Еркебұлан Сапарғалиев. «Сингапур ғажайыбының» формуласы. Қазақстан үшін сабақтар
«Әр күн – бұл сыйлық, сондықтан өмірді қуанышпен жалғастыру керек»
(Ли Куан Ю, Сингапурдың экс-Премьер-министрі)
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған күннен бастап белгілі мемлекеттер мен аймақтарға қатысты белсенді және ұзақ мерзімді сыртқы саяси стратегияны қалыптастыру жолына түсті. Қазақстан үшін экономикалық өсу мен көпполярлық әлемнің бір тірегіне айналуға барлық мүмкіндіктері бар Оңтүстік-Азия елдері өте маңызды рөл атқарады.
Біріншіден, көмірсутектерді әлемдік нарыққа тасымалдау жолдарының диверсификация проблемасы аясында Оңтүстік-Шығыс Азия Қазақстан үшін өте маңызды орын алады.
Екіншіден, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақстандық экономиканың, әсіресе отын-энергетикалық секторының стратегиялық маңызды инвесторлары болып табылады.
«Әр күн – бұл сыйлық, сондықтан өмірді қуанышпен жалғастыру керек»
(Ли Куан Ю, Сингапурдың экс-Премьер-министрі)
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған күннен бастап белгілі мемлекеттер мен аймақтарға қатысты белсенді және ұзақ мерзімді сыртқы саяси стратегияны қалыптастыру жолына түсті. Қазақстан үшін экономикалық өсу мен көпполярлық әлемнің бір тірегіне айналуға барлық мүмкіндіктері бар Оңтүстік-Азия елдері өте маңызды рөл атқарады.
Біріншіден, көмірсутектерді әлемдік нарыққа тасымалдау жолдарының диверсификация проблемасы аясында Оңтүстік-Шығыс Азия Қазақстан үшін өте маңызды орын алады.
Екіншіден, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақстандық экономиканың, әсіресе отын-энергетикалық секторының стратегиялық маңызды инвесторлары болып табылады.
Үшіншіден, Қазақстанның Азия құрлығында өз қауіпсіздігін нығайту стратегиясының орындалуы барысындаОңтүстік-Шығыс Азия елдері аса маңызды орынға ие. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Қазақстанның Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шегіндегі жігерін белсенді түрде қолдады. Бұл әлемдік геосаясаттың маңызды факторы ретінде Қазақстанның беделін нығайта түсті.
Төртіншіден, бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіру мақсатында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі Қазақстан үшін өте маңызды рөл атқарады.
Аталмыш контекстегі Қазақстан үшін үлкен сабақ болып табылатын, тарихи тұрғыда қысқа уақыт ішінде ауқымды эволюция жасап, әлемдік қауымдастықта маңызды орынға ие болған, сондай-ақ саяси тұрақтылығын сақтап, ұлттық ерекшелігін жоғалтпаған, «Азиялық жолбарыстардың»[1] бірі, Ли Куан Ю басшылығымен «Үшінші» әлемнен «Бірінші» әлемге зор серпіліс жасаған - Сингапур Республикасы.
Сингапур: тарихи және географиялық шолу
Сингапур - экватордан 137 км солтүстікте, Малайзияның Жохор облысының оңтүстігінде, Индонезияның Рияу аралының солтүстігінде орналасқан. Өзіндік тарихы бар қала-мемлекет қытайлықтар табан тепкенмен, малайлықтардың тарихи отаны болып табылады. Ұзындығы - 42 км, көлденең алғанда – 29 км болатын арал Малакка түбегінің оңтүстік бөлігінде, екі мұхит торабында (Үнді және Тынық) тиімді географиялық орынға ие.
Негізінен мемлекет осы үлкен аралдан және оны қоршап тұрған 59 ұсақ аралдардан (20 аралда адамдар өмір сүреді) құралады. Географиялық территориясы Индонезиядан импортталатын құмды үйінділер есебінен біртіндеп ұлғаюда. Егер тәуелсіздік алған мезетте аумағы 581,5 км2 болса, бүгінгі таңда 715,8 км² аумақты(174-орын) құрайды. Халық саны тәуелсіздік алғаннан бері 4 есе артып, қазіргі кезде 5 312 400 адам мекендейді (әлемде 114-орында).
Бүгінгі таңда халықтың 76,2%-ын қытайлықтар құрайды, 13,8% - малайлықтар, 8,3% - үнділіктер, 1,7% - басқалары. Олардың 32%-ы буддизмді, 22% даосизм, 15% ислам, 15% христиан дінін және 4% индуизмді ұстанады. Көрсетілген статистикалық мәліметтер Сингапурдың этносаясаты Қазақстанға ұқсас екеніндігін аңғартады.
