Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2235 8 пікір 19 Қаңтар, 2024 сағат 13:44

БҰҰ миссиялары: Қазақстан бітімгерлері Таяу Шығысқа аттанады

Парламент БҰҰ миссияларына қатысу үшін қазақстандық әскерилердің Жолдауын мақұлдады. Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингенті 2024 жылдың наурыз айынан бастап жіберіледі.

Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингенті Голан биіктігінде аттанады. Еліміз БҰҰ мен бітімгерлердің алғашқы дербес контингентін жіберу туралы шарт жасасады. Енді осы туралы оқырмандарымызды толық хабардар етпекпіз.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 19 қаңтарда Парламент отырысында Қазақстан БҰҰ бітімгершілік миссиясына не үшін қатысуы керектігін айтты.

Енді БҰҰ бітімгершілік миссиясына әскерилеріміздің қатысуының тарихына тоқтала кетейік:

ҚР Қорғаныс министрлігінде Қазақстанда қанша бітімгерші әскери қызметші бар, оларға қалай ақы төленеді, олар қандай елдерде қызмет етеді, сондай-ақ қандай миссияны орындайды.

2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлер ретінде БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д 'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы мен Ливандағы миссияларына қатысты.

2018 жылдан бастап бітімгершілік бөлімшесінің құрамында 538 қазақстандық әскери қызметші «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. Тәуелсіздік жылдары БҰҰ қамқорлығындағы миссияларға мыңға жуық әскери қызметші, оның ішінде алты әйел әскери қызметші қатысты.

Қазіргі уақытта қазақстандық әскерилер БҰҰ миссияларында қызмет етуде: алты офицер - Батыс Сахарада, екі офицер - Орталық Африка Республикасында, екі офицер - Конго Демократиялық Республикасында, тоғыз әскери қызметші - Ливанда.

Қазақстандық бітімгершілер мынадай миссияларға қатысты:

2003-2008 жылдары - Ирак Республикасында,

2007-2009 жылдар - Непалда,

2014 - қазіргі уақытқа дейін - Батыс Сахарада,

2015-2017 жылдары - Кот-д 'Ивуарда,

2018 жыл - қазіргі уақытқа дейін - Ливан Республикасында,

2022 жыл - қазіргі уақытқа дейін - Орталық Африка Республикасында,

2022-2023 жылдары - Мали Республикасында,

2023 жыл - қазіргі уақытқа дейін - Конго Демократиялық Республикасында.

Бітімгерші әскери қызметшіні әлеуметтік қамсыздандыруға келетін болсақ, ол «Бітімгершілік қызмет туралы» Заңның 16-бабына сәйкес үш есе ақшалай қаражатпен жүргізіледі.

Әрбір миссияда қызмет өткеру мерзімі мен кезеңі жеке, мысалы, Ливанда ҚР ҚК әскери қызметшілері 6 айдан бір жылға дейін, Конго Демократиялық Республикасында, Батыс Сахарада - 1 жыл қызмет өткереді.

Ұлттық контингентті қалыптастыру кезінде әскери қызметшілерді іріктеу үшін Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты бөлімшелердің, әскери бөлімдердің, құрамалардың, әскери оқу орындарының комиссиялары тағайындалады. Бағыттар бойынша кандидаттардың жиындарын өткізудің өзіндік тәртібі бар. Осы сынақтан өткендер бітімгер атана алады.

Болашақ бітімгерлер ағылшын тілін, дала медицинасын, радиобайланысты, миналар, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар мен жарылмаған снарядтар туралы білімді, күш қолдану ережелерін қарқынды меңгереді, сондай-ақ халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын зерделейді.

Қорғаныс министрлігінде атап өткендей, БҰҰ басшылығы қазақстандық әскери қызметшілердің жауынгерлік машығына жоғары баға берді және БҰҰ миссияларындағы қазақстандық бітімгершілер санын ұлғайтуға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Көптеген қазақстандық офицерлер бітімгершілік қызметке қосқан жеке үлесі үшін медальдармен марапатталған және миссия қолбасшылығының алғысы бар. Бітімгершілік қызметті қолдау және жанжалдарды реттеу әрқашан әлемдік қоғамдастықтың назарында болады.

БҰҰ бітімгершілік миссияларына контингентті жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да ықпал етеді. Жақында БҰҰ инспекциялық тобы бітімгершілік операцияларға қатысуды жоспарлап отырған қазақстандық әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі мен дайындық деңгейіне жан-жақты тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша БҰҰ сарапшылары бітімгершілік контингенттің жеке құрамын даярлаудың жоғары деңгейін және бітімгершілік операциялар орталығының нұсқаушылар құрамының кәсібилігін атап өтті.

