Жексенбі, 24 Қараша 2024
Аймақ 3895 32 пікір 22 Желтоқсан, 2023 сағат 14:23

Семей қаласының көне тарихы

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Қазіргі Семей қаласының аумағы бұрында қимақ мемлекетінің астанасы болғанын көпшілік біле бермейді. Ертіс өзенінің оң жағалауында ІХ ғасырларда Хақан-Қимақ атты қала болғаны тарихтан мәлім.

Тарихшылардың дәлелді зерттеулеріне негізделгенде, бұл қазіргі Семей қаласының орнына сәйкес келеді екен.

Аталмыш көне қала – Қимақия мемлекетінің 840-940 жылдары Бас қаласы екендігі бойдағы қанды тулатып, ерекше күй сыйлайды. Қалада қимақтар құрамындағы тайпа бірлестігінің санымен өлшеп 7 тас мешіт салған деген дереккөздер бар.

Қимақия – мемлекет астанасы. Ертістің орта ағысына орналасқан. 10-ғасырда парсы тілінде шыққан «Әлем шекарасы» («Худуд әл-Әлем») деп аталатын географиялық шығарманың белгісіз авторы қимақтар астанасын Имақия деп атаған. Араб саяхатшысы Тамим ибн Бахрдың (9 ғ) мәліметі бойынша, Тараз қаласынан қимақтар ордасына дейін 80 күн жол жүру керек. Әл-Идрисидің (12 ғ) деректеріне қарағанда, Алакөлден Қимақ ханының қаласына дейін дейін 24 асудан өту қажет. Сонымен бірге қағанның астанасы өте үлкен, жан-жағы темір есіктері бар дуалдармен қоршалған.

Ежелгі Шығыс жазбаларында (9-10 ғас.) Қыпшақ, яки Алаш елінің «Қимақ мемлекеті», ал оның астанасының «Қимақия» (кейбірінде «Қахандық») аталып келгені шындық.

Ұлы Ертістің ұзын саласы «қимақ» (иемек) аталған (қазақша аталуы, әрине, беймәлім) тайпаның атамекені болғаны кәміл. Оның Қыпшақ ұлысы аясына енген көп тайпа-рулардың бірі екендігі күмәнсіз. Ал, өз заманындағы ең ірі Дала мемлекетінің «Қимақ қағанаты» аталу сыры неде? Осыған келейік. Баяндалып отырған 10-11 ғас. Ертіс өңірі Қыпшақ елінің бел ортасына (жер кіндігіне) айналды. Қыпшақ патшалығының астанасы Ертістің орта ағысына орналасуы соның айғағы. Мысалы, қазіргі Астана (Ақмола) қаласы есепті – деген деректі келтірген ғалым, зерттеуші Асан Омаровтың ойларын да ешкім жоққа шығара алмайды. Ғалымның тілдік лингвистикалық тұжырымы тіптен, ерекше, «Сонымен, Қыпшақ елінің «Қимақ қағанаты» аталуы, қимақ тайпасының өзгелерден ірі де басым (доминантта емес, негізінен, географиялық – қоныстық қисынға байланысты деуге ) бейілміз. Ертіс өңіріндегі 6-11 ғас. аралығына жататын оба-қорымдардың бәрі дерлік қыпшақ обалары (жерлеу тәсілі-қыпшақша) болуы сөзімізге дәлел. Демек, «Қимақ қағанаты» термині орнына «Қыпшақ елі» атауын пайдалану жаңсақтық бола алмайды» - деуі дәлелін орнықтыра түседі.

Х ғасырдағы араб саяхатшылары мен ХІІІ ғасырда Дешті Қыпшақты аралауға келген итальян жиһангері Плано Карпинидің жазбасында Ертістің орта сағасында алып шаһардың бар екені айтылған. Қала туралы жазба деректер қалдырған. Тарихшылар сол қаланы – қазіргі Семейдің, Жетішатырдың орны дегенді айтады.

1368 жылы Ақсақ Темір қалың әскерімен Орта Ертіс бойына келіп, бұрын қимақтар салған жеті мешітті қайтадан қалпына келтіргені айдан анық.

Бұл жеті мешіт орыс жазбаларында да айтылады. Орыс патшасы Михаилдің 1616 жылғы 25 сәуірдегі грамотасында "Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек" деп жазылған жарлығы сөзімізге дәлел бола алады. Аталған құжатты орыс ғалымы Г.Миллер Түмен мұрағатынан тауып алып, ғылыми айналымға енгізген.

1660-1758 жылдары көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қалаға «Доржыкент» деп ат қойылады. 1670 жылдары жеті мешіт Доржы дінбасының бұйрығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастрі етіп жаңарта соғылады.

1718 жылы көне Семейден 10 шақырым төменде, Ертістің оң жағалауында І Петрдің жарлығымен әскери қамал салынады. Оған "Семьпалат" деп ат қойылатыны да дау туғызбас шындық.

