Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2713 5 пікір 26 Қаңтар, 2024 сағат 14:39

Аңдысу

Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған бұл тарихи эсселер Шынжаңда туып, сонда қайтыс болған Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» атты жинағынан алынып отыр.

Бұл кітапты құрастырушы, ақын Шаяқмет Қалиұлы: «Құрметті оқырман қолдарыңыздағы бұл кітап, кешегі өткен ұлы даланың дана қарттарының данышпандық жолын өзіне үлгі етіп, жазылмаған дала заңының дарқан байлығынан аз-кем сусындаған нар көңіл, шалқар ойлы, бір ауылдың асқар таудай айтулы ақсақалы Құдайберген Сәйдуақасұлының тірісінде ел аузынан айтылған санмыңдаған салиқалы әңгімелерінің  хатқа түсіп қатталып қалған бір парасы ғана.

Құдайберген қағылез қабілетінің арқасында ғана өмірде өз көзімен көрген-білгенін, естігенін зерделі көңіліне зер жіппен тоқып алған бай да бақуатты қазынасын соңғыларға  естелік ретінде, қарапайым қара сөзді негіз етіп жазып қалдырушы.

Қалай десек те, «көненің көзі, ескінің ізінен» қалған ащы да тұщы ата-баба тарихы, болашақ ұрпақтарға  өр рух, шалқар  шабыт беретін, басатын әр қадамына даңғыл да дана жол сілтеп, бағыт-бағдар нұсқайтын құбыланама екені даусыз. Сондықтан  көзі ашық көкірегі ояу оқырман қауымға: бұл кітапті айтулы жазушылар көсілтіп  жазған көркем шығармалар мен салыстыра қарамай, тарихи шындықтарды негіз еткен елеулі эсселер, әмбебап әңгімелер топтамасы деп қабылдауын жөн көремін», - деп жазыпты.

Бұл кітап Шыңжаңда басылып шыққан, ішінде сіз бен біз көп біле бермейтін тарихи шындықтар бар. Сондықтан біз бұл кітаптағы эсселерді қазақтың рухани өміріне қосылған құнды дүниенің бір парасы санай отырып, бүгіннен бастап, ретімен жариялап тұруды жөн санадық.


Аңдысу

Ленин басшылық еткен большевик өкіметімен соғысқанына екі жылдан асқан ақ патшаның байшыл өкіметі күннен-күнге ойсырап бірталай ірі қалаларынан айырылып дербес армиясының құты қашып, тағының талқаны шығуы мүмкін болып отырған Ресей патшасы әбден тұйыққа тірелгенде, қазақ даласынан солдат алып, әскери күшін қайта толықтауға мәжбүр болып, 1916 жылы «Июнь жарлығын» (Ресей патшасы Николай ІІ-нің 1916 жылы 25 маусымдағы «Бұратана» халықтардың өкілдерін тылдағы жұмысқа алу жөніндегі жарлығы) шығарды.

Осыдан екі жыл бұрын, алты-жеті жыл ауыл молдаларынан ескіше оқыған қазақ балаларынан «Орынборда оқытамыз» деген бұйрық бойынша, әр болыстық жерден үздік оқыған балалардан ерікті түрде үштен-төрттен бала кеткен екен. Осылардың бірі болып, менің әкемнің Сыдық деген бірге туған інісі кетіпті. Сол жылдары үлкен әкем, яғни атам Бақы деген кісі Ағымсары елінде би, Қайшыбек деген адам болыс екен.

1915 жылы жаздық каникулға келіп қайтқан болыстық жердің осы балалары сол кеткеннен хат-хабарсыз кетіп, туған жер топырағына қайта оралмапты.

«Июнь жарлығы» Қазақ даласына таралысымен Қарқара оязы Ақжелке (ел осылай атап кеткен) әр жылы мамыр айында басталатын Қарқара жәрмеңкесінің басталуымен  Албан елінің алты болысынан ел басшыларын шақырып, жастардан солдат алу туралы бірнеше рет жиналыс өткізген болатын.

