Сәкен СЫБАНБАЙ. «Кәкәй» кім? «Әйәй» ше?
Күні кешеге дейін мемлекеттік БАҚ-тан тек бір сарынды жаңалық естіп келген жұртшылықтың құлағы оcы апта туа сала тосыннан тосаңси бастады. Қызық болғанда, үкімет жұмысын... үкіметтік БАҚ сынауға көшті! Бұл не? Тоңның жібуі ме? Сеңнің бұзылуы ма? Елбасы өзгере бастаған ба?..
ҮКІМЕТ:
«Сорлыға сойыл бұрын тиеді»
Атқарушы билікке жан-жақты шабуыл басталған кезде оған пәленбайыншы болып тиісу – қай жағдайда да абырой әперер іс емес. Кешелі бері елдің бәрі сабап жатқан бейшараға жол-жөнекей жабыла кеткен де жараса қоймас. Әйтсе де, үкіметке қарсы үдере шапқан топтың шаңы арасынан аман қалсақ, мына сөзімізге назар аударарсыз: Серік Ахметов үкіметі – Қазақстан тарихындағы ең жиі сыналған үкіметтердің бірі екен. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, үкімет расында да не елбасы ескертіп, есіне салған, не өзі ұйытқы болған бағдарлама-бастаманың бірде-бірін аяғына дейін жеткізген жоқ. Себебі, ол жоспарлардың біссімілләсі Кәрім Мәсімов үкіметте үкіленіп отырған кезде басталған еді. Ал Ахметов атқарушы билікке келген соң, Мәсімовтің мыңқиған мұрасын іліп әкеткені еш байқалмайды.
Күні кешеге дейін мемлекеттік БАҚ-тан тек бір сарынды жаңалық естіп келген жұртшылықтың құлағы оcы апта туа сала тосыннан тосаңси бастады. Қызық болғанда, үкімет жұмысын... үкіметтік БАҚ сынауға көшті! Бұл не? Тоңның жібуі ме? Сеңнің бұзылуы ма? Елбасы өзгере бастаған ба?..
ҮКІМЕТ:
«Сорлыға сойыл бұрын тиеді»
Атқарушы билікке жан-жақты шабуыл басталған кезде оған пәленбайыншы болып тиісу – қай жағдайда да абырой әперер іс емес. Кешелі бері елдің бәрі сабап жатқан бейшараға жол-жөнекей жабыла кеткен де жараса қоймас. Әйтсе де, үкіметке қарсы үдере шапқан топтың шаңы арасынан аман қалсақ, мына сөзімізге назар аударарсыз: Серік Ахметов үкіметі – Қазақстан тарихындағы ең жиі сыналған үкіметтердің бірі екен. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, үкімет расында да не елбасы ескертіп, есіне салған, не өзі ұйытқы болған бағдарлама-бастаманың бірде-бірін аяғына дейін жеткізген жоқ. Себебі, ол жоспарлардың біссімілләсі Кәрім Мәсімов үкіметте үкіленіп отырған кезде басталған еді. Ал Ахметов атқарушы билікке келген соң, Мәсімовтің мыңқиған мұрасын іліп әкеткені еш байқалмайды.
Үшіншіден, үкіметтің президент «әйт!» десе тұрып, «тәйт!» десе жата кететіні бесенеден белгілі. Мемлекет басшысы айтпаса, тапсырмаса, бағыт бермесе, өздігінен өгізаяңмен жүруге де ерінеді. Цирктегі үйретінді аттай «қожайын» қамшыны шарт еткізіп соғып қалса, зуылдап ала жөнеледі де, «ана кісінің» назары бәсеңси бергенде баяғы мимырт аяңына қайта көшеді. Мемлекет басшысы «тікелей көңіл бөлмесе», желкесінен қарап «қатаң қадағаламаса», «осы уақытқа дейін осыны бітірмесеңдер, орындарыңнан аламын» деп қорқытпаса қимылдамайтын үкімет қайтіп ел көңілінен шығады? Бұдан кейін жұмысын ширатпаса, үкіметтің осы құрығаны – құрыған. Әйтпесе шахмат тақтасындағы шым-шытырық ойын тағы жалғаспақ. Құдай сақтасын, бәріміз үшін де үкіметтің тұрақтылығы жақсы. Он шақты министрдің қайта-қайта портфель ауыстырғанынан келіп-кетер пайда жоқ. Астаң-кестең ауысудан мүйіз шықса, осы күнге дейін бұғы мүйізді боп қалар едік қой...
