Жексенбі, 24 Қараша 2024
Депутаттық сауал 1833 0 пікір 13 Желтоқсан, 2023 сағат 12:49

Өзі қылмыс жасайтын полицияға ел қалай сенеді?

Фото: parlam.kz

Ит тапқан есірткіні полиция сатып жібереді, сонда қайсысы сенімді?

Ішкі істер министрі есірткі сатқан полицейледі «сатқындар» деп атады.

2023 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы» тақырыбындағы Үкімет сағаты өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Үкімет сағатында баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке өткір сұрақ қойды.


Құрметті Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы!

Ел ішіндегі обадай қауіпті, естіні есінен айыратын есірткімен күресу ең алдымен мемлекеттің, қоғамның міндеті.

Бұл күресте құқық қорғау қызметкерлерінің үлесі көп.

Бұны қазір сіздің баяндамаңыздан байқадық.

Бірақ, құқық қорғау қызметкерлерінің өздері есірткі сату, өткізу үстінде ұсталып жатқаны туралы БАҚ-тағы деректер ақылға сия ма?

Мысалы, биыл еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, тіпті басшысымен бірге, есірткі өткізіп жатқанда ұсталды.

Бұл Астана, Тараз, Қостанай, Алматы, Ақтау қалаларында, ШҚО, БҚО, Алматы облысында болған жағдай.

Бұл полиция қызметкерлері Тәркіленген есірткіні қайта айналымға сатты деп айыпталды.

Бұл не масқара! Қазақ «ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса не себеді» дейді!

Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе!

Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есірткімен күресті кімдерге сеніп тапсырғанбыз?

Биыл күзетші иттер 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Сонда иттер есірткі табады, ұстайды, ал полиция оны сатады?!

Сонда полиция мен иттің қайсысы сенімді болып тұр?!

Яғни, тәркіленген есірткіні жоюды қатаң күшейту керек, полицияның өзіне бақылау қажет!

Сізге қояр сауалым:

1.Мемлекет, қоғам болып бұл аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда, полицияның мұндай қылмысы жайлы не дейсіз?!

2.Құқық қорғау органы қызметкерлері жасаған қылмыстар бойынша ресми статистика бар ма?

Онымен күресуде не істеп жатсыздар?

3.Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға Ел қалай сенеді министр мырза?!

Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме?

Қазыбек Иса

Ішкі істер министрінің жауабын сілтемедегі видеодан көре аласыздар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625