Бүгін ҚР Парламенті Қарулы Күштердің әскери персоналын жіберуді мақұлдады - бұл резерв ротасы, штабтық офицерлер, әскери бақылаушылар және мамандандырылған бөлімшелер, олар БҰҰ миссияларына қатысу үшін 430 адамнан аспауы тиіс:

1. «Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі БҰҰ күштері» (UNDOF, Сирия-Израиль).

Барлығы 1256 бітімгерші, оның ішінде 1131 әскери қызметші (штабтық офицерлерді қоса алғанда) өрістетілді, Негізгі қатысушы елдер: Непал - 415 бітімгерші; Уругвай - 214 бітімгер; Үндістан - 200 бітімгер; Фиджи - 149 бітімгер; Ирландия - 134 бітімгер және басқалары.

2. «БҰҰ-ның бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау жөніндегі органы» (UNTSO, Палестина-Израиль).

Барлығы 380 бітімгерші, оның ішінде 148 әскери қызметші (әскери бақылаушылар мен әскери сарапшыларды қоса алғанда) орналастырылды. Негізгі қатысушы елдер: Финляндия - 14 бітімгер; Ирландия - 12 бітімгер; Нидерланды - 12 бітімгер; Норвегия - 12 бітімгер; Австрия - 11 бітімгер; Дания - 11 бітімгер; Швейцария - 11 бітімгер және басқалары.

3. «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан).

Барлығы 23 878 бітімгерші, оның ішінде 17 000 әскери қызметші (әскери бақылаушыларды, штабтық офицерлер мен әскери сарапшыларды қоса алғанда) орналастырылды. Негізгі қатысушы елдер: Руанда - 2648 бітімгерші; Үндістан - 2400 бітімгер; Непал - 1751 бітімгер; Бангладеш - 1630 бітімгер; Қытай - 1053 бітімгер және басқалары.

4. «БҰҰ-ның қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Абьее жөніндегі уақытша күштері» (UNISFA, Судан).

Барлығы 4556 бітімгерші, оның ішінде 3550 әскери қызметші (әскери бақылаушыларды, штабтық офицерлер мен әскери сарапшыларды қоса алғанда) өрістетілді. Негізгі қатысушы елдер: Гана - 654 бітімгер; Үндістан - 588 бітімгер; Пәкістан - 586 бітімгер; Бангладеш - 508 бітімгер; Вьетнам - 190 бітімгер және басқалары.

Жалпы, бітімгершілер бітімгершілік базаны күзетуді қамтамасыз ету, қарауылдау, ізгілік жүктерді айдауылдау және алып жүру, блок-бекеттерді ұйымдастыру және азаматтық халықты қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға дайындалуда.

Журналистер Руслан Жақсылықовтан Қазақстанға БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу не үшін қажет екенін және біздің еліміз осылайша әскери қақтығыстарға тартыла ма деп сұрады.

«Біз әскери қақтығысқа тартылмаймыз, БҰҰ міндеттеріне сәйкес бітімгершілік функцияларды орындаймыз. Мен сіздерге бұл біздің мемлекетіміз үшін және әскери қызметшілер үшін өте құрметті миссия екенін айтамын. Біздің рота құрамында бірінші кезекте бітімгершілік бөлімшелер - барлау, инженерлік-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелер бар», - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінің басшысы.

Ол сондай-ақ қазақстандық бітімгершілердің миссияны орындау кезінде қаза болу ықтималдығы қандай екенін айтты. Министрдің айтуынша, әскери қызметшілерге негізінен «тұрмыстық жағдайлар» қауіп төндіруі мүмкін».

«Өздеріңіз білесіздер, әскери қызмет ерекше қиындықтармен байланысты. Біз әрқашан қауіп-қатер аймағында, соның ішінде бейбіт уақытта да боламыз. Миссияны орындау барысында тұрмыстық жағдай болмайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды», - деді Руслан Жақсылықов.

Оның айтуынша, бітімгершілік миссияға қатысатын әскери қызметшілерде сақтандыру болады. Министр атап өткендей, «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы» Заңға сәйкес әрбір әскери қызметші келісімшарт жасасқанда мемлекет сақтандырады.

Осылайша қазақ бітімгерлері әлем тыныштығын сақтау үшін осындай тындырымды іс атқаруға кіріседі.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404