Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 2107 5 пікір 5 Ақпан, 2024 сағат 15:13

Дін және догма: философиялық талдау

(Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің «Қазақ философиясы» Ғылым және Білім Орталығы (интернет қауымдастығы) алдында оқылған лекция тезистері)

1‑лекция 

Құрметті әріптестер!

Бүгін сіздердің назарларыңызға «Дін және догма: философиялық талдау» атты лекцияны ұсынып отырмыз. Лекцияны бастар алдында бірнеше мәселелер бойынша түсініктемелер бере кетуді жөн көрдім. Ол – тақырыптың мәнін ашуға көмектесетін болады:

Біріншіден, Біз не себептен лекция тақырыбын «Дін және догма: философиялық талдау» деп атадық?

Оның себебі мынада: Әуелігі қойылған тақырып «Дін және құлдық сана» деп аталды. Соңынан  профессор Гүлжихан Жұмабайқызы Нұрышевамен ақылдаса отырып,  әуелгі «құлдық сана» дегеннен бас тарттық. Өйткені, қоғамда қаншама адамдар өздерін «дінге қатысым бар» деп позициялайды. Сонымен бір мезетте олар өздерін «құлдық санадағы адаммын» деп санамайды. Олар белгілі бір діни шараларды орындайды, оның ережелерін мойындайды. Алайда, ол тек қана өз түсінігі мен мүмкіндігіндегі және жеке басына ғана қатысты «дін шеңберінде» жүзеге асырылады. Қалған уақытта ол қоғамның толыққанды субъектісі болып қала береді: еңбек етеді, ұрпақ тәрбиелейді, мәдени өмірге араласады, ғылыммен және спортпен айналысады...

Ол адамның көзқарасында Құдай – Жаратушы образында бейнеленеді. Бұл, шын мәнісінде, Құдайға деген «философиялық  көзқарасқа» мейлінше жақын. Яғни, ол адам үшін Құдай – субстанциялық сипатқа ие Құдырет. Ол ‑ бәрін қозғаушы Ұлы күш. Сонымен бірге, Ол ‑ «бәрін реттеуші»  демиург.  Мұндай түсініктегі адам «Ұлы күш» ретінде Құдайды мойындайды, ал «реттеуші Құдай» ретіндегі түсінік – оны Оған бағынышты етеді. Сөйтіп, ол діни адамға айналады. Бірақ, біз бұл адамды «құлдық сана» адамы деп кесіп айта алмаймыз. Осыны ескере келе, «құлдық сананы» домгаға ауыстырдық. Бірақ, бұл ‑ бүгінгі лекцияда «құлдық сана» туралы мәселе  айтылмай қалады деген сөз емес.

Екіншіден, бүгінгі аудитория «философиялық аудитория» болып отырғандықтан, лекцияда «Дін дегеніміз не?», «Догма дегеніміз не?» деген сұрақтарды ежіктеп түсіндіруді артық санадым. Ол ‑ бәрімізге белгілі, сабақтарда жиі көтеріп жүрген мәселелер. Алайда, соған қарамастан, мен аудиторияны бірнеше бөліктен қарастырыр едім:

Бірінші топ ‑ мәселені философиялық тұрғыдан қарастырушылар. Олар, дінге философиялық рационалистік тұрғыдан баға беріп, соған сай пайымдаушы тарап. Бұл топ дінді мейлінше жалпыламалық тұрғыдан қарастырады, сыни ой талқысына салады, жалпы дін атаулының ортақ белгілерін анықтай отырып, оның табиғатын ашады.

Екінші топ – дінге қатысты рационалды‑эмоциялық позиция ұстанатындар. Олар философиялық тұрғыда ойлай отырып, өздері бір дінді мойындаушылар. Яғни, сезімдік‑эмоциялық деңгейде дін ықпалына жығылғандар. Олардың позициясы негізінен дуалистік тұрғыда өрбиді:, кей жағдайда философиялық ұстанымда болады, кейде ‑ дін домасын  қорғаушы, догмаға қалайда философиялық, саяси, әлеуметтік сипат беріп, оны ғылыми негіздеуге әрекет етеді. Олар дінді ‑ ғылыммен, ғылымды ‑ дін этикасымен ұштастырады.