Шаруашылығы шалқып, далиып кеткен кең өлкеге бытырай қоныстанған елдің өкіметі өз қолымен сайлаған би, болыстары ғана болмаса, ел басыларын түгел жиналуы қиын болып, жан-жаққа шабарман жүргізіп, шақырусыз да базарға саудамен келгендерді иіріп алған Ақжелке, соңғы жиналысын бүгін ашып, патшаның қазақ бұқарасына жолдаған бұйрықты құжатын қайта оқып, «бұқарадан солдат алу, оларды әскери тәртіпке үйретіп  жаттықтыру, патшалық Ресейге төніп отырған жауға бірлікте қарсы тұрып, байтақ жермен бақытты елді қаз-қалпында сақтау, тек шаруашылықпен ғана күн кешіп, басқамен аса ісі болмаған қазақ бұқарасынан бұл рет солдат алу арқылы өркениетін өсіріп, өнімін молайтып, мәдениетті жұрттар қатарына қосу. Қазір большевиктер соғыста қанша құтырынса да, патшалық Ресейдің ержүрек батыр солдаттарының қайтарма соққысына шыдас бере алмай кейін шегінгені, Ресей армиясы күннен-күнге қайта күшейіп, бірталай ірі қалаларды қайтарып алғаны, күллі Ресей халқы патшаны қолдап отырғаны» жайлы тағы да үйреншікті сөзін көпіртіп барып тоқтады. Құты кетіп, қисыны қашқан мұндай жағдай да жаттамалы сөзден әбден мезі болған халық, мынауың қайтсе де алмай қоймас па екен? Ел басыларына сөз кезегі берілсе, нендей жауап қайтарар екен? деп үнсіз тыңдап отырғанда, «Бүгін рұқсат бойынша ел басыларының ғана пікір айтуына болады» деген аудармашының сөзі лезде тыныштықты бұзып жұрт назарын шоғырландыра түсті.

Ескертуді естіген елдің бәрінің есілдерді  кім сөйлер екен, не жауап берер екен дегендей, алдыңғы қатарда отырған би, болыстарға жалтақ-жалтақ қарағыштай берді. Жұрт көзін көкейімен түсініп отырған би, болыстар ішінен алдымен сөзді бозым руының аталы болысы Ұзақ батыр алды. Арғы атасынан беріқарай аруақты батыр атанып жүрген сыпайы мінез, сылдыр сөзге аз, қарадүрсіндеу Ұзақ басын биіктеу ұстап, кеудесін керіңкіреп тамағын бір-екі кенеп алды да, қалыптасқан өр мінезіне салып күркіреген  жуан дауыспен: «Солдатқа бала бермейміз», – деп, бір-ақ кесетіп айтып, сөзін қостатқандай дүйім елге жалт қарағанда, онсызда құсадан жарыла жаздап зорға шыдап отырған жұрт дүр етіп: «Солдатқа балаларымызды бермейміз, бермейміз!» деп, айбарлы ашуға басыңқырап, орындарынан қозғалақтап барып тоқтады.   Ілкіде «Солдатқа бала бермеу бір ғана болыстың пікірі емес, бүкіл  қазақ елінің бірлігі болғаны ма?» деп ойлаған Ақжелке: «Қайта зіркілдеуді қазірше шыдамсыздық болар, бұларды сабаусыз-ақ сабасына түсірер айла қарасам қайтеді» деп бір ойлады да: «Жиналыс ертең тағы да болады, бүгін де келген адамдар толық емес, адамдар елді-жерді қорғауды түсінеді, бүгін осымен тарқасын, жиын тарады, болыстар мен билер жәрмеңке шатырына  қонсын, аттары солдаттар арқылы бағылады, өздері тамақтанады, қаражат ақша ұлы патша қазынасынан шығарылады. Бүгін келген қауым ертең тағы да келетін болсын», – деді.

Бүгін жиын кешегіден жайырақ басталды да, адам саны кешегіге қарағанда недәуір көп болды. Өйткені, кешегі жиынды бірінен-бірі естіген ел аларман-сатарманы болмаса да, мынандай сүркейлі жиының немен тынарын  көргілері келіп, елеқызып отырған болатын.

Қабағы қатулы ояз жиналған елді оқты көзімен бір шолып өтіп: «Бүгін шуламаңдар, мен бір-бірден сұрақ сұрап жауап аламын. Сонда жиын тәртіпті,  жақсы өтеді. Әрі айтылған сөзде толық естіледі», – деп, дөң айбат көрсетіп, айбар шегіп елді тыныштандырып, сұрақ қоюуға ыңғайланды.

