалатын жұмыс алда.

Реформа туралы айтсақ. Менің ойымша экономика саласындағы реформа халық үшін әлеуметтік саладағы реформадай оңай болмайды. Мұның ауыртпалығы халық үшін айтарықтай болуы мүмкін. Бұл саладағы шешімдер бірден емес, 2-3 жылға созылып қабылдануы мүмкін. Ал нәтижесін төрт-бес жылдан кейін көретін шығармыз. Бірақ президент инаугурация кезінде және оның алдындағы Жолдауында айтқан, саяси бағдарламасында көтерген мәселелер біртіндеп жүзеге асып келеді.

Журналист: Биыл сенат, мәжіліс депутаттары, әкімдер сайланды. Президент өз сөзінде конструктивті диалог орнайды дегенді айтқан болатын. Сіздің пікіріңізше, бұл диалог қаншалықты орнай бастады?

Бөріхан Нұрмұхамед: Шынын айтсақ, бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Президент бұл жерде күллі саяси жүйені өзгертеміз деген әңгімені айтты. Сол саяси жүйеге байланысты заңдар қабылданып, Конституция өзгеріп, сайлау өткізіп, енді біртіндеп өз нәтижесін беріп жатыр. Мысалы ауыл әкімдерін сайлау алдыңғы жылы басталып, әлі жүріп жатыр. Кезек-кезек сайлау өтіп жатыр. Биыл мысалы, аудан әкімдері сайланды. Одан басқа қазір орталықтан кейбір құзыретті облысқа, облыстан аудан деңгейіне аудару жұмысы жүріп жатыр. Президент әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектеновтың айтуынша, президент әкімшілігінің біраз функциясы үкімет деңгейіне өткен. Ол мәселеге енді президент аппараты араласпайды, демек үкімет өз жұмысын дербес жүргізе бастайды. Менің ойымша, бұл жұмыс радикалды жолмен емес, эволюциялық жолмен жүріп жатыр. Сол себептен бұл үрдіс бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Журналист: Ал парламент пен жергілікті органдардың құзыреті қаншалықты кеңейді?

Бөріхан Нұрмұхамед: Қазір Парламент депутаттарының көтеріп жатқан мәселелері өте өткір. Олар үкіметтің жұмысын сынап, өткір сауалдар қояды. Осының барлығы парламенттің жұмысына жатады. Үкіметтің жұмысы тіпті қатты өзгеріп жатыр. Мысалы осы уақытқа дейін болған мемлекеттік бағдарламаның бәрін тоқтатып, жаңа әдістемеліктер қолданып, басқаша көзқарас болады деген үміт бар. Бұрынғыдай қағаз жүзінде ғана «қатырып», халықты, өзін алдауды қояды деген сенім бар. Бірақ шешілмей жатқан мәселе де көп. Бұл енді жүре бара жөнделеді деп ойлаймын. Ал енді бюджет, салық жинау мәселесі, жергілікті деңгейде өткізілетін сайлау жергілікті органдардың жұмысын өзгертіп жатыр, кейін өз нәтижесін беруі керек. Менің ойымша, енді бұл бірнеше жылға созылатын болғандықтан нәтижесін сәл кейінрек көреміз. Мысалы қазір 45 ауданда сайлау өтті, ал 2021-2025 жылдар аралығында 2345 әкім сайлануы керек. Әкімдер сайланып болған соң атқарушы билік толығымен сайланған тұлғалар болады. Олардың орталықпен қарым-қатынасы, қайшылықтары және түсінбеушіліктері де болуы мүмкін. Бұл мәселе мен айтқандай уақыт алады, барлығы оңайлықпен болмайды. Президент өз бағытынан айнымайтынын, берген уәдесін орындайтынын көрсетіп келе жатыр. Тағы бір айтып кететін жағдай, бұл бізбен көршілес елдермен салыстырсақ, үлкен өзгерістер! Бұған қазір ешкім мән беріп жатқан жоқ. Көрші елдерде мұндай өзгеріс мүлдем басталған жоқ.

Журналист: Орта Азия елдерін айтып отырсыз ба?