Үшінші топ ‑ дінді терістеушілер. Олар әуелгі кездегі скептиктер болады, бірақ, эволюциялана келе «атеизмнің белсенді жауынгерлеріне» айналғандар. Олардың ұстанымы – бар нәрсені тек ғылыми негіздеме арқылы түйіндеу. Моралдік тұрғыда – жалпыадамзаттық этикалық нормаларды мойындаушылар. Міне, осы ерекшеліктерді ескере келе, біз тақырыпты осыған сай қозғағымыз келеді.

Философиялық дүниетаным мен діни дүниетанымның айырмашылығы неде?

Алдымен, «философиялық талдау» дегеннің мәніне көз жүгіртейік. Бұл жерде «Философиялық дүниетаным» мен «діни дүниетанымның» принципиалды айырмашылығы неде?» деген сұраққа жауап іздеуге тура келеді. Оны нақты түсіндіру үшін, Құдай және Дін арақатынасына назар аударамыз:

Біріншіден, Дін ‑ «Құдай мен Дін» арасын ажыратпайды. Ол дүниетанымда «Дін – Құдай санасының атрибуті» ретінде  қабылданатындықтан  ‑  адамдардың санасына «Дінге қарсы болу – Құдайға қарсы болу» деген догмалық ереже сіңдіріледі. Сонда ғана, осыған сай Дін ‑ «субстанциялық сана» мәртебесіне ие болып, «Құдай санасы» ретінде бұлжымайтын ақиқат ретінде көрініс табады..  Сондықтан, Дін қағидалары мен Құдайдан түскен діни кітаптардың мазмұны  ешқашан өзгермейді деп сендіріледі. Яғни, оны қазіргі тілмен «діни консерватизм» деп атасақ болады.  Міне, осыдан келіп, бұдан: «Құдай – біреу. Ендеше оған тән Дін де біреу» деген қағида туындайды. Бұл қазіргі әлемдік монотеистік діндердің бәріне дерлік тән ұстаным.

Екіншіден, бұл ұстаным астарында адамзатты шиеленіс пен қайшылыққа  алып келетін мағына бар. Себебі, барлық әлемдік діндер тек өз «ақиқатын» дұрыс санайды да, одан өзге ақиқатты мойындамайды. Ал, әлемде көптеген діндер бар екені белгілі. Міне, сол себептен, әрбір дін «Бір Жаратушы Құдай» алдындағы өзінің «бастапқылығын, ақиқаттығын, турашылдығын» дәлелдеуге ұмтылады. Діндер арасында тартыс осыдан басталады. Сөйтіп, әр дін «Құдайды меншіктеумен» айналысқанда, оған еш қатысы жоқ қарапайым адамдар арасында діни тұрғыда бір‑бірін түсінбеу, қаралау, жазалау сияқты шиеленісті қатынастар орын алады.  Ол діни төзімсіздікке, діни қақтығыстарға және т.с.с. адамзат тұтастығына қауіп төндіруші соғыстарға алып келе алатындай құбылысқа айналады. Мұнда «кәпір –кәпір емес» және өзге де ауыр сөздер айтылады. Дін догмасы осы қайшылықтан нақты көрініс табады!

