Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2833 0 пікір 9 Қазан, 2013 сағат 08:26

Динара Мыңжасарқызы. Майлы етті жақтырмайтын министр отандық өндірушілерге кесірін тигізбей ме?

Соңғы кезде кейбір шенеуніктер мәселенің байыбына бармастан, тілінің ұшына оралған пікірді бүкпесіз ақтара салатынды шығарды. Ал былайғы жұрт елдің түрлі салаларын басқарып жүрген басшыларға қарап бой түзейді десек, қателеспейміз.

Жоғары лауазымды қызметті қолына алған ведомство басшылары әуелі мемлекеттік, қоғамдық мүддені басты орынға қоюы тиіс. Десе де, кейде өздерінің күмәнді ұстанымдары мен шикі ұсыныстарын сол күйінде мәлімдей салу белең алып отырғаны жасырын емес. Мұндай жағдайдың ел арасында түсінбестік, дүрдараз пікірлер мен кикілжіңдер тудыратыны тағы бар. Бұлай деуімізге не себеп? Жақында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәжілістегі бір отырыста: «Ауыл тұрғындары майлы ет жеуден бас тартсын! Оны майын сылып алып тастап жесін. Әйтпесе, оларға тікұшақпен «Фестал» таратып беруге мемлекеттің ақшасы жоқ», – деп қой көрмегеннің сөзін қойып қалыпты. Министр ханымның осылайша «алаңдаушылық» білдіруін қалай түсінуге болады? Бұл басқа-басқа, барша халықтың бүгінгі ахуалын көріп-біліп отырған министрдің тарапынан айтылатын уәж бе еді? 

Соңғы кезде кейбір шенеуніктер мәселенің байыбына бармастан, тілінің ұшына оралған пікірді бүкпесіз ақтара салатынды шығарды. Ал былайғы жұрт елдің түрлі салаларын басқарып жүрген басшыларға қарап бой түзейді десек, қателеспейміз.

Жоғары лауазымды қызметті қолына алған ведомство басшылары әуелі мемлекеттік, қоғамдық мүддені басты орынға қоюы тиіс. Десе де, кейде өздерінің күмәнді ұстанымдары мен шикі ұсыныстарын сол күйінде мәлімдей салу белең алып отырғаны жасырын емес. Мұндай жағдайдың ел арасында түсінбестік, дүрдараз пікірлер мен кикілжіңдер тудыратыны тағы бар. Бұлай деуімізге не себеп? Жақында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәжілістегі бір отырыста: «Ауыл тұрғындары майлы ет жеуден бас тартсын! Оны майын сылып алып тастап жесін. Әйтпесе, оларға тікұшақпен «Фестал» таратып беруге мемлекеттің ақшасы жоқ», – деп қой көрмегеннің сөзін қойып қалыпты. Министр ханымның осылайша «алаңдаушылық» білдіруін қалай түсінуге болады? Бұл басқа-басқа, барша халықтың бүгінгі ахуалын көріп-біліп отырған министрдің тарапынан айтылатын уәж бе еді? 

Шын мәнінде, министр ханым ауыл тұрғындарының бәрінің «майлы ет жеп, аузынан сары май ағып жүргенін» қайдан көріпті? Дәл осылай айтпастан бұрын, қазіргі ауыл халқының жағдайына бір мәрте көз жүгіртсе қайтер екен? Оның түк те қиындығы жоқ. Министр ханым бір-екі күн шалғайдағы елге іссапармен барса болғаны. Тіпті, халық үшін жұмыс істейтін министрлік елді мекендердегі бұқараның әлеуметтік тұрмысына қанық па?

Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова орынсыз пікір айтамын деп, көпшіліктің ызасын туғызған сияқты. Себебі, бүгінде баяғыдай өрісі төрт түлікке толы ауыл жоқтың қасы. Қора-қора мал баққан уақыт келмеске кеткелі қашан. Жылдан-жылға ауыл тозып, малдың басы күрт азайып барады. Атап айтқанда, 2013 жылдың 1 шілдесінде құстың саны 38 390,3 мыңнан 37 785,2 мыңға, қой-ешкі 23 553 мыңнан 19 911 мыңға, ірі-қара 6977,4 мыңнан 6971,7 мыңға, түйе 194,1 мыңнан 183,2 мыңға төмендеген. Сосын екі қолға бір күрек таппаған жұрт қаланы паналап, нәпақа табуда. Ол ол ма, ауылда тұрса да, қорасында тышқақ лағы жоқ отбасы жетерлік қазір. Тіпті, кейбірі майлы етті өңі тұрмақ, түсінде сирек көре бастаған. Шыны керек, «майын сылып алып тастамақ» түгілі, арық етке де әрең қол жеткізіп жүргендерді де көріп келеміз сол ауылдан. Сөйте тұра, министр ханым «ауыл тұрғындары майлы ет жеуден бас тартсын!» дейді жұртты мазақ еткендей болып. 