1945 жылы Жапония капитуляциясынан кейін ағылшындардың әкімшілік билігі қалпына келтірілді. Бірақ Атлантикалық хартия[2] бойынша, Англия өзінің барлық отарларына еркіндік беруге міндетті болды, сол елдердің қатарына Малайе де кірді. 1959 жылы британдық үкіметпен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Сингапур Британ достастығы[3] құрамында өзін-өзі басқаруға қол жеткізді.
1963 жылғы референдум нәтижесінде Сингапур Малайя, Сабах және Саравак елдерімен қатар Малай федерациясының құрамына кірді. Өкінішке орай, саяси және әлеуметтік жүйелердегі айырмашылық нәсілдік негіздегі 1964 жылғы шілдедегі қанды қақтығыстарға әкеп соқты, ақырында Одақ тарап кетті.
Нәтижесінде 1965 жылы 9 тамыз күні Сингапур тәуелсіз мемлекет атағына ие болып, осы кезден бастап, қазіргі уақытта дүниежүзіне мәлім «Сингапурлық ғажап» атты процесс өз бастауын алды.
1959-1990 ж.ж. Ли Куан Ю билігі кезінде ресурстардан айырылған Сингапур, көптеген ішкі проблемаларды шешіп, үшінші әлем елдері қатарынан жоғары дамыған елдер қатарына зор серпіліс жасады. Бүгінде Сингапурдың негізгі ерекшеліктеріне саяси тұрақтылық пен экспортқа бағытталған әлеуетті экономика жатады.
Сингапурлық саяси жүйе ерекшеліктері
Саяси құрылым бойынша Сингапур парламенттік республика болып табылады, демек мемлекет басшысы Президент. Британдық Одақ құрамына мүше болып кіреді. Мемлекетте 1963жылғы Конституция (1965ж. және 1991ж. енгізілген түзетулермен) қолданыста. 1991ж. Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Мемлекет басшысы жаппай дауыс беру арқылы (1991ж. дейін Президент Парламентпен тағайындалатын) 6 жылдық мерзімге сайланады. Қазіргі Президент Тони Тан Кен Ям (жетінші) 2011 жылы сайланған болатын.
Атқарушы билік Үкіметке тиесілі. Президент Премьер-Министр лауазымына жалпы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия лидерін тағайындайды. Үкімет мүшелері Премьер-Министр ұсынысымен Президент тарапынан белгіленеді. Министрлер кабинеті Парламентке есеп береді. Мемлекет тарихындағы 3-інші Премьер-Министр Ли Сянь Лун осы лауазымды 2004 жылдың тамызынан атқарып келеді.
Заң шығарушы билік органы бірпалаталы, жалпы тікелей дауыс берумен 5 жылға сайланатын Парламент арқылы жүзеге асады. Парламент вестминстрлік модельдің[4] ережелері мен заңдарын ұстанады. Парламент 94 депутаттан құралады – 84-і сайланушы депутат (3 депутат оппозициядан) және 9 депутатты Парламенттік сайлау комитеті ұсынысымен Президент тағайындайды.
Сот билігін Жоғарғы сот жүзеге асырады. Ол Басты және Аппеляциялық соттардан (соңғы инстанция соты) тұрады. Жоғарғы соттың 13 судьясы бар және Жоғарғы судья Президент тарапынан белгіленеді. Сингапурда англо-саксондық (британдық) құқықтық жүйе жүзеге асырылуда.
Сингапурдағы ішкі саяси жағдай тұрақты және болжамды болып табылады. Ішкі саяси аренадағы мемлекет тарихында сайлауда бір рет те жеңіліс таппаған Халықтық Қимыл Партиясы (1954 ж. 21 қарашада құрылған) басым рөлге ие жалғыз партия. Халық билеуші партия мен Үкіметті түгелдей қолдай отырып, мемлекеттің гүлденуі мен әлеуметтік-экономикалық ауқаттылығын осы билік күштерімен байланыстырады. Жалпы «ХҚП заманы» бүгінгі таңда жалғасуда деп анық айтуға болады.
2006 ж. 6 мамырда өткен жалпы парламенттік сайлаудың нәтижелері биліктегі партияға қарсы бірде-бір саяси қарсыластың жоқ екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. ХҚП кандидаттары 47 депутаттық орынның 45-ін иемденді. Қалған екі мандатты оппозициялық күштің өкілдері жеңіп алды (Жұмысшылар партиясы және Сингапурлық демократиялық альянс). Демек, 94 орны бар Парламентте 82 мандат ХҚП өкілдеріне, 2 – Жұмысшылар партиясына, 1 – СДА мүшесіне беріледі. Еш партияға жатпайтын қалған 9 депутатты Президенттің өзі сайлайды.
2004 ж. тамызынан Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунь (Ли Куа Юдің баласы).