Философиялық дүниетанымдағы субстанциялық мәселелер туралы

Философия ілім ретінде «Әлем жаратылысы» мәселесін көтереді. Бірақ, оны адамзат санасы дәлелдей алмайтынын білгендіктен, философия оны «Алғашқы қозғаушы күш», «Субстанция», Алғашқы материя», «Алғашқы идея», «Атом», «Эйдос» және т.т. атаулармен атап, философиялық тұрғыда осыны дәлелдей бастайды.  Бұл ‑ философиялық конструкциялар.  Басқаша айтсақ, бұл ‑ Космостың, яғни, Жаратылыстың табиғатын түсінудің ғылыми тетігі, не, құралы десе болады.  Иә, мұнда да материялық мен идеялық бастаулар айтылады. Соған сай, адамға тән ақыл  мен сана «априорилік сипатта» болуы мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.  Алайда, мұндағы «априорлы сана» Әл‑Фарабидің пайымдауы бойынша «потенциалды интеллект» деп аталады. Яғни, адамға қасиет ретінде әуелден «сана қалыптасу мүмкіндігі» беріледі. Содан кейінгі сатыларда ғана бәрі де «сана эволюциясының жемісі» деп тұжырымдалады. Бұл эволюция Гегель философиясында «адамзаттың балалық шағы» де п аталады да, осы кезеңнен басталған «сана эволюциясы» Гегелдің айтуынша Гегельдің өзі құрған «философиялық конструкциясымен» аяқталады. (Әрине, Гегель осылай деп өзі де «философиялық тығырыққа» тірелгенін айту керек. Ол басқа әңгіме).

Эволюция барысында Сана көптеген дүниетанымдық түрге енеді. Оның негізгі формалары: мифология, дін, философия. Одан өзге, философияның өзі ішінен өрбитін  «мораль мен этика», «эстетика», «өнер», «ғылым», «фантазия», «гипотеза» және т.б. ілімдер бар.  Яғни, философияда, миф те, дін де, тіптен философия мен ғылымның өзі де «Құдай санасы» емес, Бұлар Адамзат санасының дамуынан, яғни, сана эволюциясынан пайда болған дүниетаным формалары болып шығады.

Міне, Дін мен Философия арасындағы принципалды айырмашылық осылай ‑ дүниетанымдық деңгейден басталатынын көреміз. Сол себептен, Философия мен Діннің дүниетаным мен ұстанымдарының басы ешқашан бірікпейді.

Әл‑Фараби не себептен Бағдаттан қуылды?

Философия тарихында өз бабамыз Әл‑Фарабиден мысал келтіруге болады. Мысалы, оның өмірбаяндық деректерінде оның алпыстан асқан шағында Бағдатты тастап шыққаны, одан соң әр жерлерде тұрақтағаны айтылады ‑ бүгінде ол аңыз болып барады. Мұның себебі неде?

Бұған философиялық логика бойынша мынадай жауап беруге болады деп санаймыз: Әл‑Фараби дүниені танып білу формаларын қарастырған өзінің «Таным теориясында»  универсалды таным құралы ретінде рационалды ойды, яғни, философияны алға шығарады. Ал, өнерді, дінді одан кейінгі орынға қояды да, өнер арқылы, дін арқылы толық ақиқатқа жету мүмкін емес деген қорытынды жасайды. Себебі, өнер де, дін де эмоционалдық көңіл‑күйге байлаулы таным формалары. Ендеше, онда объективтілікке субъективті пікір, адамның көңіл‑күйі араласады.  Сол себепті ол таным түрлері  ақиқатқа апармайды.

Реті келген соң айта кетейік, дәл осы философиялық ұстаным Әл Фарабидің егде жасқа келгенде өмірін өзгертіп жіберді. Оның «Дін –ақиқатқа қол жеткізбейді» деген сөзін Халифаттың ресми идеологиялық платформасы болған Ислам өкілдері «өздеріне қарсы жасалған шабуыл» деп қабылдады. Себебі, империялық Халифат бір орталыққа бағынатын, қатаң діни идеология арқылы ғана өмір сүре алатын мемлекеттік құрылым болды. Сондықтан, «Діннің – адамдарға Құдайдан берілген априори ақиқат» екеніне күмән келтірушілер – дінге қарсы адамдар деп бағаланды. Сол себептен, өзінің жеке өміріне Халифат билігі тарапынан қауіп төне бастағанын сезген Әл Фараби күш‑қуат қайта бастаған жасында өзінің жылы орны мен ғылыми ортасын тастап, сенделіске тап болады. Ақыр соңында Дамаскінің тегі түркілік әмірінен пана табады... Мүмкін, осы сергелдең болмағанда Фараби бабамыз жетпістен ұзақ өмір сүрер ме еді, кім білсін...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407