Ертіс бойындағы адамзат баласының бізге белгілі археологиялық деректері палеолит дәуіріне бастайды. ХХ ғасырдың 90 жылдары Павлодар археологиялық экспедициясы Лебяжье (Аққулы) маңында Ертіс жарқабағына орналасқан Қаратерек ескі қоныстан палеолит дәуірінің тас қаруларының (чоппер, чоппинг) үлкен коллекциясын тапты. Палеомагнитті әдістермен зерттеу барысында тас қарулардың 1,67-1,87 млн жыл бұрын жасалғаны анықталды. Бұл тек қана қазақ жері емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі адам қолынан шыққан көне қару екені сауатты адамға анық айғақ есепті. Осындай нақты ғылми деректерге сүйене отырып Ертіс бойының тарихын, оның ішінде Семей тарихын 1718 жылдан ғана бастайтын тарихи шығармашылықты қабылдамайтындығымызды жасырмаймыз – деген тарихшы ғалым Артықбаевқа келіспеске шара жоқ.

«Бұл жер, біздің өмір сүріп жатқан жеріміз, адамзаттың нағыз алғашқы отаны. Бұл жерде алғаш рет сенім (Күнге тәу ету) пайда болды. Бұл жақтағы өзендер алғашқы адамдарға ана құшағы болса, тау шыңдарын олар әкеге балады. Мен қазір Адам ата мен Хауа ана мекендеген жұмақ Ертіс дариясының жоғарғы жағы деп сенімді айта аламын» деп аса шыбыттана жазады.

Тарихи ғылми деректер бойынша академик Болат Көмековтің зерттеулерінен Жем мен Жайық өзендері Х ғасырларда ақ жəне қара Ертіс деп аталғандығын көре аламыз. Қимақтардың оңтүстік Орал өңірімен бай-ланысы туралы Ф.Арсанова өзінің «О связах племен Верхнего Прииртышья с населением Южного Урала» атты мақаласында, археологиялық деректер негізінде, бұл байланыстың болғандығын жазады. Яғни байланыс, заттай мəдениеттен бөлек, лингвистикалық бағытта жүргендігін айта аламыз. Дəл сол сияқты Моңғолия аумағында қоныстанған ежелгі түркілер кие тұтқан Өтукен тауының аталуына ұқсас топонимдер Башқұртстан территориясындағы кейбір аудандардың жер-су атауларында «Өтəгəн» атауымен есте жоқ ескі заманның жаңғырығы болып сақталып отыр. Осыған сәйкес, Моңғолия аумағынан келген түркі тілдес тайпалардың Ертіс бойына келуі жергілікті халықтың мəдени, тарихи, шаруашылық өміріне өзіндік ықпал еткендігі белгілі. Бұл туралы Жамбыл Артықбаев өзінің «Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей» атты еңбегінде терең де дәлелді тұжырымдарды ұсынады. Осыған тұжырымға сай «Семей» жəне «Семейтау» атауларының қалыптасуы Ұйғыр қағанатының құрамында болып, кейін шығысқа жылжыған тайпалардың əсерінен болуы əбден мүмкін екендігін атап көрсетеміз. Себебі, Қытайдың Ганьсу аймағында тұрақтап қалған Ұйғыр қағанатындағы халықтардың тікелей ұрпақтары саналатын сары ұйғырлардың сөздік қорында «Семей» сөзі «ғибадатхана» мағынасында күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Сары ұйғырлардың тілін зерттеген көрнекті тілші маман С.Маловтың 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақ КСР-нің Ғылым академиясының баспасынан «Язык желтых уйгуров» еңбегінде «Семей», «семе», «семі» сөздері ғибадатхана мағынасында берілген. «Семей» сөзі бізде Семейтау болып оронимде жəне Семей болып топонимде сақталып отыр. Демек, Семей сөзі қимақ тайпаларына келіп қосылған түркі тілдес халықтармен бірге келгендігі анық.
Көне қаланың іргесіндегі неолит дəуірінің тұрақтары, қола ғасырының қоныстары, қола жəне сақ, ғұн, түркі дəуірлерінің жерлеу кешендері осы жерде протоқалалық мəдениеттің алғашқы тұрпайы нышандарының, яғни протоурбандалу үдерісінің осыдан үш-төрт мың жыл бұрын қалыптаса бастағанын айғақтайды.

Орта ғасырларда өмір сүрген араб географы əрі саяхатшысы аль-Идриси: «Ертіс бойын мекен етіп отырған қимақтар темір мен мыс өндіреді, əрі олар қолдарынан керемет, өзгеше бұйымдар туғызатын тамаша ұсталар», - деп жазады. Бұл жазбаша келтірілген дерекпен қазба археологиялық мəліметтер Ертістің жағасынан орын тепкен Семей сияқты қалалардың сонау қола ғасырынан бастап, орта ғасырларға дейін 2000 жыл уақыт аралығында ірі өндіріс орталығы болғандығын дəлелдеп береді. Бұл айғақтар – аймақты ежелгі замандардан бері мекендеген халықтардың негізгі шаруашылық түрінің мыңжылдықтар бойы өзгеріссіз, яғни тұрақты болғандығын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетеді.