Ли Куан Ю - «Сингапурлық ғажаптың» авторы
Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, мемлекет Малайзия федерациясына шығарылғаннан кейін Сингапурдың жағдайы күрт нашарлап кетті. Мемлекеттің өз ресурстары болмай, тіпті су мен жерді көрші елдерден импорттауға тура келді.
Ел басына күн туған осынау кезеңде саяси аренада тек Сингапурдың ғана емес, сондай-ақ барлық Оңтүстік-Шығыс Азия тағдырында маңызды рөл атқарған тұлға пайда болады. Ол - келешек мемлекеттің Ликургы, Ли Куан Ю. Томас Раффлздан кейін Сингапурдың екінші әкесі атанған Ли Куан Ю түп-тамыры қытайлық мәдениеттен бастау алатын отбасында дүниеге келген. Маскүнемдікке салынып, құмар ойындардан босамаған Ли Хунленнің Чинкун деген ұлында 1923 жылғы 16 қыркүйекте бірінші бала дүниеге келеді. Атасы өзінің барлық үмітін «Жарық сәулесіне» артады («Куан» - сәуле, «Ю» – жарық деген мағынаны білдіреді). Осыған орай, Ли Куан Ю өз естеліктерінде былай деп жазады.
«...Атам маған бала кезімнен ағылшын тілі мен еуропалық өмір салты – ең басты табыс кепілі деп айтатын, ал мен оның сөзіне әрқашан құлақ асатынмын...».
«Раффлз институтын» бітіріп, Кембриджға түскен жас жігіт соғыстың басталуымен оқуын тастап, еліне қайта оралады. Сингапур Ұлттық Университетіне түсіп, соғыс кезінде жергілікті газеттердің бірінде редактор болып жұмыс істейді. Алайда жолынан таймайтын жас патриот, соғыстан кейін Кембриджға түседі. Англияда Ли тек екі затқа құмар болады. Біріншісі – гольф, ал екіншісі – социалистік идеялар. Алғашқысы элитаға қатысты ұмтылысын көрсетсе, екіншісі халыққа деген жанашырлығын байқатады.
60-жылдары әлемдік отаршыл жүйесі қирап, соның нәтижесінде Сингапур тәуелсіздік алды. Ұлы державалар отарларын тастай салып, өздеріне тиесілі активтерін алып қашуға жөнелгенде, Оңтүстік-Шығыс Азияда хаос орнады .
АҚШ Вьетнамда соғысып жатса, Үндістан мен Пәкістан өзара қақтығыстарын шешуге тырысты. Шарль де Голль Францияны НАТО-дан алып шықса, Қытайда «мәдени революция» басталған болатын. Сәйкесінше, өзінің кішкентай аралында «мемлекет» құруға бел буған «ақымақта» (басында Ли Куан осындай лақап атқа ие болған) ешкімнің шаруасы болмаған-ды. Кейін стратег қолданған әдістің тиімділігіне дүниежүзінің көзі жетті. Нәтижесінде қайсар мінезді Ли өз халқын 3 мақсатты қатар орындауға шақырады:
- әділ де мықты және мультимәдениетті мемлекет құру;
- қауіпсіздік мәселесін шешу;
- жаңа типтегі қуатты экономика қалыптастыру.
Көрсетілген мақсаттарға жету үшін Ли Куан Ю Ликург принциптері мен Конфуций идеясын ұстана отырып, өз командасын жинай бастады.
Ли Куан Ю жүргізген саясаты келесі қағидалар арқылы жүзеге асты (қысқа формада):
- Қауіпсіздік мәселесінде Англияның әскери-теңіз базасын Сингапурдан шығарғысы келмеді, өйткені ол ел қауіпсіздігінің кепілі еді.
- «Сингапур қаражатты қайдан алды?» деген сұрақ жиі туындайды. Англия әскери-теңіз базасын қалыпта ұстау үшін, 55 млн.фунт қаражат береді. Кейін Англия да 50 млн.фунт қаражатты Сингапурға көмек ретінде ұсынады (25% - көмек ретінде, 75% - жеңілдікті қарыз). Тағы 50 млн. долл. қаражатты Жапониядан компенсация түрінде қайтарып алады. Мінеки, осылайша мемлекеттің қаржы және техникалық базасы нығая түседі.
- Әскери қауіпсіздік мәселесінде Ли Куан Ю Израильден көмек сұрады. Суэц дағдарысынан кейін Израильге одақтастар керек болып, келіссөздер жүзеге асты. Израильдіктер сингапурлықтарды әскери іс-әрекеттерге үйретті. Сингапур осылайша әскери базасын нығайтып, 1971 жылы ағылшындардың әскери-теңіз базаларын қайтарып алуына дайын болды.
- «Ғұламалардың жылыстау» («утечка мозгов») құбылысының алдын алу үшін Сингапур үкіметі оқуын әлі бітірмеген студенттерге жұмыс орнын ұсынып отырды. Нәтижесінде, ел экономикасының гүлденуіне кепіл болатын интеллектуалдық ресурс мемлекеттің өзінде өте көп болды.
