Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 3530 13 пікір 23 Желтоқсан, 2023 сағат 15:08

2023 жылдың соғыс хроникасы

Өтіп бара жатқан 2023 жыл ауа температурасы өте жоғары, ең ыстық жыл ретінде ғана емес, Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі қантөгіс көп болған, қанды жыл есебінде тарихта еніп барады.

Африкадағы, Таяу Шығыстағы билік үшін болып жатқан қақтығыстар толастаудың орнына тағы жалғасты. Олардың алдынғы легінде Сирия, Иемен, Ирақтағы ішкі соғыстар, Қара құрлықтағы Конго, Уганда, Танзаниядағы ұзақтан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстарды, Мексика мен Коломбиядағы наркомафиялармен үкімет әскерінің бітіспес жаулығын атауға болады.

2023 жылы ақпанның 24-і күні Ресей-Украина соғысына жыл толды. Соған орай Америкадан кейінгі ықпалды ел Қытай тарабы 12 тармақтан тұратын бейбітшілік келісімін ұсынғанымен, Зеленский мен Одақтастары «бір жақты жазылған» деп, одан бас тартты.

Сәуірдің он бесінде тағы да сол Қара құрлықтағы Суданда қорғаныс күштері мен әскери құрылым арасында қарулы қақтығыс басталып, арты азаматтық соғысқа ұласты. Соғыс басталған күні 56 адам мерт болып, 595 адам жараланды.

Мамырдың 27-і күні Ауғанстан мен Иран шекарасында қарулы қақтығыс орын алды. Салдарынан екі тараптан жиыны 14 адам оққа ұшқан. Даудың басы суға таластан туындаған. Иран тарабы Тәліптерді «екі тарап 1973-жылы қол қойған келісім-шартты бұзды, Гильменд өзенінің Иранның қағыр шығыс өлкелеріне баратын ағынын бұрды» деп айыптады. Екі ел шекарасы әлі де тыншыған жоқ. Желтоқсанның басында тағы да оқ атылды. Тәліптер билігін мойындамаған өзге де қарулы топтар шекараға ығысқан.

2023 жылдың қазан айы қаралы ай ретінде әлем жұртының есінде қалды. 7 қазанда Газадағы ХАМАС тобы жөйттер еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, Израиль жеріне баса-көктеп кіріп, неше жүздеген адамды барымтаға алды. Израиль әскерінің кек алу соғысынан бүгінгі күнге дейін Газаның 20 мың бейбіт тұрғыны қаза тапты. Солтүстік Газа аймағын жермен-жексен еткен Израиль әскері енді Газа халқын оңтүстіктен де кетуге үндеп отыр. Соғыстың бүкіл Орта Шығысты шарпитын түрі бар.

Иеменнің билікке қарсы Хусит әскери тобы Қызыл теңізден өтетін жүк кемелеріне шабуылды күшейткеннен кейін, Америка бас болып, теңіз жолы тасымалының қауіпсіздігін қорғайтын коалиция құрып, Иемен партизандарына соққы беруге шешім қабылдады. Оған АҚШ-тың одақтастары қолдау білдіргенімен, Араб елдері әліптің артын бағып тұр. Сауд Арабиясы қосылса, Хусит тобының артқы тірегі делінетін Иран оған наразы болып, көктемде қайта жанданған екі елдің ара-қатынасы кері кетуі мүмкін.

Қазан айының 27-күні ежелгі жау Үндістан мен Пәкістан арасында да қарулы қақтығыс орын алды. Екі жақтанда адам шығыны бар. Мьянмадағы қарулы қақтығыс әрі жалғасып жатыр.

«Бломберг» агеттігінің мәліметі бойынша, 2023-жылы әлемде 183 қарулы қақтығыс орын алған. Соңғы 30 жылдағы ең жоғары шекке жеткен.

Бейне бір Американың саяси сәуегейі Хантингтон болжаған «өркениеттер қақтығысы» заманы келді ме дейсің?.. Жыл бойы орын алған соғыстардың дені діни сенім, тарихи этнографилық себептен туындаған жер дауы, саяси құрылымдық теке-тірес факторлары да алдынғы орында. Әсіресе өзіміз орналасқан Орта Азияда тіршілік нәрі суға таластың ширығып келе жатқанын байқауға болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейік!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1442
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5183