Қазір халықтың денсаулығы мәз емес. Мәселен, бүгінде медицинаның бетпе-бет келіп отырған мәселесі – қаназдық. Бұл ауру құнарлы тамақ аузына тие бермейтін адамдарда жиі кездеседі. Соңғы кезде ауыл тұрғындары, оның ішінде жүкті әйелдердің 85 пайызы қаназдық ауруынан зардап шегеді. Себебі, олардың ағзасы министр ханым жеуге тыйым салған «майлы етке» шөлдеп тұр. Егер болашақ ана етті күнделікті тұтынса, қаназдықты жеңетін бұдан асқан тағам жоқ екен. Ертеде көшпенділікпен өмір сүрген заманда майлы ет жеген қазақ денсаулығына өкпе артпаған. Керісінше, қазақтың «ет – етке, сорпа – бетке» деуінің өзі ет жемесе тұра алмайтынын анық аңғартқандай. Ал Салидат ханым «майлы ет» жеген ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмекті өз қалтасынан беретіндей, «мемлекеттің ақшасы жоқ» деп, Ұлттық қорында 64 млрд. доллардан астам актив қаржысы жинақталған Қазақстанға жаны ашығансиды. Ол ол ма, қияндағы ауыл халқына дәрі тікұшақпен жеткізіліпті дегенді алғаш естігенде таңданыстан естен танып қала жаздады кейбіреулер. 

Кезінде денсаулық сақтау саласын басқарған экс-министр Жақсылық Досқалиев те 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын әзірлеуді қолға алып, Қызылжар қаласына барған іссапарда: «Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылдан бастап алкогольдік ішімдік пен темекіден зардап шеккен адамдарды тегін емдеуден бас тартпақшы. Зиян әдеттердің кесірінен немесе техника қауіпсіздігін сақтамағаннан зардап шеккен адамдар жартылай ақысын төлесін!» деген күмәнді ұстанымын айтып, жұрттың ашуын келтірген еді. Бұдан кейін онсыз да коррупцияның ошағына айналған медицина мекемелері ішімдіктен зардап шеккендерден жедел-жәрдем қызметін көрсеткені үшін ақы да сұраған. Сорақысы сол, ешқандай заңдық негізі жоқ бұл ұсыныстың дәрігерлер арасында қолдауға ие болуы адамгершіліктен гөрі, ақшаның биік тұратынын анық дәлелдеді. 

Әрбір адам – мемлекеттің зор байлығы. Халық болмаса, түрлі шенеуніктердің де, Денсаулық сақтау министрлігінің де түкке керегі жоқ. Министр ханым әу баста қызметке тағайындалар кезде кімнің денсаулығына жауапты екенін жүрегіне жақын қабылдап, сезінді ме екен? Еліміздегі 17 млн. халықтың денсаулығының жақсаруын қадағалап, оған барлық ем-домды көрсетуі тиіс министрлік өздерінің тікелей міндетін дұрыс атқармауларын «майлы ет» жегендердің өз мойнына артып қоймақшы ма? Бұл әрбірден кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елімізде ет өндірісінің экспорттық әлеуетін дамыту жөнінде: «Ол үшін етті мал шаруашылығын дамытып, 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Бұл міндетті ойдағыдай орындаудың негізгі алғышарттарының бірі, мал тұқымын асылдандыру болып табылады. Ғылыми негіздерге сүйенсек ет, сүт өнімдерін мол әрі сапалы өндіру үшін асыл тұқымды мал басының үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс» деген саясатына қарсылығын танытып отырған жоқ па? Бұл отандық ет өндіру ісіне кері әсерін тигізбей ме? 

Өкініштісі сол, әлгіндей өрескел пікір басқа емес, тағы да Денсаулық сақтау министрлігінен шыққандығы. Ел-жұрттың арасына жиі шығып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысымен етене жақын болуы тиіс министрдің түске кіретін «майлы етті» жеуге тыйым салып, мемлекеттің «Фесталға» кететін азын-аулақ ашқасын қорғап, буынсыз жерден пышақ ұруын аңдамай сөйлегенге жатқыза алмайсыз. Рас, дәрігер ретінде жекелеген адамға, пышағы майдан кеппейтін, жүректерін шылқа май басқан шенеуніктер мен мінсе төбедей «Джипті» теңселтетін төрелерге «ағзаңда холестерин көбейіп кеткен, етті аз же» деп айтуына болар. Ал Салидат ханымның осы саланы басқарып отырған министр ретінде жалпы халыққа «майлы ет жеме немесе майын сылып тастап же» деуіне моральдық жағынан құқы бар ма?! 

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338