- Мемлекеттің экономикалық стратегиясының қалыптасуында батыс қағидаларын «үшінші әлем» елдеріне енгізуді өз алдына басты міндет ретінде қойған Альберт Винсемиус маңызды рөл атқарды. Сингапур бюрократиялық уақыт кетіру құбылысын болдырмау үшін, шетел инвесторларына қатысты «бірыңғай терезе» қағидасын қолданды. Осыған сәйкес әрбір инвестормен барлық сұрақтар бойынша көптеген ұйымдар емес, тек бір ғана агент жұмыс жасайды. Яғни, шенеуіктер пара алу мүмкіндігінен айырылып қысқа мерзімде тиімді (эффективті) жұмыс атқарылады.
- Ол мемлекеттің экономикалық гүлденуі мәселесін шешуде бірқатар проблемаларға тап болды. Туындаған мәселенің шешімін іздеу үшін Сингапурдың Премьер-Министрі АҚШ-тың «әулиелердің әулиесі» - Гарвардқа барады. Оның ең басты мақсаты – АҚШ-тағы Трансұлттық компанияларды қызықтыру еді. Сондықтан 1968 жылы Нью-Йорк қаласында Ли Куан Ю сөз сөйлегенде, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі басты проблемаларды сараптай келе, АҚШ-тың осы аймақтағы жарқын болашағын көрсетті. Яғни, мәселенің басқаша шешілген жағдайында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан вакуумды КСРО елдері мен Қытай толтырады деген қарсы пікір ұсынды. Бұл жерден Ли Куан Ю «америкалық психологияны» өз мүддесінде тиімді пайдаланғанын байқауға болады. Нәтижесінде бірқатар американдық компаниялар Сингапурға бет бұрды. Бұл жерде ел Президенті оларды жылы жүзбен қарсы алып, 10 жылға салық төлеуден босатты. Ақырында Сингапур тарихындағы алғашқы шетел команиясы «Тексас инструментс» өзінің филиалын ашты. Сөйтіп Оңтүстік-Шығыс Азия тарихындағы әйгілі «бизнес-қажылылық» өз бастауын ала жөнелді.
- Қалыптасқан тарихи сабақтастық нәтижесінде Сингапур өзінің қаржылық қорының 90%-ын батыста ұстап отырды. Дәл сол себепті барша әлемге қауіп төндірген әлемдік дағдарысты бұл «Азиялық жолбарыс» өте оңай еңсере білді.
- Идеологиялық тұрғыдан Ли Куан Ю Конфуций мен Ликург идеяларын өзара ұштастырып, өзіндік формула жасады.
Қазіргі таңда Сингапур жетілдірілген экономикалық құрылымға ие және әлемдік нарықтағы кез келген өзгеріске дайын. Мысалы, Қытай мен Үндістан Сингапурға қарай отырып, компьютерлік технологиялармен айналыса бастады. Бір сөзбен айтқанда, Сингапурдың осындай дәрежеге жетуі ғажап емес, бұл Ли Куан Ю еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі кездегі Сингапурдың ішкі саясаты, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ерекшеліктері
Сингапурдың бүгінгі таңдағы Премьер-Министрі Ли Сянь Лун Үкімет алдына 5 басым бағыт қойды:
- шетел мемлекеттерімен орнаған достық қарым-қатынастарды дамыту және мемлекет мүдделерін шетелде қорғау;
- экономиканың алдағы өсуін қамтамасыз ету;
- прогрессивті жаңа ұрпақтың қалыптасуы;
- білім берудің сапасын жоғарылату.
- бала туу көрсеткіштерін арттыру;
Сондай-ақ, қызметтің басқа да бағыттары айқындалды:
- әлеуметтік мәселелерді шешу;
- политехникалық білім беруді дамыту;
- Сингапурдың әлемдік орталық мемлекет деңгейіне көтерілуі;
- қызмет көрсету аясындағы жұмыстың одан әрі жақсаруы;
- қоғамның консолидациясы.
Сингапур үкіметі мемлекетте тиімді әрі ашық нарықтық экономикалық жүйе орнатты. Экономика жағдайына келсек, Еуропа, Азия елдерімен және Австралиямен теңіз жолдары арқылы жан-жақты қарым-қатынас орнатуы бойынша Сингапур әлемдегі ең ірі сауда орталығына айналып отыр. Мысалы, мұнда көрші елдерде өндірілетін сан алуан тауарлар – Малайзиядан каучук пен қалайы, Тайландтан күріш жеткізіледі. Аймақтағы басқа елдерге қарағанда мұнда электрондық техникаларды құрастыру, радио және электротехника өнеркәсібі өте жақсы дамыған. Мәселен Жомарт Молдахметұлы[5]: «Елде жоғары білімді және өте білікті жергілікті мамандардың көп болуына қарамастан, ұлттық кәсіпкерлер жоқтың қасы Сингапурдың әлсіз жағына жатады» деп түйін жасаған болатын.