Семей қаласы маңындағы екі де, екі жарым мың жыл бұрын жүрген тарихи-мəдени үдерістерді зерттеу ісі 2014 жылдан бері қолға алынған. 2014-2015 жылдар аралығында қаланың оңтүстік-батыс жағындаєы Семейтау, Көкентау тарихи-мəдени аудандарында Ə.Х.Марғұлан атындаєы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нəтижесінде б.з.д. І – б.з. ІІ ғасырлармен мерзімделетін обалар зерттеді. Зерттелген обалардың архитектуралық құрылымы мен табыл- ған артефактлер Семейтау мен Көкентау ескерткіштерінің Жетісудағы үйсін мəдениетімен ортақ тұстары бар екендігі анық дəлелденді.

Тарихшы, лингвист ғалым, зерттеушілердің жүргізген тарихи, археологиялық, лингвистикалық зерттеулеріміздің алғашқы нәтижелері «Семей» сөзі қазіргі Қазақстан аумағына 840 жылы Орхан бойындағы Ұйғыр қағанатының Енесей қырғыздарының соққысынан құлауы нәтижесінде қағанат құрамындағы эймур, баяндур және татар сияқты түркі тілдес тайпалардың батысқа яғни Ертіс бойына қоныстануымен тікелей байланысты болуы мүмкіндігін растап отыр.

Түптеп келгенде, бұл тайпалардың өздері немесе кішкене бөлігі нақ осы бүгінгі Семей қаласы және қала іргесіндегі Семейтау өңіріне қоныстанып, Шығыс Қазақстан мен Алтай аймағында IX-X ғасырларда үстемдік еткен қимақ қағанатының құрамына енген.

Қазіргі күнге дейін зерделеген археологиялық және географиялық деректер Қимақияның, яғни Қыпшақ елінің астанасы қазіргі Семей орнында тұрғанын толықтай қуаттайды.

Жазба ескерткіштер кәне десеңіздер, құнды деректер мұсылмандық Шығыс саяхатшыларынан жетіп отыр. Мысалы, арабтың саяхатшы-ғалымы әл-Идриси Қыпшақ елін картаға түсіреді. Оның астанасы туралы: «Қимақ астанасы-темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» - деп атап көрсетеді. Осы ғалымның жазбасы басқа деректермен толығып Семей қаласы орнында тұрған әйгілі «Жеті сарай» («Семь палат») қимақ дәуірінен жеткен ескерткіш деп топшылау жасауға негіз болды.

Тоғыз жолдың торабында тұрған көне Семейдің сол заманның белгілі шаһарының бірі болмауы мүмкін де емес. Ол – атақты географтар Әбу ибн Хордадбектің «Мемлекеттер және жолдар» (846 ж), Әбубәкір әл-Хаманидің «Қалалар туралы» (903 ж) сияқты елеулі еңбектерде басқа әлем қалаларымен қатар аталған.

Қорыта айтқанда, Ертіс бойын көне заманда тарихтан аттары белгілі қазақ тайпаларының арғы бабалары қоныстанған. Халқымыздың тарихының бір белгісі іспетті, қасиетті атамекен Ертісте табылған көне заттар ұлт мұрасының өткен ғасырлардағы туындылар қатарын көбейткенімен, ғылми археологиялық зерттеу жұмыстарын көптеп ұйымдастыру арқылы ғана қасиетті Семейдің тарихын тани аламыз. Қазақ халқының ежелгі бабалар өткен жолын зерттемей, тұрмыс- тіршілігін білмей әрі әлемдік тарихқа дәлелмен таңбаламай болмайды.

Әдебиеттер:

1- Артықбаев Ж.О . Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей. Павлодар, 2007.)
2- Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия в 1876-1877 годах // Изд. РГО. СПБ., 1881. Вып.1.
3- Жүнісханов. А. «Семей таңы», Тарих. Таным. Таєылым. № 45 (18700) - 3 б. 6 маусым, 2017 жыл.
4- Жүнісханов. А. Археолог. :Оқырман отауы.. -2017 жылғы, 20 қыркүйек, 15 б
5- Омаров. А.Қ. О – 58 Қазақия: тарихи зерттемелер. – Семей, 2012. – 205 б. .:22-23 бб
6- Омаров Асан.Қ. О – 58 Қазақия: тарихи зерттемелер. – Семей, 2012. – 205 б. .:26-27 б.И. 83.
7- Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999-2003 жж. Археологиялық зерттеулер – Семей, 2004. – 184 б. :18 б.

Омарғалиев Ерік,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі. Зерттеуші ғалым

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572