Жиынды ертеңге қалдырып, түнімен ойланған Ақжелке бар айтпақшы болған ойын үш-ақ сұраққа жинақтап алған болатын. Болыстар да қарап жатпай түнімен өз-ара ақылдасып, «ертең төре не айтады, нені сұрайды, ал өзіміз не  демекпіз?» деп әркім толғана бастағанда жас болыс Әбдіхалық:

«Біздің оқуға кеткен балаларымыздың қайда екендігінен  елдің қабары жоқ, бүгін тағы да солдатқа жастарымызды аламын деп отырсың, әуелі алдыңғы кеткен балаларымызды ауылға қайтарсын деп неге айтпаймыз?» – деді. Бірінің сөзін бірі қостаған адамдар осы бір түйінге тоқтала бергенде, манадан бері ауыр ой құшағында  ауқымды бағып отырған Жәмеңке кария сөзге араласып: «Қазірше бұл пікірді айтпағанымыз жөн ғой деймін, өйткені патша солдатқа бала сұрап отырса, оған бұқара болып отырған еліміз бергенді қойып, оқуға кеткен балаларымызды қайтарып берсін десек, онсыз да секем алып, сергек отырған патшаға сенімсіздік тудырып аламыз. Алдыңғы жиында Ұзақ батырдың осыны айтпағаны жөн болды. Айтып салғанда аңдып отырған аждаһаның аузына ап етіп  түсер едік. Мыңым өлгенше бірім өлсін деген елміз ғой. Ол аз санды жастарымызды бір Құдайдың құзырына тапсырып, тілеуін тілеп, ендігі аламын деген жастарымызға арашашы бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, осыны ойлаңыздаршы ағайын?!» – деді. Аз үнсіздіктен кейін барлығы ойлана келіп, осы пікірді қостап, ертеңгі жиында болатын сөз тізгінін жасы жетпістен асқан кәрі тарлан Жәмеңкеге  ұйғарған болатын.

– Кане, кім жауап береді? Мен сұраймын, – деп сауал қоюға ыңғайланған төре орнынан тұрғанда, бір-бірлеріне қарасып түндегі бірліктері бойынша барлығы Жәмеңкеге қарап «Сіз» дегендей иек қағысты.

Жәмеңке Албан елінің құсық деген руы еді.  Ояз: «Жауап беретін адам орнынан тұрсын» дегенде, ауыр  денесін аяусыз бір күш кернеген Жәменке орнынан лып етіп сергек түрегелді. «Сіз кім боласыз?», – деп, аты-жөні, билік мәнсабын анықтап, ашалап сұраған ояз хатшысына жаздырып қойған соң:

– Сізден сұраймын. Сіз білесіз, сізді ел сайлап, патша мөрін басып бекіткен адам, жақсы-жақсы жауап айтасыз, ә! – деп сұрауын бастады.

– Бірінші, қазақта  «ұзын құлақ» деген бір сөз бар екен. Бұл қалай айтылған сөз? – деді.

«Сұрқияның сұрағының сұмпайысын көрдің бе? Қиян кескі соғыстың болып жатқанын қазақ естіп, сол үшін солдатқа бала бермейміз деп, отырсыңдар ғой дегені емес пе кәпірдің!» деп, тізелесіп отырған ел бір-бірімен күбір-күбір сыбырласып қойды. «Сыбырдың  аяғы қыбырға айналып кетпесін» дегендей төрені төңеректеп  жүрген төбет солдаттардың біреуі: «Көпшілік тыныш отырыңдар»», – деп, екі қолын кезек сілтеп,  жиын тәртібіне шақырып, жұртты тыныштандырып, сақтық танытты.

Жәмеңке жауап қайтарды:

– Бірнеше жыл Қарқара оязы болып, Қазақ елінің жағдайына қанық болған төрем, ол асылы былай айтылған жайғана сөз екен. Қазақтың қартаңдау әйелдері қойдың жүнін түтіп, шүйкелеп алып, үштен-төрттен бірігіп жаяулап жақын ауылдарға туысшылап қыдырып барады. Жол-жөнекей жүріп бара жатып, ұршықтарын иіріп, иірілген жіпті үзбей құлағына дейін жеткізсе, қалған әйелдер: «Ой ұзын құлақ жеңеше-ай сен бәрімізден мықты екенсің», – деп, оны мақтап-мапқтап күлсіеді де қояды. Сіз сұрап отырған «ұзін құлақ» деген сөздің мәнісі осы, – деді.

«Жәкең тауып кетті, табылған сөз» десіп отырған жұрт берілген жауапты іштей түсінді. Тілмәш арқылы жауапты түсінген ояз «жарайды» дегендей иек ишаратын беріп, екінші сұрауына көшті:

– Екінші, қазақ: «Солдатқа бала бермейміз», – дейді екен, не үшін бермейді?