Ел Үкіметі әділ және жемқорлық деңгейі төмен әлеуетке ие. Дүниежүзіндегі Transparency International атты жемқорлыққа қарсы ғаламдық коалицияның рейтингтері бойынша Сингапур әлем бойынша әрдайым бірінші ондықта, ал Азияның жемқорлық фактісі тіркелмеген елдерінің арасында бірінші орынды иемденеді. Жемқорлық фактілері мемлекеттік қызметте жиі кездесетіндіктен, Сингапурдың мемлекеттік қызмет жүйесі өте тиімді формула негізінде құрылғанын байқауға болады.
Мемлекеттік қызметті ұйымдастыру ұстанымдары:
- меритократия (адами ресурстарды дұрыс қолдану);
- биліктегі мөлдірлік және жемқорлыққа қарсы пәнді ұстану;
- шенеуліктердің қоғам мұқтаждықтарын қанағаттандыруға тырысуы;
- прагматизм (тәжірибе жүзінде жақсы нәтиже беру);
- мемлекеттік қызмет бейтарап, саясатқа араласпайды;
- реформалау қабілеті;
- жаңа кадрларды дайындау;
Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азияның экономикалық қатынастағы дамыған елдерінің қатарында, сондай-ақ халықаралық сауда мен қаржының, жаңа технологиялардың жасалу орталығы және коммуникация мен көлік торабының дамуы бойынша алдыңғы шепте.
Қала-мемлекетте ғылыми сала, компьютерлер мен олардың құрамдас бөліктерін жасау, биотехнология мен лазерлік оптика салалары басымдық қасиетке ие. Бүгінгі таңда экспортталатын әскери өндірістің тауарлары (радиоаппаратура, қару-жарақ, теңіз катерлері) өз даму шегіне жетті. Кеме жөндеу, кеме жасау қызметтері Сингапурда едәуір дамыған. Жартылай өткізгіштер мен телекоммуникациялық құрылғыларға деген сұраныстың көбеюі электроника өндірісін дамытты. Еуропа және АҚШ нарықтарына үлкен көлемде экспорттау өндірістің көбеюімен тікелей байланысты болып, химиялық өндірістің өсуі көрініс тапты.
Сингапур электроника мен биотехнологияны, химиялық өндірістің өнімдерін, алькогольді сусындарды, темекі бұйымдарын, мұнай өндірісіне қажетті құрылғыларды, резеңкені экспорттай отырып, теңіз кемелерін жөңдеу қызметтерін көрсетеді. Көрсетілетін қызметтердің дамыған секторы мемлекеттік бюджетке салық түрінде 70% табыс беріп отырады.
Ұлттық экономиканың сыртқы қатерлерге қарсы тұру қабілеттілігін анықтайтын, мемлекеттің өндірістік әлеуетін қалыптастыратын 4 сектор бар. Олар:
1) Биомедицина (бүгінгі таңда мемлекетте 20 биомедициналық орталықтар бар);
2) электроника;
3) мұнай өңдеу өндірісі;
4) көліктік қызмет көрсету сферасы.
Үкіметтің қаржы-валюталық саясаты дәстүрлі түрде іскерлік климатты жақсартып, нәтижесінде инфляцияның алдын алып, мемлекетке шетел инвестицияларын тартты. Өндіріс пен жеке меншік құқығында салынған сингапурлық инвестициялық жобалар Азияда (Қытай, Гонгонг, Малайзия, Индонезия, Үндістан, Жапония) орналасқан болса, ал Еуропада сингапурлық инвестициялар электроника, телекоммуникация, инженерия сияқты салаларда өз орындарын иемденген. Сингапурдың әлемдік импорттағы үлесі 2%. Демек, бұл Сингапур кәсіпкерлері мен бизнесмендерінің Еуропада орын алған бәскелестікке қатысқылары келмейтіндігінің айқын көрінісі.
Аса маңызды реформаларды жүргізе отырып, Үкімет басшысы мен Қаржы министрі «Темаск Холдинг» холдингтік компаниясын ашты. Қазақстандағы «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры тура осындай принцип бойынша жұмыс жасайды.
Бұл жерде назар аударатын өте маңызды жәйт бар. Мемлекеттік шенеуліктер мемлекеттік компанияларды басқарады. Яғни, олар екі жақты жауапкершілікті өз мойындарына алады. Біріншіден, компаниялардың экономикалық және қаржы қызметтерінің тиімділігі, екіншіден - министрліктің мандатына сәйкес қызмет. Демек, Білім мен Ғылым министрі кітап шығару компаниясының басшысы н/е директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Бұл формула әлемде өте сирек қолданады.