«Сорлыға сойыл бұрын тиеді» дейді қазақ. Бірақ бұл үкімет сойыл тимей-ақ сорлап жүр едіі. Қазақстанның тарихына қарасақ, баяғы Әкежан Қажыгелдин мен Иманғали Тасмағамбетов тұсындағы үкімет қана өзіндік ұстанымымен, айқын саясатымен есте қалғандай. Ол дәуірдегі белсенді үкімет бұ күнде түсімізге ғана кірер...
ПРЕЗИДЕНТ:
«Сорлыларды» жинап алған кім?
Үкіметтің үрейін ұшырған үшбу әңгіменің әлқиссасы, өздеріңіз білесіздер, Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан шықты. Президент әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңесінде Ұлт көшбасшысы:
– Аппарат мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, кемшіліктерді айқындауға және оларды тиімді іске асыру жөнінде нақты шараларды белгілеуге тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында менің тарапымнан айтылған сындардан тиісті қорытынды шығарылуы керек. Бұл бағыттарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кімдер жауапқа тартылғаны және жазаланғаны туралы әрбір факт бойынша халық алдында есеп беріп, БАҚ-та жариялау жөнінде тапсырма берілген... Сондықтан әркімнен тек өз бағыты бойынша бағдарламалардың орындалуымен ғана емес, сондай-ақ Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі барлық нұсқауымның орындалуымен қатаң түрде жұмыс жүргізуін талап етемін, – деді.
Елбасы айтпай-ақ тұр екен, осы сөз о кісінің аузынан шыққан замат бүкіл БАҚ айғайды салды келіп! Атқарушы биліктің ит терісін басына кептеді: «сылбыр», «болбыр», «жайбасар», «енжар», «бос сөзі көп, ісі жоқ», тағысын тағы, әйтеуір айтылмаған сын, тағылмаған айып қалмады.
Бір жағынан, министрлер мен әкімдердің көбі әлгі сипаттамаларға лайық екені де рас. Өткен айдағы бір кеңесте байқалған көрініс соны аңғартады. Жалпы, «кеңес» деп аталатын жиынға жұрт белгілі бір мәселелер төңірегінде кеңесу, ақылдасу үшін келеді емес пе? Оның үстіне, кеңесер, әрі-беріден соң қызылкеңірдек боп керілдесер мәселе қоғамның қай саласында да жеткілікті. Бірақ әлгі жиналыс кеңестен гөрі орта мектептегі бір нашар сыныптың сабағына көбірек ұқсап кетті. Ондай сыныпта тек мұғалім ғана сөйлеп, қалғандары партадан бас көтермей, жығылып жатып алушы еді ғой. Мұнда да тап солай болды. Түсіндіруші де, ұрсушы да, сұраушы да, ешкім үндемеген соң оған өзі жауап беруші де тек бір адам – президент.
Екінші жағынан, осындай «сыныпта» тек осындай «оқушылардың» ғана болуы – тек сол «сорлылардың» ғана кінәсі ме? Сол «сылбыр», «болбыр», «жайбасар», «енжар», «бос сөзі көп, ісі жоқ»... бейшараларды үкіметке таңдап, сұрыптап, жиып алған кім екен өзі? Ақыры емге пайдасы жоқ екен, түгел таратып жіберіп, әрі іскер, әрі мемлекетшіл, әрі белсенді, әрі бастамашыл, әрі ұқыпты адамдарды жинап алуға кім кедергі? Әлде бүкіл Қазақстаннан ондай адамдар табылмай ма? Онда әлгі бейбақтарға неге сонша шүйлігеміз?
Үшінші жағынан, осындай үкіметпен біз қалай «Қазақстан-2030» бағдарламасын мерзімінен бұрын «жүзеге асырып», қалайша үздік елу елдің қатарына байқамай «еніп кетіп» жүрміз? Осы жағы түсініксіздеу...
БАҚ:
Басты сорлы осы болмаса игі еді...