– Біздің Қазақтың жері мен елі ақ патшаға ең соңы 1868 жылдан бастап өтіп, сенімді бұқара болғаны өзіңізге мәлім, сол замандар қазақтың Абылай ханы бас болып, еліміз басшылары патшалық Ресей өкіметі мен бірнеше маңызды шарттарға қол қойысқан екен. Сонда, бірінші: Қазақ халқының мекендеген жеріне килікпеу. Екінші, қазақтан солдат алмау. Үшінші, қазақ елі өз ішіндегі әрқалай дау-шарды өздері шешім ету. Төртінші, патшаның қазынасына жыл сайын рамат (шығын, салық) төлеу. Міне, сонан бері есептесек, елу жылға таяу уақыт болды. Бірақ, патшалық Ресей өкіметі мен Қазақ хандарының сол шарты әлі күшін жойған жоқ. Июнь жарлығы елімізге жетіп келгелі біздің еліміз «патшалық Ресей бұқарасы болған күннен бастап балаларымызды солдатқа қабылдап тәрбиелеген болса, жақсы болар еді. Бүгін дым іс көрмеген шикі балаларымызды қайтып береміз» дейді. Елдің пікірін алдыңғы жиналыстарда өзіңізде естідіңіз. Осыған ел басшыларының да басы қатып, елге тілін өткізе алмай отыр, – деді.

– Олай болса, патшалық Ресей өкіметін жоғалтпақшы болған большевик соғысып жатса, бұл соғысқа Ресей бұқарасы болған қазақ солдат бермесе, басқа ұлттар берсе, сен ойла дұрыс болады ма? – деп кіжіген ояздың сөзі үзілгенде: «Олай болса сол соғысқа біз баралық, Бауыр ет балаларымыз өлгенше, шәу тартқан шалдарымыз өлсін», – деді Жәмеңке.

Жауапқа тілмаш арқылы түсінген ояз іштей құсаланып, зілді дауыспен үшінші сұрауын айтты:

– Үшінші сұрау, қазір патшалық Ресей өкіметі мен большевиктер соғысып жатыр, сен айт бұл соғыста кім жеңеде?

– Сіздің аузыңыздан «соғыс болып жатыр» деген суық сөзді еліміз бірінші рет нақтылы естіп отыр. Өйткені, біздің ел жеріміздің ең шетінде отырғандықтан ішкі жақта шынайы болып жатқан көп істерден хабарсыз қалады. Патшалық Ресей болса, біздің өз өкіметіміз, ал большевик дегеніңіз қай өкімет, қандай патша? Оны біз танымаймыз да білмейміз. Бірақ халық соғыста қай жағын қолдаса, сол жеңеді. Халық қай жағын қолдаса, сол жақтың адамы көбейіп күші мығым болады, халық қашанда ақиқатты, әділетті сүйеді, – деді Жәмеңке.

– Сіздің сөз бойынша, қазақ ақ патшаны қолдай ма? – деді ояз.

– Еліміз ақ патшаны қолдайды. Бұрыннан қолдап қуаттап адал бұқара болып келгенбіз. Әліде қолдай береміз. Бұл жөнінде халқымыз патшаның қандай салығы болса да беруге дайын, – деді  Жәмеңке.

– Сонда солдатқа бала бермейміз бе? – деді ояз.

– Иә, бермейміз, – деді Жәмеңке.

– Жарайды шал, онда орыста өледі, болыс та  өледі, – деді кәрленген ояз.

– Шандырымды шайна – деді, Жәменке.

Тілмәш аяушылық істеді ме немесе түсінгені сол болды ма: «Уыздай балаларымыз өлгенше, шандыр шалдарымыз өлсін», – деп жаттық тілмен сыпайы сөзге аударып ұқтырды, соңғы сөзді.

«Елді бұдан әрі үркітіп алмайын» деген ойға келген әккі шорайық айлаға көшіп:

– Біз ел пікірін патшаға жеткіземіз. Одан бұйрық келгенше қайта жиын ашылмайды. Ел тыныш тұрады, албаты шатақ шығаруға болмайды. Бүгінгі жиын осымен тарады деп, елге қарап өтірік болса да жымыйып қол ишаратын жасап қойды. «Қариямыз өте дұрыс жауап қайтарды. Ояз патшаға елдің пікірін, талабын жеткізетін болды. Хабар қашан жетіп келгенше, қусырып бара жатқан большевиктердің күші ақ патшаны індетіп те болар.  Төрең бүгін найзағайланып сөйлегенімен, сүлкіні түсіп сүмірейіп тұрғанын байқаған шығарсыңдар. Көктің пірінен, көптің пірі қиын деген рас емес пе, ә? Атысатын жау болмай, айтысатын жау болса, Жәкең сілесін қатырар еді. Енді ауқымға бағып, аз күн тыныстап тұрсақ, жаңа өкіметке бұқара боламыз да, алым-салығын төлейміз. Жаңаның аты жаңа ғой, салығы құрғыр осыдан артық бола қоймас», – деп салғырттыққа салған ақ жүрек аңғал ел, кешкі базардың тарқауы мен мәре-сәре күйде ауылдарына қарай ағыла бет алды.