Сингапурда әлемдік компаниялардың 3,5 мыңы орналасқан, 102 Транс Ұлттық компаниялардың жергілікті өкілдіктері бар. Малайзия, АҚШ, Гонгонг, Жапония, Қытай елдері Сингапурмен сауда жасайтын елдер қатарында. Жыл сайынғы сингапурлық валюталық биржа операцияларының көлемі тек Лондон, Нью-Йорк және Токиодан аз болып келеді. Банктер көлемі бойынша Сингапур Лондон мен Нью-Йорктан кейін үшінші орында (жалпы 120 банк). Бәсекелестікке қабілеттілігі бойынша 2004 жылы Сингапур екінші орынға шыққан (АҚШ-тан соң).
Премьер-министр Ли Сянь Лун айтуы бойынша «осы жолдан таймай, экономикадағы тұрақты өсімді қамтамасыз етіп тұру үшін және бәскелестікке қабілетті болу үшін, Сингапур сыртқы жағдайларға тез бейімделе білуі қажет».
Ғаламдану заманындағы Сингапурдың сыртқы саясатындағы негізгі басымдылықтары
Басқа елдерде сияқты Сингапур мемлекетінің де сыртқы саясатының басты мақсаты - мемлекеттің тұрақты дамуы үшін елді тиімді сыртқы жағдайлармен қамтамасыз ету. Бұл мәселенің жүзеге асуына мемлекеттің кішігірім аумағы, қытайлықтар, дербес әрі жеке шикізат және энергетикалық ресурстардың болмауы, жергілікті экономиканың әлемдік экономикаға жоғары деңгейдегі тәуелділігі, АТР-да сақталып тұрған жанжалдық әлеует, жергілікті террористік ұйымдардың белсенділік танытуы (активизациясы), вирустық аурулардың эпидемиясы сияқты факторлар тікелей әсер етіп отыр.
Сингапур елінің сыртқы саяси-стратегиялық ұстанымдарына - бірізділік, көпбағыттылық, әдістердің әмбебаптылығы, практикалық тұрғыда әрекет ету аумағының кеңеюі, ұлттық мүдденің қорғалуы, жағдайлардың динамикалық мониторингі жатады.
Сингапурдың сыртқы саясатының басым бағыттары:
- ASEAN (Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы) мүше елдерімен, әсіресе, Малайзия, Индонезиямен тығыз қарым-қатынас орнату;
- АТР-дың басты «ойыншыларымен» (АҚШ, ҚХР, Жапония, Үндістан, ЕО) жақын қатынаста болу;
- аумақтық және аумақаралық форумдарда ұлттық мүдені жүзеге асыру (АСЕАН, АТЭС, Азия-Еуропа саммиті, Британ Одағы, Шығысазиаттық және латынамерикалық форумдар);
- БҰҰ мен ДСҰ шегінде жұмысты дамыту;
- еркін сауда жөніндегі екіжақты және көпжақты келісімдердің іс-әрекет аумағын кеңейту;
- жаңа механизмдердің іске қосылуы: «Азия – Таяу Шығыс диалогы» және Шығысазиаттық саммит.
Жоғарыда көрсетілген басымдықтар Сингапурды әлемдік экономикалық нарықтың белсенді мүшесіне және еркін сауданың басты алаңына айналдыруға бағытталған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Сингапурдың сыртқы саяси бағытының басты мақсаттарына мыналар жатады:
- экономикалық дамуы жоғары болып табылатын мемлекет абыройын сақтау;
- АТР ішіндегі теңгермелі тепе-теңдік жүйесін сақтау, жергілікті дамудың «кепілдерімен» қарым-қатынасты жақсарту;
- ұлттық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсер ететін қауіп-қатерлерге белгілі бір қалыпқа сай жауап дайындау;
- жергілікті компаниялардың Азия мен әлемнің басқа бөліктерінде болу деңгейін кеңейту;
- жергілікті интеграциялық процесстердің даму үрдісін (сценарийлерін) қалыптастыру;
- қарусыздану проблемасы, қоршаған ортаны қорғау, бейбітшілікті жүзеге асыру, жаппай қырып-жою қаруының жойылуы.
Сингапур үшін басты «ойын алаңы» АСЕАН болып табылады. Ассоциация мүшелерінің ортақ ЖІӨ $737 млрд.(2005 ж.), сыртқы сауда көлемі $720 млрд.(2005 ж.).
Ли Сянь Лунның айтуы бойынша, ғаламдану заманында 2020 жылы «АСЕАН қоғамын» құру үшін ОША елдерімен тығыз байланыс орнату қажет.
Сингапур әлемдік саясаттың көкейтесті сұрақтарын шешуге де қатысады. Мәселен, мемлекет БҰҰ-ның Қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің монополиясын жойып, Бас Ассамблеяның рөлін көтеруге шақырғаны болатын.