Бөріхан Нұрмұхамед: Ресей, Орта Азия елдері, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанда алғанның өзінде осылай ғой. Біз қарап отырсақ барығымыз бір «шапаннан», яғни Кеңес одағынан шыққан елдерміз. Оларда бұл мәселе әлі қарастырылмаған, ал бізде әкімдерді халық сайлай бастады.

Журналист: Сіздің пікіріңізше, Конституциялық соттың қайта құрылуы қазақстандықтарға не берді?

Бөріхан Нұрмұхамед: Бұрын Конституциялық кеңеске шағымданатындардың саны шектеулі болатын. Сонымен қатар Конституциялық кеңес шешімдері тек ескерту ретінде жүретін. Ал қазір кез келген саяси ұйым, мекеме немесе жеке тұлға Конституциялық сотқа шағымдана алады. Осындай мүмкіндік пайда болды. Екіншіден, сот шешімі кәдімгідей әсер етіп, белгілі бір шешімдерді тоқтата алады. Олардың сайланған судьялары президент мерзімінен де ұзақ жұмыс істейді, яғни олар президентке тәуелді болмайды. Осы уақытқа дейін байқағаным, бұл сот біраз шешім шығарып, жариялады. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, бізде бұл жүйе жұмыс істеп жатыр. Халық үшін кеңестен гөрі сот болғаны ыңғайлы ғой.

Журналист: Соңғы саяси өзгерістер Қазақстан қоғамын қалай өзгертті деп ойлайсыз?

Бөріхан Нұрмұхамед: Бұл күтілген өзгерістер. Халық мұндай өзгертулерді күтті. Бірақ өзгеріс жылдам болмаған соң белгілі бір деңгейде сенімсіздік туып та жатыр. Мәселен, реформа аяғына дейін бара ма, жоқ па деген күмән бар. Менің ойымша, халық реформаны дұрыс қабылдады, бірақ әзірге берілген мүмкіндікті толық пайдаланбай, қорқа қарап отыр. Мысалы өткен сайлауда көп адам «сайлау бұрынғыдай өтті, үмітіміз ақталмады» деп наразылық білдірді. Кейбіреулер сайлауға түсе алмады, түскені өте алмады. Осы мәселе реформаға деген көзқарасты өзгеруі мүмкін, оны да айту керек. Қоғам бірден өзгерді деп айта алмаймын. Неге? Жылдамдық жетіспей ме, әлде эмоцияға берілмей отыр ма, мұны уақыт көрсетеді. Барлығы әлеуметтік жағдайға байланысты ғой. Халық ішінде несиеге батқаны, қарыздға кіргені көп. Бұл үкіметке немесе билікке ғана байланысты дүние емес, қоғамның өзіне де байланысты. Мәселеге жауапкершілікпен қарау, жауапкершілік сезінбеу бар.

Менің ойымша, президент сайлауынан кейін өткен бір жыл тек бастама ғана. Бұл жылда өтпелі қадамдар жасалды, яғни жүйені дайындады. Президент мерзімінің екінші жылында экономика саласында, әлеуметтік салада өте маңызды реформалар болуы керек. Ал бұл реформалар оңай болмайды. Мысалы соңғы жолдауында президент сегіз мәрте «тариф» деп айтты, яғни суға, жылуға, газға деген тарифтер өсіп жатыр, көтеріліп жатыр. Бұл тек бастамасы. Келешекте тағы да осындай өзгертулер болып, қымбатшылық болса, инфляция қайда апарады? Алайда мұндай реформаларды іске асырмаса да болмайды. Себебі сайлауда алған сенім мандаты жоғары болғаннан кейін сондай қадамға бару керек. Бармайтын болса онда жағдай одан да қиын болып кетуі мүмкін. Сол себептен менің ойымша, бірінші жыл саяси деңгейдегі бастауыш жыл болса, енді экономикалық-әлеуметтік деңгейде болады. Ендеше бұрынғыдан да жоғары деңгейде күш-жігер керек. Қайтпайтын ұстаным керек, реформадан қайтпайтын позиция керек болып тұр. Сондықтан мен алдағы 2-3 жылда көптеген өзгеріс болады деп ойлаймын. Бұған шынайы қарау керек.

Журналист: Әңгімеңізге көп рахмет!

Гүлсара Сыздықова

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584