Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Абай мұрасы 2091 3 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 14:44

Абай білім алу деңгейлері туралы

Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен.

                                                                                           Абай

Өмірді түсіну деңгейі адамның біліміне байланысты. Рухани жетілу барысында адам өмірді көріп-біледі, яғни болмыс сырларын тереңірек түсініп, бойына сіңіреді. Мұндай адам данышпан, азиз, пір деңгейіне көтеріле алады. Бірақ, бұл жоғары деңгейге көтерілу сирек кездеседі. Ол сана-сезім деңгейіне байланысты. Ал сана-сезім деңгейі білім алу түрлері, және оны қабылдау мүмкіндігіне байланысты. Адам өзінің сыртқы сезімдері болып табылатын тәнімен, және ішкі сезімдері болып табылатын рухы, ақыл-есімен өмір көріністерін қабылдап, сезініп, ұғынып-түйсінеді. Өмір көрінісінің өзі білім болғандықтан, өмірді түсіну қабілеті білім алу деңгейін көрсетеді. Өмір көріністерін қабылдап-түйсіну арқылы білімді өсіреміз.

Адам өмірінің жағдайларына, оның сезініп-түйсіну дәрежесіне байланысты алған білім де түрлі деңгейлерде болады. Бұл деңгейлерді Абай толық түсіндіріп кеткен. Ол жиырма бесінші сөзінде былай дейді:

Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады... әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?.. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.

Тән құмары үшін өмір сүретіндерге әуелі мал табуды, тамақ асырауды үйрену керек екен. Сонан соң ғана терең білімге, өнерге ұмтылуға болады. Бұл табиғи заңдылық. Бүгінгі күндері де Абайдың бұл өнегелі сөздерінің үлкен маңызы бар. Мектеп бітірген соң әрбір жастың кәсіптік-техникалық, не болмаса жоғары оқу орнына түсуі оның зердесіне байланысты болсын. Егер баланың оқуы нашар болса, қаржы шығарып оны жоғары оқу орнына түсіруге әлектенудің пайдасы шамалы. Ондай білім алу дүниені босқа шашу ғана емес, баланың өзіне де зиянды. Ол өзінің табиғи қасиеттерін дұрыс орындай алмай, тағдырынан ауытқып, өмірдегі өзіне берілген міндетті орындай алмайды. Баланың келешегі оның қабілетіне байланысты қалыптасуы керек.

Білімге ұмтылыс сана деңгейіне байланысты. Сананың тән, ақыл және ес деңгейіндегі түрлі білім түрлерін Абай жетінші сөзінде былай деп береді:

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген...

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді.

Енді Абайдың осы терең мағыналы сөздерін тарқатып бағайық. Бұл сөздерден адам болмысының қандай болатынын, және оның адами қасиетінің не себептен әртүрлі болатынын көре аламыз. Адам өмірге келгенде екі түрлі мінезбен туады. Мінез адамның құмарлығы не нәрсеге ауса, соған байланысты өзгеріп отырады. Абай оларды жан құмары және тән құмары деп атайды. Жан қасиетіне байланысты құмарлық та екі түрлі. Бұл сөзінде Абай адамның тән құмары мен жан құмарын ашып береді. Соған байланысты білім алудың екі деңгейі болатынын білдіреді. Жан қоршаған ортамен байланыс жасау үшін дене алады, осылай ол өзінің денесін пайдаланып өмірді, және өз-өзін таниды. Сондықтан оның жан құмарынан басқа, тән құмары да бар. Абай «ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды» деп тән қонақ үй тәрізді жанға уақытша берілгенін байқатады. Тән қонақ үй болу үшін оның қажеттілігін орындау керек. Бұл – тән құмары. Қонақ үй, яғни тән жанға қызмет ету керек, сондықтан жан құмары қонақ үй болып табылатын тән құмарынан артық. Бірақ өсе келе тән күш алып, жан құмарын жеңіп кетеді. Осылай тәнді алға қойып, жанды оған бас ұрғызамыз. Бұл – рухани жаңғырудың негізгі кедергісі.

Тән құмарлығы қорғаныс, ұйқы мен тамақ, және ұрпақ қалдыру қажеттілігі. Бұл бүкіл хайуанат әлеміне ортақ. Жан құмарлығы – білім. Білім арқылы жан материалдық болмысты қолданып, өз-өзін тану арқылы тән құрсауынан шығады. Бұл тек қана адамға ғана тән. Адамның білім алу мүмкіндігі бар, ал хайуанаттарда ол жоқ.

Неге білім алу деңгейі барлық адамдарда бірдей емес? Оның себебі тән құмары мен жан құмарының байланысында жатыр. Тән құмары басым болса, жан құмары төмендеп, білімге құштарлық азаяды. Тән құмары жанды надандық құрсауына шырмап, білім алғызбайды. Білім алу үшін ынта керек. Тән құмары билеген адамда ынта болмайды. «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға» деп Абай осындай адамдар туралы айтады. Қайғысыз салғырт жан білімге ұмтылмайды.

Жан құмарын тән құмары жеңбес үшін жанның тәнді басқару сырын білу керек.

Нәрестенің жаны тәнін толық басқарады. Бірақ өсе келе тән күш алып, адамның жанын тәні басқарып кетеді. Туғанынан жан құмары жоғары адам жетілу жолына оңай түседі. Жан құмары – білім, яғни білім арқылы өмірді тану. Ол өмірді әуелі сезімдерімен, өсе келе ақыл, ес, жалған эго деңгейіне көтеріліп, әрі қарай жетілудің шыңы – нағыз эгосына дейін жетіп, оны іске асырады.

Білім деңгейі адамның жетілуіне байланысты болып, оның ой-өрісіне сәйкес келмесе, ондай білім өмірде адамға бөгет болады. Ол берген білімді толық сезініп, дұрыс қабылдай алмайды. Мұндай білім адамның менмендігін көтеріп, психикасын бүлдіреді. Жетілуіне бөгет болады. Өмірде қолдануға келмейтін білім уақыт пен қаражатты босқа сарып етумен бірге, адамның өзімшілдігін өсіреді. Сондықтан, әрбір адам өзіне қандай білім алу керектігін жақсы білуі керек.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3363
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6356