Тайвандық сұрақта Сингапур «бірегейлі Қытай» ұстанымын ұстанады. Афганистан экономикаcын қалпына келтіруде белсенді рөл атқарады.
Қазақстандық-сингапурлық қарым-қатынастар: қазіргі жағдай, проблемалар мен перспективалар
Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қарым-қатынастар 1993 жылғы 30 наурызда орнатылды. ҚР-ның Сингапурдағы Дипломатиялық миссиясы 2003 ж. қарашада ашылды. 2006 жылғы 11 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығына сәйкес Дипломатиялық миссия Сингапур Республикасындағы ҚР-ның Елшілігі болып қайта ұйымдастырылған. Резиденциясы Сингапурда орналасқан, сондай-ақ Сигапур Республикасының да ҚР-ғы Елшілігі бар.
1991 жылы жазда Сингапурдың министр-кураторы Ли Куан Ю Алматы қаласына бейресми іс-сапарымен келді.
1996 жылы 29-31 мамырда және 2003 жылғы 6-10 қараша ҚР Президенті Сингапур Респуликасына ресми іс-сапарлармен барды.
Екіжақты қарым-қатынастың дамуында парламентаралық қарым-қатынастар маңызды рөл атқарды. 2006 жылы қазақстандық парламенттік делегация «Сингапур Республикасы – Орталық Азия» атты парламентаралық топтың мүшелерімен кездесу өткізді.
Бүгінде СР Үкіметі Қазақстаның ДСҰ-ға кіруін қолдап отыр. Халықаралық көпжақты құрылымдар шегінде екі мемлекет арасында жемісті қарым-қатынастар орнатылған. Екі мемлекет те ғаламдық және аймақтық саясаттың өзекті проблемалары төңірегінде ортақ позиция ұстануда.
Қазақстандық-сингапурлық екіжақты қатынастар мықты келісімдік-құқықтық база негізінде құрылған. Бүгінде екі жақ Үкіметтері арасында ауа арқылы ақпарат беру жөнінде келісім, Сауда және индустрия министрліктері арасындағы келісім - екі мемлекет арасындағы саяси қарым-қатынастарда оңтайлы көрініс табуда. 2009 жылдың статистикасы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 53,4 млн. $ құрады. Қазақстан мен Сингапур арасындағы екіжақты қатынастар қарқынды дамып, жақсы перспективларға үміттендіріп отыр. Объективті тұрғыдағы сараптама көрсеткендей, Қазақстан мен Сингапур өзара толыққанды экономикаға ие бола отырып, тығыз саяси және экономикалық сұхбат алаңына негізделеді.
Сингапур тәжірибесінің Қазақстан үшін сабақтары
Орталық Азиядағы посткеңестік кеңістіктегі жас тәуелсіз мемлекеттер үшін Сингапур тәжірибесі аса маңызды орын алады. Бұл тәжірибенің терең зерттеліп, оның кейбір элементтерінің енгізілуі ҚР-ның модернизациялық процесстерінің мазмұны мен қарқынына әсер ететіні айқын. Демек, егемен Сингапурдың тарихи даму сабақтарынан Қазақстан өзіне қатысты қағидаларын меңгеруі тиіс. Солардың басты бағыттарына тоқталып, қорытындылайтын болсақ:
1) Сингапур билігі мемлекетке сенім арта отырып, оның үкіметі мен бизнесіне қатысты «сенім позициясын» ұстанады. Әрине, бұл ұстаным қатал жұмыс нәтижелеріне негізделеді.
2) Сингапурлық билік мемлекеттің табиғи қолайлылығын, яғни ыңғайлы географиялыық орналасуын өте тиімді қолданады. Қазақстанның да географиялық орналасуы өте тиімді. Өкінішке орай, геосаясаттың бұл элементі бүгінгі таңда еленбей отыр.
3) Сингапур ТҰК мен шетел капиталын мемлекет экономикасына тартудан сескенген жоқ. Бұл мәселені қазақстандық басшылар да зейін салып қарастырып, «Азиялық жолбарыс» тарапынан қолданылған әдіс-тәсілдер Қазақстанның индустриалдық саясатында қолданылуы мүмкін деп айтады.
4) «Үшінші әлем» аймағындағы қазіргі бәсекелестік күрестің қарқынын есепке ала отырып, Сингапур «бірінші әлем» оазисін қалыптастыруға бағыт алды. Ақырында бастамашылық әрекет танытқан кәсіпкерлер, инженерлер мен менеджерлер үшін ел «негізгі лагерьге» айналды.
5) Сингапур қоғамның ақпараттандырылуы мен оқытылу процессін тоқтаусыз механизмге айналдырды, нәтижесінде білім мен жаңа технологияларға негізделген «жаңа экономикасы» қалыптасты.