Н.Назарбаевтың әлгі сөзінен соң мемлекеттік БАҚ байғұс өзі әлдеқашан ұмытқан... «сынау» деген жұмысқа кірісіп кетті. Тіпті «үкімет қайда қарап отыр?!» деген сөз кей басылымдардың айдарына, қоғамның тұрақты қалжыңына айналды. Мәселен, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым өзінің фейсбуктағы парақшасында: «Үкіметтік және нұротандық БАҚ-тардан «үкіметті сынаңызшы» деп өтінген қоңырауларды еститін де күнге жетіппіз. Демек, өміріміз босқа өтіп жатқан жоқ. Мен ғой бірдеме етермін. Ал әлгі газеттер әдет қып алса, не болмақ?» – деп жазды.
Сынағанда, БАҚ сол әлгі сылбыр үкіметті ғана сынап жатыр. Бұл ойынның қандай нәтижемен аяқталары да белгісіз. Шынына келсек, БАҚ бас-көз жоқ кірісіп кетердей де еш өзгеріс жоқ. Мынаны қараңыз: президент «Үкімет неге мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырмайды, неге олардың орындалуын қадағаламайды?» деді ме? Десін. Бұл – оның жұмысы. Үкіметтің соны жүзеге асырмай, орындалуын қадағаламай отырғаны да рас. Яғни, ол жұмыс істемей отыр. Ал үкіметтің жұмыс істемей отырғанын жазу – БАҚ-тың міндеті. Біреу арнайы айтпай-ақ, «үрит, соқ!» деп айтақтамай-ақ, күнделікті атқарар тірлігі. Көше сыпырушының көше сыпырғанындай, анасының баласына ауық-ауық емшек бергеніндей ғана қарапайым жұмысы. Яғни, «Президент БАҚ-қа бостандық әперді!» деп дабыралайтын да дәнемесі жоқ.
Жалпы, біздің елде ешқандай да билік саласы өз міндетін адал атқарып отырған жоқ. Егер президент жақсы жұмыс істесе, үкімет, парламент және сот жүйесі онымен тізе қоса қимылдаса, БАҚ осылардың бәрінің жұмысын қадағаласа, онда біздің жағдайымыз бұ күнгіден әлдеқайда жақсы болар еді.
БАҚ-ты біздің билік 22 жылдан бері өз мүддесі үшін барынша тиімді пайдаланып келеді. Қаламаса, доп қып құшырлана тебе салады, қаласа, қайтып құшағына ала салады. Қалайда электоратты уысынан шығармау мақсатында шынжырлап ұстағанды тәуір көреді. Президенттің кешегі сөзі – шынжырды ептеп ұзартқан түрлері. Күшейіп бара жатса, кері тарта салмақ. Біз – тым ұмытшақпыз. Билік тәтті күлше немесе бірер кесек ет тастаса, бәрін де естен шығарамыз. Әйтпесе, мұның бәрі – өткен ғасырдың 90-жылдары-ақ бастан кешірген жайттар.
Ұлттық БАҚ-ты тек өз тапсырысын бұлжытпай орындаушы ретінде ғана көретін «сырты – қазақ, іші – орыс» билік оған сол өзіне бірдеңе қажет болған кезде барып назар аударады. Ол өзінің (демек, мемлекеттің) саясатын халыққа адал жеткізіп отырған идеологиялық құралды (яғни, қазақ баспасөзін) тым болмаса, сол адалдығы үшін сыйлай білмеген жерде, оның ақпараттық-мәдени кеңістікте жетекші орынға шығуын қамтамасыз етуге ұмтылмаған жерде «ол, яғни, билік қазақ тіліндегі БАҚ-тың дамып кетуіне аса мүдделі емес» дегеннен басқа қандай қорытынды шығаруға болады?..
Біле білсе, ұлттық БАҚ-тың қазақ мемлекеттілігін орнату үшін қажет компоненттердің бәрін өткен ғасырдың 90-жылдарынан бермен қарай тізіп көрсетіп, қайта-қайта құлаққағыс етіп келе жатқаны – билік үшін дайын компас еді. Ол өз бағытына сол бағдардың бәрін болмаса да, біразын үйлестіре алғанда, Қазақстанда бүгінгідей қазақ мәселесі туындамас та еді.
* * *
(Ықшамдалып алынды. Түпнұсқадағы тақырып өзгертілді)
«Общественная позиция»
(«DAT» жобасы, № 36 (212), 7 қараша 2013 жыл)