Елдің жайлауға шығатын уақыты да таяп қалды. Сатылатын маталарын тездетіп сатып, жаздық керекті заттарын қамдап, тағы бір жағынан заман ауқымын бағып, «биыл ертерек тауға ілінсек», – деп ойлаған халық, жәрмеңке базарына  тері-терсек, жүн-жұрқа сияқты ішкі заттары мен қоса, төрт түлік малдың түрлерін де қаурыт сатуды күннен-күнге көбейте бастады. Орайы келгенде, атар таңды тағатсыздана ояу атыратын саудагер, көпестерге мынау бір іздесе таптырмайтын асылдан да қымбат  уақыт болып, сататын заттарын зәмзәм суындай қымбаттатып, «сатсаң осыған алдым, алсаң мынаған саттым», – деп кергіген үстіне кергуді шығарды.

Қарқара жиналысының әр реткісіне қатысып, көңілі күптілеу болған алжан руының бас болысы Диқанбай  сезікті секем алды білем, «енді еш жиналысқа барудың қажеті қалмады» деп топшылады да, күн аралатып Қарқарадан хабар алып тұру үшін сенімді жігіттерін бекітіп, өзі шу деп ауылға тартып кетті.

Осы жақыннан бергі алған еміс-еміс хабарға қарағанда, алатын зат бағасы күннен-күнге өрлеп, ал сатылатын заттар күннен-күнге төмендеп бара жатса керек. Алушы да, сатушы да бұрынғыдай саудаласып көп езбей, істі тез-тез бітіретін біртүрлі асығысты алаңдау бейне көрсеткендей. Жәрмеңке базарына жылда келіп, аздап сатып, күптеп алып қайтатын ескі таныс, дүкенші көпестерден аздап естуінше, «Николай патша күннен-күнге әлсіреп, тағы да бірталай қалаларынан айырылып қалған сияқты. Жердің де, елдің де көп бөлігі жаңа өкіметтің құрамына өтіпті. Тағы да бір хабарларда Николай солдаттарының соғыстан қашып большевик жаққа өтіп кеткені де бар сықылды. Тобы барған сайын арта түсіп жақсылық үстіне жақсылық жамылып жатқан большевиктердің жеңіс күні де таяп қалғандай. Қалай екені белгісіз, бұрынғы жәрмеңкенің амандығын қорғайтын орыс солдаттарының саны күнсайын көбейіп, тәртіптері де қатайып, өздерінен өзгеге күдік-күмәнмен қарайтын, алым-сатымға шек қойғанымен, бейсауат жүргендерді тексеретін болыпты» дегендей, ақ патшаның қазақтан солдат алу-алмауы туралы қазірше бұйрығының жетіп келе қоймағаны тәрізді хабарлар болды. Дәл бүгінгі алған анық хабарда Қарақол оязынан Албанның алты болысынан бастап, әр ауылдың билері түгелімен шақыртылған бұйрық келіп, «үш күннен қалмай жетіп бармаса болмайтыны, шұғыл жиын шақыртып,  өкімет тағдыры туралы ел басыларымен бірлікте отырып ақылдасатыны, ел әуелгісіше тірліктің тірегі болған шаруаның жаздық-қыстық жұмысымен алаңсыз айналыса беруі айтылыпты.

Шақыруға алдымен барған адамдар Қарқара жәрмеңкесінің шатырлы жатағына орналасыпты. Осы бір селкеусіз сенімді хабарды естіген Диқанбай, Сырымбет ауылын бастап жылдам көшті де, Қарасаздың басындағы өзінің төр жайылауына барып, қонысын жылдағыдан өзгелеу жерге апарып тікті (Диқанбайдың бәйбішесінен: Құдайберген, Құсайын. Тоқалынан: Мышан, Әлдибек, Рақымжан, Кәкіжан болып жалпы  алты ұлы болған). Одан төмен қарай өзен ішіндегі ойдым-ойдым шұрайлы қоныстарға қалған ауылдарын қондырды. «Батыр аулы көшті» дегенді естіген болыстың  ауылнайлары тездетіп қозғалып, әр сайды бетке алып, жеделдетіп жылдағы жайлауларына барып орнықты.

(Жалғасы бар)

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290