6) Сингапурлық басшылар мемлекетте саяси тұрақтылық орнатып, модернизациялық процесстер үшін қуатты негіз құрып қойды.
7) Сингапур өзінің сыртқы саяси бағыттарын саналы және прагматикалық түрде анықтап, ғаламдық процесстерге «бірінші әлемнің» дамыған мемлекеті ретінде жауап беруге жағдай туғызды.
Жоғарыда көрсетілген «Сингапур ғажайыбы» формуласының элементтерін Қазақстан өзінің ұлттық, этномәдени құндылықтарын есепке ала отырып, мемлекет құрылымына енгізуі қажет. Бұл жерде ең басты түсінетін мәселе, бір елдің тәжірибесін екінші елге енгізе салуға болмайды. Өйткені әрбір мемлекеттің өзіне тән ерекшеліктері болады, Қазақстан да өз ерекшеліктері баршылық.
Бүгінгі таңда Қазақстан Сингапурмен байланыстардың дамуы мен тереңдетілуін қалайды. Технопарктер мен ақпараттық технологиялардың парктерін қалыптастыруда Сингапур өте тиімді мемлекет болып табылады. Сонымен қатар, Сингапур Қазақстанға аэрокосмостық және телекоммуникациялық сферада өз көмегін көрсете алады. Қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықта өз қызметін кеңейтуі үшін Сингапур идеалды «хаб» болып саналады. Бүгінде көлік жасау сферасындағы екіжақтық қатынастың әлеуеті, яғни потенциалы толық қолданылмайды, мемлекетіміздің қорғаныс және қауіпсіздік сферасында да жақсы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндігі бар.
Қорыта айтқанда, «Азиялық жолбарыстардың» тәжірибесі, соның ішіндегі «Сингапур ғажайыбы» формуласын Қазақстан өзіне қатысты өте ұтымды қолданып, «Қазақстан ғажайыбы» атты тарихи феноменді әлемге паш етуге барлық мүмкіндіктері мен жағдайлары бар.
Abai.kz
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Статистикалық мәліметтер. - http://www.singstat.gov.sg/statistics/browse_by_theme/national_accounts.html
- Очерк азиатского льва. – http://www.nomad.su
- Ли Куан Ю, Из «Третьего Мира» в «первый». Сингапурская история: 1965-2000;
- Сингапурская стратегия борьбы с коррупцией// http://crime.vl/ru/docs/book/g3/3/htm. От 10.10.2001 г.
- Айнур Турисбек, «Что может почерпнуть государственная служба Казахстана из опыта Сингапура?». – Юрист №6, 2006;
- Крепнут казахстанско-сингапурские связи. – http://www.vch.ru
- Пальтов С. Независимому Сингапуру – 40 лет // Азия и Африка сегодня. – 2005. - №8;
- Малетин Н. Ли Куан Ю. Из «третьего мира» - в первый // Азия и Африка сегодня. – 2006. - №5.
- Султанов Б.К. Становление внешней политики Казахстана: история, достижения и взгляд в будущее/ Под ред. М.С. Ашимбаева. – Алматы: ИМЭП при Фонде Первого Президента РК, 2005;
- 10. Жомарт Молдахметұлы, «Сыры өзгеше Сингапур» // Айқын. – 2010. - №141;
- 11. Виктор Рогалев, «Казахстан и Сингапур. Курс один – процветание и благосостояние» // Мирас. – 2011, №3;
- 12. Александр Чудодеев, «Великолепная восьмерка» // Новое время. – 1993, №47;
- 13. Нурлан Ермекбаев, «Сингапур в системе современных международных отношений» // Analytic. – 2007, №2;
[1] Әлемдік қауымдастық бүгінде Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елдерін бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп атайды. Бұл елдерге жататындар: Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея және т.б..
[2] АҚШ пен Ұлыбританияның екінші дүниежүзілік соғыстағы мақсаттарын айқындаған, кейін фашистік Германияға қарсы одақтың бағдарламасына негіз болған құжат. 1941 жылғы 9-12 тамыздағы АҚШ президенті Ф. Рузвельт пен Ұлыбританияның премьер-министрі У. Черчилльдің Атлант мұхитындағы Ньюфаундленд аралындағы кездесу-сұхбаты нәтижесінде қабылданып, 14 тамызда “Атлантика хартиясы” деген атаумен жарияланды.
[3] Ұлыбритания мен оның бұрынғы отарлары және доминиондарын (Австралия, Жаңа Зеландия, Канада, Камерун, Мозамбик, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Африка Республикасы, т.б. 54 мемлекет) біріктіретін мемлекеттер қауымдастығы.
[4] Мемлекеттік басқарудың парламенттік демократиялық жүйесі, Ұлыбританияның мемлекеттік моделі негізінде құрылған.
[5] №141, 5.08.2010 «Айқын».